Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Арылу 4380 10 пікір 15 Наурыз, 2021 сағат 15:18

Кеңестік ұшақтармен келмеске кеткендер...

13 наурыз күні Алматы қаласының Қызылту елді мекенінде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері отырған Ан-26 ұшағы апатқа ұшырады. Апат салдарынан 4 адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ұшақ апаты емес. Ескі ұшақпен әуеге көтеріліп, жерге табытпен оралған оқиғалар жетерлік. Солардың хроникасына көз жүгіртіп көрелік.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі болған апатқа ұшыраған Ан-26 ұшағы КСРО-да құрастырылған. Ұшақтың бұл түрі 1969-1986 жылдары шығарылған. Жалпы жиынтығы 1403 дана ұшақ құрастырылыпты. Яғни 1986 жылы шыққан ұшақтың өзіне 35 жыл уақыт болған.

Апатқа ұшыраған Aн-26 ұшағы Ан-24 ұшағының модификацияланған түрі ретінде КСРО-да кеңінен қолданылды. Алайда бұл ұшақтың апатқа ұшырау статистикасы адам шошытарлық дейгейде. Қазіргі уақытқа дейін әлемде 170 Ан-26 ұшағы апатқа ұшырап, 1500-ден астам адам қаза тапқан. Ең соңғы тіркелген апат 13 наурыздағы Қызылту маңында болды. Ашық дереккөздер Қазақстанда 10 Ан-26 ұшағы бар деген деректерді келтіреді. Зауыттан шыққан 1403 ұшақтың 170 апатқа ұшырағанын ескерсек, бұл 12% дегенді білдіреді. Үлкен көрсеткіш.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Қазақстан Ұлттық комитетіне тиесілі тағы бір ұшақ апатқа ұшырады. Ол Ан-72 болатын. Апат салдарынан ұшақ бортында болған 27 адамның барлығы қаза тапты. Aн-72 ұшағы да кеңестік кезеңнің қаңсығы саналады. 1982-1993 жылдар аралығында шығарылған. Жалпы жиынтығы 193 ұшақ құрастырылған. Осы уақытқа дейін 10 ұшақ апатқа ұшырап, 40 адам көз жұмған. Қазақстанда 2 Aн-72 ұшағы бар.

2015 жылы Жамбыл облысының «Шатыркөл» кеніші маңында «Қазақмыс» қызметкерлері отырған Ан-2 ұшағы құлап, алты адам көз жұмды.

2016 жылы «Тамшыбұлақ» ЖШС-ға тиесілі Aн-2 ұшағы Алматы облысының Береке ауылы маңында апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты.

КСРО Aн-2 ұшақтарын 1947-1992 жылдары шығарған, ал Қытай елі 1957 жылдан бастап «Фонг Шу-2» атты атаумен әлі күнге дейін шығарып келеді. Қазақстанда кеңестік Ан-2 ұшақтары бар. Осы уақытқа дейін әлемде 18 мың Ан-2 ұшағы құрастырылыпты. Әлемде 750 Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, 805 адам көз жұмған. Ұшақ көбіне ауыл шаруашылығында қолданылып келеді.

2017 жылы East Wing компаниясына тиесілі Aн-28 ұшағы апатқа ұшырады.  Алматы – Шымкент бағытында ұшқан ұшақтың ішінде бес адам болатын, олардың барлығы да қаза тапты. Ан-28 ұшағы 1983-1997 жылдар аралығында шығарылған. Жалпы жиынтығы 198 ұшақ құрастырылыпты. Оның 13 апатқа ұшыраған.

2008 жылы Жалағаш маңында көктемгі су көтерілу деңгейін тексеру мақсатында көкке көтерілген Ми-8 тікұшағы құлады. Тікұшақ бортындағы болған 18 адамның 5-еуі қаза тапты.

2009 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі Ми-8 тікұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңында апатқа ұшырап, 10 адам көз жұмды.

2019 жылы 27 наурызда Жалағаш маңында Ми-8 тікұшағы кезекті мәрте апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапты.

Ми-8 тікұшақтары 1965 жылдан бастап шығарылып келеді, осы уақытқа дейін 12 мыңнан астам данасы құрастырылған. Ми-8 ұшақтары әскерилерді тасуға қолданылатындықтан, ұрыс даласында көп атып түсірілген. Мысалы 1979-1989 жылдары болған Ауғанстандағы соғыста кеңес әскерінің 40-бөлімшесі 174 Ми-8 тікұшағын жоғалтқан. Ал жалпы соғыс барысында қанша тікұшақтық құлатылғаны белгісіз.

Қазақстанның азаматтық авиациясы мен қауіпсіздік сала мамандары көбіне кеңестік кезеңнің ұшақтары мен тікұшақтарын пайдаланып келеді. Оның себебі де түсінікті. Басым бөлігі КСРО-дан қалған, ал кейбірін Ресейден одақтас ел ретінде сатып алады. Алайда шыққанына қырық жыл болған кеңестік қаңсықпен қалайша қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады? Азаматтардың өмірін, қауіпсіздігін жарты ғасырлық «ұшатын табытқа» сеніп тапсыру қаншалықты дұрыс?!

Қазақстан жылына қорғаныс саласына 2 млрд доллардан артық жұмсайтын ел. Мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы ұшақтар мен тікұшақтарды жаңартатын сәт келді емес пе? Кеңестік кезеңнің ұшақтарын қанша жөндеуден өткізсе де, ескінің аты ескі екенін Ермекбаев басқаратын министрлік қашан түсінеді?

Асхат Қасенғали

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3334
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6105