Сенбі, 23 Қараша 2024
Елім-ай 13384 19 пікір 9 Сәуір, 2021 сағат 13:40

Рақыжан ағаның оралуы. Қазақтың қадірін қазақ қашан біледі?..

Қытай түрмесінде 13 жыл қамауда болған Зейнолла Рақыжан 17 жыл дегенде Шыңжаңнан Алматыға ұшып келіп, отбасымен қосылды. Зейнолла Рақыжан ағамызды жүзге тарта адам әуежайда Қазақстан Республикасының Әнұранын айтып қарсы алды.

«Қазақстанның тыңшысы» деген айыппен сотталып, кейін соңғы жылдары Шыңжаңда жүргізіліп жатқан геноцидке ұрынған Рақыжан ағаның тағдыры кім-кімді болса да бей-жай қалдырмасы белгілі. Және ол жеке Зейнолла Рақыжанның ғана емес, Қытайдағы бүкіл қандасымызды шарпыған немесе шарпу алдында тұрған қасірет екенін жете түсінгеніміз жөн.

Ең бастысы, жолдасы Фарида Қабылбек пен ұлы Ғалым Рахыжанның табанды күресінің нәтижесінде ағамыз Отанына аман оралды.  Әсіресе, Фарида жеңгеміздің ерлігі мен қайсарлығы – қазақ рухының асқақтығын, жойқындығын дәлелдеді.

Ойлаңызшы, табаны күректей он жеті жыл! Немерелері атасын көрмеген, танымайды! Бұл - XXI ғасырда Тәуелсіз Отаны бар қазақ кешетін тағдыр емес, әрине!

Міне, төрт жылдың жүзі болды, Құдай қосқан көрші көргіліктіні көрсетіп келеді. Бөлінген-жарылған отбасы, бейкүнә сотталған қандастар, өлім құшқан туыстар, боздаған ана, зарлаған бала...

Жақыныңнан айрылу - оңай қасірет емес. Ашынған адам барлық әрекетке барады. Билік басындағы тұлғаларға мұң шағуы, өтініш айтуы, тіпті қатты-қатты сөздер айтуы да мүмкін. «Назарбаев неге араласпайды бұл шаруаға, Тоқаев қайда қарап отыр?!», - деген сөзді де көп естідік.

Бәрі дұрыс. Біз бәріне түсіністікпен қарауымыз керек! Осы мәселенің бел ортасында жүріп, бір шындыққа көзім жетті.

Егер, мемлекеттік деңгейде екі ел басшылары бұл мәселені сөйлесіп, шешуге болатын болса, бұрынғы-қазіргі президенттер ешқашан қарап тұрмас еді.

Ойлап көріңізші, сол сөзді тыңдайтын, жете мән беретін екінші жақ бар ма өзі?! Өкінішке орай, жоқ!

Сол себепті, азаматтық қауым атқа қонды. Жай емес, әлемдік деңгейде көтерілді бұл мәселе! Соның күшімен Қытай санкцияның астында қалды...

Азаматтық қауыммен параллель дипломатиялық сөйлесулер де тоқтаған жоқ... Құдайға тәубе, оң нәтиже жоқ емес, бар. Соның соңғы бір дәлелі осы – Зейнолла Рақыжанның оралуы.

Ендеше, азаматтық күрес бір минутта тоқтамауы керек. Күрестің жолы – жалғыз билікті жерден алып-жерге салу емес, көп, сан-салалы.

Қытай қысымынан зардап шеккен әр азаматтың жоқтаушысы әр түрлі тәсілмен, әр түрлі деңгейде әрекет ете бергені жөн. Бірақ, бір ғана шарт бар, ол күрес Заң аясында жүруі тиіс!

Бір қызығы, Қытай «қазақтың десін басып, сағын сындырам» деп жүріп, керісінше ұлттық намысы мен жігерін тасытып алғанын, қорғану иммунитетін соңғы жетпіс жылда болып көрмеген деңгейде күшейтіп жібергенін сезбей қалды.

Төрт жылдан бергі күрес – шеттен оралған қауымның ұлттық мүдде жолындағы күрескерлігін әйгілеп қана қойған жоқ, олардың саяси сауаты мен мәдениетін де биік деңгейге көтерді. Тәжірибесін де молайтты.

Біз бұл жетістікті Ұлы Отанымыз бен ұлттық мүддемізді қорғауға ең қажетті ұлттық құндылық, баға жетпес байлық ретінде қабылдап, бағалай білгеніміз жөн!

Осы жерде тағы бір нәрсені айта кеткенім жөн секілді.

Таң атпай оянып алып, Facebook желісінен таратылған тікелей эфирді көріп отырдым. Жұртпен бірге Рақыжан ағаның жолын күттім. Кейде көзіме жас алып, өксіп-өксіп те алдым. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұлттық жаңғыру процесі дабыралы түрде жүргізіліп жатыр. Бірақ, сол жаңғырудың біздің құқық қорғау саласына әлі жетпегені қатты өкінтті, мені.

Себебі, Зейнолла Рақыжанның Алматыға бүгін таңғы рейспен ұшып келетінін бүкіл сала, соның ішінде шекара қызметі жақсы біледі. Ұшақ қонған соң, өзге жолаушыларды тоқтытып қойып, Зейнолла Рақыжанды шекара қызметінің бір-екі жауапты тұлғасы жетелеп, шығу есігінен бірінші кезекте алып шығып, жұртпен бірге құттықтауы, отбасына құтты болсын айтуы керек еді ғой, шіркін!

Егер, айдаһардың аузынан аман шыққан ағамызды осылай қарсы алғанда, шекара қызметі саласының ғана емес, бүкіл мемлекеттің айбары асқақтап, анау жиналған жұртпен бірге жалпы  қазақтың мерейі тасымас па еді?..

Фарида жеңгем мен Ғалым інімнің он жеті жылдан бергі қайнаған ашуы мен ызасы, пикетке жібермей, дедектетіп сүйреген полицияларға деген өкпе-реніші бірден ғайып болып, жайнап шыға келер еді. Азап апанынан шыққан ағамыз Отанының қадірін өл-өлгенше әспеттеп, ұрпағының санасына сіңіріп өтер еді ғой!! Әсіресе, анау Қытайдың алдында...

Амал не, олай болған жоқ! Керісінше, қалың Қытайды алдымен жіберіп, онсызда зығырданы қайнап тұрған қазақтың кегін одан ары өршітті...

Бізге қашан ес кіреді, ұлттық сана қашан орнайды?!Осы салада осылай ойлайтын, нәзік тамырды баса білетін бір мұсылман болмағаны ма?! Қазақтың қадірін қазақ қашан біледі?! Міне, рухани жұтаңдық деген – осы!

Сөз соңында, Фарида жеңгем мен Ғалым інімді Зейнолла Рақыжан ағамыздың аман-есен оралуымен, Ұлы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңыз енді бөлінбесін! Алла бүкіл қазақтың басын қасиетті Қазақстанда қосуды нәсәп етсін!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434