Санкция сергелдеңі Ресейдің соңы бола ма?
АҚШ басшысы Джо Байден Ресейге кезекті санкцияларды жариялады. Санкциялар Ресейдің АҚШ ішкі саясатына араласқаны үшін және кибершабуылдарға қатысты салынып отыр.
Санкциялар 32 жеке тұлға мен ұйымға салынды. Сондай-ақ, Ресей елшілігінде қызмет еткен 10 дипломат «тыңшылық жасады» деген күдікке ілініп, елден шығарылатын болды. Ресейдің мемлекеттік қарызына да санкция қамыт киілді. Технополис «ЭРА», «Пасит», «Необит», «Передовые системные технологии», «Позитив Текнолоджиз» сынды технология жасаушы компаниялар да енді санкцияда. Санкциялар Ресей басшылығын әбігерге салып қойды. Кремль ресми санкциялар жариялана салысымен оған «қатаң жауап» болатынын ескертті.
АҚШ-тың қазіргі билігі осыдан бір ғасыр бұрын Кеңестік Ресейге, артынша КСРО билігіне қарсы ұстанған санкциялық саясатты басшылыққа алып отыр. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін АҚШ Ресейге алғашқы санкцияларды салды. Кеңестік Ресеймен теңіз арқылы сауда жасауға тыйым салынды. Себебі жаңа билік Ресей империясының қарызын қайтаруы тиіс еді. Санкция Ресейлік билікке ауыр соққы болды. Сыртқы тауар айналымы 1918 жылы 88,9 млн рубль болса, 1919 жылы ол көрсеткіш 2,6 млн рубль деңгейіне дейін түсіп кетті. Ресейдегі азамат соғысы мен соғыс салдарынан басталған аштық, санкция әсерінен сырт елдермен сауда қатынасын жасау мүмкіндігінің аздығы елді титықтатып жіберді. АҚШ 1920 жылы шектеулерді алып тастады. Себебі 1919 жылы басталған аштық Ресей халқын қырғынға ұшыратты.
Жалпы АҚШ және Батыс елдері КСРО-ға түрлі санкциялар салып, оның қате экономикалық саясат ұстауына жол ашты. Тіпті мәжбүр етті. 1945 жылға дейін АҚШ, Ұлыбритания, Франция кеңестік билікке түрлі санкциялар енгізді. Оның ішінде алтынды қабылдамау, репрессиялық саясатқа байланысты сауда қатынасын үзу, Финляндияға басып кірумен байланысты санкциялар бар еді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі ел арасындағы саяси қақтығыс пен идеологиялық күрес күшейді. Қырғи-қабақ соғыс басталды. 1948 жылы АҚШ КСРО-ға стратегиялық маңызы бар қажетті материалдарды, қару беруді тоқтатады. Кейін оған Ұлыбритания, Канада, Франция, Аустралия, Жапония және басқа да батыстық блоктағы елдер қосылды.
1962 жылы АҚШ КСРО-ға үлкен көлемді трубалар сатуға тыйым салады. Соның салдарынан КСРО «Дружба» мұнай құбырын екі жылға кештетіп бітіреді. Дружбаның құрылысы 1960 жылы басталған болатын. Жоспар бойынша ол екі жыл ішінде біту керек еді, алайда оның құрылысы 4 жылға созылып кетті. Осы ретте қазір АҚШ-тың «Солтүстік ағым-2» газ құбырына қатысты қазіргі саясатын түсіне аламыз. Оны мүлде тоқтатып тастауды жоспарлап отыр. Ресейден бастауын алатын газ құбыры Германияға дейін келіп, Еуропа елдеріне таралады. Алайда АҚШ бұл жоба Еуропаның Ресей газына деген тәуелділігін арттырады деп сенеді. Сондықтан да оған санкциялар салуды тоқтатпақ емес. Байден 15-сәуірде сөйлеген сөзінде «Солтүстік ағым-2» жобасына санкция салу жалғасын табатынын ескертті. 2019 жылы АҚШ Сенаты 2020 жылға арналған әскери бюджетті жария етті. Онда «Солтүстік ағымға» қатысты санкция салу қарастырылғаны жазылды. 2019 жылдың 20-желтоқсанында АҚШ-тың бұрынғы президент Трамп «Солтүстік ағым» мен «Түрік ағымы» жобаларына санкция енгізді. 21-желтоқсанда «Солтүстік ағымның» құрылысы уақытша тоқтағаны белгілі болды. Путин газ құбыры 2020-ның соңында аяқталады деп сенім білдірсе, «Газпром» болса «2020-ның соңы немесе 2021-дің бастапқы маусымында жобаны толық аяқтаймыз», - деп сендірді. Дегенмен 2021-дің төртінші айы өтіп барады, ал газ құбыры әлі аяқталмады. Байден билігі Ресейге қысымды арттырып жатыр. Демек құрылысы 90%-ға біткен бұл жоба тоқтап қалуы да ықтимал. Ол дегеніміз Ресей экономикасына миллиардтаған шығын дегенді білдіреді.
КСРО-ға қатысты санкцияларға қайта оралсақ. 1972 жылы КСРО басқа елге барып, өмір сүргісі келетін жандар елге шығын көлемін төлеуі тиіс деген заң шығарды. АҚШ оған жауап қатты, себебі КСРО-дан тек ақылдылар келетін. Яғни бұл заң «ақылдылар ағынын» шектеу еді. Сөйтіп АҚШ эмиграцияға қарсы келетін елдерге экномикалық санкцияның кез келген түрін енгізуге болады деген заң қабылдап жіберді. 1979 жылы КСРО өзін ұйыққа батырған Ауғанстанға басып кірді. Бұл оның үлкен қателігі болатын. Оның әрекетіне қатысты батыстық блок 1980 жылдан бастап блок-блок санкциялармен соққылады. Мысалы АҚШ-тың суынан балық аулауға тыйым салды. Салдарынан КСРО-ның балық аулау әлеуеті жылына 75 мың тоннаға дейін түсіп кетті. Кейін КСРО-ға 17 млн тонна астықты сатудан бас тартты.
Артынша Мәскеу олимпиадасына Батыстық блок келмеді. Туристерден қаржы түсіруді ойлаған КСРО бармақ тістеп қалды.
КСРО-ны құлатуға үлкен үлес қосқан Рейган болатын. Ол Кремльге труба сатуға тыйым салды, сөйтіп КСРО газ және мұнай құбырына труба алу үшін алтынды бірнеше есе көп саудалауға мәжбүр болды. Кейін АҚШ Сауд Арабиясын мұнайды көп өндіруге көндіріп, мұнай бағасын үш есе құлатты. Бұл экономикасы шикізатқа байланған КСРО үшін ауыр соққы болатын. Қазіргі Батыс елдерінің стратегиясын да осымен салыстыруға болады. Соңғы бес жылдықта мұнай бағасы түсіп, шикізатқа байланған елдер дағдарыс салқынын сезінді. Ол экономикасы мұнай мен газға байланған Ресейге, оның одақтасы Қазақстанға да ауыр тиді. АҚШ-тың КСРОға қарсы басқа да стратегиялары болды. Ол жаппай қарулану жарысына КСРО-ны кіргізу, ғарышты игеру үшін жарыс, шикізат бағасын көтеріп, соңынан қасақаны бағаны құлату және басқа. Оның бұл стратегиялары жұмыс істеді. Себебі Батыспен бәсекеге түсемін деген Мәскеу ІЖӨнен түсетін қаржының айтарлықтай бөлігін «социалистік әлемнің үздік болуы үшін» бәсекелестікке шашты. Нәтижесінде КСРО экономикасы шыдамады. Сөйтіп 1991 жылы мәңгілік тарих қойнауына аттанып кетті.
2014 жылы Украинаға агрессия жасап, Қырыпды оккупациялап алған Ресейге қарсы Батыс әлемі сан түрлі санкциялар енгізіп келеді. Оның ішіде НАТО, АҚШ және ЕО елдерінен түрлі мақсаттағы санкциялар салынуда. 2014 жылдың 6-мамырынан бастап НАТО Ресеймен әскери жаттығулар өткізу, ортақ миссияларды атқарудан бас тартты. Артынша Ресейді Сириядағы химиялық қаруды жою процесіне қатысудан шығарып тастады. ЕО тарапынан Ресейге өте көп санкция салынды. Оның ішінде Ресей банктеріне, жоғары технология шығару компаниялары мен зауыттарына, жеке тұлғаларға, ұйымдар мен саясаткерлеріне санкциялар салынуда. «G8» ұйымынан Ресейді шығарып тастады, енді ұйым «G7» деп аталады. 2014 жылдан бастап Халықаралық банк Ресеймен жобалар жасауды тоқтатып қойды. Түрлі санкйиялар осылайша жалғасып кете береді.
АҚШ пен Батыстың Ресейге қатысты өз стратегиясы бар. Батыс алдымен Ресейді толық изоляциялауды іске асыруда. Түрлі халықаралық ұйымдардан шығарып тастауға барын салуы соның дәлелі. Артынша оны түрлі халықаралық кәсіп жүргізу, кредит алу мүмкіндіктерінен айыра бастайды, алғашқы легі банктеріне санкциялар салып, Халықаралық банкпен бірлесе жоба жасауына тыйым салуы болды. Оқшауланған Ресейді экономикалық санкциялармен қысып, ұлттық қоры мен алтын қорын тауысуға мәжбүрлеуді көздеп отыр. Бұл процесстің қаншалықты ұзақ болары белгісіз. Мүмкін он, мүмкін жиырма жыл. Бәлки жарты ғасыр. Бірақ салынған санкциялар ешқашан толық алынбасы анық. Санкция алынуы үшін Ресей билігі халықаралық шарттарға сай жұмыс істеуі тиіс. Ол келісімшарттарды мойындау, территориялық күмән келтіруді тоқтату, агрессиялық саясаттан бас тарту. Ал әзірге салынған санкциялар рубльді құлатып, инфляцияны күшейтуде. Санкция сергелдеңге салып қойды.
Асхат Қасенғали
Abai.kz