Коронавирустың "алматылық" штаммы пайда болды
Алматы қаласында вирустың жаңа штаммы пайда болды. Ғалымдар оны әзірге "алматылық" деп атап отыр. Бұл туралы Қазақстан аграрлық университетінде орналасқан Халықаралық вакцинология орталығының өкілдері хабарлады.
Олар 18-25 наурыз аралығында Алматы қаласында британдық, африкалық штаммдардың бар-жоқтығын анықтау мақсатында бір апталық зерттеу жүргізген. Әзірге "алматылық" штаммның коронавирустың базалық жүйесіне қалай әсер ететіні белгісіз. Оны анықтау үшін нақты зерттеуге уақыт кетеді.
18 наурыз күні вакцинология орталығына коронавирустың 12 түрі келіп түскен. Оны санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза мамандары әкелген. Вирустың үлгілері Қазақстанда британдық және африкалық типтердің бар-жоқтығын анықтау үшін мұқият тексерілген.
Ғалымдар британдық штаммның қазіргі вирустың түріне өте ұқсас екенін анықтады. Ал африкалық штамм мутацияға ұшырап үлгеріпті. Уханьдық штаммда да мутация анықталған. Ол мутация түрін ғалымдар әзірге "алматылық" деп атады.
"Әзірге алматылық мутацияның қауіптілігін анықтау үшін өзге аймақтағы вирустың үлгілерін де тексеру керек. Оған уақыт қажет, сондықтан зерттеуді жалғастырамыз",- дейді ғалымдар.
Abai.kz