Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тұлға 23917 19 пікір 1 Маусым, 2021 сағат 13:17

Арыстан

Биыл аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әйгілі ректоры Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков ағамыздың 90 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілуде. Ол Алматының ең әсем жеріне әлемдік үлгідегі университет қалашығын салып, оны Одақтағы ең беделді бес университеттің қатарына қосты. Қайраткер азаматтың ғылымдағы қия жолдары мен қилы тағдыры туралы қайраткер-ғалым, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Арыстан» эссесін ұсынамыз.

«Менің ағаларым» сериясынан

 

Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!

Назым Хикмет, түрік ақыны

«Арыстан» десе дегендей-ақ тұлға еді...

Академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков өзінің бүкіл болмыс-бітімімен азаматтың арыстаны деуге әбден лайық-ақ жан болатын.

Тастан қашап жасалғандай кесек тұлға, арыстанның жалындай бұйраланған қою қара шашпен көмкерілген қазандай үлкен бас, құлжа мойын, келістіре пішілген кең иық, қай жаққа бұрылса да сом денеге өршелене жол салатын өрдеш төс және бұған бұдырайған екі шеке мен үнемі күреңітіп тұратын дөңгелек жүзді қосар болсаңыз, азаматтың арыстаны осындай-ақ болар дейтін адамның келбеті келмей ме көз алдыңызға. Басқаны қайдам, оны өз басым ең алғаш көрген 1977 жылы дәл осылай кейіпте қабылдап, ойыма оралған сайын дәл осындай күйде көз алдыма елестетемін.

Алғаш дегеннен шығады. Ол кезде әр жыл сайын сарша тамыздың соңында Алматы жоғары оқу орындарындағы алашапқын аяқталып, жаз бойғы доданың қорытындысы шығарыла бастайтын. Дәл сондай күндердің бірінде – 1977 жылы тамыз айының соңында Қазақ мемлекеттік университеті бас ғимаратының ең үлкен акт залында қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағында «білмекке құмарлыққа» талпынған бір топ жастардың тағдыры таразыға түсті.

Бір кездері Үкімет үйі атанып, талай тартыстар мен қырғын айтыстарды бастан кешірген университеттің бас ғимараты талапкерлерге лық толды. Бәріміздің көзіміз оң жақтағы есікте. Біздің ендігі тағдыр-талайымызды шешетін көкелеріміз сол есіктен енеді деп күтілуде. Сәлден соң дабырлай сөйлеген екеудің даусы естіліп, ректор мен декан акт залына кіріп келді. Біз дүр етіп орнымыздан көтерілдік.

Мол денені оп-оңай үйіріп, аяғын алшаң-алшаң басқан ректор президиумға бастайтын баспалдақтың жанын шығара солқылдатып, төрдегі өзінің үйреншікті орнына жайғасты. Оның жанына аз уақыт ішінде көзіміз үйренісе бастаған факультет деканы келіп отырды.

Жаз бойы үміт пен күдіктің көк дөненін кезек мініп, сөреге әрең жеткен біздің ендігі тағдырымыз солардың қолында. Қорыққанға қос көрінгендіктен бе, бізге төрдегі екеу сол күні ерекше сұсты көрінді.

Әуелі байқағаным: ректор аузын толтырып сөйлейтін жан екен. Алдындағы тізімді сыпыра сүзіп шықпай, ара-тұра сұрақ қойып, қасындағы әріптесінің пікіріне де құлақ түріп отырды. Кезек менің фамилияма да жетті-ау, әйтеуір:

– Бұл азаматқа сіздің сұрағыңыз бар ма? – деп деканға көз тастады. Оның «жоқ» деген жауабын естіген соң тізімнің жуан ортасында тұрған маған назарын аударып: «Қабылдандың» деген жалғыз ауыз сөз айтты.

Дәл сол сәтте өзімді жер бетіндегі ең бақытты адам сезінген маған айбыны бет қаратпайтын әлгі ректор әлемдегі ең әділетті, ең мейірбан жан сияқты көрініп кетті. Өзіме өзім келген соң әлгі сом тұлға, сұсты бейне мен жуан дауыс иесінің жылы жүз, ашық қалып, қамқор көңілді жайсаң азамат екенін де аңғара бастадым. Бұдан кейінгі өміріме даңғыл жол ашқан Өмірбек Арыстанұлы дәл сол күннен бастап мен үшін жер бетіндегі ең жақын адамдардың біріне айналып кете барды.

Ойхой, шіркін, біз оқыған 70, 80-жылдары КазГУ-дің даңқы шырқау шыңға көтеріліп, атағы аспандап тұрды-ау. Соның бәрі арыстан ректордың арқасы болатын. Қазір ойлап қарасам, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеттің (Қарағанды университеті тек 1972 жылы ашылды) бағын жандырған Арыстанұлы университет тізгінін қолына ұстағанда әлі қырыққа да толмаған қылшылдаған жігіт екен.

Күркіреп күндей өте шыққан қанқасап соғыстан кейін ширек ғасыр өтіп, ел есін жиып, еңсесін тіктеген сол кездегі Қазақстанда ғылымның сан алуан саласында кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін докторлар мен профессорлар жеткілікті болатын. Сондықтан басшылық таңдауы 39 жасар ғылым кандидатына түсіп, оның Т.Тәжібаев, А.Закарин, Т.Дарқанбаев сияқты «алыптардың» орнын басуы талай жұртты таң-тамаша қалдырды. Бірақ бұл қарымы мен қайыры мол таңдау болды.

Өмекең Қазақ университетіне келгенге дейін-ақ жастығына қарамастан өмірдің талай өткелектерінен өтіпті.

Кеңес Одағының ең жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған соң Қазақ химия-технологиялық институты мен Қазақ политехникалық институтында оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, профессор қызметін атқара жүріп, өзін кемел келешек иесі ретінде таныта біліпті.

Жақсыға жақсының жарығы түсуі сирек құбылыс қой. Жас ғалымның кейінгі өмірін күрт өзгерткен сол бір жарқын оқиға 1970 жылы болыпты. Иә, Жолдасбеков ректор болатын жылы сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың інісі Асқар Қонаев Қазақ политехникалық институтында докторлық диссертациясын қорғап, ұлан-асыр той жасайды. Кез келген бас қосудың көркіне айналып, әп-сәтте-ақ көрігін қыздырып жіберетін жас Өмірбек сол тойда асаба болады. Екі тілде бірдей еркін көсілетін, көксемсердей қылпып тұрған жас әрі Мәскеу мемлекеттік университеті ғұламаларының мектебінен өткен маман, жоғары оқу орнының қарапайым оқытушылығынан бастап, проректорлығына дейінгі барлық баспалдақтарын тауысқан жас ғылым кандидаты Димекеңе бірден ұнайды. Әр сөзін салмақтап сөйлейтін ел ағасы той соңында асабаның қолын ерекше ризашылықпен қысып, інісіне қарата: «Силен твой Джолдасбеков» деген ишарасы мол жалғыз ауыз ғана сөз айтады. Осы бір ауыз сөз оның университетке барар жолын әп-сәтте нұрландырып жіберді.

Ректор Ө.Жолдасбеков Д.А.Қонаевты КазГУ қалашығының  макетімен таныстыруда

Жолдасбеков КазГУ-ді, ал КазГУ Жолдасбековті көтерді. Алатаудың баурайында құдды бір ертегідегі сияқты ай санап емес, күн санап өскен университет қалашығымен бірге жас ректор да өсті.

Құдайға шүкір, қазір жер арқасы кеңіген заман. Дүниені кезіп, әлемді шарлап әр дәуірде адамзат ақыл-ойының орталығы саналған сан алуан университеттер мен оның қалашықтарын өз көзімізбен көрдік. Бүгінгінің жастарына мұның бәрі дәл осылай орнай қалғандай көрінуі әбден мүмкін. Тарихтан тамыр тартар болсақ, батыс университеттерінің ондаған, тіпті жүздеген жылдық, ал кейбірінің мың жылға жуық тарихы барын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Ал КазГУ-градтың тарихына небәрі 35-ақ жыл.

КазГУ-дің қалашығы батыстық үлгіде салынған Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Кеңес Одағындағы жалғыз қалашық болды. Сол кездегі күллі Кеңес Одағы оқу орындарына үлгі-өнеге ретінде ұсынылатын жүздеген жылдық тарихы бар Мәскеу, Санкт-Петербург университеттерінің факультеттері, олардың оқу ғимараттары мен жатақханалары айғай-шу, ызың-қуыңы мол қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Бір кездері Кеңес Одағы құрамында болған республикалар университеттерінің жағдайы да дәл осындай еді.

Ұлыбританияның әлемге әйгілі қос университеті Оксфорд пен Кембридж ел астанасында емес, осы университеттермен аттас екі шағын қалашықтарда орналасқан. Іргесі Шыңғыс хан дүниеге келмей тұрып қаланған Оксфорд университетіндегі 7 факультет, 39 колледжде 17 мыңға жуық студенттер оқып, 7000 мыңнан астам оқытушы-профессорлар мен үлкенді-кішілі қызметкерлер еңбек етеді екен. Ал тұрғындарының саны 170 мыңға жуық қала халқының басым көпшілігі университеттің айналасында жұмыс істейді. Студенттері мен оқытушыларының саны осы шамалас Кембридж университетіндегі жағдай да дәл осындай.

Ал әлемдегі университет атаулының ту ұстаушысы – Гарвард университеті мен ең атақты америкалық техникалық жоғары оқу орны – Массачусетс университеті Бостонның іргесіндегі халқының саны 100 мыңға жетер-жетпес Кембридж қаласында орналасқан.

Бұдан шығар қорытынды: батыстағы әйгілі университеттер саяси, қоғамдық, әлеуметтік қызуы бірде басылып, бірде көтеріліп тұратын үлкен қалаларда емес, сол қалалардың іргесіндегі жайма-шуақ шағын қалашықтарда орын тепкен. Бұл студенттердің алаңсыз білім алуы, жүріп-тұруы, бір-бірімен жақын араласуы, керек десеңіз шағын қалашықтағы ұстаз бен шәкірттің бір-бірін ұдайы көріп тұруы үшін жасалған. Әрине, аумағына он Ұлыбритания еркін сиятын Қазақстанда жер жеткілікті, бірақ университет қалашығын үлкен қалалардан тым қашықтан салудың біздің ел үшін қажеті шамалы. Сондықтан 35 жыл бұрын Алатаудың жап-жасыл белдерімен ұштасып жатқан бау-бақшалы мекен жаңа университет қалашығын салу үшін таңдап алынды.

Сонымен 1970 жылдың тамыз айында Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Келді де өзінің тау суындай гүрілдеген даусымен КазГУ-дегі мүлгіген тыныштықты оятып, өзгеше арнаға түсірді. Дәл осы күннен бастап университет өміріне өзгеше өрнек, соны серпін, тың тыныс бітіп, қайнаған тіршілікке толы жаңа кезең басталып кетті.

Жас ректор өз жұмысын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі университет қалашығын салу жөніндегі сонау 1966 жылы қабылдаған, әлдеқашан шаң басып, сарғыш тартып, ұмытыла бастаған ескі қаулыны тауып, оның жансыздана бастаған тамырына қан жүгіртуден бастайды. Ескі құжатты сілкіп-қағып, әлдеқашан ескірген есеп-қисаптарын қайта шотқа түсіріп, соның негізінде 1970 жылдың желтоқсанында КазГУ қалашығын салу жөнінде республика Үкіметінің жаңа қаулысын шығартады. Қандай жұмысты болмасын жайнатып, жарқыратып жіберетін Жолдасбековтің жобасымен түзілген бұл қаулының арқасында болашақ қалашық үшін Алматының түстік бетінен 90 гектарлық жер ойып тұрып алынады. Сол-ақ екен қалашықтағы жұмыс қайнап шыға келді. Құрылыс қарқынының кереметтігі соншалық, біз оқуға түсетін 1977 жылы әсем қалашықта сол заманның ең үздік жобасымен салынған 10-нан астам бес қабатты жатақхана, биология және география факультеттерінің жаңа оқу корпусы пайдалануға беріліп үлгерген еді. Ал біз оқыған 1977-1982 жылдары бұған қосымша заң, философия-экономика, журналистика, филология, тарих факультеттері қоныс тойын тойлап, 18 қабаттық университеттің бас ғимараты салынды.

Ө.Жолдасбеков КазГУ қалашығында

Университеттің бас жоспарына қарап отырып, оның бүгінгі үрдіс пен ертеңгі үдерісті қатар ойлап жасалғанына қайран қаласың.

Біріншіден, қалашық 15 мың студенттің бір мезгілде білім алуына арналып жоспарланған. Салыстыру үшін дәл сол жылдары жоғарыда біз атаған Оксфорд, Кембриджде оқитын студенттер саны да дәл сол шамада болыпты.

Екіншіден, қалашықта студенттермен қатар 7 мыңға жуық оқытушы-профессорлар мен үлкенді-кішілі қызметкерлердің еркін еңбек етуіне толық жағдай жасалған. Мұндай екі студентке бір адамдық «комфорт» ол кезде Кеңес Одағындағы бірде-бір университеттің маңдайына жазылмаған молшылық еді.

Үшіншіден, қалашық студенттің бар керегі бір жерден табылатын біртұтас әмбебап организм ретінде салынған. Жолдасбеков басқарған жылдары мұнда 800 орындық асхана (күні бүгінге дейін республикада мұндай үлкен қоғамдық тамақтандыру орны салынған емес), футбол алаңы мен спорт түріне қарай түрліше залдары бар бірегей спорт кешені, кинотеатр, аптека, кафелерге дейін салынып, 1800 адамдық Студенттер сарайы мен 5 миллионға жуық кітап қоры бар кітапханаға арналған жоба қоса жоспарланды.

Төртіншіден, университеттің аспирант, оқытушы-профессорлары да ұмыт қалған жоқ. Аспиранттарға арнап отбасылық үлгідегі жатақхана, ал университет ұстаздарына арнап 6 бірдей тұрғын үй және олардың балаларына арнайы балабақша салынды. Соның арқасында Қазақстанның әртүрлі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарындағы баспананың зары өткен ең талантты ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздар КазГУ-ге қарай ағылып жатты.

Бесіншіден, ұстаздарға қамқорлық қана жасалып қоймай, оларға деген талап та күшейтілді. Соның нәтижесінде 1971 жылы университетте 52 ғылым докторы, 309 кандидат болса, 1986 жылы 30-дан астам академик, 200-ге жуық ғылым докторы, 700-ге жуық ғылым кандидаттары еңбек етті.

Алтыншыдан, өзі техника саласының маманы болғандықтан университет кафедралары мен лабораторияларының материалдық-техникалық базасын жаңартып, оны түбегейлі түрде жаңа техникамен жарақтауды қолға алды. Академик А.Лукьяновтың деректері бойынша, әрқайсысының құны 1 миллион сом тұратын БЭСМ-6 атты электронды-есептеу мәшинесінің екеуі бірдей университетке осы Жолдасбеков тұсында алыныпты (ол кезде 2 млн. сомға 400 «Жигули» автомәшинесін сатып алуға болатын). Жалпы 70-80-жылдары университет бұдан басқа да ондаған миллион сомның ең озық үлгідегі жабдықтарымен жарақталыпты. Соның арқасында 80-жылдары КазГУ ғалымдары өз елімізді былай қойғанда, АҚШ, Англия, Франция, ФРГ, Голландия, Финляндия сияқты батыстың аса дамыған елдерінде тіркелген 26 шетелдік патент алған.

Жетіншіден, университет Өмекең басқарған жылдары Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерімен қатар Үндістан, Пәкстан мемлекеттерінен келген талантты жастар оқитын халықаралық беделді жоғары оқу орнына айналды.

Міне, қайратты ректордың осындай қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ мемлекеттік университеті 70-80-жылдары Мәскеу мен Ленинград университеттерінен кейінгі Одақтағы үшінші беделді университетке айналды. Мәселен, төрағасы Өмірбек Жолдасбеков болған мәшинелер мен механизмдер теориясы бойынша докторлық диссертация қорғауға арналған кеңес Кеңес Одағы бойынша Мәскеу мен Ленинградтан кейін КазГУ-де ашылды. Бұған дейін Алматы техникалық ғылым саласында Мәскеу мен Ленинградты былай қойғанда, ешуақытта Киев пен Новосибирскінің алдына түсіп көрмеген еді.

Теориялық және қолданбалы механика бойынша V бүкілкеңестік съезд, Алматы, 1981 ж.

...Өмірбек ағамен 1977 жылдың қоңыр күзінде басталған таныстық шәкірт-ұстаз ретінде ағамыз дүниеден озғанша жалғасыпты.

Байқап отырсам, студент кезімде арыстан ректормен үш рет жақын келіп жүздесу бақытына ие болыппын.

Көктем шыға Алматының көшелерін жаңа ғана бүршік атып, гүл жарған алуан түрлі ағаштардың хош исі кернеп, өмірдің ең нұрлы шағының қуаныш құшағында толқып-шалқыған жастардың жарқын дауыс, күміс күлкілеріне көміледі. Дәл осы кезде «Студент көктемі» атты өнер фестивалі басталады. КазГУ студенттері осы фестивальдің алдын бермейтін. Енді ше, университет студенттерінен құралған 120 адамдық қазақ және орыс халық аспаптар оркестрі мен халық биі ансамбльдері кәсіби деңгейдегі өнер ұжымдарына берілетін «халықтық» атағына дейін ие болса. Өйткені университеттің әрбір студентіне өнер мен спорт түрінің бірімен айналысу міндет есебінде жүктелетін.

Әдебиетке бір табан жақындау болғандықтан мен 1-курста драма үйірмесін таңдадым. Студенттер театры режиссеріміздің ұсынысымен И.Куприянов дейтін аты белгісіздеу бір драматургтің «Вьетнам жұлдызы» атты пьесасын сахналады. Әлі есімде, маған Фрэнк дейтін америкалық ұшқыштың рөлі тиді. «Халықтық» атағына ұсынылған студенттер театры қойылымының механика және қолданбалы математика факультетінің акт залында өткен қорытынды репетициясына ректордың өзі қатысты. Спектакль басталғаннан-ақ жанындағы проректормен әлденені қызу талқылап, қайсыбір қағаздарды аударыстырып отырған ректор соның өзінде бәрін жіті көзбен байқап, бағамдап отырыпты. Репетиция біткен соң біздің қасымызға келіп, театр өнері жайлы талай-талай тұщымды әңгімелер айтты. Біз механик-ректордың драматургия, театр өнері саласындағы көл-көсір біліміне таң-тамаша қалдық.

Үлкен театрдың 50-жылдардағы репертуарын жаңғақша шағып, әйгілі әншілер И.Архипова, Г.Вишневская, И.Петровтардан бастап, балет бишілері Г.Уланова, О.Лепешинская, М.Плисецкая, М.Лиепалардың қай балет пен операда қандай партияларды орындағанын майын тамыза айтып шығып: «Мүмкін сендердің ұлтымыздың ән-күй өнеріне негізделген музыкалық драма қойғандарың жөн болар. Біздің халыққа осы жақындау емес пе», – деп бір ой тастап өтті.

Академик мұнымен де тоқтамай, Мәскеудің әйгілі МХАТ, Кіші театр, Маяковский атындағы театрларының үздік қойылымдары мен әртістері жайлы да әсерлі әңгімелер айтты.

Жастық шақта көргендері мен көңілдегілері туралы көсіліп шапқан ректор сәлден соң:

– Бұл пьесаны қайдан тапқансыңдар. Вьетнам соғысы баяғыда-ақ келмеске кеткен жоқ па. Әлдеқашан ескірген тақырып. Оның үстіне көркемдігі де шамалы. Сендерге Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірігін» қою керек. Сонда өз-өздеріңді ойнап шығасыңдар. Солай, балақандар. Келесі жылы қапы қалмаңдар, – деп оң қолын сәл көтеріп, бәрімізбен қоштасу ишарасын жасаған бойы кері бұрылып, залдан шығып кетті.

Біз кейде аға буынның бойындағы бар асыл қасиеттерді өз биігінде бағалай алмай жатамыз. Өзіміз дәл осы күйімізде төбеден түсе салғандай, бәрін кінәлап, күстаналап шығатынымызды қайтерсің. Ал шындығына келер болсақ, олардың бойынан табылатын ғылым-білім мен өнерге деген іңкәрлік біздің бойымыздан көбіне көп табыла бермейтін сияқты. Тіпті табыла қалған күннің өзінде аға буынның бойындағы көл-көсір құштарлықтың жұқанасындай ғана.

Өмекеңнің өнер тақырыбына ағып тұруының сырын мен кейін Мая апамыздың мына бір естелігінен аңғардым: «Өмірбек қалт еткен бос кездерінде «Москва – Товарнаяға» барып жұмыс істеп, күреп ақша табатын. Соның арқасында киіміміз де бүтін, қарнымыз да тоқ болып, сенбі, жексенбі күндері мұражайларды, қала сыртындағы тарихи орындарды аралап, спектакльдер мен концерттерді де құр жібермейтінбіз. Өмірбек театрлардың алдыңғы орындарындағы ең қымбат билеттерді сатып алып келетін».

Келесі жылы біз ректорымыздың ұсынысын жүзеге асырып, Қалтай ағамыздың «Бөлтірік бөрік астындасын» сахналадық. Жастар театрының актері Жақсыбек Құрманбековтің режиссерлігімен (мен – ассистент) Марфуғаны – Салтанат Айбергенова, Сұңғатты – Бейбіт Сапаралин, Арыстанды – Нұртөре Жүсіп, Бекенді – Сағатбек Медеубеков ойнап, студенттер қауымын күлкіге қарқ қылып, қалалық конкурста бас жүлдені жеңіп алдық.

Ректормен екінші кездесу 1979 жылдың қысында өтті. Бұл жаз бойы – құрылыс, күз бастала ауыл шаруашылығына жегіліп, күзде ғана университет аудиториясында бас қосып, қыс ортасына қарай спорттық бабына енді келетін студенттер арасында түрлі спорт жарыстарының қызатын кезі. Сондай күндердің бірінде университет самбошылары бас бапкер Темірхан Мыңайдарұлы Досмұханбетовтің жетекшілігімен ақ тер, көк тер болып қалалық спартакиадаға дайындалып жаттық. Кенет есік ашылып, С.Л.Либерман дейтін денешынықтыру кафедрасының меңгерушісімен бірге залға ректор кіріп келді.

Біз дереу жаттығуды доғарып, назарымызды келгендерге аудардық.

– Иә, батырлар, халдарың қалай. Темірхан ағаларың тұрғанда қалалық чемпионатты қалпақпен ұрып алатындарыңа күмән жоқ. Бізге КСРО, Еуропа, керек десең, әлем чемпиондары керек. Әлі күнге дейін самбодан бір қазақ не Еуропаны, не әлемді ұтқан жоқ. Сондай чемпиондар шыға ма сенің мына батырларыңнан, Темірхан, – деді ректор бас бапкердің қолын алып жатып.

– Шығарамыз, Өмірбек Арысланович. Міндетті түрде шығады, – деп Темекең нық сеніммен жауап қатты.

Осы кезде Өмекең:

– А, ну-ка, давайте тряхнем стариной, – деп үстіндегі костюмі мен галстугін шешіп, аяқ киімін тастап кілемнің ортасына шықты.

Аң-таң қалған біздер үрпиісіп шетке қарай ығыстық.

Кілең шиыршық атқан спортшы жігіттерге асықпай көз жүгіртіп шықты да:

– Дәу де болса түйе балуан сен боларсың. Келе ғой мұнда, – деп салмағы 100 келіден артық Зиядын Исабековті кілемге шақырды.

Имене басып ортаға шыққан Зиядын сәл еңкейіп ағасына қос қолын бірдей ұсынып сәлем берді де жарты адым кейін шегінген күйі сол орнында тұрып қалды.

Әншейінде бізге таудай болып көрінетін ректордың тұлғасы қанша зор болса да бойы біздің Зиядыннан әжептәуір кіші екен.

Бірақ оны елең қылайын деп тұрған ректор жоқ. Аяғын алшаң басып, алға жылжыған ағамыз кимоно киген Зиядынның қос қолын білек тұсынан қысып ұстап өзіне қарай тартып қалды. Сөйтті де қарсыласының сол қолын кейін серпіп, оң қолын иығына қысқан күйі жалт бұрылып, ширақ қимылмен түйе балуанды қос жауырынымен кілемге топ еткізді.

Белдесудің дәл осылай аяқталғанына риза болған Зиядын да атып тұрып, ректордың қолын қысты.

– Иә, ағаңа жол бергеніңді ішім сезіп тұр. Рахмет, айналайын. Жортқанда жолың болсын! – деп шәкіртінің арқасынан қағып, бауырына басты да Темірхан Мыңайдарұлына қарата:

– Ал, Темеке, жаңағы уәдеңді сен ұмытсаң да, мен енді ұмытпаймын, – деп бапкердің де қолын алып, құшағына басты.

Шығып бара жатып, Темірхан Мыңайдарұлына күлімсірей көз тастап:

– Чидаоба, – деген жалғыз ауыз сөз айтты.

– Түсіндім, түсіндім, – деді Темекең.

Ал біз ештеңені де түсінген жоқпыз.

Ректор шығып кеткенше көрген түстей болған әлгі оқиғаға сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып тұрған бізге бапкеріміз:

– Өмірбек ағаларың жас кезінде самбодан Мәскеудің чемпионы болған. Ол кісі МГУ-де оқыған 50-жылдары самбодан халықаралық жарыстар өткізілмейтін. Ең алғашқы Еуропа чемпионатының өзі 1972 жылы ғана өтті. Егер бұл спорт түрі ертерек халықаралық дәрежеде танылғанда ағамыздың үлкен-үлкен жарыстарда топ жаруы да әбден мүмкін болар еді. Сондықтан ректордың жаңағы сөзінде оның жас күніндегі үлкен арманы жатыр. Ал оны жүзеге асыру сендердің парыздарың. Оның үстіне жаңа уәде бердік, ал уәде – жігіт сөзі екенін ұмытпаңдар, – деді батыр тұлғалы ректордың балуандығы жайлы шешіле сөйлеп.

Біз оның шығып бара жатып айтқан сөзінің құпиясын сұрадық.

– Ә, ол сөзде ешқандай құпия жоқ. Самбо – күрес өнерінің ең жас түрі. Оның негізі тым бертінде, 30-жылдары қаланған. Самбоның атасы А.Харлампиев күрестің айла-тәсілдерін жинау үшін бүкіл Кеңес Одағын кезіп, ұлттық күрес түрлерін зерттеген. Біле білсеңдер, онда қазақша күрестің де амалдары аз емес. Ал грузиндердің ұлттық күресі «чидаоба» деп аталады. Ағаларыңның жаңағы қолданған әдісі сол чидаобадан алынған, – деп бізге құпия болып көрінген сөздің сырын да айтып берді.

Жылдар өткен соң. Министр Т. Досмұханбетов  пен депутат Ө. Жолдасбеков

Темірхан ағамыз да ер екен. Уәдесінде тұрып, сексенінші жылдары КазГУ-дің ғана емес, бүкіл Қазақстанның атын әлемге танытқан Мадлен Қалиеков пен Айтжан Шаңғараев атты екі әлем чемпионын шығарды. Зиядын досымыз да бүкілодақтық жарыстарда топ жарып, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Өзі де жас күнінде самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған Т.М.Досмұханбетов кейін КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ал еліміз тәуелсіздік алған жылдарда екі рет Спорт және туризм министрі қызметіне тағайындалды.

Ректормен үшінші кездесу университеттің соңғы курсына өткен жылы болды. Жалғанды жалпағынан басып жүретін жастық шақтың желігімен желпініп жүрген күндердің бірінде жазалы болып Джо ағайдың алдынан бір-ақ шықтым. «Жазалы» деп жұмсартып айтқаным болмаса, менің университетте қалу-қалмауым қыл үстінде тұр.

– Иә, не болып еді, өзі. Бірақ тек шындықты айт, – деп академик маған қаһарлана көз тастады.

Мен қалыңдығымның құрбысына тіл тигізген тентекті «тезге» қалай салғанымды қаз-қалпында баяндап бердім.

Айтқан сөзім әсер етті ме, әлде есіне бірдеңе түсті ме, ректор орнынан тұрып, кабинетінің сол жағындағы терезенің алдына келді де, естілер-естілмес бәсең дауыспен:

– Осыған ұқсас жағдай менің де басымда болып еді, – деп күбірлегендей болды. Сәлден соң маған жалт бұрылып:

– Ұстазың Темірхан Мыңайдарұлы да араға түсіп жатыр. Бірақ сен бұдан былай жұдырық өзімдікі деп оңды-солды жұмсай бергеніңді қой. Бір жолға кешірейік. Келесі жолы өз обалың өзіңе. Ал қазір деканыңа бара бер, – деп орнына келіп отырды.

Джо ағайдың дауысы қатқылдау шықса да, ар жағында зілі жоқ сөзі маған «айналайын» деп маңдайымнан сипағаннан кем бола қойған жоқ.

Ректордың терезе алдындағы сөзінің сырын кейін білдім. Өмекең Мәскеуде оқып жүргенде тұмсығының астынан басқаны көрмейтін тоңмойындар трамвайда келе жатқан қазақ қыздарын балағаттап, тіл тигізіпті. Намысқой Өмірбек бірден әлгілерді сабасына түсіріп, сыбағасын қолына ұстатып жіберген екен. Бірақ іс насырға шауып, оның оқудан, тіпті комсомолдан шығу қаупі туады. Студент Жолдасбеков «тентектігінің» тарихы тінтіліп, Шымкент қаласының комсомол комитетіне анау-мынау емес, Мәскеу қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сизовтың атынан қатынас қағазы түседі. Сол кезде қалалық комсомол ұйымын басқарған Тәжігүл Серікбайқызының деректері бойынша, сұрау салған орынға Ө.Жолдасбековті мақтап, мадақтаған жауап хат жолданады. Осылайша аяқ астынан университетпен, комсомолмен қоштаса жаздаған Жолдасбеков әрең дегенде үйіріне қайтып оралыпты.

Сексен екінші жылы біз қолымызға арыстан ректор қол қойған диплом алып, КазГУ-ден қанаттанып ұштық.

С.М.Киров атындағы ҚазМУ ректоратының жиналысы, 1977 ж.

Сексен алтыда күллі Кеңес Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі болды.

Мәскеуден шығатын “Правда”, “Известия”, “Комсомольская правда” газеттерінде қазақ ұлтшылдығы туралы зәр-заһары бірінен-бірі өтетін материалдар шығып жатты. Іле-шала Қазақстанға СОКП Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев бастаған қылышынан қан тамған комиссия келіп, “кіші репрессияны” бастап кеп жіберді.

Бұл өзі “кіші репрессия” десе дегендей-ақ еді. Университет архивінен алынған нақты деректер бойынша, желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін КазГУ-де 270 студент оқудан шығарылып, 5 студент 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Кейін Өмірбек ағаның өзі айтқандай, бұл цифр бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екен. Ол КГБ-ның сумаңдаған қызметкерлері алаңда болған студенттердің суреттерінен тұратын салақұлаш альбоммен факультет аралауға кіріскенде, ректор өзі ерекше сенімді декандар арқылы тұзаққа түскелі тұрған студенттердің бір тобына “денсаулығы”, “үлгерімі”, “отбасылық жағдайы” деген түрлі желеулермен бір-екі жылдық академиялық демалыс беріп, құтқарып жіберген. Кейін қуғын-сүргін бәсеңсіген кезде олардың барлығы дерлік университетке қайтып оралыпты.

Комиссияны өзі бастап келген Соломенцев “КазГУ – рассадник национализма, пора навести здесь порядок” деп бар қаһарын бас университетке төкті. Университет ректоры Ө.Жолдасбеков пен декан Т.Қожакеев партиядан шығарылып, қызметінен қуылды. Мұның өзі қып-қызыл науқанға айналып, газеттерге “Жолдасбеков не үшін партиядан шығарылды?” деген алаулатып-жалаулатқан материалдар басылды.

Қорқау қасқырлар Арыстанды сексен рет тергеуге алып, жабыла таласа да жеңе алған жоқ. Басына – жаза, жанына жара түскен Жолдасбеков бар қиындыққа қасқая қарсы тұрып, жағадан алып, етектен тартқан қорқауларды шашып тастап, қайтпас қайсарлықпен алға жылжыды.

«Соқтықпалы, соқпақты» заманда ол жалғыз қалған жоқ. Жанында қашанда шындықтың жолынан табылатын академик Зейнолла Қабдолов бастаған қамқор ағалары, профессор Бақытжан Жұмағұловтың төңірегіне топтасқан ізбасар інілері болды.

Ректор және партия ұйымының хатшысы Б.Жұмағұлов

Ө.Жолдасбековті партиядан шығаруға арналған ашық партия жиналысында, қанша дегенмен Махамбеттің тұқымы емес пе:

– Өмірбек Арыстанұлы құбылыс қой. Оны даттаудың орнына мақтау керек, – деп Зейнолла ағамыз ақырып теңдік сұрапты.

Көз алдында шындықтың атасы өліп жатқанына шыдамаған профессор С.Либерман комиссияның алдына университеттің телефон анықтамалығын жайып салып:

– Сіздердің айтып отырғандарыңыз қайдағы ұлтшылдық. Мынаған қарасаңдаршы, жарқындарым-ау: Пуриц, Шварцман, Генкин, Горенман, Слуцкий, Розенфельд, Агучевич, Сперанская, Миркин, Ульман, Либерман. Қазақстанның бір де бір жоғары оқу орындарында осыншама еврей істеген емес, – деп ашынып айғай салыпты.

Университет профессорлары Арыстан ректорды көп қорқаудың талауына бермей, “қатаң сөгіспен” аман алып қалды. Бірақ қадалған жерінен қан алатын комиссия қалалық партия комитетінің бюросы арқылы Ө.А.Жолдасбековті ақыры партиядан шығарып, дегеніне жетіп тынады.

Арыстанды талау науқаны мұнымен тоқталмайды.

Көп ұзамай Соломенцев бастаған комиссияны КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды істері жөніндегі тергеушісі А.Калиниченко басқарған жаналғыштар тобы алмастырады.

“Жолдасбековтің ұлтшылдығы” оны абақтыға жабуға желеу болып жарытпайтындықтан, олар ректордың кабинеті, үйі, саяжайы, көлігі төңірегін түгел тіміскілеп, көр-жерден ілік іздеп, іс қозғай бастайды.

Сөйтіп жүргенде комиссияның көктен іздегені жерден табылғандай болып, университетке алынған, құны 200 мың сомдық жиһаздар топтамасы “жоқ” болып шығады.

– Ол бар, кілті менің сейфімде. Топтаманы сол кілттермен түгендеуге болады. Дұрыстап қарасаңыз бәрі орын-орнында тұр, – деп жұмбақтап жауап береді ректор алғашқы тергеуде ағынан жарылған болып.

Сейфтен бір бума кілтті алғанымен жиһаздың төрттен бірін ғана ректордың кабинетінен тауып, қалғанын қолына шам алып іздесе де таба алмаған тергеуші оны қайта шақырады:

– Бұл өзі бөліске түсіп кеткен жиһаз. Қалғаны менің орынбасарларымнан шығып қалуы мүмкін, – дейді жұмбақтың тағы бір ұшын шығарып.

Тергеушілер университет проректорларының үйін түгел тінтіп, өздерінен қайта-қайта жауап алса да, еш нәтиже шығара алмай Жолдасбековті қайтадан тергей бастайды.

– Мүмкін емес. Солардың алғаны айдан анық. Дұрыстап іздей алмағансыңдар ғой. Тіпті жиһазды бөліске салуға бас корпуста істейтін екі деканның да қатысы бар. Мүмкін солар мойындап қалар, – деп тергеушілерді тағы бір сүрлеуге салып жібереді.

Шаш орнына бас алуға дайын тұрған әлгілер әп-сәтте екі деканның үйін әптер-тәптерін шығарып, өздерін сұрақтың астына алады. Бұдан да ешнәрсе шықпаған соң Жолдасбеков тағы да тергеуге шақырылады. Бұл жолы Калиниченко қатты кетіп:

– Мазағыңызды доғарыңыз, жолдас Жолдасбеков. Мен сіздің тергеу ісіне көмектесуге ниет білдіргеніңіз үшін жазаңызды жеңілдетейін деп жүрсем, сіз мені ақымақ қылғыңыз келеді екен ғой. Қылжақты қойып, жиһазды қашан, кімге, қандай жағдайда бергеніңізді ашық айтыңыз. Әйтпесе бұл күніңізге зар боласыз әлі, – деп қоқан-лоқы жасауға көшеді.

– Жолдас тергеуші, бұған дейін айтқан бір де бір сөзімнен қайта алмаймын. Ондай қымбат жиһаздың алынғаны рас. Оның мәжіліс өткізетін үстелі мен екі кітап шкафы менің кабинетімде, ал диваны қабылдау бөлмемде тұр. Оны өзіңіз көрдіңіз. Ал қалғаны менің орынбасарларым мен екі деканның сіз іздегендей үйінде емес, кабинетінде тұр. Ал сіздің адамдарыңыздың оны көрмеген себебі, олар жиһаз емес, пәле іздеген, – деп ызадан жарылардай болған тергеушіге жайбарақат қана жауап қатыпты.

Академиктің үнемі осындай қитұрқы комбинациялармен бір емес, бірнеше рет әбден ақымақ қылғанына ыза болған А.Калиниченко:

– Этот Джолдасбеков, не компьютер, а система компьютеров, который предвидит на 20 ходов вперед, – деген екен.

Мұның алдында әйгілі “мақта ісі” бойынша өзбек ағайындарды қалпақпен ұрып алуға үйренген мәскеулік тергеушілер арыстандай айбат шеккен Жолдасбеков, көкжалдай қайсар мінезді Қожакеевтерді қанша әурелесе де еш нәтиже шығара алмай, әбден салы суға кетеді.

Өмекең қуғын-сүргінге іліккен жылдары мен Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясында қызмет істейтінмін. Орталық Комитеттің зілді бұйрығымен республикамыздың ғылым-біліміне арналып 1988 жылы жарық көрген “Қазақ ССР” қысқаша энциклопедиясындағы академик Өмірбек Жолдасбеков туралы есімнамалық мақала алынып тасталды.

Осы бір әділетсіздік үшін өзімізді қарадай кінәлі санап жүргенде Өмекең телефон соғып:

– Бұған сендердің еш кінәларың жоқ. Мен туралы мақала 12 томдық қазақтың тұңғыш энциклопедиясында шыққан. Оны бұл сүмелектер балталаса да бұза алмас. Бұдан кейін де өмір бар шығар. Аман болсақ, сонда тағы шығармыз. Ал сен жеңгең туралы мақаланы қадағаларсың. Ол – докторлықты таза, өз еңбегімен қорғаған адам. Жеңгең үшін кіммен болса да майдандасуға әзірмін, – деді.

Өмекең тар заманда табысқан жары Мая Михайловнаны ерекше жақсы көруші еді. Мая жеңгеміздің әкесі Мұхаметәлі отызыншы жылдарда Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметін атқарған беделді адам болыпты. Қазақ зиялыларының алғашқы легі репрессия тырнағына іліккенде Мұхаметәлі ағамыз солардың қатарында 37-нің қанды қасабына түсіп, ал жары Сұлухан Карлагтан бір-ақ шығады. Соғыстан кейін сталиндік құрсау сәл босаңсыған кезде Сұлухан апамыз тұтқыннан босатылып, Шымкентте тұруға рұқсат алады. Осы қаладағы орыс орта мектебінде оқып жүрген Мая 9-сыныпқа келгенде Шымкенттегі Қ.Сыпатаев атындағы қазақ мектебінде оқитын Өмірбекпен танысады.

Мектеп бітіргенше Қозы мен Баяндай жұбы жазылмаған екі жас – Өмірбек – Мәскеу, ал Мая Ленинград университетіне оқуға түседі.

Сол кездің өзінде еті тірі Өмекең университет басшылығына қайта-қайта кіріп жүріп, болашақ жарын МГУ-дің филология факультетіне ауыстырады. Күндіз оқып, кешке жұмыс істей жүріп өзін де, қалыңдығын да асырайды. Тіпті артық-ауыс тиын-тебенді алыстағы анасына да жіберіп отыруды ұмытпаған. Екі жас бесінші курсқа көшкенде шаңырақ көтеріп, МГУ-дің енді ғана пайдалануға берілген көп қабатты бас корпусында үйлену тойларын өткізеді. Тойға сол кезде Мәскеуде гастрольдік сапармен жүрген, атағы жер жаратын әйгілі әнші Роза Бағланова қатысып, жастайынан жетімдіктің зарын көп тартқан қос мұңлыққа мәңгі ұмытылмас сыйлық жасайды. Бағланова ән шырқаған бұл той кейін талай адамдар тамсана айтып жүретін тағылымды той болыпты. Осылайша бала күнінде, балапан кезінде табысып, мәңгілікке тағдыр қосқан аса нәзік жаратылысты жары – Мая жеңгемізді Өмекең өмір бойы алақанына салып өтті.

Ө. Жолдасбековтің отбасы

...Көп ұзамай энциклопедияның үшінші томы шығып, онда ғылым докторы, профессор М.М.Бағызбаева туралы мен жазған арнайы есімнамалық мақала жарияланды.

Кере қарыс қалың кітапты қолына ұстап тұрып Өмекеңнің сондағы қуанғанын көрсең:

– Мая, Маечка! Бүгін сенің күнің. Тарихқа кірген деген осы. Мен бұрынғы энциклопедияға кірсем, сен мына су жаңа энциклопедияға ендің. Бұдан артық қандай құрмет керек. Жалпы энциклопедияға бір үйден бір профессор кірсе де жетпей ме? – деп қанша көңілі жарым болып жүрсе де, жарының қуанышына жас баладай қуанып, соңын кішігірім тойға айналдырып жіберді.

Сексен сегіздің соңында төрт томдық қысқаша энциклопедияның 4-томы өндіріске кетті. Бұл кезде Жолдасбековтің партиялылығы әлі қалпына келтірілмеген еді.

Бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін: ол кезде партиядан шығу қоғамдық өмірден аластатылумен бірдей еді. Партиядан шыққан адамға есік атаулы тарс жабылып, билік атаулы жонын ғана көрсететін.

Сексен сегіздің соңында қысқаша энциклопедияның көлемі 138 баспа табақтық 4-ші қорытындылаушы томы өндіріске жіберіліп, версткалары келе бастады. Бұл 89-жылдың ортасына дейін жалғасып, жаз ортасы ауғанда том негізінен түптеуге дайын болды.

Сол кезде Қазақстанды екі жарым жыл бойы алашапқынға салған Г.Колбин кетіп, республика басшылығына Нұрсұлтан Назарбаев келді. Республика Министрлер Кеңесін басқарып жүрген кезде-ақ КазГУ-ге бірнеше рет арнайы келіп, қалашық құрылысымен танысқан, Өмекеңнің өзін де, іскерлігін де жақсы білетін Нұрсұлтан Әбішұлы кесек мінез танытып, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың партия билетін қайтартып берді. Ө.А.Жолдасбековтің партиялылығының қалпына келтірілуін республика жұртшылығы оның толық саяси ақталуы ретінде қабылдады.

Бұл кезде 4-том түгелдей дерлік версткаланып, соңғы қосымшалары ғана өндірістен келіп жатқан. Энциклопедияның жауапты хатшысы ретінде мен осы томдағы КазГУ-дің оқытушысы, кейін Қазақстанның Әділет министрі болған К.Колпаковтың “Жариялылық” атты мақаласынан 1500 таңбалық көлемді ойып отырып алып, оның орнына академик Ө.А.Жолдасбеков туралы мақаланы жайғастырдым. Бас редакторымыз, академик Рымғали Нұрғали менің бұл “тапқырлығымды” қуана құптады. Сөйтіп, 1989 жылдың соңында жарық көрген “Қазақ ССР” қысқаша энциклопедиясының 4-томында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған Алаштың қайтып оралған арыстарымен бірге Ө.А.Жолдасбеков туралы энциклопедиялық мақала жарқ ете қалды.

– Это уже не только политическая реабилитация, а политическое признание моих заслуг. Посмотри, в какой компании оказался. Теперь мы им покажем, кто есть кто, – деді академик қуаныштан қызыл шырайлы жүзі бал-бұл жайнап.

Дәл сол кезден бастап академик Жолдасбековтің есімі газет-журнал беттерінде, теле-радио эфирлерінде жиі-жиі аталып, азаматтың ардақты аты қалпына келтіріле бастады.

Арыстан тағы да жортуылға шықты.

Келесі 1990 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет демократиялық жолмен Парламент сайлауы өтті. Өмірбек Арыстанұлы өзі 16 жыл қызмет істеген университет округінен баламалы негізде депутаттыққа түсті. Округтің аты “университет” дегені болмаса, онда КазГУ, КазПТИ, Қазақ энергетикалық институттары мен басқа да толып жатқан мекемелер орналасқан өте үлкен округ болатын. Оның үстіне жоғарыда аталған үш оқу орнының ректорлары да Өмекеңнің басты қарсыластары ретінде сайлауға түсті. Оның бер жағында С.Дуванов, Г.Ерғалиева сияқтылар да дәл осы округтен тіркеліп, сайлау алды насихаттың көрігін қыздырып-ақ жіберді. Бұл өзі қырғын сайлау болды.

Бұл жолы да академиктің сайлау штабын өзі “мой могучий человек” деп еркелете жақсы көретін шәкірті Б.Жұмағұлов басқарды. Бір күні Бақытжан телефон соғып:

– Мұха, Өмекең өзіңе бір шаруа тапсырып еді. Көзбе-көз кездесіп, ақылдассақ қайтеді, – деді. Мен бірден келістім. Көп ұзамай ол энциклопедияға келді. Телефонды, кабинеттегі әңгімені тыңдау дегеннен әбден зәтте болған біздер далаға шығып сөйлестік.

Ол кезде баспахана атаулы түгелдей мемлекет меншігінде болатын. Көшіру аппаратураларын былай қойғанда, жазу машинкалары қаріптерінің үлгілеріне дейін КГБ-ның есебінде тұрушы еді. Бақытжанға Өмекеңнің сайлау парақшаларын көбейту керек болған. Және анау-мынау емес – 10000 дана. Ондай мүмкіндік бізде бар. Бірақ оған энциклопедияның үш айға мөлшерленген көшіру ұнтағы кетеді. Мен қолдан келгенше көмектесетінімді айтып, нақты жауабымды ертең беретін болып уағдаластық. Ертеңінде Бақытжан екеуіміз энциклопедияның подвалындағы ротапринт бөлмесінде құдды бір астыртын ұйым мүшелеріндей есікті ішінен іліп алып, болар болмас жарықта түні бойы жалғыз беттік сайлау парақшасын 5000 дана етіп көбейтіп, сайлаушыларға тараттық.

Өмекең алғашқы турда-ақ суырылып алға шығып, Энергетикалық институттың ректоры А.Богатыревпен екінші кезеңге өтті. Екінші турда да ескі ротапринттің пайдасы тиді. Сол жолы Өмекеңнің жұлдызы оңынан туып, 12-шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл оның үлкен саясат сахнасына ақбоз атын ойқастата салтанатпен оралуының басы еді.

Тоқсаныншы жылдар Өмірбек аға үшін табысты жылдар болды. Оның төңірегіне бір кездері қатары сирей бастаған алыс-жақын ағайындары мен достары жинала бастады. Сонда: “Абайласаңшы, сенің досыңнан қасың көп” деген жанашырына: “Қас санауға уақыт жоқ, дос түгендеп жүрмін”, – деп жауап қатыпты. Кейін оның бұл сөзі ел арасына афоризм ретінде тарап кетті.

Академик Ө.Жолдасбеков 1991 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет Инженерлік академия құрып, оның тұңғыш президенті болып сайланды. Ағыны қатты ақ дариядай үнемі алға жылжитын академик оның да жұмысын аз ғана уақыт ішінде дөңгелетіп жіберді.

Бұл жылдары мен энциклопедиядағы қызметтен кетіп, кәсіпкерлік жолына түскен едім. Сол кездегі мына бір оқиға да әлі күнгідей есімде.

Мен кәсіпкерлікті өзім қыр-сырын әбден жақсы білетін баспагерліктен бастадым. Бұл 1992 жылдың көктемі еді. Жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге арналған көмекші оқу құралдарын шығаруға кірістім. Соның ішінде “Орыс әдебиеті” бойынша оқу құралын жазуды М.М.Бағызбаевадан өтіндім. Ол өзінің Журавлева дейтін әріптесін қосалқы автор ретінде қасына алып, бас-аяғы 1-2 айдың ішінде қолжазбаны дайын етті.

Оқу құралы баспаханадан жаңа ғана шығып, сүйінші данасы келген күні Мая Михайловнамен хабарластым. “Түс кезінде үйге келсең қайтеді. Ағаң да сені іздеп жүр еді”, – деді ол қашан көрсең жазбайтын сол баяғы биязы дауыспен.

Жолдасбековтер академик М.Қозыбаевпен бір үйде, бір подъезде: Манаш аға – үстіңгі, Өмекеңдер астыңғы қабатта тұратын.

Үйге келсем дастархан жаюлы, жанында мен жыға танымаған қонағы бар Өмекең ерекше көңілді екен:

– Мұхтаржан біздің үйге тек қуаныш сыйлап қана келеді. Бүгін менің Маечкамның кітабы шықты. Қане, көрсетші өзін, – деп мен ұсынған алқызыл түсті, жұқа мұқабалы кітапшаны мейірлене қолына алды.

– Мая, мынау тіпті өзің сияқты үлбіреп тұрған не деген әдемі кітап. Құтты болсын. Сүйіншісі менен. Ал, Мұхтар, сен де сүйіншіңді дайындай бер. Ағаң бүгін Международная инженерная академияның 1-вице-президенті болып сайланды. Сондықтан бүгін біздің үйде двойной қуаныш, – деп орысша-қазақшаны араластыра сөйлеп, бізді дастарханға шақырды. Өмір бойы орыс тілді ортада қызмет істеп, еңбек етсе де Өмекең қазақшаны келістіріп-ақ сөйлейтін, бірақ көңілді сәттерде орысшаны да кесек-кесегімен тоғытып жіберетін және мұнысы өзіне ерекше жарасып тұратын.

Ағамыз сол жолы ерекше шешіліп сөйледі. Менің кәсіпкерлікке ауысқанымды қуана құптап, талай-талай тағылымды ақыл-кеңестерін айтты.

“Купи-продайдың” заманы әлі-ақ өтеді. Осы бағытыңнан айныма. Көп оқитын елге көп кітап керек”, – деп үнемі жігерлендіріп отырды.

Тоқсаныншы жылдары Өмекең өзі құрған Инженерлік академияны аяғынан нық тұрғызды. Ол аз десеңіз, Халықаралық инженерлік академиясының қаз тұрып, бүкіл дүние жүзіне қанат жаюына аса зор ықпал етті. Оған осы академияның бүгінгі президенті, аты әлемге мәшһүр ғалым, академик Б.В.Гусевтің: “У.А.Джолдасбеков не только великий ученый и инженер, получивший признание в России, Казахстане, Азии и Европе, но и выдающийся организатор инженерного движения в мире, один из создателей Международной инженерной академии, авторитет которого получил поддержку целого ряда стран мира... США, Германии, Англии, Франции, Китая, Южной Кореи, Японии, Пакистана, Египта и многих других”, – деген сөздері куә.

Халықаралық инженерлік академияның президенті Б.Гусев пен Ө.Жолдасбеков

Менің Қазақстанда академик Ө.А.Жолдасбеков негізін салған мәшинелер мен механизмдер теориясынан хабарым жоқ. Бірақ академиктің осы сала бойынша 70-тен астамы шет елдерде жарық көрген, жалпы саны 400-ге жуық ғылыми еңбектің авторы атанып, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттер алуы оның аса үлкен ақыл-ой иесі болғандығының айқын айғағы деп білемін.

Өмекең әлем ғұламалары мойындаған абырой-атақтарға атағы аспандап тұрған сексенінші жылдары емес, әлі елуге де толмаған жетпісінші жылдары-ақ жетіпті. Егер сіз Үлкен Кеңес Энциклопедиясынан бастап, бүгінгі Ресейде шығып жатқан кез келген әмбебап энциклопедияны ашар болсаңыз, одан міндетті түрде “Артоболевский И.И.” деген есімнамалық мақаланы табасыз. Сонау 1946 жылы академик сайланып, 1969 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған, сөйтіп 1977 жылы дүние салған осы бір ғұлама ғалым туралы барлық энциклопедияларда ешбір өзгеріссіз қайталанып келе жатқан бір ғана дефиниция бар. Ол: “мәшинелер мен механизмдер теориясы саласындағы ғылыми мектептің негізін салушы” деген анықтама. Міне, осы аты аңызға айналған академик И.И.Артоболевский 1976 жылы (ол кезде Өмекеңнің жасы 45-те): “Академиком У.А.Джолдасбековым, выдающимся ученым, проведены широкомасштабные научные исследования по разработке теории механизмов высоких классов и созданы принципиально новые, не имеющие аналогов в мировой практике, механизмы и манипуляционные устройства высоких классов, которые защищены авторскими свидетельствами СССР на изобретения и запатентованы за рубежом”, – деп жазыпты. Ұстаздың шәкіртіне қанша талантты болса да “аса көрнекті” деген эпитетті қолдануы сирек. Өмекең соны Артоболевскийге айтқызды. Айтқызған – оның әлемдік практикада теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтары. Бәлкім, оның бәрін академик Ө.Жолдасбеков жеке-дара ашпаған болар. Мүмкін ол теңдесі жоқ техникаларды талантты шәкірттерімен бірге жасаған болар. Мәселе – соның ашылғанында, мойындалғанында, адамзат игілігіне асқандығында. Ал оның бәрінде, сөз жоқ, академик Ө.Жолдасбековтің қолтаңбасы болғанына өз басымның еш күмәнім жоқ.

Академик Ө.А.Жолдасбеков 1993 жылы өзі туған оңтүстік өлкесінен Жоғарғы Кеңеске тағы да депутат болып сайланды. Сайланып қана қойған жоқ, оның ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

Ө.Жолдасбеков – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1993 ж.

Келесі 1994 жылы қоғамдық-саяси қызметі тағы да үздіксіз өрлеу жолына түскен Өмекең ойламаған жерден сүрініп кетті.

Сол жылы 2 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысына қатысып, оның президенттігіне академик-депутат Ө.А.Жолдасбековтің кандидатурасын ұсынды.

Осы тұста өткенге сәл шегініс жасап, мына бір жайдың басын аша кеткен жөн сияқты. Өмекең КазГУ-ді басқарған жылдары университет пен академия арасында бәсекелестік, тіпті бақталастық орнықты. Сол кезде Ғылым академиясын басқарған енжарлау президенттің жанында, үнемі шалқып-тасып, жанып-жарқылдап жүретін ректор жұртшылықтың да, ғылыми қауымның да назарын өзіне аудара білді. Соның нәтижесінде университетке болашағы зор жас ғалымдар ағылып келе бастады. Алымды ректор оларды келген бойда қамқорлыққа алып, басына баспана, алдына кафедра, лаборатория беріп, ғылыми жұмыспен емін-еркін айналысуына барынша жағдай жасады.

Бұрындары консервативтік академияда кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жолында жылдар бойы жүретін ғалымдар, динамикалық даму жолындағы университетке ауысқаннан кейін тез арада қорғап, үлкенді-кішілі атақ-абыройларды алып жатты. Сол жылдары, әсіресе жасы 30 бен 40-тың ар жақ-бер жағындағы университеттің жас ғалымдары кандидат пен докторлықты қорғауды былай қойып, Қазақстан мен КСРО мемлекеттік сыйлықтарына ие болды.

Міне, Өмірбек Арыстанұлы сайлауға түскенде осы ескі бәсекелестік қайта қозып, құлагер кандидатура орта жолдан құлатылды. Егер дәл сол жолы президенттікке Ө.Жолдасбеков сайлана қалғанда Ұлттық академияның кейінгі тағдыры мүлде басқаша болуы әбден мүмкін еді.

Дауыс беру қорытындысы жария етілгенде: «Таққа емес, тазалыққа таласым бар», – деген Өмекеңнің кезекті сөзі осы жолы туып, қанатты сөзге айналып кете барды.

1995 жылы еліміздің жаңа Конституциясы қабылданып, соның негізінде қос палаталы жаңа кәсіби Парламент сайланғанда Ө.Жолдасбеков тағы да туған өлкесінен додаға түсіп, жеке-дара топ жарды.

Көп ұзамай республика Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағалығына сайланды. Осы жылдары академик-депутаттың дауысы Парламент мінберінен жиі естілетін болды.

Тоқсан жетінші жылдың желтоқсан айында ел ордасы Алматыдан Астанаға көшіріліп, Арқаның ақырған аязы салтанат құрып тұрған шақта жаңа астанада дүркіреген той өтті.

Осы түнгі «Меруерт» мейрамханасында өткен банкеттен соң тойшыл қауым тобымызды жазбай арнайы ұшақпен Алматыны бетке алып қайта ұштық. Әуелі Алматы, кейін Тараздың әуежайы қабылдамаған біздің ұшағымыз түн ортасы ауғанда Шымкентке келіп қонды. Айналайын, оңтүстіктегі ағайындар-ай, ұлтымыздың ұлы қайраткері Бәйкен Әшімов бастаған той қонақтарын түн іші болса да, жайылып жастық, иіліп төсек болып қарсы алды. Ойхой шіркін, кім болмап еді сол топтың ішінде: Қ.Мұхамеджанов, Е.Серкебаев, А.Әшімов, С.Оразбаев, Ш.Уәлиханов, М.Мағауин, Т.Садықов, Н.Мамыров, Алексий... небір жақсы мен жайсаңдар. Шымкенттік бауырлар бәрімізді құшақ жая қарсы алса да, бір кісіге деген ерекше құрметі айрықша сезіліп-ақ тұрды. Әрине, ол осы қалада мектеп бітіріп, ғылымдағы, өмірдегі жолын тура осы жерден бастаған Өмірбек аға болатын. Сол кезде денсаулығы сыр беріп, шаршап-шалдығып жүрсе де, соның бірін де сездірмеген сырбаз қалып танытып, көппен бірге дастархан басын әп-сәтте-ақ мереке-думанға айналдырып жіберді.

– Бүгін бәріңіз де менің туған қаламның қонағысыздар. Қонақ болғанда мың шақырып келтіре алмайтын қадірлі меймансыздар. Сондықтан дәм айдап келген сіздерден осы дастархан басынан кетпеулеріңізді өтінемін, – деп өзі асаба, мені орынбасар етіп дастархан басын думандатып жіберді.

Бұл өзі естен кетпес ғажап түн болды. Ән де айтылды, күй де шертілді, әңгіме де ағытылды, шарап та ішілді. Дастархан да дәл бір ертегідегі сияқты Өмекең шапалақ қаққан сайын алуан түрлі дәмге толған үстіне тола берді. Қонақтарға зыр жүгіріп қызмет істеген інілерінің іс-әрекетіне мәз болып, қарқ-қарқ күлген академик ағаларына інілік ізетпен қызмет етумен болды.

Дария-дастарханның жағасында Өмекең патша болған сол түн менің жадымда мәңгілік қалып қойды.

Шапқан аттай, атқан оқтай көзді ашып жұмғанша өте шығатын қайран өмір-ай десеңші. Келесі жылы Қаратауда өніп, Алатауда өркен жайған қазақтың алып бәйтерегі құлады деген суық хабар жетті.

Мен ауруханаға келгенде ағаның құлжаның асығындай құрыш денесі босаңқырап, күрең жүзі қуқыл тартып, әшейінде от шашып тұратын қос жанары шүңірейіп, жағы суалыңқырап қалыпты.

Қарасынан ағы көбейе бастаған қасын сәл көтеріп, “жеттің бе, бауырым” дегендей белгі берді. Мен үнсіз келіп оның ақ сейсептің сыртында жатқан сол қолын сәл ғана көтеріп, қос алақаныма салдым. Еті қаша бастаған ағаның салалы саусақтары маған жұп-жұмсақ сезілді. Ол сұлық жатқан оң қолын баяу ғана көтеріп менің қолымның үстіне қойды.

Осы сәтте ағаның аялы алақандары арасында қалған менің қолдарым арқылы өне бойыма ерекше бір шуақ шым-шымдап тарап жатқандай әсерде болдым.

Бұл үнсіз қоштасуды ту сыртымда тұрған дәрігердің оң иығымнан жайлап қана түртуі бұзды. Мен бойыма жып-жылы нұр құйған ағаның алақандарын жайлап қана ақ жайманың үстінде қалдырып, оның мейір-шапағат шашқан жүзінен көз алмастан біртіндеп кейін шегіндім. Бұл біздің ең соңғы бақұлдасуымыз еді.

Арыстанның алып тұлғасы тура келген ажалмен тоғыз ай бойы арпалысып, келер жылдың ортасында сұм ажал ақыры алып тынды.

Қарт Қаратау күңіреніп, ақбас Алатау аңырады. Ел азаматын жоқтады.

...Алматыға келген сайын Есентайдың жағасындағы құтты мекен – үйімнің терезесін ашып қалсам Алатаудың бар жұпарын бойына сіңірген тап-таза ауа бөлмеме лап қояды. Жан сарайымды бірден ашатын хош иісті сіміре жұтып, терезеден студенттік сергек күнім, сері шағымды еске түсіретін әдемі қалашыққа көз тастаймын.

“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді”. Жақсы ағаның өлместей, өшпестей етіп салған қалашығы сол баяғы қалпында. Жоқ, аздаған өзгеріс бар сияқты.

Алатаумен иық таластыра бой көтерген бас корпустың алдында әл-Фарабидей әз бабадан садаға кеткір әлдебір қайыршы-қалендердің сөлбірейген сүлдесі тұр.

“Орнаттым мен өзіме сом ескерткіш”.

Иә, Жолдасбеков – көзі тірісінде-ақ өзіне КазГУград дейтін еңселі ескерткіш орнатып кеткен кесек тұлға.

Ерен тұлғаның еңселі ескерткіші. 2011 жыл

Енді сол қалашықтың төрінде күн сүйген торсық шекесінде үнемі толқынданып тұратын арыстанның жалындай бұйра шашын артқа қарай сілкіп тастап, Арыстанұлының құрыштан құйылған құдіретті бейнесі тұрар болса қалашық қалай көркейіп, Алатау қалай айбаттанып кетер еді...

«Егемен Қазақстан»,
29 сәуір  2006 жыл

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052