Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 19774 0 пікір 2 Мамыр, 2012 сағат 11:58

ҚАЙ ҚАЗАҚ «МЕН – ҚАЗАҚПЫН» ДЕП АЙТПАДЫ ДЕЙСІЗ

Бұл қырық хикметі ішіндегі тылсым сырлы көркем шығарма ма, әлде түрлі тіркестерден, ұйқастардан құралған ұран сөз бе? Ақын Жұбан Молдағалиевтің халыққа кеңінен танымал «Мен - қазақпын» атты поэмасын талдауға белгілі ақындар Сәкен Иманасов пен Маралтай Райымбекұлы қатысқан еді. «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, газеттік нұсқасы «Халық сөзі» арқылы оқырман назарына ұсынылып отырған сұхбаттың айтары аз емес.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сәкен аға, әдебиетте сөзсіз мойындалғандай бір шығармалар болады. Ол жөнінде сын не көлденең пікірлер айтыла қалса, шыр-пырымыз шығып, қарсы сөз айтып жатамыз. Сондай бір көлденең пікірлерді «Мен - қазақпын» поэмасына да қатысты оқып қалдым. Айтыңызшы, осы көркем шығарма ма, әлде ұлттың рухын көтеру үшін ғана жазған ұран сөз бе?

Бұл қырық хикметі ішіндегі тылсым сырлы көркем шығарма ма, әлде түрлі тіркестерден, ұйқастардан құралған ұран сөз бе? Ақын Жұбан Молдағалиевтің халыққа кеңінен танымал «Мен - қазақпын» атты поэмасын талдауға белгілі ақындар Сәкен Иманасов пен Маралтай Райымбекұлы қатысқан еді. «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, газеттік нұсқасы «Халық сөзі» арқылы оқырман назарына ұсынылып отырған сұхбаттың айтары аз емес.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сәкен аға, әдебиетте сөзсіз мойындалғандай бір шығармалар болады. Ол жөнінде сын не көлденең пікірлер айтыла қалса, шыр-пырымыз шығып, қарсы сөз айтып жатамыз. Сондай бір көлденең пікірлерді «Мен - қазақпын» поэмасына да қатысты оқып қалдым. Айтыңызшы, осы көркем шығарма ма, әлде ұлттың рухын көтеру үшін ғана жазған ұран сөз бе?

Сәкен ИМАНАСОВ: Менің ойымша, әдебиеттің әр түрлі жанрында жазылған шығармалар бір-бірімен сабақтас, салалас, үндес келе береді. Жаңағы публицистика деп отырғанымыз, ол да әдебиеттің бір жанры. Сосын бүгінгі заманға қажетті тұрғыдан жазылып қалатын таза конъюнктуралық  шығармалар болады. Ал менің өз басым біздің алдымызда жүрген, әдебиетке бұрынырақ келген, көбімізге үлгі болған, аға болған Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасын бір күндік дүние деп есептемеймін. Бұл ақынның ондаған жылдар бойына іштей дайындығымен келген, «осыны елге айтсам, жеткізсем» деген жақсы ниетінен туған шығарма деп ойлаймын. Өзінің азаматтық болмысын ақтара көрсете отырып, қағаз бетіне түскен бұл шығарма ақынның ғана емес, қалың оқырманға ой салып, соларға да ұнап, біздің қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзияға қосылған үлкен қомақты дүние деп білемін. Әрине, «Мен - қазақпын» деген сөзді бірінші айтқан Жұбан Молдағалиев қана емес. Мағжан Жұмабаев та, Сұлтанмахмұт Торайғыров та айтқан. Бірақ бар болмысы мен ақындығын осы поэмаға сала отырып, атына заты сай етіп жасалған дүние осы.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бәрекелді, жақсы айттыңыз. Мен осы хабарды түсірер алдында әдейі үш ақыннан пікір сұрадым. Біздің ақсақал ақынымыз Оразақын Асқардың осы поэма жөніндегі айтқан пікірі сіздің пікіріңізбен үндес шықты. «Халыққа қызмет етіп келе жатса, одан артық не керек?» деген бір ауыз сөзбен түйіндеді. Алайда Бегділда Алдамжар: «Ол көркем шығарма емес, әншейін уақытқа, заманға сай ұран тұрғысында жазылған шығарма. Ол туралы «Жұлдыз» журналына жазғанмын, көркем шығарма деп мойындамаймын», - деді.  Одан кейін ақын, публицист Мырзан Кенжебай да осы Бегділда Алдамжардың пікіріне ұқсас пікір айтты. «Халыққа қызмет етуі жағынан, ұлттың рухын көтеруі жағынан ешқандай дауым жоқ. Қос қолымды көтеріп қолдаймын, ал көркем шығарма ретінде олқы түсіп жатқан тұстары көп. Жалаң дидактика тұрғысында жазылған шумақ көбірек», - деп, өзінің бұл шығарманы онша мойындай қоймайтынын білдірді. Ал кейінгі жас буын, талантты ақын Маралтай ініңіз бұл жөнінде не дер екен?

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Бағдарламаның аты «Кітапхана» екен. Мен бірде: «Кез келген елдімекен, қаланың орталығы әкімшілік тұрған жерден емес, кітапхана тұрған жерден басталуы керек», - деп айтып едім. Сөздің басында ашып айтуымыз керек, Жұбағаның бұл поэмасы кітап сөрелерінен ойып тұрып орын алатынына күмәнсіз сенемін. Бұл поэманың бастауында біздің тегіміздегі қаһармандық, қанымыздағы қайсарлықты білдіретін қас туғандардың сарыны бар.

«Ту түбінен ту алған,

Жауды көрсе қуанған,

Мен Өтемістің баласы,

Махамбет атты батырмын», - деп келетін ерлеріміздің рухы жатыр. Бұл дүниеге қалам тартпас бұрын ол кісіде үлкен дайындық болған сияқты. Өйткені бұл кісі 1943 жылы елге майдан даласынан сапармен келіп кеткен екен. Сол кезде ол «Қазақ» дейтін өлеңін алып келіпті. Бұл өлеңді Әбу Сәрсенбаев ұнатып, Жазушылар одағының хатшысы Сәбит Мұқановқа алып барып, тыңдатқан екен. Кейіннен «Егемен Қазақстанда» жарияланған. Демек, бұл өлең жайдан жай келе салған жоқ деп айтуға болады. Жалпы ол кісінің өмірі қазаққа жанын беру үшін жаралған адам екенін болмысы білдіреді. Ал осы көркем шығарма біз оқушы кезімізде мектептің радиосынан оқылып жататын. Яғни жастайымыздан құлағымызға сіңісті болып кетті. Халық өзіне «Мен - қазақпын» деген сөзді сіңіріп алды. Бұл сөз бізге әлі де қажет болып тұр. Бұдан кейін де қаншама қажет болатынын бір Құдай біледі.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дұрыс екен, Маралтай. Мен осы жерде сіздерге екі ақынның екі шумақ өлеңін қатар оқып берейін. Ұқсас, сарындас.

«Осындай боп білмеймін кімнен тудым,

Бәлки қайсақ, бәлки бір гуннен тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым»,

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым».

Бұл Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасындағы мен таңдап алған бір шумақ. Ал енді мына шумаққа қараңыздар:

«Мен қазақ, тал бойымда қазақ қаны,

Кеудемде мейірбанды қазақ жаны.

Салдыртып сар белінде Сарыарқаның,

Жаңғыртып, салған әнім қазақ әні», - дейді. Бұны «Мен - қазақпын» деген тақырыппен Қуандық Шаңғытбаев жазған екен. Екі шумақтың қайсысының көркемдік жағы басымдау?

Сәкен ИМАНАСОВ: Біреуі екіншісінен асып кетті деген сөз жоқ. Бір біріне ұқсас, салалас ақындардың қолтаңбасы екені бірден сезіледі. Ол кезде кез келген адам жұмысқа, қызметке тұру үшін өзін «Батырақтың отбасынан шықтым» деп көрсететін. Ол қоғамның бойына сіңіп кеткен, саясатқа ойысып кеткен болатын. Неге десең, сол кездегі жазған шығармаңды алды артыңа қарай отырып жазатынсың. Цензура әрбір сөзіңнен ілік іздеп тұратын заман болды. Бар азаматтығы ірі болмысынан көрініп тұратын Жұбан Молдағалиев те сол заманның баласы ғой. Сондықтан кім жазса да, сол жағынан аттап кете алмайтын заман болған.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Маралтай, біз осы поэманың жанрлық сипатын айқындап алсақ жақсы болар еді. Уақытында тиісті бағасы берілген шығарма ғой. Бірақ басқа да көзқарастар жоқ емес екенін жоғарыда айттық. Тұманбай Молдағалиев кезінде осы Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасы жөнінде диплом жазған екен. Сонда «бұл поэма - лирикалық поэма» деп анықтама беріпті. Сосын Қадыр Мырза Әлидің де бір сөзі бар екен. Мен сіздерге оқып берейін: «Жұбан Молдағалиев поэмаларын үлкен екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, эпикалық сарындағы дүниелер. Екіншісі, лирикалық-публицистикалық сарындағы дүниелер. Оқиғасыз, ойға, толғауларға негізделген. Бұған «Мен - қазақпын» поэмасын да жатқызуға болады», - дейді. Сіздердің ойларыңызша қалай?

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Бала кезімізде бұл поэманы талай рет оқыдық. Сол кезде бір дәуірдің тынысы, қазақ дейтін халықтың арманы, мақсаты арғы жағынан дем беріп тұратын сияқты болатын. Сол кезде сондай сөздер айтылмаса болмайтын заман болды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Уақытында ұлттың, халықтың рухын бір көтеріп тастаған поэма болды дейсің ғой.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Жоқ, әлі де көтеріп тұр ғой. Сөзіміздің басында айтып кеттік. Бұл жерде шындықтың бетіне тіке қарап айтатын болсақ, лирикалық-публицистикалық жағына тартатын сияқты. «Қай жанр болса да ол өнердің тарам-тарам саласы» деп, жаңа Сәкен ағамыз айтып кетті. Қадағаның пікіріне тоқтау керек сияқты.

Сәкен ИМАНАСОВ: Жалпы, Жұбан өсу жолдарын көрсететін «Қызыл галстук», «Октябрь балалары» деген поэмалар жазды. Өлеңдерінде де эпикалық жағы басымырақ болып жатты. Ал Жұбанды лирикалық ақын ретінде танытқан шығармасы - «Жыр туралы жыр» еді. Өздеріңізге белгілі татардың ұлы ақыны Мұса Жәлелдің өмірінің Моабит түрмесіндегі бір кезеңін алған. Қалам ұстаған қазақтар Жұбағаның осы поэмасын аттап кете алмайды.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ:

«Не көп біздің далада,

Жатаған боз жусан көп.

Ол есіңде қалады,

Сол далада тусаң тек.

Отыны жоқ ауылдың,

Сол жылытты ошағын

Күйік кешкен арудың,

Сол суытты құшағын», - деп келетін өлең бар. Мұны поэзияның үлгісі деп айтуға болады. Әдебиеттен хабары бар адам мұнымен таласа қоймайды. Осындай жыр жолдары «Мен - қазақпын» поэмасында да жетіп жатыр. Мен бұл поэмасын Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер енді» поэмасымен салыстыратын едім.

Сәкен ИМАНАСОВ: Ақынның азаматтық тұлғасы неғұрлым биік болатын болса, оның шығармалары да сол биіктен көрінеді. Пендешілігі көп болса, оның шығармаларына оқырманды нандыра алмайсың. 1958 жылы мен Жұбан Молдағалиевті көрдім. Өтежан Нұрғалив есікті теуіп ашатындай әдебиетке шулатып келді ғой «Жұлдыз» журналына жетелеп, ертіп барды, мен ұяңдау едім. Сол кезде Жұбекеңді бірінші рет көрдім. «Жұлдыз» журналының бас редакторы екен. Одан кейін де ат үстінде жүрді. Жұбаннан да мықты ақындар біздің қазақ әдебиетімізде өте көп. Бірақ соның бәрі Жұбанның дәрежесіне жете алмады. Таза ақындық тұрғыдан алғанда ол кісімен иықтасатын да, алдына түсіп кететін де ақындыр баршылық. Ал азаматтық тұрғыдан алғанда, теңдесе алатыны аз. Әсіресе қылышынан қан тамған Колбинге қасқайып қарсы қарап тұрып сөйлегені бар. 1964 жылы жазылған шығарманы осы уақытта да ел аузынан тастамай айтып жүрсе, онда оның мақсатының орындалғаны.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: «Қазақ Асан болып туылып, Асан Қайғы болып өледі» деген екен Жұбағаң. Жұмыр жердің бетіндегі қай  қазақ «мен - қазақпын» деп айтпады дейсіз. Бірақ Жұбағаңның «Мен - қазақпын» дегені жинақталып келіп, қорғасындай құйыла қалғандай болып тұр.  Қажет болып қалар деп, Ақұштап апамыздың өлеңін алып келген едім. Былай болады ғой, кешкі сағат бесте ауруханада асқазаны ғана ауырып жатқан адам, таңғы бесте оянбай қалады. Қасында телефон тұр, әйеліне, бала-шағасына хабарласып, «мазам болмай жатыр» дегенге шамасы келмей қалды ма?» дейді. Бұл кісі 23 жасында «Қазақ» дейтін өлең жазса, 44 жасында «Мен - қазақпын» деген поэмасын жазды. Бүкіл өмірін осы арнаға салып кеткен адам ғой. Мен Ақұштап апамыздың өлеңін оқып көрейін:

«Қазақша акцент, оқыған қатал үнмен,

«Замандаспыз» деді оған қатаң үнмен.

Желтоқсанның көргенше он алтысын,

Бір күн бұрын батсамшы, батар күнмен.

Қорғағанмын мен жаудан Совет елін,

Әлі күнге Отанды ән етемін,

Мен қазақпын деп едім біле тұра,

Шовинизм дегеннің бар екенін.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,

Ит таласын деп пе едім немеремді

Ақынша айтсам ұлы елдің бұл мазағын,

Ұлы далам көтерген күллі азабын,

Тың жерімді игерген бауырлары,

Тракторын таптаған қыр қазағын.

Мұныңа да шыдады халқым менің,

Берді емес пе, билігін, алтын кенін.

Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,

Түсінбейсің замандас салтын елдің.

Деп үйреттің, мәңгүртсің, бәрі надан,

Тіл мен ділден айырылды тілім, далам.

Кеше алаңда сабаған сенің теңің,

Ал таяқты жегендер менің балам.

Ақын жүрек тартып тұр содан қайғы,

Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.

Кешір мені, замандас, осы жолы,

Жұбан сізге пікірлес бола алмайды», - деп айтса керек. Бұл Ақұштап апамыздың көркемдеп жырға түсіргені ғой. Кейбір ақындарымыздың өмірі басқа, өлеңі басқа ғой. Ал мына кісі бар болмысын осыған арнаған.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қазақ сынамаса сөйлемейді. Кейде сынатып барып, сөйлетіп алғанға ештеңе жетпейді. Бұл поэма кешегі заманда да аңыз болды, бүгінгі заманда да аңыз болып отыр. Ерболат Құдайбергенов деген сазгер әнші бар. Сол жігіт «Мен - қазақпынға» ән шығарып, қазір айтып жүр. Сосын қазір қазақ эстрадасында осындай бір бағыт пайда болды. Көркемдік жағы талас тудырып жататын шығар, бірақ жаңағындай әндер сахнаны қойып, той-томалақта айтылған кезде елді «Қара жорғадан» кем дүрліктірмейді.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Ерболат бауырымыздың орындауындағы осы әнде жүрегіңді суырып алатындай иірім бар. Мұның бәрі жақсы дүниенің сәулесі ғой, шағылысу. Мысалы сурет өнерінде натюрморт деген жанр бар. Сондағы тұрған заттар бір-біріне сәуле шашып тұрады. Сол сияқты адамдардың да бір-біріне сәуле түсіріп тұратыны бар. Бұл Жұбағаңның шығармасының бір қасиеті болса керек.

Сәкен ИМАНАСОВ: Әдеби жақсы дүние әлеуметтік сілкініс кезінде туады. Жұбан мен Қасымдардың рухын көтерген кез Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық. Бүкіл кеңес елін өзімнің елім деп қабылдап, жүрегімен сезінді. Осыған сай олардың патриоттық сезімі де қазақ жерінен гөрі үлкен масштабта шарықтап кетті. Сол кезде әдебиетке келген Жұбекеңдер мен бүгінгі жастардың тірлігін салыстыруға келмейді. Олардың отансүйгіштік қасиеті сәуле шашып, от шашып тұрды. Қазіргі жастар, Маралтайдың іні-қарындастары да соған көзін жеткізе алмай келеді. Бұлар өмірдің көлеңкелі жағында келе жатыр.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Алла жаратқан қазақ деген халықтың бір перзентіміз ғой біз де. Жұбан ағамыздың поэмасы көркем шығарма ма, публицистика  ма деп айтып отырғанымыздың өзі жайдан жай емес. Әдебиетіміздегі көркемдік ізденістер жүріп жатыр. Қазіргі жастар әлем әдебиетін жақсы меңгерген. Бәрінен хабары бар. Осы тыныш кезеңді пайдаланып, қызмет жасап жатқан жастар бар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сол көштің басында қазір орта буын болып қалған осы Маралтайдың өзі де бар. Әңгімеміздің аяғы өзімізді өзіміз қайраумен, өзімізді өзіміз қамшылаумен аяқталып келе жатыр. Жалпы, сөзбен де ескерткіш тұрғызуға болады екен. Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасы қазақтың рухына тұрғызған ескерткіш деп есептейміз. Осындай кең тынысты, рухты, асқақ романтикалық шығарманы талқылауға келіп, татымды, тұщымды әңгіме айтқандарыңызға мың да бір рахмет!

Газеттік нұсқасын жасаған - Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371