Тарихи жырдағы тағдырлар
«Айман-Шолпан» жырындағы оқиғаға көзқарас
«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қазақтың ғашықтықты, жастықты, батырлықты әспеттеген әрі тұрмыс-салт жырлары болса, дәл осы атақты дастандардан көркемдік әсерлілігі қыл елі қалыспайтын ұзақ хикаялы жырдың бірі - «Айман-Шолпан». Тартысты оқиғаға құрылған осынау тұрмыс-салт жырының қазақ халқына етжақын сүйкімділігі - онда әңгімеленетін басты кейіпкерлердің бәрі бірдей дерлік күні кеше ғана өмірде болған, халықтың жадында жатталып қалуға лайықты тарихи тұлғалар екендігінде деу керек. Мысалы, ашуы қатты батыр, ар-намысына құйттай кіреуке түсірмейтін аңғал да адуын, жомарт та кеңпейіл, ақкөңіл әрі өркөкірек батыр Көтібардың көңіл күйі сәтте құбылып, майданын ойран етерлік қапыл тұлға екені дастанның әп дегеннен-ақ алған бағытын қапысыз сәтті ұстағанының куәсі. Бұл дастан, шындығында, батырдың психологиялық портреті.
«Айман-Шолпан» жырындағы оқиғаға көзқарас
«Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қазақтың ғашықтықты, жастықты, батырлықты әспеттеген әрі тұрмыс-салт жырлары болса, дәл осы атақты дастандардан көркемдік әсерлілігі қыл елі қалыспайтын ұзақ хикаялы жырдың бірі - «Айман-Шолпан». Тартысты оқиғаға құрылған осынау тұрмыс-салт жырының қазақ халқына етжақын сүйкімділігі - онда әңгімеленетін басты кейіпкерлердің бәрі бірдей дерлік күні кеше ғана өмірде болған, халықтың жадында жатталып қалуға лайықты тарихи тұлғалар екендігінде деу керек. Мысалы, ашуы қатты батыр, ар-намысына құйттай кіреуке түсірмейтін аңғал да адуын, жомарт та кеңпейіл, ақкөңіл әрі өркөкірек батыр Көтібардың көңіл күйі сәтте құбылып, майданын ойран етерлік қапыл тұлға екені дастанның әп дегеннен-ақ алған бағытын қапысыз сәтті ұстағанының куәсі. Бұл дастан, шындығында, батырдың психологиялық портреті.
Тарихтағы Көтібар кім? Ол барша қазақ халқына белгілі батыр, азаттық үшін бүкіл өмірін сарп еткен халық көсемі Сырымның үзеңгілес інісі, көтерілісте қол бастаушы мыңбасы. 1785 жылы Сырым батыр Нұралы хан билігі мен Ресей империясына қарсы шыққанда, оған 750 сарбазбен келіп қосылған осы жас батыр Көтібар болатын. Оның соғысының көбі құйындай соғып, ес жиғызбай жайпап кететін аламандықпен өтті. Аламандық дегеніміз - біздің дәуірдегі партизандық соғыстың дәуірге сай бір түрі. Көтібар Сырым батыр қозғалысы жеңіліс тауып, халық көсемі хан-сұлтандар мен патша үкіметінің қысымына төтеп бере алмай, 40 шақты серігімен Хиуаға қарай ауған соң шағын қолмен Елек қорғанына мезгіл-мезгіл соққы берумен болған. Хиуа жерінде жүрген көсемі қастандыққа ұшырап, топырақ сол жақтан бұйырғасын азаттық қозғалысын ұйымдастыратын ешкім шықпай, халық көп уақытқа дейін ұсақ-ұлан, тиіп-қашу сияқты шабуылдар арқылы Ресей империясының әскерінің қазақ жеріне ішкерілей ілгері басуын бөгейміз деп есептеген. Бұл ХІХ ғасырдың басы еді. Осы кездегі Қарасақал, Дәуімшар, Өтен, Нарымбай, Төремұрат батырлардың сауда керуендеріне, жер өлшеуші землемерлерге, әскери барлаушыларға тиісіп, дүние-мүліктерін қиратып кетуі, кейде бірлі-жарым тұтқын алуы сол Көтібар батыр кәсіп еткен аламандық болатын.
Әрине, Көтібар сияқты ірі қимылдың, үлкен мақсаттың адамын мұндай ұсақ әрекет қанағаттандыра алмады. Ол батыр болғанмен, алды-артын болжап ауқымды қимыл жасауға өзінің Сырым батырдай ірі ұйымдастырушылығы жоқ екенін аңдады. Сондықтан, Қазақ елінің шекарасына күн сайын екпіндей еніп, жүрген жолына қамалдар мен қорғаныс шептерін орната бастаған Ресей империясының қадамдарынан сескеніп, іштей ашу-ызасы молайса да, ендігі жерде жер қайысқан қол жинап соғысуға батылы бармайтын еді. Осының өзі елінің азаттығы үшін күресуге тиіс батырдың өмірлік мақсатын тығырыққа тіреген қасірет болатын.
Мен бұл дастанды алғаш рет 6-7 жаста латынша басылған кітаптан оқығаным есімде. Үш ата жерден қосылатын Саймағанбет Сатыпалды баласы дейтін атамыз сол кітапты маған ежіктетіп оқытушы еді. Тыңдап отырып Көтібар батырдың қимылына, айтқан сөзіне, ірі мінезіне сүйсінетін әрі күлетін. Есімді толық біліп, екінші, үшінші класты оқи бастағанда атама сұрағым көбейген. Сонда бірінші сұрағым: «Көтібар батырды жырлаған кісі неге мысқылдап мазақ етеді? Күлкі-әжуа етеді?» «Әй, балам, сұрағың дұрыс. Бұл ұзақ жырды Көтібар батырдың нағашы жұрты мен қайын жұртының жыраулары шығарған», деп есінде жүрген бірнеше адамдардың аттарын атаушы еді. Өзі Әлімнің шектісі ішіндегі қабақ аталығынан қыз алған күйеу ретінде қайын жұрты қабақтарды мақтаныш ете сөйлейтін.
«Айман-Шолпан» жырын кейбір тарихты онша білмейтін, қазақ халқының дәстүр-салтына ойша бойламайтын жазғыштар: «Сегіз сері жырлаған. Оның Көтібар батырдың образын шебер ашуы, оқиғасының көркем болуы содан», деген жорамалды айтумен болғаны белгілі. Мұндай салмақсыз сөзді айту үшін қазақтың дәстүр-салтын құрметтеу тұрсын, оны әжуә-күлкіге, сықаққа айналдырудың қандай жағдайда жарасымды болатынын ажырата білмейтіндіктен байқатса керек. Сегіз сері Бахрамұлы, оны зерттеушілердің жазғаны бойынша, 1818 жылы туған. Ал Көтібар батыр 1833 жылы күздің қара суығында Жағалбайлы Жанқасқа батырдың қысқы қыстауына жақын маңда өлтірілген. Бұрын жалғыз жүрмейтін қарт батыр бұл жолы жылқысын сырттай барлап қайтқысы келіпті дейді. Көтібар батырды көзден таса етпейтін патша үкіметінің жандайшаптары оның қапысын тапқан.
Осындай тарихты біле тұра «Айман-Шолпанның» Көтібар батырдың көзі тірі, даңқ-абыройы дәуірлеп тұрғанда шығарылғанымен санаспай, батырды дастанда әрқилы әзіл-әжуаға, күлкіге, тіпті ащы сынаққа таңатын жырдың ол марқұм болғасын туған дегенге сайғаны қазақтың салт-дәстүрін жете білмеу немесе сыйламау, әдейі жалғандыққа бару деген сөз. Тура айтқанда - парықсыздық».
Шын мәнінде, осы дастан қай жылы туып еді? Оған қандай дәлел бар? Туындыны жырлаушылар тарихи оқиғаға назар аударып па? Осы сауалға жауапты біз дастанның өзінен табамыз.
Кезі еді күні өткен үлкен соғыс,
Маман бай Торғай бойын
қылған қоныс.
Жайлауы ел шектінің Еділ, Жайық,
Қараған Орынборға жүз отыз болыс...
Дастан осылай басталады. «Батырлар жыры. 1 том. Үшінші басылуы. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы-1963».
Соғыс туралы берілген анықтамада: «Мұнда қай соғыстың айтылып отырғаны белгісіз. Тегі Исатай бастаған халық көтерілісін айтып отыруы мүмкін», деп болжам жасалған. Бұл болжамның дұрыс еместігіне Көтібардың 1837-1838 жылдары өмірде жоқ екендігі анық дәлел. Ал әлдеқашан марқұм болған батыр Айман-Шолпан оқиғасына қатыстырыла жырланған десек, оның Арыстан батыр сияқты інісі мен Есет, Бекет батырлар секілді балалары, артында қалған ағайын-тумалары аруаққа айналған батырды әжуа-мысқылға, күлкіге, кейде ойын-қалжыңға таңатын жырға ешқашан рұқсат бермеген болар еді. Егерде батырмен қалжыңдасуға еркі бар нағашы-жиендер мен балдыз-бажалардың өзі көзі тірісінде қаншама рет ауыздары барғанша сөйледі десек те, Көтібар батыр өмірде жоқ кезде мұнда жырлағандай еркіндікке баруға батылдары жету тұрсын, оңашада оғаш сөйлеуден де қаймығар еді. Сондықтан, Айман-Шолпан оқиғасының жырлануы батырдың көзінің тірісінде, сол атақты жорықтың ізі суымай, алшын әулетінің билері оның оспадарлығын үлкен кінә, елбұзарлық ретінде талқыға салған кезінде туған деу ақылға қонымдырақ. Маман байдың шапқыншылыққа ұшырауын ел көз көріп, құлақ естімеген сұмдық десіп, атақты билер талқыға салған. Бұл тұста қазақ орысқа бодан болды десек те, Ресей империясы билігін әлі дұрыстап жүргізе алмай жатқан. Оның үстіне 1812 жылдың күзіне таман Наполеон Бонапарт шапқыншылығына байланысты империяның Азия жақ бетіндегі әскерін майдан өтіп жатқан аймаққа ауыстыруы нәтижесінде қазақ даласы біраз уақыт бос қалып, еркін тыныс алған кез еді. Сөйтсе де Ресеймен шектес жатқан қазақ рулары тама, табын, жағалбайлының біраз жігіттері 1813 жылдың басында Наполеонды қуғанда, атты әскер жасақтап, француз астанасына дейін жеткені бізге тарихтан белгілі. Дастанда «Жайлауы ел шектінің Еділ, Жайық» делінетін себебі орыс казактары мен башқұрттардың бұл екі өзен арасына әлі қоныстанып үлгермегенінің куәсі. Өйткені, 1771 жылы Екінші Екатерина патшайымның жарлығымен Қалмақ және Ноғай ордалары хандықтарын жойған-ды. Содан соң ноғайлардың А.Суворов әскерінің қынадай қыруынан қалғаны Ставрополь даласына ығыстырылып, одан зәрелері ұша шошынған қалмақтар қыс түсіп өзен мұзы бекігесін шығысқа қарай жөңкілгені, оларды жолшыбай Нұралы хан жасақтары, одан әрі Абылай бастаған арғын-найман сарбаздары қырып, Жоңғарияға олардың аз ғана бөлігі жеткені аян. Міне, осынау тұста Еділ-Жайық арасы бос жатпағанмен, шекті тайпасына еркін жайлау болғаны шындық. Алайда, 1820 жылдардан бастап бұл жауынгер тайпа құнарлы алқаптардан мүлде ығыстырылды. Маман бай мен Көтібар батырдың араздасуы біздіңше, 1812 жылы болған және дастанның шығарылуы да дәл сол жылдың жазы мен күзінде өтті деуге осындай қисын бар.
Әйтпесе, дастан 1833 жылдан кейін, яғни Көтібар батыр дүние салған соң шығарылса, қайтыс болған адамға, оның ішінде ел аруағын ардақтаған Көтібар сияқты адуын батырды әжуа-мысқылға, күлкі-қалжыңға таңуға, ешкімнің дәті бармас еді. Ол заманда дүниеден өтіп кеткен адамның аруағын келекелеу мұсылмандыққа жатпайтын күпірлік екенін естен шығармауымыз керек. Олай десек, бұл дастан Көтібар батыр Маман байды шауып келген бойда, алшын атаның атақтылары бұл қимылды ақылсыздық қана емес жүгенсіздік, ағайынға озбырлық жасау деп тауып, батырдың ауылына жан-жақтан құйыла дүмеп, оның оғаш әрі озбыр қылығын әшкерелеп жатқан кезде, белгілі билер мен бектердің көзінше жырланған деу тарихи зердемізге тура әрі әділ болмақ. Оған Есеттің 7 жаста болуы да дәлел.
Шынтуайтында да, Көтібар батыр Сырым тарханның көзін көріп, бұйрығын екі етпеген адуын шәкірттерінің бірі ғана емес, ел еркелеткен, ерсіліктерін көтерген елеулі тұлға ретінде алшын тайпасына атағы жайылған аяулысы еді. Шыққан тегі де осал емес-ті.
Сырым батырдың көзін көріп, одан үлгі алуға ұмтылған Көтібардың отаршылдыққа қарсы күрестің саябырсуы кезінде өзін қоярға жер таппай елегізуі тұсында болған шөмекейлердің асына тігілген «алтын киіз үй» мал мен баққа кенеліп, мейманасы тасқан Маман байға бұйырғаны алшын тайпасының Сырымнан соңғы ту ұстарымын деп сезініп жүрген Көтібардың намысына тиеді. Асқа келе жатқанда дәл осы алтындаған киіз үйге түсетінін айтып, алдын ала хабар салған батырдың шамына тиетін дегендей, оған байлық иесі Маманды жайғастырып, араздық отын үрлеген ағайындар осы оқиғаның арты насырға шапқанын, Көтібар батырдың намысына тиген Маманды қалың қолмен келген батыр шектілер шауып алған-ды. Бұл тарихи шындық сол бойда дастанға айналған.
Ерегес сөйтіп ағайынды шапқыншылыққа ұшыратқанда, үш алшынның сөз ұстар ақсақалдары бұл оқиғаны масқара санап, ел шапқан Көтібар батырдың тентектігіне тыйым салу үшін оның ауылына дүмеді. Ол замандағы ақсақалдар билігінің құдіреті ел шапқан батырдан да әлеуетті еді. Олар шешкен дауды, олар шешкен түйінді билікті ел іші тәңірден жіберілген заң деп есептейтін.
Ақсақалдар Көтібар батырдың албырт тентектігін тексерумен бірге жиынды қолдауға келген атақты жырауларды да сөйлетіп, өздерінің кесік шешімдерін қоштатса, бір жағынан әңгүдіктеу аңқау батырды келемеждетіп, әжуа-әзілге, күлкіге таңып, адуындығын әбден басып, ел алдында жуасытып, айыбын мойнына алғызғаны дастанның өне бойында өріледі. Батырдың Айманды өкіл қайын ата боп ұзатуы соның дәлелі.
Әйтсе де Көтібар қас дұшпанға соншалық қатал болса да өз ісінің онша құптарлық еместігін, мінезінің оспадарлығын Айман қызды тұтқындап әкеле жатқанның өзінде сезінеді. Сондықтан, өрескел қаттылыққа бармайды. Айманның әр айтқан арызына құлақ түріп, сапар жолында қиындық көрмеуіне қамқорлық жасайды. Егер Көтібар батырлығымен бірге ожар әрі озбыр кісі болса, жолда алғашқы түнеген күннің өзінде оспадарлық жасамас па еді? Жоқ, ол ондай зорлық қолдануға бармайды. Дастанда мұны Айман қыздың ақылдылығынан деп жориды. Қалай дегенде де Көтібар батырдың «неке қиылғасын бәрі болады» деген қыз сөзіне тоқтауы оның бір жағынан халық дәстүріне құрметпен қарайтынын көрсетсе, екінші жағынан, төмен етектіге зорлық жасамайтын мінез жомарттығының белгісі. Егерде Маман бай өзінің малының көптігіне сеніп асқақтап, батырды: «Су артқан Қаратаудан қума кедей» деп сөкпесе, мұндай шатақ тумауы да мүмкін еді.
Енді Қаратау дегені қай жер? Меніңше, бұл Маңғыстау жағындағы қырат-шоқылардың бірі. Көтібар батыр тоғыз нарға тоғанақтап тоқаш пен мәмпәси артып асқа келуіне қарағанда, оның ту-у Бесқаладан базаршылап қайтқаны аңдалады. Бұған қарағанда, Көтібардың пәрмені де осал емес. Маман байдай бүкіл елге әйгілі бай болмағанмен, өзіне жетер дәулеті бар адам болғаны. Бірақ оны батыр дүния деп есептемейді. Оның асқан байлығы - ел қорғайтын батырлығы, жүйрік аты, сауыт-сайманы, жұрт жабыла сыйлайтындығы. Ендеше, батырға бұдан артық дәулеттің қанша қажеті бар? Қазақ айтқандай, дүниенің малы дүниеде қалады. Ерін елі сыйласа - оған бұдан артық қандай бақ керек?
Маман байды сыртта шауып, Айман сұлуды малына қоса өз қонысына алып келген Көтібар батырды ақын-жыраулар мазақтап, әзіл-қалжыңға, күлкіге таңу арқылы оның ашу-ызасын жеңілдетіп, өктемдігін өне бойы басып отырады. Бұл олардың ел зердесін ескергені, елдік салт-дәстүрді елегені, соны ашу үстінде есепке алмаған аңғырт әрі аңқау батырды қисыны келгенде шенегені деу керек. Ал Айман қызды соншалық ақылды, дана, ел сыйлайтын сұлу етіп көрсету арқылы халық рухын қолдау, төмен етектінің ерлерге қарағанда әркез бейбітшілікке, ынтымаққа, татулыққа үндейтінін көрсету арқылы қазақ қыздарына әркез осындай болыңдар дегендей үлгі-өнегені насихаттау деп ұғу қажет. Әрине, біз Айман дәл осындай кемеңгер болмады демейміз. Ажарлы да, ақылды да болған шығар. Алайда, бұл ұзақ жырды шығарған жыраулар кейіпкер образын сомдаудың барлық көркемдік тәсілін сол заманның өзінде жетік білгені сөзсіз.
Бізге Сыпыра жырау заманынан жеткен «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс образы қалай айшықталса, Айман образы да одан кем емес. Оқиға сол заманға сай теңеулермен, қисындармен жанды бейне жасайды.
Міне, осы дастанның дүниеге келгеніне биыл 200 жыл толғалы отыр. Бұл аса көркем, оқиғалы туындыдағы бас кейіпкерлер Көтібар, Арыстан, Есет, Айман, Мамандар тарихи тұлғалар. Алдыңғы үш батырдың ерекшелігі - олардың ұлт-азаттық күрестерге қатысып, ел есінде мәңгілік қалулары. Ал соңғылары да өмірде болған адамдар.
Мен «Айман-Шолпан» дастаны туғанда Есеттің 7 жаста болғанын және бұны ел аузында қалған естеліктерге, тарихшы Шахматов жазбаларына сүйене отырып болжам ақиқатпен тұжырымдадым. Алдағы уақытта дастанның әдеби көркемдігі жөнінде жазу ойда бар.
Құрал ТОҚМЫРЗИН, жазушы.
АЛМАТЫ.
"Егемен Қазақстан" газеті