Ұлт жоспары. 2025 жылы дамып кетеміз бе?
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілгенін мәлімдеді.
Аталған құжат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп әзірленген.
Жоспар халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түбегейлі институционалдық және салалық реформалар үшін негіз қалайды.
Нақты стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі болып табылады, оған қол жеткізу үшін экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру, әртараптандыру, инвестицияларды таргеттелген тарту, экспортты белсенді ілгерілету, жеке кәсіпкерлікті қолдау және кешенді дамыту арқылы оның жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылданады.
Денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылатын болады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құралы болып табылатын «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жалпыұлттық басымдықтар (ЖҰБ) үш түйінді бағыт бойынша 10 нақты міндетті білдіреді: азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және күшті экономика құру.
Әңгіме жақын келешекте реформалар жүзеге асырылатын он бағыт туралы болып отыр: әділ әлеуметтік саясат, денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесі, сапалы білім беру, азаматтардың мүдделерін қорғауға арналған әділ және тиімді мемлекет, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, патриотизм құндылықтарын дәріптеу, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, әртараптандырылған инновациялық экономика құру, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту және теңгерімді аумақтық даму.
Ұлттық даму жоспарының және жалпыұлттық басымдықтардың барлық индикаторлары бүкіл мемлекеттік аппарат жұмысының өзекті бағыттарын айқындайды. Көрсетілген стратегиялық құжаттарды іске асыру қазіргі кезеңнің сын-қатерлерін еңсеруге бағытталған және ортамерзімдік перспективада елдің халықтың өмір сүру сапасы мен табысының нақты өсуімен қатар жүретін орнықты және сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуын қамтамасыз етуге арналған.
Abai.kz