Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 5905 0 пікір 11 Наурыз, 2021 сағат 18:39

Коронавирусқа 1 жыл: Әлем қалай өзгерді?

Әлемді әбігерге салған коронавирус эпидемиясына тұп-тура бір жыл. 2020 жылы наурызда ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялап, дабыл қақты. 2020-ның 11 наурызында әлемнің 114 елінде 118 мың адам вирус жұқтырған болатын.

Әлем жаңа вирустың қаншалықты қауіпті екенін, бір жыл ішінде адамзаттың өмір сүру дағдысы орасан зор өзгеріске ұшырайтынын сезбеді. Қытайдан басталып, алты құрлықты жаулаған пандемияның бір жылдық тарихына шолу жасалық.

Бүгінгі таңда коронавирус әлемнің алты құрлығында да бар. Антрактидадағы зерттеушілерден де анықталғандықтан, вирустың бас сұқпаған жері қалмағаны белгілі болды. Вирустан әлемде 2,4 млн адам көз жұмып, 118 млн адам жұқтырып үлгерді. Бір күнде жұқтыру бойынша рекорд 2020 жылдың 20 желтоқсанына тиесілі, бұл күні 843 мың адамнан қауіпті вирус анықталған.

Орталық Азиядағы пандемия

Коронавирус дағдарысы Орталық Азия елдері үшін күтпеген жайт болды. КСРО құлап, тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай көлемде індеттің таралуы болмаған Орталық Азия елдері денсаулық сақтау саласындағы көптеген кемшіліктердің барына көздері жетті. Коронадағдарыс тек денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарды емес, сонымен қатар азық-түлік саласының қауіпсіздігі, білім саласының дағдарысқа дайын еместігі мен интернет жылдамдығының тым төмен екенін көрсетті.

Қазақстанда алғашқы коронавирус жұқтырған науқас 2020 жылдың 13 наурызында анықталды. Ал 16 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантиндік шектеулер енгізіле бастады. Кейіннен шектеу жаппай республикалық деңгейге өтіп, оқу орындары онлайн және қашықтықтан оқу формасына, ал көптеген жұмыс орындары онлайн жүйеге өтті. Ойын-сауық орталықтары мен сауда кешендері, мейрамханалар, кафе мен парктердің жұмысы тоқтатылды. Алғаш рет Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға, жұмыссыздарға, жұмысы уақытша тоқтағандарға арнайы көмек көрсетілді. Ол 42500 теңге көлемінде болды.

Қазақстан коронавируспен күресуге 326 млрд теңге жұмсаған. Қаржының басым бөлігі дәрі-дәрмек сатып алуға, дәрігерлерге үстемақы төлеуге, медициналық құрал-жабдықтармен ауруханаларды қамтамасыз етуге кеткен. Бүгінгі таңда ресми статистика бойынша Қазақстанда 220770 адам вирус жұқтырып, 2830 адам көз жұмған. Ал коронавирустық пневмония жұқтырғандар саны 49670, қайтыс болғандар саны 657 адамды құрайды. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап коронавирустық пневмонияның статистикасы жеке жүргізілуде. Қазақстанның көптеген аймақтары сары аймақ статусынан шықса да, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы вирус тарау қарқыны бәсеңдер емес. 2021 жылдың 10 наурызындағы Алматы қаласының бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес Алматы қаласында карантиндік талаптарды сақтау шаралары күшейтіліп, мешіттерде жұма намазын оқуға тыйым салынып, «Наурыз» мерекесі тойланбайтын болды.

Көршілес елдерде де коронавирус өршіп тұр. Өзбекстанда вирус жұқтырғандар саны 80268, ал көз жұмғандар саны 620 адамға жеткен. Алайда бұл ресми статистика күмәнді дейді тәуелсіз БАҚ өкілдері. Олар көз жұмғандар ондаған есе көп дегенді алға тартуда. Қырғызстанда вирус жұқтырғандар саны 86640, ал көз жұмғандар саны 1460 жанды құрайды. Тәжікстанда жұқтырғандар саны ресми дерек бойынша 13380, қайтыс болғандар саны 90 адамды құрайды. Бұл статистикаға күмән келтірушілер өте көп. Ал Түркіменстан ұзақ уақыт елде вирустың барын жасырып келді. Қазірдің өзінде ресми түрде мойындаған емес. Соған қарамастан елде карантиндік шаралар енгізілген, нарықтар жабық, ал «белгісіз аурудан» өлгендер саны артқан. Бейресми деректер Түркіменстанның үкіметі мүшелерінің арасында да вирус жұқтырғандар бар дейді.

Әлемді әбігерге салған індет

Қытайда желтоқсан айында басталып, Бейжіңді екі ай әбігерге салып, артынша әлемге тараған вирус БҰҰ-ның мәліметі бойынша екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі дағдарысты алып келді. Ол саяси және экономикалық аспектілерді толық қамтып отыр.

Қытай тәуелсіз сарапшыларды вирустың статистикасын жүргізуге жібермейді. Қытай үкіметінің ресми ақпаратында вирусты жұқтырғандар саны 102 мың, ал көз жұмғандар саны 5100 деп көрсетілген. Дегенмен Қытайдың кез келген ақпаратты жасырын ұстайтынын ескерсек, бұл сандарға күдік туындамауы мүмкін емес.

Коронавирустың зардабы АҚШ-қа қатты тиюде. АҚШ-та вирус жұқтырғандар саны 29 млн адамға жетіп, 530 мың адам көз жұмған. Бұл АҚШ-тың екінші дүниежүзілік соғыстағы адами шығынынан көп. Вашингтон вирусты Қытай билігі қасақана ойлап тапқан деген болжамды ұсынып отыр. Бұл мәселе бойынша екі ел арасындағы саяси текетірес күшею үстінде.

Вирустан сондай-ақ аумақтық державалар да қатты зардап шекті. Вирустан көз жұмғандар саны Үндістанда 158 мың, Бразилияда 271 мың, Ресейде 90 мың, Мексикада 192 мың, Ұлыбританияда 125 мың, Италияда 101 мың адамға жетті.

Әлемдік экономика дағдарысқа ұшырап, туризм, сауда-саттық саласы, киім өндіріс құлдырап кетті. Бір ғана туризм саласына 1,2 трлн доллар шығын келген. Коронадағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. ДДСҰ 2022-2028 жылдар аралығында деген болжамға сүйеніп отыр.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5262