Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7937 7 пікір 24 Наурыз, 2021 сағат 12:40

Жан саны дағдарысы һәм көршінің көлеңкесі

Қытай біздің 1500 шақырымдық шекарамыз жымдасқан құдайы көршіміз. Қазіргі мәмілелер бойынша ұзақ болашақтағы стратегиялық ынтымақтастықтағы серіктесіміз. Ресейден қала берді ірі сауда серігіміз. Сатылымы жұртымызды асырап отырған бірсыпыра шикізатымыз бен энергетикалық байлығымызды өткізу нарығы. Ол сондай-ақ әлемдегі көлемі екінші ірі экономика, 1,4 млрд халқы бар алып ел.

Жуық жылдардан бері әлемдік билеушілікке ұмтылып, қазіргі халықаралық жүйенің ережелері мен қағидаттарын қайта қарауды дәріптеуші держава. Ол онысымен де сесті әм үрейлі. «Қытай үрейі», әсіресе соңғы жылдары Қазақстан жұртының дегбірін қашыруда.

«Қытай бізді экономикалық экспансиямен жаулап алмақшы», «жерімізді жалға алу арқылы иеленіп кетпекші», «жұмыс күшін кіргізу жолымен миграциялық шапқыншылық жасауда», «жұмсақ күштері арқылы ықпалын жүргізіп жатыр», дейтін дақпырттар желдей есуде. Бұл арада жұрттың таза отаншылдық сезімі мен елдің келешегіне жауапкершілік ниетімен қатар, осы таза тілектерді өз ығына пайдаланып қалуды ойлап, «қоламтаны үрлеп» отырған екінші көршіміздің де пиғылы менмұндалайды. Ең бастысы, Қытайдың жаңағыдай ниетінің жоқ еместігін ашық атаумен қатар, оның аталған мұраттарына жетуіне кедергі келтіретін «бір басына жетерлік» бас аурулары барын қаперге алғанымыз да жөн секілді. Жетістігін жарнамалаудан алдына қара салмайтын елдің әмбеге күңгірт, бірақ қатардан қалып қоюына қарпымды әсері бар әлсіз тұстарын талқылау мақсатымен «Abai.kz» ақпараттық порталында (10.03.2021) Қытайдағы кедейшілік жайлы сөз қозғағанымыз бар. Ендігіде осы Қытай кілтипандары тақырыбына бірнеше мақала арнамақпыз.

Ресми мәліметтің дерегінше, бүгіндері Қытайда (Гонгrонг пен Макаоyы санамағанда) 1,40005 млрд халық тұрады (2019 жылы. 2020 жылғы жан санын жаппай анықтау қорытындысы 2021 жылдың сәуірінде жариялануы керек). Осындай санмен Қытай елі қазір жан саны дағдарысымен бет келіп отыр. Оның мәні - жан санының жыл санап әм қауырт азаюы, еңбек күші және туыт жасындағы әйелдер санының кемуі, туыттың төмендеуі мен баланың сиреуі, ажырасудың көбеюі және соңғы апат - қарттар санының күрт ұлғаюы.

Қытайда 20 ғасырдың 50-жылдары Маоның «адам мол болса, күш көбейеді» идеясымен адам өсімі қарқынды болғаны бар. Мысалы ҚХР құрылғанның келесі 1950 жылы 14,19 млн бала туылса (тәбиғи өсім 10,29 млн), 1954 жылы 22,32 млн (14,5 млн) нәресте өмірге келді. 60-жылдарғы тәбиғи өсімнің екінші толқынында жиынтық туу мөлшері 25 млн-нан (ең аз 1967ж. 25,43 млн, 1963ж. 29,34 млн) түсіп көрген жоқ. Сол жылдардағы ғылыми элитаның ел ауқатының артуы мен жан санының көбеюі арасындағы кереғарлықты жою шарасы есебіндегі «аз туу, кешеуілдеп тууға» шақыруы, ақырында туытты жоспарлау саясатын енгізуге алып келген-ді (1971ж.). 50-60-жылдардағы бала туу толқыны туындатқан тәбиғи өсімнің үшінші толқыны 80-90 жылдардағы туыт деңгейіне серпін бергенімен (ең көп 1987ж. 25,08 млн сәби), Қытайдағы жан саны осыдан кейін-ақ, ырғақты қалыппен азая берді. 1980ж. заңдық жауапкершілік жүктеген қатаң тәртіптегі туытты жоспарлау саясаты енгізілісімен оның шартты нәтижесі есебінде 2000 жылдардан бастап жан санының азаюы қатты екпін алды (тәбиғи өсім:2000ж. 9,57 млн, 2010ж. 6,41 млн, 2019ж. 4,67 млн). 2013 жылғы ата-ананың біреуінің оның өзінің де кезіндегі жалғыз бала болуына байланысты екінші бала алуына рұқсат беретін жеңілдік те (2012ж. 6,69 млн, 2013ж. 6,68 млн), 2016 жылғы жаппай екі бала алуға рұқсат берген шешім де бұл үдеріске бәлендей әсер ете алған жоқ (2016ж. 8,09 млн, 2017ж. 7,37 млн). Сонымен қытайлықтардың әр бес жылдағы артқан саны былай қалыптанды (млн адам).

1949ж. 8,53 (артқан жан саны),   (барлық жан саны 541,67)

1954ж. 14,66,                  1959 ж. 6,77,     (672,07)

1964ж.19,27,                  1969 ж. 20,76,     (806,71)

1974ж.15,74,                  1979 ж. 11,25,     (975,42)

1984ж.13,51,                  1989 ж. 16,77,     ( 1,12704 млрд)

1994ж.13,33,                  1999 ж. 10,25,     ( 1,25786 млрд)

2004ж.7,61,                   2009 ж. 6,48,     ( 1,33450 млрд)

2014ж. 7,1.                  2019 ж. 4,67.      ( 1,40005 млрд).

Ұсынылған мәліметтен Қытайдағы халық санының алдыңғы 40 жылда 0,58537 млрд, соңғы 30 жылда 0,27301 млрд өскенін (алдыңғының 47%-i), сонымен бірге жыл сайынғы өсу екпінінің,  әсіресе осы ғасырға кіргелі үдемелі төмендей бергенін көреміз. Бұл қытайлықтарды, олардың саяси-интеллигент элитасын қатты алаңдатып отыр. Себебі, жан саны өсімінің туабітті заңдылықтарын қайырып қойып, мемлекеттік мүддені ғана басшылыққа алған туытты жоспарлау саясаты елдегі туыт мөлшерінің өлшеусіз төмендеуіне соқтырып отыр. Мысалы, 1950-2019 жж. Жер шарындағы орташа жиынтық туыт мөлшері (туыт жасындағы әйелдердің өмірге әкелетін орташа бала саны) 4,97-ден  2,27-ке азайса, Қытайдың көрсеткіші 6-дан 1,18-ге түсіп кеткен!

Атам қазақтың «екі бала бала емес, үш бала бір бала» дегеніндей, демографиялық теорияда да бір мемлекеттегі туыт мөлшері 2,1 баланы ұстап тұрғанында ғана сол елдің жан саны қалыбын сақтайды деп саналады. Туыт мөлшері 1,5-тен түсіп кеткеннен кейін-ақ, әр буын сайын сол ел халқы 1/3-ге азайып отыратын болады. Қытайдағы жан санының азаю себептеріне келер болсақ, ең әуелі жалпы жан санының азаюына ілесе туыт жасындағы әйелдер санының азайып келе жатқанын атау ләзім. 2010 ж. жан санын жаппай анықтаудың санақ нәтижелері 80, 90, 2000 жылдықтардың санының жеке-жеке 219, 188, 147 млн адам болғандығын көрсетеді. Демек, өмірге келгендердің абсолютты санының азаюына ілесе туыт жасындағы аналардың саны да сәйкесті түрде азайды деген сөз.

Жақынғы жылдары туыт жасындағы (15-49 жас) әйелдердің саны жылына 5 млн-ға кеміп жатыр. Нәтижесінде, үйленетін жұптар саны мен үйлену мөлшері де құлдилап барады. Мысалы, 2013-2020жж. үйленген жұптар саны 13,47 млн-нан 8,13 млн-ға азайған. 2018 жылға жеткенде бас құрау жасындағы қытайлықтардың (240 млн, Англия, Франция, Германия халықтарының қосындысына пара-пар екен). 77 млн-ы мүлдем салт тұрып жатқан көрінеді. Онсыз да саны азайып жатқан жастардың кешігіп үйленуі де мәселеге айналып отыр. Ғасыр басынан бері жастардың үйлену жасы 20-24 жастан 25-29 жасқа шегінген. 2005-2019жж. 20-24 жастағылардың үйлену салыстырмасы 47%-дан 19,7%-ға төмендесе, есесіне 30-34 (9,9%-дан 17,7%-ға), 35-39 (4,9%-дан 8,1%-ға), 40 және онан ілгергі жастағылардың (3,9%-дан 19,9%-ға) үйлену салыстырмасы айтарлықтай өскен.

Кешігіп үйленудің кесірін былай қойғанда, үйленген соң кешеуілдеп бала туу да үрдіске айналуда. 1990-2015жж. қытайлық келіншектердің алғашқы бала көтеру жасы 24,1-ден 26,3-ке, орташа бала көтеру жасы 24,8-ден 28-ге өскен де, бала көтеру көрсеткіші керісінше 66,7%-ға құлаған. 2019 жылғы зерттеулердің білдіруінше үйленуден мүлде баз кешкен қыздар саны 6 млн-ға жетіп жығылған көрінеді. Ал ажырасу мөлшері соңғы 17 жыл бойы ұдайы артып келеді (2002ж. 0,9%, 2019ж. 3,4%, 2019ж. ажырасқандар саны үйленгендердің жартысына жуықтапты).

Мұнымен қоймай, елдегі бала туу ықыласының бәсеңдеуі белең алып барады. Бұл арада заманның өзгерісіне сай туындаған түсініктің өзгеруі, өз басының қамын күйттеушілікке берілу, бала тууды әуре санау сарыны сияқты заманауи «ұшықтардан» сырт материалдық жетіспеушілік басты қолбайлау болып отыр.

1998 жылғы тұрғын үй реформасынан бастап Қытайдағы елішілік инвестицияның ең тәуекелдісі де, табыстысы да үй саудасы болғаны белгілі. 1998-2018жж. жаңа салынған үйлердің шаршы метрінің бағасының орташа 1854 юаннан 8544 юанға шарықтағаны бар. 2004-2018жж. қытайлықтардың үй алу үшін алған несие сомасы 1,6 трлн юаннан 25,8 трлн юанға жетіп, барлық тұтынушылық несиенің 54%-ын ұстапты. Несие-табыс салыстырмасы (тұрғындардың үй несиесі мен жарататын табысының салыстырмасы) 16,2%-дан 47,6%-ға барыпты. 2019 жылы 10 ірі қаладағы үй бағасына жүргізілден зерттеулер Шыңжан қаласынан үй алу үшін ішпей-жемей 35,2 жыл, Шаңхай мен Бейжиңде 25,1 және 23,9 жыл қаржы жинау шарт екендігін көрсеткен. Бұл баспана қиындығының үйленгісі келетін жастардың арманына құм құйып отырған басты кедергі екендігін айғақтайды.

Ал ауылдағы қытайлықтардың қолдың қысқалығынан үйленбей өтуі деген таңсық әңгімеге жатпайды. Журналистердің ішінара провинцияларда жүргізген зерттеулері ауылдағы азаматтардың бір шүйкебасқа қолы жету үшін 1 млн-ға дейін қаражат табулары керектігін анықтапты. Қытай ауылдарындағы орташа жылдық табыстың 8069 юан болатынын (2020ж.) ескерсек, 1 млн қаржы жинау үшін қанша уақыт сарып боларын бағамдай беруге болар дейміз. Салдарынан үйлене алмай жүрген азаматтар саны 2015 жылы 20 млн-ды құрапты. Мамандар олардың саны 2022 жылы 40 млн-ға жетеді деп отыр.

Жастардың туу ықыласын тежейтін тағы бір фактор - бала тәрбиесінің жойдақсыз қымбатшылығы. Былайша шамалағанда, ортанқол қытай отбасында бір балаға жаратылатын жылдық орташа шығын 30 мың юан мөлшерінде болса, оның туылғаннан 18 жасқа дейінгі бағым-тәрбиесіне 500 мың юан жұмсалады екен. Бейжиңнің өзіндегі жалақының орта санының 6096 юан екенін ескерсек, бала тәрбиесінің қаншалық қымбат екендігін бағамдау қыйындық тудырмаса керек. Қаражат шығынын былай қойғанда, Қытайдағы бала-бақша тапшылығының ата-ана жүйкесіне батпандап салмақ салатынын айту ләзім. Қытайдың денсаулық сақтау және туытты жоспарлау комитетінің дерегінше 2015 жылы 0-3 жас аралығындағы балалардың бала-бақшаға қабылдануы 4%-ақ екен. Міне парадокс!

Емделудің қымбаттығы, қарттар күтімінің жүктемесі де жастардың бала сүю ынтасын тізгіндеп, баланы «таба алғанмен, баға алмайтын» күйге түсіріп отыр. Баспана, оқу, емделудің Қытай халқының кеудесін басып, тыныс алдырмай тұрған «үш алып тау» екендігі жайындағы тәмсіл осыдан тараса керек. Қытайда әйелдердің жұмысқа қатысу белсенділігі әлемде бірінші орында тұрады, олардың жұмыстану мөлшері 70%. Бұл да қытай әйелдерінің бала тууды кешіктіруіне немесе бала тумауына итермелеуде.

Жоғарыда баяндалған жайттардың барлығы да Қытайдағы бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуіне соқтырып отыр. Аталмыш көрсеткіш екінші бала тууға рұқсат берілген 2016 ж. 17,86 млн-дық рекордтық межені көрсетті де, онан кейінгі жылдары таудан тас құлағандай құлдырап келеді. (2017ж. 17,25; 2018ж. 15,23; 2020ж. 12,48 млн сәби). 2019ж. 14,65 млн сәби дүниеге келгенімен, 9,98 млн кісі өмірден өтіпті, тәбиғи өсім 4,67 млн адам. Мамандардың зерттеулері алдағы 5 жыл көлемінде жан саны өсімінің теріс көрсеткіш көрсететініне, қазіргі жиынтық туу мөлшері (1,18 сәби) жағдайында әр буын сайын халықтың жартысының азайып отырарына меңзеп отыр. Қазірдің өзінде ішінара өңірлерде тұрғындар санының азаюы көрініс бере бастаған. Мысалы, 2019ж. Қытайдың терістік-шығысындағы үш правинцияның жан санының өсімі  -01,01%, -08,0%, -08,5% болған. Кейбір өңірлерде балалардың туу көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 32%-ға дейін түсіп кеткен.

Жан санының үдемелі азаюы мен бала туудың сиреуі қоғамның қарттануы мен ұрпақсыздануға алып келеді. 2019ж. 65 жастан асқан қарттардың саны 176 млн-ды құрап, халық санының 12,6%-ына жетіпті, бұл нағыз қарттанған қоғамның белгісі. Бұл көрсеткіш 2022ж. 14%, 2032ж. 20%-тен асады деп межеленуде. Сонымен бірге балалар саны да жыл өткен сайын қушиып келеді. Осы ғасырдың 20 жылында туылған жеткіншектер өткен ғасырдың соңындағы 20 жылда туылғандардан 103 млн-ға кем. Сәйкесінше 0-14 жастардағы жеткіншектердің жалпы халық санынан ұстаған үлесі де 1964ж. 40,4%-дан 2019ж. 16,78%-ға құлдыраған.

Енді осы үрдістердің зардаптарына тоқталсақ. Қазіргі Қытайдың жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллар шамасында. АҚШ, Жапония елдерінің қарттар үлесі 12,6%-ға жеткен кезіндегі жан басылық ЖІӨ 24 мың және 30 мың доллар болған-ды. Осының өзі-ақ, Қытай қоғамының «байымай жатып қартаюға» бет алғанын, күтімге байланысты оpасан қиыншылықты күтіп отырғанын аңдатады.

Қазірдің өзінде туыт мөлшері төмен, қарттануы жоғары немесе дамымай қалған 7 провинцияның зейнетақы жинағы жетпегендіктен олардың зейнетақысы мемлекеттік қазынадан төленуде. 2019ж. Қытайдағы әкімшілік субъектінің жартысы өзін зейнетақымен жете қамти алмапты. 2018 жылы мемлекеттік дотация болмаса зейнетақы жинағынан 450,4 млрд юан сол жылғы зейнетақыны төлеуге жетпегендей екен. Осының өзі-ақ, біраз сырды аңғартса керек.

Қытайдың жарты ғасырға жуық есепсіз әм арзан жұмыс күшінің арқасында «әлемнің фабрикасына» айналғаны белгілі. Көлемі бойынша әлемдік екінші экономикаға, тауар экспорты алыбына айналуы да осы қисапсыз жан санының арқасы-тын. Тағы да осы байлықтың арқасында ең ауқымды нарық ретінде әлемнің тауарын, капиталы мен технологиясын өзіне баураған. Экономикалық қана емес, оның әлемдік қауымдастықтағы беделі мен геосаяси ықпалы да осы жан санына иек сүйеген елдік қуатына байланысты еді.  Қытайға халқы осы бетімен азая берсе, енді осы басымдықтарынан айырылып қалу қатері төніп тұр. Жан саны азайғаннан кейін инвестиция мен депозиттің, өндіріс пен тұтынудың да азаятыны, бұл экономиканың өсімінің төмендеуіне итермелейтіні белгілі. Қытай экономикасы өсімінің 2010ж. 10,6%-дан 2018ж.  6,1%-ға құлауының өзі осының жанды айғағы.

ҚХР гуманитарлық ғылымдар академиясы келесі он жылда тек жан санының қарттануы себебінен экономикалық өсімнің жылына 0,8-1 пунктқа кеміп отыратынын болжаған. Совид-19 індеті мен әлемдік сұраныстың сараңдауының кесірінен экономиканың қуатын ішкі айналымға бұрып жатқан ел үшін мұның маңызы тіптен құнды. Қытайлық мамандардың есептеуінше жиынтық туу мөлшері қазіргі қалпымен (1,18 сәби) қала берсе, 2050 жылға қарай жан саны 1,21млрд-қа азайып, қарттар үлесі 31.2%-ға жетпекші. Мұнан да маңыздысы - мемлекеттің байлығын жаратушы, еңбек жасындағылардың санының азаюы болғалы тұр. Кезінде аңыз болған «Жапонияның экономикалық ғажабы» еңбек жасындағылар үлесінің 60%-дан түсе қоймаған жылдары жасалғанымен шендестірер болсақ, Қытайда 2012 жылдан бері жылына 3 млн адамнан кеми бастаған еңбек жасынғылардың (15-59 жастағылар) саны 2025ж. қарай 35 млн адамға қысқаратын нышаны бар.

Қытай мамандары ғасырдың соңғы жартысына қарай елдерінің халық санының жалпы көлемінен де, еңбек күштің аздығы және қарттардың көптігімен де, басты бәсекелес - АҚШ-тың алдында ұтылғалы тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Мысалы, 2019ж. Қытай мен Америка халқы жасының орта саны 37,9 және 38,3 жас болса, қазіргі өсім үдерісімен 2050ж. жеке-жеке 50,8 және 42,7 жасты құрайды екен. Ал жасөспірімдер санының қысқаруы мен үлесінің кемуі елде әлеуметтік прогресс пен инновацияның тежеліп, тапқырлық пен қоғамның өміршеңдігінің сарқылуына итермелеуі кәдік. Өйткені жастар қашанда жаңашылдық пен жасампаздықтың сарқылмас бұлағы.

Жапония тәжірибесі елдегі жас өскіннің азаюының инновация мен жаңашылдықтың суалып, елдің жартылай өткізгіш, телекоммуникация, жаңа энегетика сынды салалардағы әлемдік басымдығын жоғалтып алуының басты себебі болғандығын көрсетіп берді. Демек осы фактордың зардабы тіпті өткір де, тағдыршешті болатын сыңайлы. Қытай мамандары мұның әсерін мемлекеттің жалғасты дамуы мен Қытай өркениетінің түтінінің ары қарай тұтауымен байланыстыра қарастырып, билікке дәттерін жеткізіп, ұсыныстарын өткізумен жанталасуда. Айтып-айтпай адамның экономика мен қоғамның дамуының қозғаушы күші және соның игілігін көруші екендігі ақиқат. Сондай-ақ жан саны бір мемлекеттің қуаты мен әлеуетінің де айнасы. Адамзаттың бүгінге дейінгі тарихында, белгілі себептерге байланысты ғана ішінара жағдайлар мен мезгілдерде болмаса, жан саны аз елдің тегеуірінді елдер санатына кіргені шетін жағдай. Сондықтан да, екпінін үдеткен халық санының азаюы, баланың сиреуі мен қарттану үрдісі Қытайдың экономикасының кері кетіп, мемлекеттік қуатының әлсіреуіне, қоғамның салдануына соқтыратын тағдыршешті мәселеге айланып отыр. Айтпағымыз, Қытай экономикасы өркендеп, әскери қуаты артып, әлеуеті өрлеп келе жатқан держава болғанымен, елдік қуаттың ең іргелік ұстыны - халқының саны тұрғысынан құлдырап келе жатқан мемлекет.

Пайдалынылған әдебиеттер және мәліметтер қайнары:

  1. Қытайдың «Жан саны жылнамалары» (мемлекеттік статагенттігі)
  2. Қытайдың «экономика мен қоғамдық дамудың қорытындылары» (мемстатагенттігні)
  3. RenZiping: «Қытайдың туу баянаты», «Қытайдың некелесу баянаты»
  4. Қытай статагенттігі, “Heng da”зерттеу академиясы, “Wang yi”зерттеу мекемесі деректері
  5. «төре сөз емес», «өткен-кеткендерге шолу», «қытай оқымыстылары» сайттары
  6. LiangJianzhang, RenZiping, XiongChai, ZhouZhi қатарлы экономистер мен демографтардың мерзімдік мақалалары

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385