Джек Маның жазасы. Қытайдағы бизнес тағдыры
2020 жыл 23-25 қазан. Шаңхай. 2020 Bund Summit.
Саммит қатысушысы әйгілі қытай миллиардері Джек Ма «бейкәсіби адамның кәсіби көзғарастарымен бөлісе» келе, әлемдік және қытайлық қаржы жүйесінің заманның дамуынан кенжелеп қалғандығын ащы сынаған болатын. Ол әлемдік қаржы тәуекелдерінің ағымын бақылап, оның өлшемдерін белгілейтін «Basel accord-ті» қарттар клубына теңеген-ді. Қытайлық қаржы жүйесінің мәселесін «қытайдікі қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелінде емес, өз мәніндегі қаржы жүйесінің жоқтығында» деп көрсетті. Қытайлық қаржылық қадағалау органдарының «пойыз станциасын басқару тәсілімен әуежайды басқарғысы» келетінін бетіне басқан. Қытай банктерінің әлі де «ломбардтық санамен» айналып жатқандығын сынаған.
«Басқа бәле тілден» деп қазекем айтпақшы, іле-шала 2 қарашада қытайдың ұлттық банкі бастаған төрт бірдей қаржылық қадағалау-басқару мекемесі Джек Ма мен оның қаржылық-инновациялық қанаты «AntGroup» басшыларын «шақырып әңгімелесті». 3 қарашада Шаңхай қаржы орталығы Джек Маның «Аlibaba тобына» жататын және интернет несиесімен маманданған «AntGroup» компаниясының Гонь Конг қаржы орталығына биржаға шығуға жолдама алып, 37 млрд АҚШ долларына бағаланған «адамзат тарихынан бергі ең ірі» ІРО шарасын (Джек Маның сөзі) «уақытша тоқтатып» қойды. 27 желтоқсанда екінші мәрте «шақырып сөйлескеннен» кейін қадағалау мекемелері «AntGroup-ті» «реттеу-бейімдеу» шарасын қабылдап, ұлттық банкі компанияны «реттеп-бейімдеудің» нақтылы жобасын қолына ұстатты. Сонымен бір уақытта қаржылық қадағалау-басқару агенттігі «Аlibaba тобына» монополиялау мәселесі бойынша іс қозғап тексеруді бастады. 2021 жылдың 10 сәуірінде монополияға қарсы заңның 17 тарауының 1 бабындағы «орынды себепсіз саудаласушы тұлғаны өзімен ғана сауда жасауға шектеу» тармағына қайшы келгендігіне байланысты «заңсыз әрекеттерін доғарып, компанияның 2019 жылғы қытайдың ішкі нарығындағы сату сомасының (455,712 млрд) 4%-ына тең, яғни 18,228 млрд юан (шамамен 2,8 млрд $) айыппұл салу» жазасын тағайындап, келешекте қалай іс жүргізу жайлы «әкімшілік нұсқаулығын» табыс етті. «Аlibaba» болса жазаны «шынайы қабылдап, қалтқысыз орындайтынын» білдірді. 12 сәуірде аталған төрт мекеме «AntGroup-ті» тағы да «шақырып сөйлесіп», оған қаржылық холдинг құру жолымен қадағалау мекемелеріне тіркелу сияқты 5 бағытты қамтыған бірыңғай реттеп-бейімдеу жобасын міндеттеді. Джек Ма өзі және өзімен қатарлас ірі бизнес алпауыттарын ұйымдастырып қаржыландырып 2015 ж. құрған «Hu pan university» әр жылы наурызда бастайтын жылдың алғашқы сабағын биыл мерзімінде бастай алмай қалды. БАҚ хабарлауынша, Қытайдың тиісті мекемелері сәуірдің алғашқы күндері университеттің студент ұабылдауын тоқтатуға шешім шығарыпты. Ұзын сөздің қысқасы, қытай билігі «Alibaba» сынды алыпауытты «тізгіндеп тынды». Қытайда мүлдем жаңа сауда моделін жаратып-жасақтаған «Alibaba-ны» тәубеге келтіргеннен кейін, 14 сәуірде ҚХР нарықты қадағалау-басқару бас департаменті интернетті бақылау кеңсесі және бас салық департаментімен бірлесіп «Tencent», «ByteDance», «Meituan» сияқты 34 интернет алыптарын жинап жиналыс ашып, олардың бір ай ішінде «өзін өзі тексеріп, әр мәміле бойынша түбегейлі тәртіпке келулерін», сонымен бірге «ережеге бағынатындықтары жайлы ашық уәде берулерін» бұйырды. Гонь Конгтің «Feng huang financ» cайты 26 сәуірде қытайдың нарықты қадағалау бас департаментінің тағы бір интернет алыбы «Mei tuan» тобына тура «AntGroup-тағыдай» іс қозғағандығын хабарлады. Қытайлық «Xinhua» агенттігі жоғарыда аталған қаржылық қадағалау органдарының «Tencent», «ByteDance», «Baidu», «JD.com», «Meituan», «Didi» компанияларын да «шақырып сөйлесіп», олардың өз қарастылығындағы платформаларда сақталып отырған «өткір мәселелерді жоюды» талап еткен.
Джек Маның аталған саммиттегі айтулы сөзінің буы суымай жатып, 2020 жылы 11 желтоқсанда ҚКП саяси бюросы «монополияға қарсы тұруды күшейтіп, капиталдың жөнсіз кеңеюіне тосқауыл қою» шешімін шығарды. Сонан бері бұл тақырып күн тәртібінен түскен жоқ және елдегі қаржыға қатысты барлық әрекеттің өлшеміне айналып шыға келді. Негізінде саяси бюроның жоғарыдағы шешімі Джек Маның сөзіне шамданудың әсерінен ғана туындамаған-ды. ҚКП-ның қоғамның барлық саласына бақылауды күшейту, экономиканың жеке секторына қадағалауды жітілеу, мемлекеттік сектордың пәрменін арттыру, партияның барлық тетіктерді көзден таса қылмауын қамтамасыз ету, қысқасы партияның «шығыс-батыс, терістік-түстік, орталықтың бәріне басшылық жасауды» қамтамасыздандыруы Ши Жинпиң басшылыққа келгелі бері аса тиянақты да жүйелі іске асырылып жатқан стратегиялық ұстын-ды. Демек, «шақырып сөйлесулердің» мұнан кейін көбеймесе азаймасы және тек интернет саласымен шектеліп қалмасын бағамдау қиын емес-ті. Өйткені партияның бірыңғай басқаруына сәл томпақ келетін әрекеттер мен шаралардың ешқайсысының да назардан қағыс қалмасы шүбәсіз. Партия басшылығына, оның басқару монополиясына бәсекелес, сондай-ақ бәсеке тудыруы ықтимал кез келген жеке немесе заңды тұлғаның және оның әрекетінің, тіпті, ниетінің шетін бағаланатыны сөзсіз. Ал Джек Ма мен оның қаржы және интернет империясының, сол сықылды жаңағы 34 компанияның бірден тәртіпке шақырылуы олардың қаржылық әлеуеті мен әлеуметтік ықпалының пәрменділігімен қоса осы ықпалдың барған сайын ұлғайып бара жатқандығында болып отыр. Туа бітті табиғатынан барлығын шеңгелдеп отыруға құштар компартия үшін, аталған субъектілердің іскерлігі мен әлеуметтік белсенділігі тыныш ұйқы бермейтін жайт. Әсіресе Маоны рухани ұстаз, тұлғалық идеал санайтын Ши төраға үшін. Мысалы сол «Alibaba» мен «AntGroup-ты» алсақ, екеуінің тұтынушылар саны 700 млн-ға жетеді екен. Соңғысы тіпті қытайдың несиелеу нарығындағы «сыңар мүйіз құбыжыққа» айналып болған. «Уақытша тоқтатылған» IPO зәудеғалам іске асып, компания нырыққа кірер болса, оның нарықтық құны ірі мемлекеттік банктерді жолда қалтырып, қытайдың тұтас ғылым-техникалық сипатты құнды қағаздар нарығының 40%-ын ұстамақ екен, ондайда оның қаржыны технологиялық инвестициялаудай әлеуеті «Alibaba-ның» өзін шаң қаптырып кететін сыңайлы. Экономикалық-технологиялық қарымын сөз етпей қоя тұрғанның өзінде, «AntGroup-тың» инвесторларының құрылымы да кім-кімнің де мазасын қашырғандай. Компанияның байырғы құрылтайшылары мен басқарушы элитасынан сырт, оның құрамына қытайдың ұлттық әлеуметтік қамсыздандыру қоры, ұлттық инвестициялық қоры, ірі мемлекеттік қамсыздандыру қорлары («адам өмірін қамсыздандыру», «Taipingyang қамсыздандыру»), «қытай алтыны» меншік қоры, «Yunfeng тобының» меншік қоры сықылды стратегиялық инвестициялық әріптестер тартылыпты. Ал аттарын естуге адам сескенетін жасырын атпен қатысушы алпауыттар шоғыры өз алдына бір төбе. Қай жағынан қарасаңыз да компартияның ерік берер шегінен мүлдем алқып кеткен үдеріс жүріп жатыпты. Ендеше жазалау мен айтқанға көнгізу, бұғаққа кіргізу тәбиғи салдар-дүр.
Айта кетерлігі, Қытай билігінің мұндай тәртіпке шақыруы бүгіндері ғана басталып отырған жоқ. Джек Ма және жуықта «сөйлесуге» кіріп шыққандар өздерінен бұрынғыларға қарағанда тәп тәуір тәлейліме дерсің. Мысалы, кезінде дәурені жүріп, ықпалы тасығандардан «Mingtian тобының» иесі, бизнес элитаның жұғымды тұлғасы Xiao Jianhua 2017 ж. Гонь Конгте ұсталып кеткен. Мұнай магнаты Ye Jianming 2018 ж. «жоғалып кетті». «Anbang қамсыздандыру» компаниясының бұрынғы иесі Wu Xiaohui 2018 ж. 15 жылға сотталса, 2019ж. «Huarong инвестициялық компаниясының» қожасы Lai Xiaomin атылып кетті. Бұлардың баянсыз тағдырлары, ресми тұрғыда, олардың коррупциямен қатыстылығына, алаяқтығына, салықтан жалтаруларына байланыстырылып түсіндіріледі. Шынтуайтында қай-қайсысы да «ойнап жүріп от басып» компартияның «егініне еніп кеткендер», бері болғанда мемлекеттік меншіктегі бизнестің мүддесіне ортақтасқандар есебінде-тін. Мұндай мысалдар қытайда мыңдап саналады.
Үрейден ыққан ішінара қытай кәсіпкерлері бүгіндері бизнеспен қош айтысуға баруда. «Шақырып сөйлесуден» кейін наурыз айында «AntGroup» CEO-і Hu Xiaoming отставкаға кетті. Араға неше күн салып бір жылдың ішінде 788 млн тұтынушы жинаған электрондық саудалаушы «Pinduoduo» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Huang Zheng отставкаға кетті. «Tencent-тің» құрушысы Ma Huateng жуықта ғана өз еркімен барып реттеуші органдарымен «ақылдасып» қайтқанын мәлімдеді. Жазалаулар мен қорқытулар нәтижесi бизнес субъектілерінің келешекке алаңдаушылығы мен бизнестерінің құлдырауына ұрындырып отыр. Мысалы 2021 ж. алғашқы маусымында-ақ «AntGroup-тың» атойшы қорының қаржы ауқымы 18%-ға қысқарып кеткен. Туындаған жайттар бизнес қауымдастықтың мазасыздануы мен әлеуметтік көңіл-күйдің абыржушылығын асқындырып қоймай, түптің түбінде Қытай билігінің өзін екі тарып күйге ұрындыруда. Бір жағынан мемлекеттік кәсіпорындарға қарағанда еселі тиімділікке және инновациялық екпінге ие жеке бизнестің экономикалық өсім мен жұртты жұмыстандыруға жасайтын игі ықпалына аса мүдделі болса, екінші жағынан оның қаулай өсіп, қарқынды жетілуінен қорқады. Коммунистік билік пен ол күзетіп отырған социалистік жүйенің шешілмейтін және оның өз күшімен шеше алмас түйіні де осы болса керек.
Мұқаметхан Қонарбай
Abai.kz