Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2399 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 06:05

Мырзағали Айтжанов: «9 жолдама тақиямызға тар келмейді»

Бокстан Азия аймағындағы Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Астанада өткен іріктеу сайысы сары құрлық боксшылары үшін  Лондонға билет беретін соңғы елек еді.  Қазақстан ұлттық құрамасы елордадағы турнирден соң жолдамалар санын 9-ға жеткізді. Дода аяқталып, ел аяғы басылған соң бізге бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен (суретте) тілдесудің сәті түскен болатын. Бас бапкер жанкүйер көкейінде жүрген біраз сауалға жауап берді.

Мырзағали аға, Лондон Олимпиадасына ұлттық құрамадан кімдердің баратыны түгел анықталды. Бірақ, 91 келіде жолдаманың жоқтығы жанкүйерді біраз өкпелеткен сияқты...

Бокстан Азия аймағындағы Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Астанада өткен іріктеу сайысы сары құрлық боксшылары үшін  Лондонға билет беретін соңғы елек еді.  Қазақстан ұлттық құрамасы елордадағы турнирден соң жолдамалар санын 9-ға жеткізді. Дода аяқталып, ел аяғы басылған соң бізге бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен (суретте) тілдесудің сәті түскен болатын. Бас бапкер жанкүйер көкейінде жүрген біраз сауалға жауап берді.

Мырзағали аға, Лондон Олимпиадасына ұлттық құрамадан кімдердің баратыны түгел анықталды. Бірақ, 91 келіде жолдаманың жоқтығы жанкүйерді біраз өкпелеткен сияқты...

- 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері тап осы салмақта қазақ боксшылары Олимпиадаға бармапты. 91 келіде бізге Олимпиада жолдамасы бұйырмай тұр. Бірақ, қазір бокс барлық жерде  қарқынды даму үстінде. Сол себепті, Лондонға 10 салмақтың бәрінен жолдама алмадық деп ренжудің қажеті жоқ. Қазір толық құраммен Олимпиадаға бару өте қиын. Азияда бұрынғыдай Қазақстан мен Өзбекстан ғана атой салып тұрған жоқ. Үндістан мен Моңғолия, Филиппин мен Тайланд боксшылары да бізге емеурін көрсете алады. Қытайлықтардың жөні тіптен бөлек.  Еуропа  елдеріндегі боксшылар да  былғары қолғапты бекер кимейді. Ресей, Украина, Әзірбайжанды былай қойғанда, бокстың атасы саналатын Англия да өз жерінде өтетін бәсекеге қызу дайындалып жатыр. Жақында ұлттық құрама Англиямен бірлескен жаттығу өткізгенбіз. Сол кезде олар 3-4 алтын алуды мақсат етіп отырғанын айтты. Сенесіз бе?!  Олимпиадада 10 алтын медаль сарапқа салынады. Соның  төртеуін алғысы келетін құрама өз күшіне сенімді болғасын айтады мұндай сөзді. Осыған дейін футбол мен волейболдан ешкімге жүлде татырмаған Бразилия да боксқа түрен сала бастады. Бакудегі әлем чемпионатында олар 1 алтын, 1 қола алып кетті! Қара құрлықта да былғары қолғап кигендер қатары көбейіп келеді. Демек, 10 жолдаманың 9-ы біз үшін жаман көрсеткіш емес. Қазір дүние тегіс құлақ түретін бәсекеге тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізудеміз.

- Ағылшындар  4 алтын аламыз деп  отыр екен. Сіздер қанша жүлдеге қол артпақ ойдасыздар?

- Қазақ боксында жеңісті дәстүр бар.  Тәуелсізел болғалы қатысқан жазғы ойындардан алтын жүлдесіз келген жоқ біздің батырлар. Бапкерлер құрамы ақылдасып, Тұманды Альбионнан 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алсақ  деген шешімге келдік.

- 91 келідегі Василий Левиттен өзге, бұл салмақта жолдама алып беретін боксшылар болмады ма?

- Левит 2009 жылғы Азия чемпионы, Қазақстан біріншілгінде бүкіл қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ал, Данияр Үстембаев иығынан жарақат алып қалған. Алексей Севастьянов, Арбек Абдугалиев секілді талантты боксшылар бар. Бірақ, олар әлі жас. Оларды жастайынан  қасқырлардың аузына салып беруге болмайды. Тәжірибе жинап, халықаралық сайыстарда ысылуы тиіс. Бұйырса, келесі Олимпиадаға дейін жас таланттарды шыңдап, осы салмақтағы мәселелерді шешеміз деген ойдамын. Василий Левитті ел ішінде ұрып жығатын бір боксшы болған жоқ. Егер, Васядан асып түсетін шебер болса, біз оған тұсау салмаймыз ғой.

- Астанадағы іріктеу турнирі басталардан бұрын Ілияс Сүлейменов пен Олжас Сәттібаев, Біржан Жақыпов пен Азамат Исақұловқа қатысты жанкүйерлер арасында  «шайқас» болғанын білесіз. Бокссүйерлер бапкер дұрыс таңдау жасамады деген пікірден айнымай қойды. Ел көңіліндегі күдікті сейілту үшін аталған боксшыларды көпшілік алдында рингке тағы бір шығарып, шын мықтыны анықтау мүмкін болмады ма?!

- Біз екі боксшыны да халықаралық сайыстарға қатыстырып көрдік. Олжас Сәттібаев 2009 жылы Миландағы әлем чемпионатына қатысып, жеңіліске ұшырады. 2011 жылы оған тағы бір мүмкіндік беріп, Бакудегі әлем чемпионатына жібердім. Тағы да нәтиже жоқ. Мүлде белгісіз Ирландия  боксшысына жол берді. Сондықтан да, Олжастың орнына Ілияс Сүлейменовты қатыстыруға бел байладық. Кішкене қателіктер жібергенімен, Ілияс үмітті ақтап, жолдаманы жеңіп алды. Ал, Біржан мен Азамат арасындағы дау да бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, ғаламторда біраз  дау  тудырды. Бірақ, ұлттық құрамадағы 5 бапкер де бірауыздан Жақыпов қатыссын деген шешімге келдік. Неге? Себебі, Азамат Исақұловқа 2-3 рет мүмкіндік беріп, әуселесін байқадық. Өзі қатысқан халықаралық сайыстардың ішінен тек Польшадағы «Феликс Штам» мемориалынан бас жүлде алды. Бірақ, сол турнирдің қорытындысына қарап, Азаматты Астанадағы турнирге қатыстыра салуға болмайды ғой! Біржан «А» класындағы 10 турнирді ұтып алды. Украина, Англияда өткен халықаралық сындардан жеңіспен оралды. АІВА президентінің арнайы жүлдесі үшін өткен бәсекеде де бас жүлдегерге лайық өнер көрсетті. Ал, спарринг кездесу өткізсін деген жанкүйерлер пікірін естідім.  Спарринг - жаттығу кезінде өткізілетін айқастар. Ал, ресми додаларға қатысарда спарринг кездесулерге емес, боксшылардың халықаралық аренадағы табыстарына қараймыз.

Бокстың маманы ретінде біз шын мықтыларды іріктеп алдық. Иә, Біржанның да жеңілістері болды. Бірақ, адам темір емес. Ол да ет пен сүйектен жаралған. Даңқты боксшымыз Болат Жұмаділов Азиядағы іріктеу сынында да жолдамаға қолы жетпей, ең соңғы турнирде лицензия алған. Нәтижесін көрдіңіздер... Олимпиаданың ақтық сынына дейін жетті. Құрама бапкерлері мен бокс мамандары дұрыс таңдау жасады.

- Олимпиаданың басталуына азғантай уақыт қалды. Дайындық қалай жүріп жатыр?!

- Дайындық жақсы. Бұйырса, Алматыда Елбасы Н. Назарбаевтың  жүлдесі үшін турнир өтеді. Ең соңғы дайындық кезеңін Астанада өткіземіз. Себебі, Астана мен Лондонның климаттық жағдайлары ұқсас.

Сұхбаттасқан Ақырыс Сейтқазы

www.masa.kz

0 пікір