Арқарлы петроглифтерінде 2000 жылдық тарихтың ізі жатыр
ҚР Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекеттік маңызы бар Алматы – Талдықорған бағытындағы жол бойында орналасқан арқарлы асуындағы жақпар тастарға бейнеленген петроглифтер тура Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, әрі қарай Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдердің тарихы тереңде. Ондағы петроглифтер ең кемі 3000 мың жыл бұрынғы дәуірдің куәсі. Ал, Арқарлы асуындағы тарихи тастағы суреттерді ең бірінші болып назарына алған профессор, археолог Алексей Марьяшев болатын. Марьяшев 2017 жылы Арқарлыға арнайы барып, тарихи тастағы петроглифтерді көзімен көріп, зерттеу жүргізген. Археологтың дерегінше, тарихи петроглифтер темір немесе қола дәуіріне тиесілі. Ал, Арқарлы асуындағы тауларды б.з.д. 2000 жыл бұрын адамдар мекен еткенін айтқан. Алайда, ол да аталған аймақтың ғылыми түрде кешенді зерттелуі керек екендігін мәлімдеген.
Одан соң, Алматы облысының әкімдігі сол жылдың тамыз айында Малайсары сілемдеріндегі петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынатынын айтқан. Алайда, тарихи мекен әлі де қараусыз жатыр. Ал, тарихи петроглифке көпшіліктің назарын аудартқан ғалым-археолог бір жылдан соң өмірден өтті. Одан кейін Арқарлыға ешбір ғалым барып, зерттеу жүргізген жоқ. Билік өкілдерінен еш көмек болмаған соң, жергілікті белсенділер өздері бас болып, тарихи тастарды қорғау туралы еріктілер тобын құруға мәжбүр болды. Себебі, Алматы облысы Кербұлақ ауданының аумағында орналасқан Малайсары петроглифтері жойылуға аз қалған.
Ондағы тарихи суреттер бейнеленген тастар бизнес бағытындағы мақсаттарға пайдаланылып кеткен. Ал, Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбастау ауылдық округі ондағы кәсіпорындардың заңды түрде салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын айтады. Яғни, ондағы шағын зауыт тақтатас пен қиыршық өндірумен айналысады. Тарихи тастар жергілікті атқарушы билік тарапынан нақты бақылауға алынуы тиіс. Сонымен қатар, ғылыми институттар тарапынан нақты зерттеу нысанына айналмағандықтан кәсіпорын өндірісшілеріне ешқандай шектеу қойылмайды. Себебі, бұл жерді ауылшаруашылық мақсатында пайдалану үшін жеке тұлғалар заңды түрде иелігіне алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Осы уақытқа дейін тарихи тастағы суреттердің біраз бөлігі қиратылып, бұзылып кеткен. Қазіргі таңда онда тақтатас шығаратын “Арқарлытас” сынды немесе “Integra Construction KZ”компаниясына қарасты Жоламан қиыршық тас зауыты сияқты жеке фирмалар өз жұмыстарын жасап жатыр. Тез арада тиістті шешімдер қабылданбаса, аз уақыт ішінде тарихи жәдігерлердің қиратылып, үгітіліп, қиыршық тасқа айналу қаупі бар.
Тағы бір айта кетерлігі, археолог-ғалымдарымыз Малайсары сілемдеріндегі тарихи тастарда бейнеленген петроглифтердің 3,5 мың жылдық тарихы бар екенін алға тартады. Сонымен қатар, YI-YII ғасырлардың мәдени ескерткіші, бертін уақыттағы XYII ғасырлардағы таңбалар бейнеленген тастар бар екенін де айтады. Аталған жайтқа назар аударған заңгер мамандар “Арқарлы асуындағы тарихи мұраларға байланысты өрекеске заң бұзушылықтар болып жатыр” деп мәлімдеді.
Осы мәселені баса назарға ала отырып, тиісті мемлекеттік құзырлы орындар мен аймақ басшысына мына мәселелерді тапсыруыңызды сұраймын: бірінші, жедел түрде арнайы комиссия құрылып Арқарлы асуындағы ахуалды зерттеп, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізілуіп, қорғауға алынуы керек.
Депутат аталған жайттарды негізге ала отырып, аймақ басшылары мен тиісті мемлекеттік құзырлы орындарға екі мәселені тапсырды.
Біріншіден, тез арада арнайы комиссия құрылып, арқарлы асуындағы тарихи жәдігерлерге қатысты жағдайды зерттеп, қасиетті мекен “Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының” тізіміне енгізіліп, қорғауға алынуы тиіс;
Екіншіден, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты жанынан арнайы комиссия құрылып, Арқарлыдағы тарихи тастарды жүйелі зерттеу жұмысын тез арада қолға алуы керек. Бұл ұлттық мәдени мұраларды сақтау және ата тарихымыз үшін аса маңызды қадам.
Мәжіліс депутаты Үкімет басшысының орынбасарына аталған жайттарды назарына алып, заңнамада көрсетілген мерзімге сай жауап беруді сұрады.
Abai.kz