Ғылымға қиянат емес, ғылымға үлес қажет ағайын!
Қазіргі таңда ғылым төңірегінде орын алып жатқан келеңсіз жайттар аз емес. Оны көзбен көріп, құлақпен естіп жүргеніміз де шындық.
Өкінішке қарай, түрлі олқылықтарға толы, қисынға сыймайтын еңбектер ғылыми кеңістікті жайлап, сапаның орнын сан басып бара жатқандай әсер қалдырады. Жуырда кітапхана сөресінен орын алған сондай еңбектердің біріне көзім түсті. Атауының өзі айбарлы – «Абайтану оқу құралы мен хрестоматиясы». Әрине, мұндай атау кез келген оқырманның қызығушылығын оятады. Салмағына қарап, ғылымға қосылған сүбелі үлес шығар деген үмітпен мазмұнын парақтай бастағаным сол еді, көкейімде бірінен соң бірі сұрақтар тізбектеле берді.
Бұл не еңбек? Мұны кімдер әзірлеген? Қандай мақсат көзделген? Авторлар осы құрал арқылы кімді сендіргісі, әлде алдағысы келеді? Ең алаңдатарлығы – бұл еңбек Абай академиясы басылымы Ғылым министрлігінің тапсырысымен жарық көрген екен. Бәлкім менің түсінігім жетпеген шығар. Не қабылдауымда бір кемшілік бар болар... Дегенмен, оқырман ретінде туындаған күмән мен сауалдарға бейжай қарау қиын. Бұл не Абайтану Хрестоматиясы ма әлде мақалалар жинағы ма???
Кітапта осы саладағы тәуелсіздік жылдары жарық көрген соны зерттеулер негізге алынды депті авторлар. Мазмұнында он бес мақала көрсетілген. Оның екеуі экс және қазіргі президентке тиесілі. Негізгі сұрақ бұл хрестоматия үшін жасалған зерттеулер емес кезінде жарияланған мақалалар қалай енген. Және осы он бес мақаланы жинап шығару үшін үш бірдей автордың А. Қалиева, А. Смағұлова, Ж.Әубәкір, жалпы ғылым министірлігінің оған тапсырыс беруіне не қажеттілігі бар??? Әр автор бес мақаладан жазса сұрақ туындамас еді, өздері тіптен жоқ. Елдің мақаласын тізіп бере салған. Бұл нағыз масқара қаскөйдың ісі деп білемін.
Мұндай жасандылық көзбояушылықты доғару керек. Мұны басқарып отырған азаматтар Абай саласының төңірегінде жүрген адамдар екен. Әлеуметтік желіден іздестіре бастасам тіпті жоба ретінде жасап жүр екен. Абай институты жарнамалап шығарған. Осы тектес қаншама жасандылық жасап ғылымға қиянат жасап жүргендері белгісіз. Қызықтысы үш ғалым жиналып онбес мақаланы кітап қылғаны үшін мемлекет қанша қаражат бөлді екен? Жастарды Абайдың ар ілімін бойына сіңіруге жетелеуге жасандылықтың еш керегі де пайдасы да жоқ. Бәлкім ұлы Абайдың атын жамалып алып дүбәрә жүрдім бардым істерді жүзеге асыруды тоқтату керек шығар. Көтере алмайтын қылышты беліңе байлама деген атам қазақ.
Ғылымға қиянат емес, ғылымға үлес қажет ағайын!
Гүлсім Өтепова, ұстаз
Abai.kz