«Қазақтелеком» басшысының айлығы қанша?
Өткен жолы жанармай бағасы жоғарылап, оның салқыны біртіндеп нарықтағы басқа бағаны қозғап тастаған еді. Кезек «Қазақтелекомға» да жетіпті. Сөйтіп, мамырдың 1-індегі мамыражай мерекеден оралған депутаттардың алдынан баға мәселесі тағы да «дүңк» ете түсті. Мәжілістің жалпы отырысында қарапайым халықтың қалтасына түсетін ауыртпалыққа ашынған депутат Мұхтар Тінікеев бағамен қоса, оны көтеріп үлгерген басшының жалақысына да жармасты.
Өткен жолы жанармай бағасы жоғарылап, оның салқыны біртіндеп нарықтағы басқа бағаны қозғап тастаған еді. Кезек «Қазақтелекомға» да жетіпті. Сөйтіп, мамырдың 1-індегі мамыражай мерекеден оралған депутаттардың алдынан баға мәселесі тағы да «дүңк» ете түсті. Мәжілістің жалпы отырысында қарапайым халықтың қалтасына түсетін ауыртпалыққа ашынған депутат Мұхтар Тінікеев бағамен қоса, оны көтеріп үлгерген басшының жалақысына да жармасты.
Мұхтар Бәкірұлының «Қазақтелеком» басшысының жалақысын тілге тиек еткені де бекер емес болатын. Өйткені осыдан аттай алты жыл бұрын-ақ сол кездегі компания жетекшісінің сол кездегі айлық жалақысы жұрттың жағасын ұстатқаны есте. Президенттің өзі сынға алған «Қазақтелекомның» жетекшісі алып жүрген айлық, жаңылмасақ, 360 мың долларды (!) құраған. Содан бері талай жыл өтті. Айлық мәселесі бірталай жыр болды. Сонымен қоса, байланыс бағасына қатысты мәселе ұдайы болмаса да арагідік көтеріліп келген-тұғын. Оның ішінде де жақын шетелдің түгелін саралағандар Қазақстанның халқы телефон байланысы үшін ең көп шығынданатынын айтып жүргендер болды. Алайда «айлықтың әңгімесі» ұмытыла бастаған еді. Мұхтар Бәкірұлының алдымен байланыс бағасын айтқанымен, артынан жалақының «жырын» еске салғаны да сондықтан болса керек. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 1 мамырдан бастап жеке тұлғаларға абоненттік төлемдер бағасын өсірмек. Оның ішінде тарифтер өзгерісі жергілікті телефон байланысы желілерінің уақыт бойынша төленетін жүйеге ауысқандарын да, ауыспағандарын да қамтымақшы. Сөйтіп, ендігәрі қалалық және ауылдық жерлерде тұратын жеке тұлғалар абоненттері үшін төлемақы мөлшері 20 пайызға артатын болады», - дейді Мұхтар Бәкірұлы. Оның айтуына қарағанда, уақыт бойынша төлемақы жүйесіне ауыстырылған байланыс үшін айлық төлем 624 теңгеден 748,80 теңгеге дейін өседі. Ал уақыты бойынша төлемақы жүйесіне ауысқан абоненттердің ай сайынғы төлемі 309,40 теңгеден 371,28 теңгеге дейін артады. «Сонда әлгі уақыттық төлем жүйесін не үшін енгіздік?», - деген мәжілісмен «Қазақтелекомның» бағаға қатысты уәжін де ту-талақай етті.
«Мәселен, «Қазақтелеком» АҚ телефон байланысына абоненттік төлем көтерілгенімен, кеңжолақты интернетке қолжетімділік қызметінің ай сайынғы төлемдері төмендегенін алға тартады. Егер интернет тек ірі қалаларда болып, шалғайдағы ауыл үшін оның қолжетімділігі қамтылмаса, сосын ғаламторды көбінесе кіл жастарымыз ғана пайдаланып жүргенін ескерсек, онда қайдағы қолжетімділік? Қайдағы интернеттің ай сайынғы бағасының төмендегені туралы әңгіме болып отырғаны түсініксіз. Бұл - бұл ма, сапасы да сын көтермейді», - деп кесіп айтты Мұхтар Бәкірұлы. Сосын мәжілісменнің сөзіне сенсек, компанияның жылдық (52 апта бойынша) акциясы 54 пайызға артқан. Мұны мәжілісмен акциясын 64 пайызға көтеріп үлгерген Apple секілді алпауытпен салыстырады. «Бақуатты компаниялар не үшін тариф көтеруге әуес екен осы? Мәселен, осы былтырдың ақпанында ғана «Қазақтелеком» қалалықтар үшін тарифті - 18%, ауылдық жерлерге 30 пайызға көтеріп алды емес пе?» - дейді Мұхтар Тінікеев. Осыған орай, депутат «Қазақтелекомның» телефон ақысы үшін абоненттік төлем көтеру негіздемесін түсінгісі келетінін жеткізді. Бұл ғана емес! «Қосымша сұрайтыным, «Қазақтелеком» АҚ басшыларынан бастап бөлім басшыларына дейінгі қызметкерлердің жалақы мөлшерін, сондай-ақ олардың сыйақы бонустары туралы да білгіміз келеді. Әйтпесе тарифті көтеру арқылы мемлекеттік компаниялардың шенеуніктері өздерінің жалақысы мен бонустарын арттырып отырған жоқ па деген ой келеді», - деп аяқтады сауалын депутат Мұхтар Тінікеев. Сөйтіп, ұмыт бола бастаған алпауыт компания басшыларының жалақысы туралы қайта сөз болды. Алты жыл бұрын Президенттің пәрменді сынынан кейін ұлттық компания басшылары да кезекпен айлығын жариялап шыққан. Бұл жолы қалай болар екен?
Мемлекет монополиядан кете бастайды
Айтқандай, кешегі жиында Мәжіліс екі бірдей заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Оның бірі дәл осы баға белгілеу мәселесін қамтып, еліміздің экономикасына мемлекеттің араласуын азайтуды қарастырады. Нақтылап айтқанда, Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мемлекеттің монополиясын біртіндеп шектеуді көздейді. Мемлекет тек қана ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті, халық денсаулығын қорғау мақсатындағы кәсіпкерлік қызметтерге қатыса алады. Яғни мемлекеттік монополияны ерекше жағдайларда енгізу көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасымен мемлекеттік монополияға жатқызылған салаларды, мемлекеттік монополия деп жарияланбаған ерекше құқықтарды азайту және бәсекелестік нарықта қызмет түрлерін көрсету мүмкіндіктерін заңнамалық деңгейде бекіту шаралары қамтылады. Ең бастысы, баға белгілеудің ашық болуын қамтамасыз ету және мемлекеттік монополия субъектісінің жоғары тарифтерін белгілеуге жол бермеу үшін бағаны Үкіметтің бекітетіні де көзделіп отыр.
Тоқтала кететін екінші заң жобасы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелерін қамтыған еді. Мысалы, іс жүргізу заңдарында ҚР Конституциялық Кеңесінің заңды немесе нормативтік-құқықтық актіні конституциялық емес деп тануының құқықтық салдарынан туындайтын мәселе реттелмеген. Сөйтіп, егер ҚР Конституциялық Кеңес қандай да бір істі қарау барысында белгілі бір заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныса, қылмыстық істі тоқтату шарасы шешілмей келген болатын. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осындай олқылықты болдырмайды. «Егер сот Конституциялық Кеңеске адамның және азаматтың баянды етілген конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе нормативтік-құқықтық актіні конcтитуциялық емес деп тану туралы ұсыныспен жүгінсе, соттың қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті белгіленді. Заңның конституциялығын тексеру басқа соттың бастамасы бойынша жүргізілген жағдайда да соттың осындай міндеті туындайды», - дейді Мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабеков.
Қанат ҚАЗЫ, Астана
"Алаш айнасы" газеті