Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
10504 72 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 14:33

Мәскеу қойған "мина" тағы жарылды

КСРО саясаты мен билігі қалдырған "мұра" кеше тағы өз жемісін берді. Анығы Мәскеу қойған "мина" тағы жарылды. "Мина" емей немене, жерді бөлу кезінде қасақана қастық қылып, тұтастық принципіне қарама-қайшы негізде территорияны бөлуге барын салса. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның картасын қолыңызға алып қараңыз. Таңданысыңызды жасыра алмайсыз. Қалайша құрлықтағы мемлекеттер, өзара бауыр елдердің арасында осыншалықты анклавтар көп. Міне, сол КСРО билігі, сол кезеңдегі Мәскеу басшылығы қойған "мина" кеше жарылды. Тұтас Орталық Азияны жаңғырта жарылды. Тарихы тағдырлас, мың жылдық көршілердің бір-біріне оқ атуымен көрініс тапты. 

Қырғызстан-Тәжікстан-Өзбекстанның арасындағы жер дауы, шекара мәселесі 1991 жылдан бері өз өзектілігін тоқтатқан емес. Себебі әлі демаркация мен делимитация жүрмеген. Ташкент-Бішкек-Душанбе арасында келісімдер бар, келіссөздер ұдайы жүріп жатыр, бірақ нәтиже аз. Садыр Жапаров билік тізгінін алған сәттен бастап, ең алдымен осы мәселені реттеуге кірісті. Ташкентке барды, Тәжікстанға өкіл жіберді. Тараптар жер алмасуға келісіп, жаға жыртысуды тоқтатуға уағдаласты. Дегенмен нәтиже оң шешімін таппай тұр. Мәселенің қаншалықты күрделі екенін қарап көрелік.

Мысалы Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 30-дан астам даулы аймақ бар. Екі ел шекарасының ұзындығы 1375 шақырым, соның 1000 шақырымдайы толық шешілген, қалғаны дау-дамайдың арасында. Қырғызстан жерінде Өзбекстанның екі анклавы бар. Ол – Сох және Шахимардан жерлері, ондағы халық саны 50 мыңнан асады. Өзбекстанда қырғыздар тұратын Барак ауылын да анклав десе болады, ондағы халық саны 150 адамды құрайды. Қырғызстан мен Өзбекстан 2018 жылы анклавтар бойынша жер алмасып, мәселені шешпек болған еді, дей-тұра ол оң шешімін таппады.

Қырғыз бен тәжік арасында да жер дауы өршіп тұр. 29-сәуірден кейін өртеніп тұр десек те болады. Қырғыз-тәжік шекарасының ұзындығы 970 шақырым, оның 530 шақырымы бойынша ғана нақты келісім жасалған. Екі ел арасында Лейлек және Баткен аудандары маңында даулы жерлер жетерлік. Қырғызстан жерінде Тәжікстанның Ворух анклавы тұр. Ондағы халық саны 20 мыңға жуық. Міне, дәл осы Ворух маңында кешегі атыс-шабыс басталып, арты қарулы қақтығыстың нағыз өзіне ұласқан еді. Анклавтардың орналасқанын түсіну үшін, картаға бір назар аударыңыз.

Жыл сайын көктем мезгілінде Қырғызстан-Тәжікстан-Өзбекстан арасындағы жер дауы өршиді. Себебі қарапайым. Көктем мал және егін шаруашылығын жандандырып, қыстың қамын ойлайтын кезеңнің басы. Ауыл шаруашылығы үшін су мен шұрайлы жер ауадай қажет. Міне, осы сәтте суды бөлісу, құнарлы жерді иемдену бойынша қарама-қайшылықтар туындап жатады. Көбіне ол қақтығыстар шекарашылардың өзара келісімі арқылы шешімін табады, алайда оқиға кез келген сәтте бақылаудан шығып, соңы қарулы қақтығысқа ұласып кетуі әп-сәтте. Кешегі қайғылы оқиға соның дәлелі.

Қарулы қақтығысқа 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы су қоймасының маңына тәжік тарапының бейнебақылау орнатып, екінші тараптың оған қарсылық білдіруінен басталды. Сөзбен қарсылық тас атысуға, ал тас лақтыру, қарулы қақтығысқа дейін жеткізді. Салдарынан қос тараптан ондаған адам қаза тапты. Соңғы мәліметтерге қарасақ Қырғызстан тарапынан 13 адам қаза тауып, 134 адам жарақат алған. Тәжікстан 10 адамынан айрыылып, 90 адам жараланған. 29-сәуір екі елдің соғыс жағдайына біртабан жақын қалғанын көрсетті. Себебі қақтығыста тікұшақтар, ауыр техника мен пулемет, миномет, тіпті БТР қолданылған, әскери бекеттерді басып алу, ауылдарды өртеу фактілері тіркелді. Душанбе мен Бішкек эмоцияға берілмей өзара келісімге келіп, салқынқандылық танытуы ғана жағдайдың ушықпай, үлкен соғысқа ұласуын тоқтатты.

Ресми Нұр-Сұлтан жағдайдың ушығып кетуінен сақтанады. Орталық Азия атты ортақ үйіміздің отқа оранғаны біз үшін де қауіпті. Сондықтан да Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел шекарасындағы жағдайды реттеуге қол ұшын беруге дайын екенін мәлімдеді. Президент мәлімдемесінде: «Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», – деді. .

Қазір атыс тоқтады. Тыныштық орнады. Алайда тыныштық қанша уақытқа созылмақ? Бұл мәселе қашан толық шешімін табады? "Ташкентке жер бермейміз" деп ұрандатып жатқан Кемпір-Абад су қоймасының маңындағы мыңдаған наразы халықтың қайта шықпасына кім кепіл? Бүгін-ертең тағы атыс болмасына кім жауапты? Ондаған күрделі сұрақтың жауабын табу қиын, бірақ себебін анықтау оңай. Себебі біреу. Қақтығыс себебі КСРО билігі қойған "миналар". Ол миналарды қазіргі Мәскеу тиімді пайдаланып, ықпал ету рычагы ретінде ұстап отыратыны соқырға да көрініп тұр.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

 

72 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963