Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 5110 3 пікір 17 Наурыз, 2021 сағат 12:01

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Мәдениет бар дүниенің алтын алқасы

Биыл 2021 жылы еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуіне орай республикалық іс-шаралар қатарында наурыз «Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүр» айы ретінде белгіленді.

«Есік» қорық-музейі мерейтойдың мазмұнын байытуға арналған мәдени іс-шараларды айдың алғашқы күні «Алғыс айту» күнінен бастап кетті. Еңбекшіқазақ ауданындағы этно-мәдени орталықтың өкілдері мерекенің маңыздылығын айтып, қазақ еліне алғыстарын білдірді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мен қыз-келіншектер мерекесіне орай жаңа іс-шара «Қазақстан археологиясының қызғалдақтары» атты жарияланымдар топтамасы ұсынылуда. Қорық-музей қызметкерлері келушілерді қазақтың ұлттық киімімен қарсы алып, қазақи нақыштағы киім үлгілерін дәріптеуді алға тартып келеді.  Сонымен қатар «2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялануына байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдауға бағытталған «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҚЫРМАН ҰРПАҒЫ – 2021» жалпыұлттық акциясын жалғастыру мақсатында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округінің Рахат №1 орта мектеп оқушыларына қорық-музей кітапхана қорынан Тұманбай Молдағалиев, Хаким Омар, Көпен Әмірбек сынды ақын-жазушылардың жиырмадан астам көркем әдеби шығармалары, Оразақын Асқардың  «Ақша туралы ақиқат» атты балаларға арналған  кітаптарының 20 данасын тарту етіп, кездесу өткізіп қайтты. Аталмыш кездесудің басты мақсаттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру, заманауи қоғамдағы табысты, бәсекеге қабілетті және заманауи қоғамда өзара іс-қимыл жасай білетін тұлғаны қалыптастыру, кітап оқу белсенділігі мен кітап оқу мәдениетін арттыру, кітаптың мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқу дәстүрін қолдау.

Кездесу барысында Рахат №1 орта мектебінің директоры Б.Ж. Букаева кітап оқу жасөспірімдерге өзіндік әсер етіп, тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етіп, қорық-музей қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сыйға тартылған кітаптарды мектеп кітапханашысы Д.А. Жанабилова қабылдап, этафета ретінде бұл үрдіс жалғасын табатынын атап айтты. Тарих пәнінің мұғалімі Ш. Батырхан оқушылардың тарихымызға, әсіресе сақ мәдениетіне деген қызығушылықтарының басым екендігін айта келе, алдағы уақытта «Өткен өмір бүгінгі ұрпаққа өнеге» атты музейлік сабақтардың жаңа оқу жылында жоспарға енгізу бойынша келісімшарт жасауды ұсынды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің қызығушылығын арттыратын кітаптар легі қарастырылып, талқыланды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақынның «Туған жер», «Атамекен», «Отан» тақырыбындағы шығармаларын мәнерлеп оқитын бірнеше оқушылар іріктеліп, қорық-музейге шақырту алды. Кездесу соңында, музей мен мектеп арасындағы әріптестікті кеңейту, достық қарым-қатынасты орнату мақсатында қорық-музей қорына «Татулық символы» атты кәдесый тарту етілді.

Abai.kz

3 пікір