"Толағай боп тумадым деп өкінбе, Табылды боп туғаныңа мың алғыс!"
«ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы Бижан Қалмағамбетовтің бастамасымен әрі демеушілігімен, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы филармонияның қолдауымен Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Мен қазақпын» атты еске алу кеші өтті.
Шараға қазақтың тұңғыш бард әншісі, талантты ақын, композитор Табылды Аяшұлының Алатау мен Атырау арасындағы достары, курстастары, отбасы,
ауылдастары, жанашырлары және БАҚ өкілдері жиналды. Ұйымдастырушылар жан-жақтан келген меймандардың ұшақтан түскеннен, қайта ұшып кеткенге дейінгі аралықтағы әрбір сәтті үтір-нүктесіне дейін ойластырып, асқан ыждағаттылықпен дайындалыпты. Қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, жүгіріп жүрген Бижан Қалмағамбетов далалық дархан мінезімен тәнті етті.
Концерт басталардан бір сағат бұрын облыстық филармонияға келгенімізде де ұжым директоры Қанат Айтбаев ғимарат алдындағы тігулі үйдің төріне шығарып, қонақжайлылық үлгісін көрсетті.
«ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құрылтайшысы Бижан Қалмағамбетовтің бастамасымен әрі демеушілігімен, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы, Ғ.Жұбанова атындағы филармонияның қолдауымен Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Мен қазақпын» атты еске алу кеші өтті.
Шараға қазақтың тұңғыш бард әншісі, талантты ақын, композитор Табылды Аяшұлының Алатау мен Атырау арасындағы достары, курстастары, отбасы,
ауылдастары, жанашырлары және БАҚ өкілдері жиналды. Ұйымдастырушылар жан-жақтан келген меймандардың ұшақтан түскеннен, қайта ұшып кеткенге дейінгі аралықтағы әрбір сәтті үтір-нүктесіне дейін ойластырып, асқан ыждағаттылықпен дайындалыпты. Қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, жүгіріп жүрген Бижан Қалмағамбетов далалық дархан мінезімен тәнті етті.
Концерт басталардан бір сағат бұрын облыстық филармонияға келгенімізде де ұжым директоры Қанат Айтбаев ғимарат алдындағы тігулі үйдің төріне шығарып, қонақжайлылық үлгісін көрсетті.
Сөз арасында Бижан мырза «Қанатқа Табылдың кешін өткізейік деп ұсыныс айтып едім, қолдай кетті. Арасында шыдамсыздық танытып, қайта-қайта сұрап, қадағалап отырғаным болмаса, әндерінің жазылуына, сценарийге, сахнаның безендірілуіне араласпадым. Шығармашылық жұмыстардың барлығын Қанат өз мойнына алды» деп айтып өтті. Осыған дейін облыстық «Достық» үйін басқарып, жеке иелігіндегі «Димаш-Әли» студиясында талай өнерпаздардың клипін түсіріп, кеш кейіпкерінің ән-жинақтарын шығарып беріп жүрген талантты әнші-композитор Қанат Айтбаевтың Табылды ағасының аруағын риза етуге бар күшімен тырысқаны байқалады. Көркем безендірілген сахнаның сол жағына:
- Мен - қазақпын,
Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен!
Мен - қазақпын,
Ғажапты да, азапты да көп көрген...
Мен - қазақпын,
Жүрегімде шырылдаған шындықты
Жасқамаңдар шоқпармен!.. -
деп келетін айбарлы ақын, қайсар ұлдың «Мен қазақпын» өлеңінің бір шумағы жазылған. Оң жақ бетіне Табылды Досымовтың гитарасына сүйеніп, сәл жымиып отырған бейнесі ілінген. Кеш шымылдығы «Мен қазақпын» өлеңімен ашылып, әрі қарай әсем әнмен жалғасты. Кеш кейіпкері жөнінде естеліктер айтылды, ақынға арналған өлеңдер оқылды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған өнер тарланының досы, игілікті істің ұйытқысы Бижан Қалмағамбетов:
- Бұл Табылдының көзі тірісінде армандаған кеші еді. Өкініштісі, бұл мақсатына жете алмады. Бүгін арамызда Табылды жоқ. Бірақ бізді қуантатын бір жайт, оның артында мол мұрасы қалды. Балалық шақтан, студенттік кезден бірге өскен достары бар, өнерін жалғайтын тұяғы, шаңырағының отын сөндірмейтін отбасы, талғамы биік тыңдарманы қалды. Олар бар жерде Табылды ешқашан өлмейді. Жұдырықтай жүрегімізде мәңгі өмір сүреді. Сондықтан осы концертті өзі жоқ деп мұңая бермей, арамызда отырғандай, әндерін тыңдап, салтанатты етіп өткізейік. Тәубесін аузынан тастамаған қазақпыз ғой, Құ-дайға мың қайтара шүкіршілік айтып, осыған шүкір-тәубе етейік, - деп басқосуға дайындаған арнауын оқыды.
Бұдан кейін Табылды Досымовтың шәкірті, әнші-сазгер, көзі тірісінде «Есенбайжан» деп еркелеткен інісі Есенбай Құлиев, Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Жоламан Көшкінов, ақын-сазгер, бард ақынның досы Елена Әбдіхалықова, Қазақтың тұңғыш гитарист-әншісі Қорабай Есенов, Қанат - Света Айтбаевтар бірінен кейін бірі шығып, автордың әндерін орындағанда, көпшілік тау көтерген Толағайдай ұлдары тіріліп келгендей күй кешті. Бұдан бөлек, Дулат, Рита Айтжановтар, Жұлдыз Нұрқасымова, Жадыра Арыстанова, Аймұрат Мәжікбаев, Орал Байсеңгір сияқты әншілер тарпаң ұлдың туындыларын нәшіне келтіріп, жаңаша әрлеуде тарту етті.
Қорабай ЕСЕНОВ:
- Әуелде бір-біріміздің әнімізді радиодан тыңдап, атымызды сырттай естіп жүрдік. Кейіннен Табылды Досымов Атыраудан екі мың шақырым жерде жатқан Жаңаарқаға мені арнайы іздеп келіп, сәлем берген болатын. Гитара шертісімді тыңдап, ұзын-сонар әңгіме айтқанымыз, сондағы жадырап-жайнап отырғаны бүгінгідей көз алдымда. Таудай талабы бар таланттың «Әттең...» деген сөзге сыйып қалғаны өкінішті. Дегенмен «Орнында бар оңалар» дейді. Соңындағы достары кешін ұйымдастырып, бала-шағасы келіп отыр. Жары мен балаларына, ел-жұртына шын жүрегіммен көңіл айтып, қайғыларына ортақ екенімді білдіргім келеді.
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА:
- Табылды менің ағам, досым, әрі әріптесім, жанымның жартысы еді. Санаулы, азғантай ғұмырында қазақтың әдебиеті мен өнеріне өлмейтін мұра қалдырған Табылдыны еске алуды біздердің маңдайымызға жазыпты. Тәкең барлық мәселелерде менімен сырласып, ақылдасып, алыста жүрсе де телефон шалуды ешқашан ұмытпайтын. Мені «Сен менің қарындасым емес, братишкімсің» дейтін. Атымды атап көрген жоқ, менімен «Братишка» деп сөйлесетін. Табылмен бірге оқымасам да, бірге күнде қасында жүрмесем де ол кісі менің жүрегімде мәңгілік орын алған адам. Сонау 1993 жылы «Үкілі үміт» байқауында танысып, 20 жылдай ағалы-қарындасты, ағалы-«інілі» болып сыйластық. Тәкең дүниеден өткенде шын мәнінде, өзімнің досымды жоғалтқанымды, ардақты азаматымнан айы-рылғанымды, қазақ халқы өзінің қайсар, ұлтжанды ұлын жоқтап өтетінін сездім. Сондай көңіл күйде Тәкеңнің қазасына арнап «Доспен қоштасу» азанама әнім дүниеге келді.
Осы кештің ұйымдастырушыларына досы ретінде өз атымнан және отбасының, жора-жолдастарының атынан үлкен алғысымды білдіремін.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ, ақын:
- Табыл екеуміз бір бөлмеде жаттық. Маған үнемі «Орыстың ақындары отызға келмей, талай атақты еңбектерін дүниеге әкелген. Сен не бітірдің?» деп шымшылап тиісетін әрі ұрсатын. Мен «Алты жыл жолым болмай, оқуға әрең түстім. Әскерге бардым. Қолымызға диплом алайық та сосын бірдеңе болармыз» деп күйіп-пісетінмін. Сөйтсек, іштегі талант бұлқынып, өзі ертерек іс бітіруге, артында із қалдыруға асығып жүр екен ғой...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ:
- Осыдан отыз жыл бұрын Атыраудан келген қара баламен Алатаудың баурайында танысып едік. Қыр баласы қалаға гитарасын арқалап келіп, алма теріп жүргенімізде ән салып, бәрімізді таңғалдырған. Студенттер арасында «Қазақтың Высоцкиі» атанған. Біз бір кездері Табылдымен бірге пәтер жалдап, бір үйдің баласындай көшіп-қонып жүрдік. Кейін ол Атырауына оралды. Сол бірге жүрген азамат жайлы естелік айту өте қиын, өте өкінішті. Бүгін бас қосқан біраз кісілер «Табылдың кеші Астанада, Алматыда өтсе» деген тілектерін білдіріп жатыр. Бижан сияқты азаматтар аман болса, оған да жетерміз.
Серік ЖАНБОЛАТ:
- Есенбай Құлиев пен Жоламан Көшкіновтің орындауындағы әндерді естіп әрі мұңайып, әрі Табылдымен бірге ән салғандай әсерде болдық. Дауыстары, орындау мәнері қатты ұқсайды екен.
Біздің де біраз уақыттан бері «Қайтсек Табылды атындағы ән-фестиваль, бард ақындардың өнер кешін өткіземіз?» деп ойланып-ақылдасып жүрген жайымыз бар. Қазақтың жыраулық дәстүрінде қазақтың рухы, намысы бар, ендеше, ол неге эпос-дастандарда қалуы тиіс? Неге ол үлкен сахналарда орындалмайды? Ал Табылдың ерекшелігі сол - эпостағы ұлттық рухты гитара тілінде сөйлетіп, бізге қайтарып бергендігінде емес пе? Та-былдың туындыларында да ақындық жігер, елдік мінез жатыр. Өзі өлеңін жазады, әнін шығарады, өзі орындайды. Ол гитараның жетегінде кеткен жоқ, гитараны иіп әкеліп, қазақша сөйлетті. Сондықтан ендігі жерде біз оны «Табыл жырау» деп атасақ...
Екіншіден, бүгінгі кешке өте ризамыз. Сондықтан осы шараны бардтық өнер, жыраулық фестивальдің бастауы деп қабылдасақ. Табылдың бастаған дүниесін ұлттық деңгейге көтерсек, ол фестиваль Табылдының атында болса, несі жаман? Сол себептен, бүгінгі кешті жай ғана еске алу кеші емес, еліміздегі ақындық-жыраулық өнерді насихаттайтын бард ақын Табылды Досымов атындағы өнер фестивалі деп танығым келіп отыр.
Үшіншіден, студент кезімізде жатақханада Табыл екеуміз жиі ән шығаратынбыз. Сондай бір сәттерде Табылдыға бір әнімді айтып беріп едім, ол ойланып отырып: «Ән жақсы, бірақ мәтіні нашар» деп шай үстінде басқа өлең жазып берді. Үш-төрт жыл бұрын Табыл «Сол әнді неге жарыққа шығармайсың?» деп сұраған еді. Табылдың тілегі биыл қабыл болып, шығармашылық одағымыздан туған «Сағыныш белгісі» деп аталатын туындыны жас әнші-сазгер Роза Әлқожа өз репертуарына қосты.
Жалпы, Табылдыны еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да танып, құрметтеп жатады. Оған Ақтөбе жұртшылығының ыстық ықыласы да нақты куә. Табылдыға деген құрметтің дәл осындай жоғары болғанына өте қуаныштымыз.
Рашид ШАҚУ:
- Менің балаларым Табылдыны, оның балалары мені әке деп өсті. Үлкен қызы жоғары оқу орнын менің қолымда тұрып оқыды. Бір күні Табылды келіп, төсекте жатып ақырындап қана «Менің екінші қызым мектеп бітіріп, Оралға оқуға түскелі жатыр. Маған пәтер іздеу керек» деді. «Нән Табыл жатқан жерге, талдырмаш екі қыз сиятын шығар. Соны да сөз деп тұрсың ба?» дедім. Артынша қарасам, көзінде мұңмен бірге жанары жасаурап тұр екен. Ол досқа деген шынайы ризашылығы еді.
Табыл туралы көп естелік айтуға болады. Бүгінгі кешке біз жұртты жылату үшін, мұңайту үшін келген жоқпыз. Табылдың өнерін насихаттау үшін жиналдық. Ол тауып та, қауып та айтатын. Тағы бір-екі қызық естелік ойыма түсіп тұр. Қалтамыз тесік студент кезімізде қарнымыз ашып ЖенПИ-ге бардық. Табылды көрген таныс қыздар жандары қалмай қуанып, асханаға апарды. Содан бұқтырылған капуста, капустадан жасалған салат, капустадан жасалған бәліш алдымызға әкеп қойды. Таудай Табылға ол жұғын болсын ба? Тамақ ішіп болғаннан кейін қыздар қаумалап «Табыл аға, бата қайтарыңыз» деді. Сөйтсе Табыл «капустаға бата жүрмейді» деп ду күлдірді. Ресеймен шекараласатын Жәнібек ауданында Дәулеткерей деген досы бар. Бірде сол досына барып, әңгіме арасында «Сендерге Ресей жақын ғой, Ресейді көргім келеді» дейді. Содан қалай риза қылып, күтерін білмей отырған Дәулеткерей қуанып кетіп, көрші Волгоград облысына алып барады. Қалаға кіргеннен көне қорғандарын бірінен кейін бірін таныстырып, көрсете бастайды. Сонда Табыл шаршап кетіп, «Орыстың моласы бітпейді, кері қайтайық» деген екен.
Қарлығаш Ибатова, жары:
- Кешті ұйымдастырған достарына, Ақтөбе жұртшылығына, ел ағаларына, қошеметтеп келген жолдастарына үлкен рақметімді айтамын. Табыл өлгенімен, оның өршіл рухы ешуақытта өлмейді. Жарқын бейнесі ұмытылмайды. Артында қалған шығармалары әлі талай насихатталар деген үміттемін. Табылдың әнін бағалайтын, өнерін құрметтейтін азаматтар аман болсын!
Ақан СЕРІК
Табылдыға
Бұл ғұмырдың соңы қайғы, басы құт...
О, Табылды, нең бар еді, асығып!
«Дедең қағып»,
Мұқаңдардың соңынан,
Сен де кеттің... Гитараңды асынып.
Біздер қалдық, бүтін өлең,
жарты ақыл.
Талаптыға берілмейді бата құр.
Жай тап енді «жоғарыға жайғасып»,
Қазағымнан тұңғыш шыққан бард-ақын.
Алтынның да алтындығын
сынар мыс...
Сені жоқтап жыр
жазармыз... тынармыз.
Толағай боп тумадым деп өкінбе!
Табылды боп туғаныңа мың алғыс!
Табылды боп өлгеніңе мың алғыс!
Түйін:
Табылды аға бізге берген бір сұхбатында өзі жайлы бір кітап жинақтап жатқанын, жарық көргеннен кейін шығармашылық кеш өткізіп, жан-жақтағы достарын шақыратынын айтқан еді. Бірақ «Алаштың ұлы, Аяштың ұлы Табылды» бұл арманына жете алған жоқ. Ол кісі тізімін жасаған достары өзі өмірден өткеннен кейін Атырауда емес, Ақтөбеде бас қосты. Барлығы сахна төрінде тұрып, кеш соңында Света Айтбаеваның орындауында Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Ұнатамын мен сені» әнін қосыла шырқады. Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова қонақтардың барлығына рақметін жеткізіп, сый-сияпат жасады. Кештің ұйымдастырушысы Бижан Қалмағамбетов Табылды Досымов көзі тірісінде «Гитараның падишасы» деп құрметтеген Қорабай Есеновке шапан жауып, ұлы Абылға көлік мінгізді. Бижан Қалмағамбетовтің және аты-жөнін атамауды өтінген ақтөбелік кәсіпкер жігіттердің мәрттігі мен азаматтығы өзгелерге үлгі болса, құба-құп. Өйткені Табылды Досымовтың өнері құрметтің қандай түріне болса да әбден лайық.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
«Айқын» газеті