Қала әкімі облыс әкімін сотқа берді
Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың үстінен сотқа шағым түсірді. Бұл туралы inbusiness.kz мәлімдеді.
Сқақовтың айтуынша, тағайындалғанына екі ай өткенде облыс әкімі оған «Бірінші тоқсанда Ақсу қаласының әлеуметтік экономикалық даму міндеттерін орындай алмады», деп сөгіс жариялап, тәртіптік жазаға тарту туралы бұйрық шығарған.
Әшімбетов Ақсу қаласына биыл 22 қаңтарда әкім болып барған. Ал, облыс әкімінің тәртіптік жазаға тарту туралы бұйрығы 1 сәуірде шыққан. Екі ай ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне жету мүмкін еместігін алға тартқан ол, Сқақовтың бұл әрекетімен келіспейтінін айтып, оны сотқа берген.
Алайда, Әшімбетовтың өзіне қатысты да қол астындағылармен дөрекі сөйлеседі деген арыз түскен. Қазір Ақсу қаласы әкімінің ісін тәртіптік кеңес өкілдері қарастырып жатқан көрінеді. Кеңес мүшелерінің басым бөлігі Әшімбетовтің бұған дейін де дөрекілігімен көзге түскенін ескеріп, оны қызметтен кетіру керектігін айтқан. Бірақ, Әшімбетов мұны өзіне қасақана жасалған әрекет деп есептейді.
Ал, облыс әкімінің үстінен түскен арызды сот әлі қарауға алмаған. Заң бойынша 5 күн ішінде шешім қабылдануы тиіс.
Айта кетейік, бұл Сқақовтың үстінен түсіп отырған екінші арыз. Бұған дейін көлік және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Ринат Қойсоймасов жұмыстан негізсіз шығарды деп сотқа шағымданған. Алайда, оның шағымы қанағаттандырылмапты.
Abai.kz