Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 7341 4 пікір 25 Наурыз, 2021 сағат 14:15

Шетелдік компания Жамбыл облысынан жер алмақ па?

Жамбыл облысының орман қорына тиесілі жерлердің бір бөлігі «АК Алтыналмас» АҚ иелігіне берілетіні туралы ақпарат БАҚ-та жария болды. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі жазды.

Агенттік өз материалында Жамбыл облысындағы орман қорғау мекемесіне тиесілі жердің бір бөлігін жеке компанияның меншігіне беру туралы Үкіметтің қаулысын жариялапты. Сондай-ақ:

«Аталған түсініктемеден байқағанымыздай, көрсетілген территорияның 0,2414 га бөлігі орманды жер, 0,0442 га бөлігі орманды жер емес, 0,4879 га бөлігі жайылымдық жер және 0,0969 га бөлігі өзге мақсаттағы жерлер», - деп жазады агенттік.

Әрі қарай, авторы ҚР Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров деп көрсетілген Үкімет қаулысының түсіндірмесін жариялапты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтындағы Жер ресурстарын пайдалану комитеті парақшасында «Орман қоры жерлерінің жекелеген учаскелерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасына баспасөз-релизі жарияланған. Онда:

«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен Қазақстан Республикасы Жер кодексiнің 130-бабына және Қазақстан Республикасы Орман кодексiнің 51-бабынасәйкес, «Орман қоры жерлерінің жекелеген учаскелерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы (бұдан әрі – Қаулының жобасы) әзірленді.

Қаулының жобасымен «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерінен жалпы алаңы 0,8704 гектар жер учаскелерi өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер санатына ауыстыру көзделген.

Жерлерді ауыстырудың мақсаты – электр беру желілерін салу үшін.

Жобаны қабылдау әлеуметтiк-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды», - деп жазылған.

Бұл баспасөз-релизі сайтта 2021 жылдың 16 наурызы күні жарияланыпты. 16 наурызда жарияланған тағы бір құжат – ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминің «Орман қоры жерлерінің жекелеген учаскелерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы.

Құжат мәтіні:

Орман қоры жерлерінің жекелеген учаскелерін басқа
санаттағы жерлерге ауыстыру туралы

2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексiнің 130-бабына және 2003 жылғы 8 шiлдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексiнің 51-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерлерінен жалпы алаңы 0,8704 гектар жер учаскелері осы қаулыға қосымшаға сәйкес өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерлері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждықтарына арналған жерлер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер санатына ауыстырылсын.

2. Жамбыл облысының әкімі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағында көрсетілген жер учаскелерін электр беру желілерін салу үшін «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Акционерлік қоғам) берілуін қамтамасыз етсін.

3. Акционерлік қоғам (келісу бойынша) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін оларды алудан туындаған орман шаруашылығы өндірісінің шығындарын республикалық бюджет кірісіне өтесін және алынған сүректі мекеменің балансына бере отырып, алаңды тазарту жөнінде шаралар қабылдасын.

4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі А. Мамин

Компанияның ресми сайтындағы мәліметтер бойынша, «АК Алтыналмас» АҚ - геологиялық барлау, кен өндіру және алтын өңдеудің толық айналымын қамтыған компания. Компания активтері Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында бар. Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное» алтын өндіру фабрикаларында, «Пустынное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» құнды металдар шығару зауытында өңделеді.

Компания 1993 жылы құрылған. Сайт мәліметінде: «1993 жылы 21 қаңтар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қаззолото» республикалық өндірістік бірлестігі мен «Қазалмаззолото» консорциумының кәсіпорындары мен ұйымдарының негізінде «Алтыналмас» ұлттық акционерлік компаниясы құрылды», - деп жазылған.

1995 жылы компания атауы - «Алтыналмас АК» акционерлік компаниясы болып өзгертілген. 1997 жылы Компания жекешелендiрiлдi және жеке меншiк нысанындағы акционерлiк қоғамға айналды.

Компания басшылығы:

«2021 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, 59,97% акциясы GOUDEN RESERVES B.V. компаниясына тиесілі (Нидерландыда тіркелген). Ал 29,99% акциясы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Джуманбаевқа, 5,5% акциясы президент және басқарма төрағасы Дияр Қанашевқа тиесілі», - деп жазады ҚазТАГ.

Ал КASE Қазақстандық қор биржасында компанияның құны -  154 177,72 млн KZT ($365,97 млн) деп көрсетілген.

Сондай-ақ, КASE сайтында компанияның акционері ретінде GOUDEN RESERVES B.V. көрсетілген.

Forbes-тің 2018 жылғы материалында «АК Алтыналмас» АҚ туралы: «Компания Тимур Құлыбаевқа тиесілі (Aquila Gold B.V арқылы). 2017 жылдың маусымында Владимир Джуманбаевқа (32,5% акция) және Нидерландыда тіркелген Gouden Reserves B.V-ға (67,5% акция) 17,4 млрд теңгеге сатылған (KASE-тің 2017 жылғы 14 шілдедегі есебі бойынша). Gouden Reserves B.V-ның ақырғы бенефициары әрі басшысы 30 жастағы Нидерланды азаматшасы Анна Березина деп көрсетілген», - деп жазады.

 

Әлеуметтік желі қолданушылары: «Алтыналмастың» 60 пайызы Нидерланды мемлекетінде тіркелген компанияның иелігінде. Бұл қазақ жерін шетелдіктерге беру фактісі емес пе», - деп дабыл қағуда.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357