Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3498 2 пікір 15 Наурыз, 2021 сағат 16:39

Қазақстан және Қытай: екі ел арасындағы қоғамдық қатынастардың тарихи аспектілері

2021 жылы 26 ақпан күні Абай атындағы ҚазҰПУ-да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақстан және Қытай: екі ел арасындағы қоғамдық қатынастардың тарихи аспектілері» халықаралық онлайн-конференция өтті.

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының әлем тарихы кафедрасы мен «Арман» ақпараттық және консалтингілік орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ғылыми-практикалық жиында, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарды дамыту аспектілері қарастырылды.

Тарихты зерттеу ісінің көлемін дамыту және жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған конференцияның бағыты - Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы орны мен беделін нығайту, Қазақстан мен Қытайдың екі ел арасындағы қарым-қатынасы, жаһандану мен аймақтандырудың заманауи үдерісіндегі Қазақстанның сыртқы саясаты мен Орталық Азиядағы аймақтық интеграцияның мәселелері мен келешегіне арналды.

Конференция қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Жиынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректор Саябек Сахиев, Алматыдағы ҚХР Бас консулының орынбасары Чжун Хуа, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты жанындағы Республикалық тарихи материалдарды зерттеу орталығының директоры, ҚР БҒМ ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Абусеитова Меруерт, Еде Тепе университетінің профессоры Ахмет Ташағыл (Стамбул,Турция) және тағы басқа шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері өз баяндамаларын ұсынып, ортаға салды.

Конференцияның алғы сөзін ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректоры Саябек Сахиев ашты. Ол: «Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тамыры терең. Бірнеше ғасырлар бойы бұл елдер әртүрлі саяси өзара әрекеттесу кезеңдерін бастан өткерді. Ежелгі дәуірден бастап екі ел де бір-бірін білуге ұмтылды. Бұл процесте басты рөлді сауда атқарды, ол осы қатынастарда басты рөл атқарды. Бұл жерде Қазақстан мен Орталық Азияны Қытаймен жалғастырған, жаһандық тұрғыда Еуропа мен Азияны байланыстырған Ұлы Жібек жолы ерекше орын алады. Ұлы Жібек жолы екі мемлекет арасындағы ғана емес, бүкіл Азия мен Шығыстағы тарихи процестерді талдаудың белгілі бір көзі болып табылады. Тарихи тамыры-көршілес мемлекеттер - Қазақстан мен Қытайдың екіжақты ынтымақтастығын дамытудың, олардың бейбіт қатар өмір сүруінің қайнар көзі және тірегі», - деді.

Өз кезегінде Алматыдағы ҚХР Бас консулының орынбасары Чжун Хуа: «Бүгінгі конференцияға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Біріншіден, мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Арман» ақпараттық-консультациялық орталығына қытай-қазақ қатынастары тақырыбында онлайн-конференцияны өткізу туралы бастамаға себепкер болғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Өздеріңіз білетіндей, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - бұл Қазақстандағы ең ежелгі жоғары оқу орындарының бірі және Қазақстандағы білім саласының дамуына маңызды үлес қосып отыр. Біз мұны бағалаймыз», - деп баяндамасын ізгі тілектен бастады.

Сондай-ақ, конференция аясында арнайы ғылыми мақалалардың жинағы даярланып, көпшілікке ұсынылды. «Арман» ақпараттық және консалтингілік орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Базар Ырыстанұлы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын терең зерттеуге ұмтылған жас ғалымдарға, әлем тарихы кафедрасының кітапханасына ғылыми кітаптардың топтамасын сыйға тартты.

Abai.kz

2 пікір