Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Жаңалықтар 4536 2 пікір 26 Наурыз, 2021 сағат 18:54

Ұлт ұстазының келешекке қалдырған мұрасы

Өр рухты, ұлтының шырағын сөндірмей, қазақ десе жан ұшырған Ахмет Байтұрсынұлының есімі тек тарих беттерінде сақталып қалмай, халық жүрегінде де өшпестей ізін қалдырды. Заманы өтсе де, тіл мәселесі әлі күнге дейін өзекті тақырып болып табылады. Қазақтың қазақ екені салт-дәстүрі мен тарихында ғана емес, ұлы мен қызының жүрегінде сақталған ұлты мен тіліне деген махаббатында жатыр. Міне, дәл осы махаббат алаш зиялыларының жүрегінде бесіктен бекітіліп, тамырын жайып, мезгілінде жемісін бергендей. Ұйықтап жатқан халқын оятпақ ниетте масадай ызыңдап, қараңғылық пен енжарлықтың қармауынан құтқарып, сауатын ашпақ ниетте қаншама еңбек сіңірілді. Ахмет Байтұрсынұлын бүгінгі таңда ұлттың ар-ожданы деп атасақ, Ахаңдай жүрегі ұлты үшін күресуге жиылған ерік-жігерге толы азаматтарымыздың қарасы сол тұста да көп еді...  Дегенмен, тіл мәселесіне тоқталған тұста Ахмет Байтұрсынұлының есімін атамай кету мүмкін емес... Оның әр зeрттеу еңбегі, әрбір басылымы қазақ үшін үлкен бір резонанс болды...

Мұхтар Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал» , «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды»,- деп ойын қисынды, әрі айшықты қалдырған болатын.

Ақиқатында, Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алып, қазақша оқу үрдісінде төңкеріс жасаған болатын. Сондай-ақ қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш еңбегі «Әдебиет танытқыш», - әлі күнге дейін әдебиет теориясындағы ең құнды еңбектердің бірі. Көркем сөз өнерінің ерекшеліктері, түрлі терминдердің қазақша баламасы мен қазаққа мейлінше жақын, айшықты түрде жеткізілген қазақша ұғымдар, түрлі жазба әдебиеттегі әдістер туралы ой-түйіндер жинағы. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің ірге тасын қалап қана қоймай, араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды, яғни қазақ тілінің даму саласына айтарлықтай үлес қосты. Осы тұста Қайым Мұхамедхановтың: «ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген - Ахмет Байтұрсынұлы.», - деген пікірімен келіспеске болмас. Ахмет Байтұрсынұлы тарихта аты мәңгі ойылып жазылған тұлғалардың бірі, сол себепті де оның еңбегі мен ғұмырнамасын білмейтін қазақ баласы болмауы керек деп ойлаймын. Осы орайда, биылғы оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінің, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының 4-курс студенттері – Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеден өтуге бекітілген болатын. Өндірістік тәжірибе барысында студенттер түрлі тапсырмаларды орындап, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі жайлы жаңаша деректермен таныс болды. Соның бірі, біздің топқа жүктелген «Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қалыптасу тарихы мен зал экспонаттары туралы ақпараттарды жинақтау» тапсырмасы болатын. Біз өзімізге жүктелген тапсырманы орындау барысында, музей-үй жөнінде біраз мағлұмат алдық.  Музей-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады. Оның бір бөлмесі – ахметтану дәрісханасы,  ал қалған үш залында ғалымның шығармашылық мұрасына, мемлекеттік қызметі және қоғамдық қайраткерлігіне қатысты тақырыптық экспозициялар негізіндегі жәдігерлер сақталған. Атап айтқанда, жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, самаурын, сандық сынды ғалым қолданған заттар қойылған. Сондай-ақ мұражай қорында ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты 550-ге жуық түрлі ресми құжаттар сақталған. Мұның барлығы дерлік, біз сияқты қазақ балаларының қазақ тіл білімінің жаңа дәрежеге шығуы үшін жол салып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты жиылған құнды деректердің ошағы. Келешекте еліміздің өркениетті, әрі бәсекеге қабілетті ел болып қалыптасуына жастар үлесінің маңызы зор болғандықтан, әрбір қазақ баласы қоғамда таза қазақша сөйлеуі және сауатты жазуы тиіс. Осы тұста ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығының насихатталуы, келешек ұрпақты тәрбиелеу барысындағы құнды қару болмақ. Ендеше, ұлы тұлғаның қалдырған мұрасын ұмыт қалдырмай, келешектің жарқын есігін бірге ашайық!

ШОҚАН ШОРТАНБАЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің аға оқытушысы

АЙЫМ МАХМУТОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің студенті

Abai.kz

2 пікір