Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4514 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:42

Асанәлі ӘШІМОВ: Өнердің қай саласын алып қарасақ та, бізде еліктеушілік басым

- Асанәлі аға, сіз жас кезіңізден бастап сынның өтінде жүрдіңіз. «Шәкен Аймановтың күйеубаласы» деген атаудың өзі көп жайттан шектелуге мәжбүрлеген шығар...

- Аз қазақты ғана емес, адамзатты бір-бірінен бөліп-жару Шәкеннің табиғатына жат болатын. Ол табиғатта сирек кездесетін сом алтын еді. Күні бүгінге дейін өзімді оның шәкірті сезінемін. Қиналған, кібіртіктеп қалған сәтте аруағымен сырлаcамын. Біразына жауап алғандай боламын.

- Шәкен атамыздың 100 жылдығы таяп қалды. Мерейтойына дайындық сезіле ме?

- Шәкен 2014 жылы 100-ге толады. Әзірге тым-тырыс. Қазақ киносын Шәкенсіз, Сұлтан Қожықовсыз елестету мүмкін емес.

- Шәкен аға кейін бір әңгімесінде «Менің ең басты жаңалығым - Асанәлі» депті. Ал кешегі Сағи Әшімовтің төлқұжаты Шоқан Уәлиханов рөлі болды. Сіз Сағиды Шәкен атамыз тәрізді менің жаңалығым дер ме едіңіз?..

- Асанәлі аға, сіз жас кезіңізден бастап сынның өтінде жүрдіңіз. «Шәкен Аймановтың күйеубаласы» деген атаудың өзі көп жайттан шектелуге мәжбүрлеген шығар...

- Аз қазақты ғана емес, адамзатты бір-бірінен бөліп-жару Шәкеннің табиғатына жат болатын. Ол табиғатта сирек кездесетін сом алтын еді. Күні бүгінге дейін өзімді оның шәкірті сезінемін. Қиналған, кібіртіктеп қалған сәтте аруағымен сырлаcамын. Біразына жауап алғандай боламын.

- Шәкен атамыздың 100 жылдығы таяп қалды. Мерейтойына дайындық сезіле ме?

- Шәкен 2014 жылы 100-ге толады. Әзірге тым-тырыс. Қазақ киносын Шәкенсіз, Сұлтан Қожықовсыз елестету мүмкін емес.

- Шәкен аға кейін бір әңгімесінде «Менің ең басты жаңалығым - Асанәлі» депті. Ал кешегі Сағи Әшімовтің төлқұжаты Шоқан Уәлиханов рөлі болды. Сіз Сағиды Шәкен атамыз тәрізді менің жаңалығым дер ме едіңіз?..

- Мүмкін. Өнер адамының табысы өмірімен өлшенбейді. Мүмкін, Сағи менің ашқан жаңалығым болуы да мүмкін. Оның киноға келуі де тосын құбылыс болды. Шоқанды түсірмек болып, кастинг жариялағанбыз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай, біраз уақыт жүріп алдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой. Түрі келіп тұр Шоқанға» деген сөзіне мән берген жоқпын. Сөзден қорықтым. Бірде операторлар менің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Орталық Комитет те Сағиға тоқтады. Бар болғаны 16 жаста генерал-губернатордың адьютанты болған, Достоевскиймен дос болған Шоқанды сомдау - Сағиға да оңай түспеді.

- «Шоқан Уәлиханов» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ осы тұста «әкелі-балалы Әшімовтер өздерін-өздері ұсынып жатыр» деген әңгімелер шықты.

- «Шоқанды» түсіру кезінде актер мәселесі көп ойландырды, мен оларға түсіністікпен қарауға тырыстым. Жақсы актермен серіктес болудың өзі - бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерге тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес.

Фильм түсіріп болғаннан кейінгі кездер есіме түссе - кеудем өртеніп кеткендей болады. Орталық Комитеттегілер «Екі Әшімовті ұсына алмаймыз» деп талап қойды. Рас, «Шоқан» ұсынылған екен, басты кейіпкерді сомдаған Сағиға неге берілмейді? Қоюшы режиссер ретінде маған да берілуі керек. Бірақ мен өзімді сыздырып тастадым. Сағиыма сөз келмесін дедім.

Балам от еді. Түсінігі мол еді. Маған ақыл қосатын дәрежеге жетіп те қалған еді. Абайша айтсам, мен ескінің соңы, ол жастың алды еді... Еркелігі бар болғанмен, жұмыс дегенде сап тиылып, өз-өзін таба қоятын. «Шәкеннің күйеубаласы» деген «мәртебе» маған босаңсуыма мүмкіндік бермесе, «Асанәлінің ұлы - Шәкеннің немересі» деген атаудың өзі оған ауыр тимеді. Балам өзін-өзі жетілдірген және өзін-өзі ширықтырған күйде құйрықты жұлдыздай ағып түсті.

содан кейін де біраз рөлдерге түсті. Бірақ халқының зердесінде Шоқан болып таңбаланып қалды ғой. Екеуінің тағдыры да ұқсас. Кейде маған Сағидың Шоқанды ойнауы - тағдырдың қалауы тәрізді әсер етеді. Шоқанның келбеті арғы атасы Абылайға көбірек ұқсаса, мен ұзақ ғұмыр кешіп, 94 жасында дүниеден өткен Шыңғыс төреге ұқсайды екенмін. Соған қарағанда кинодағы тағдыр адамның өміріне де әсер етеді екен. Себебі образ сен үшін іштен шыққан жылан... Мысалы, маған Шыңғыс төренің бейнесі тым жақын. Қасымхан Шадияров - досым.

- Тіпті Бекежанды да жақсы көресіз бе?

- Мен Бекежаннан жүрегі бар, әдемі қызды беріліп сүйе білетін, елін қорғай алатын білегі бар, ойлы, мінезді дала рыцары бейнесін жасадым. Әзірге оның Қазақстандағы жалғыз қорғаушысы, адвокаты - менмін. Қорғаймын. Оны жағымсыз емес, керісінше, жағымды кейіпкер етіп, өмірге жақындатып көрсетуге тырыстым. Бәленің бәрі қызғаныштан туады ғой, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң, ол да ет пен жүректің иесі.

Бір жолы Франциядағы «Қыз Жібектің» көрсетілімінде француз бикештерінің «анау Қыз Жібектің өзі ақылы аздау болуы керек, әйтпесе ғашық болуға Төлеген емес, Бекежан лайық» дегендері бар. Олардың көзқарастары, түсініктері басқаша ғой, біздің эпосымызды қайдан білсін?!

- Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайды дейді. Сіз кинода да, театрда да бас кейіпкердің образын сомдадыңыз, бұл кездейсоқтық емес шығар?

- Демек, басты рөлдердің бәрі маған лайық болғаны да. «Қыз Жібек», «Атаманның ақырынан» кейін көрерменімді жоғалтып немесе «өкпелетіп» алғым келмейді. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейді ғой, осы күнгі жетістік пен жемістің бәрі менің сол 30 бен 40-тың арасында істеген жұмыстарымның нәтижесі.

- Бүгінде елімізде «50 театр жұмыс істейді» деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Алайда осы театрларда қазіргі кезде классикалық туындылардан гөрі көбіне аударма шығармалар жиі қойылады. Сонда бізде қазір сахнаға шығарарлық ұлттық туындылар жоқ па, әлде бұл режиссураның әлсіздігінен бе?

- Кезінде Черчилль, Сталин секілді адамдар театр дегеннің, жалпы, өнер дегеннің не екенін терең ұғынған. Мысалы, қатыгез Сталиннің өзі өнер адамдарына тиіспеген. Оның заманында киноның түсірілімі Сталинсіз өтпеген. Кино түсіріліп жатқанда ол фильмнің үзінділерін арнайы келіп, көріп тұратын. Ол кіші театрдың бір қойылымына сегіз рет барған екен. Демек, оның өнерге деген махаббаты зор болғаны ғой. Біз мәдениетті бәрінен жоғары қоя білуді үйрене алмай келеміз. Көшеде жүру үшін де, адаммен сөйлесу үшін де, дастарқанда отыру үшін де мәдениет керек. Бірақ біздегі мәдениеттің төмендігіне кінә артудың өзі қиын. Өйткені біз феодалдық құрылымнан бірден ыршып-ыршып, асығып келеміз ғой. Сондықтан бізде ентігіс бар. Басқалар жаяу асықпай келе жатса, біз соған ілесу үшін жүгіріп отыруымыз керек. Өзге өркениетті елдер әлдеқашан асықпай баяу жүріп-ақ, бізден озып кеткен.

- Біздің қазақ тұлғадан кенде емес. Қазір олардың қатары селдіреп барады. Кейде қорқыныш билейді. Солардың көзі кетсе қазақ кімді тұлға деп таниды? Кімдер тұлға болады? Саясаттың салқыны тұлға деген ұғымды тым аласартып алған жоқ па?

- Бұрын үлкен тізіммен дүр сілкініп, кез келген саяси апаттың алдын алушы едік. Дүр етіп қарсы тұрғаннан кейін бізді тыңдаушы еді. Қазір қатарымыз азайып қалды Райымбек Сейітметов пен Әнуар Молдабеков, Нұрмұхан Жантөриндер барда қандай едік? Өзімді тасқа салса да мұқалмайтындай сезінуші едім. Қазір достарымның бәрі тастап кетті. Асығып кетті. Соңғы бірер жылда Ақселеу, Қадыр, Тұманбайлардан да көз жазып қалдым. Әбдіжәміл ағам да өз әлемінде тұншығып қалды. Оның да дауысы шыға бермейді. Қазір мен солардың аманаты тәрізді сезінемін өзімді.

Иә, тіршілікте талайлармен ұзақ жылдар сахнада театрдың қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Енді біреулермен өмір жолында табысқан жан достар едік, ал енді біразы өнер жолында өзіміз қадір тұтып, қастерлеген тұлғалар болатын. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов сынды асқаралы жазушылар театрдан бір сәт қол үзіп көрмеген нағыз тұлғалар. Олар - өздеріне дейінгі ұлтым деп өткен Алаш азаматтарының жалғасы. Одан кейінгі қазақ театры мен киносына өшпес із қалдырған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Айманов сынды сахна өнерінің саңлақтары, олардың өкшесін басқан Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, Таңат Жайлыбеков, музыка өнерінің жарық жұлдызы Шәмші Қалдаяқов, күні кеше әзіліміз жарасқан Әнуар Молдабеков пен Есболған Жайсаңбаевтар - бәрі-бәрі қайталанбас тұлғалар. Алайда жер басып жүргенде жұмыр басты пенде ешқашан жүз пайыз тұлға бола алмайды екен. Тек өмірден өткеннен кейін ғана тұлғаның пендешілігі бірте-бірте ұмытылып, ел есінде оның жарқын бейнесі мен игі істері қалады. Сондықтан тұлғаны тірісінде бағалай алу мүмкін емес. Кезінде орыстың Белинский деген ұлы сыншысы өз заманында «орыстан бір жақсы жазушы шықпады-ау» деп жыларман болған екен. Сонда оның қатарында Пушкин мен Гоголь жүріпті. Ал осы екеуі орыстың ұлы жазушысы емес деп қазір кім айта алады? Өзімізбен қатар жүргенде қандай тұлға болса да «е, соны қойшы» дейміз. Талай ұлы тұлғаларды менсінбедік қой кезінде. Халықтың талғамы, уақыттың сүзгісі шын асылды асықпай таңдайды екен.

- Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ мәдениеті үшін алтын ғасыр болғандай. Небір дүлдүл жазушыларымыз, майталман режиссерларымыздың туындылары сол кезде дүниеге келді дейтіндер бар. Сіз қалай ойлайсыз?

- ХХ ғасыр қазақтың тіл-өнері, мәдениеті үшін алтын ғасыр болды. Театрымыз одақтағы алғашқы төрттікке ілінді. Олжас та сол кезде танылды дүйім жұртқа. Бұған қазақ елінің басы-қасында жүргендердің ықпалы болды. Ашық айтпағанмен, іштей қолдады. Сенді, дем берді. Бұл әдебиетке келемін деген жастарға жол ашты. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы, қолдау жанамын деген жүректерге от, қыз қуатын жігіттерге ат берді. Себебі біздер ғасыр басында атылып кеткен Алаш зиялыларының ширығып өскен ұрпағымыз. Бізге басқаша болу, басқаша ұстаныммен өмір сүру мүмкін емес еді.

- Қазір қазақ киносында бір жылымық бар. Оң өзгерістер бар. Бұл сол алтын ғасырымыздың жаңғырығы емес пе?

- Жаңа жас толқын өсіп келеді. Соларда ізденіс бар.

- Жыл сайын «Еуразия» және «Шәкен жұлдыздары» атты екі кинофестиваль өтеді. Бұл кинофестивальдер қазақ киносының танылуына, дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр?

- Кешегі Айманов, Қожықов, Бегалин, Қарсақбаевтарды қазақ киносының тарихынан сызып тастап, тарихты өзінен бастағысы келетіндер шетелдің арзанқол сыйлығына мәз болып жүр. Сондықтан да қазіргі өнер өміршең бола алмай, айлакер-алпауыт тобырдың арасында адасып жүр. Ал «Шәкен жұлдыздары» байқауы туралы айтар болсам, мұның басқа конкурстардан айырмашылығы, бұл - студенттердің дипломдық жұмыстары. Бұл байқауды жастардың тырнақалды режиссерлік еңбектері, алғашқы үлкен байқауы деп қабылдау керек. Байқау келешекте талантты жастарға бағыт беруді мақсат етеді. «Шәкен жұлдыздарын» көбі дұрыс түсінбей, байқауға қатысқан жастардың шығармаларының ішінен жақсы кино іздейді. Алайда мұны қыруар қаржы жұмсалатын халықаралық байқаулармен салыстыруға келмейді. «Шәкен жұлдыздарының» абыройын асқақтату үшін мен 80 мың евро беріп, Депардьені шақыра алмаймын.

- Сонымен, қазақ киносы бізді әлемге қай қырынан танытып жүр? Ол идеология құралына айнала алды ма?

- Қазақстанның сырт елдердегі имиджін қалыптастыратын - қазақ киносы. Американы алпауыт елдердің қатарына қосуға жол ашқан оның киносы. Өзбекстан өз елін кино тілімен жарнамалай бастады. Оған сенер болсақ, Орта Азияда Өзбекстаннан артық жұмақ жоқ. Ал бізде бәрі басқа... Бізде мәдениет жаңалықтары - ауа райы бюросының алдында бір екі секундтық ақпаратпен шектеледі. Қазақтың мәдени қоры қандай жаңалықтармен толысып жатыр деген сауалдың жауабы аспанда ілініп тұрғанына жиырма жыл болды. Біз мәдениет, руханият мәселесін табалдырыққа ысырып тастадық. Елбасымен кездесудің сәті түсіп жатса, мен осы мәселелерді айтатын шығармын.

- Осыдан біраз бұрын Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильміне ерінбегеннің бәрі сын айтты. Сол келін Оскар сыйлығы жолындағы додада алғашқы сегіздіктің қатарына ілінді. Қазақ «Келінді» неге жерсіндіргісі келмеді?

- «Келінде» бүкіл тіршілік аналардан басталады. «Ана мен табиғат ана егіз ұғым» деген философиялық астар жатыр. Ермек інім осы кино арқылы қазақ киносында натурализмге бой алдырып, тығырыққа тірелмегенін дәлелдеді.

Ермек Тұрсыновтың өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп тұрғаны ұнайды. Ол ұсақ-түйекке мойын бұрғысы келмейді. Мәселенің мәйегін жарыққа шығарғысы келеді. Көздеген нысанасын философиялық тұрғыда зерделейді. Оның енді ғана жарыққа шыққалы тұрған «Шалы» жайлы да осыны айтуға болады. Мен білетін Тұрсынов арзанқол дүниеге аты-жөнін «былғамайтын» жан. Олар барлық күш-жігерін жақсы туынды жасауға жұмылдырды.

- Қазақ киносындағы жаңа есімдер жайлы не дейсіз?

- Жаңа есімдер бар, жетеді. «Сіз кімсіз, КА мырзада» есірткітасымалдаушының құрбысын ойнаған Гүлшарат Жұбаевадан жақсы артист шығуы мүмкін. Әзірге аяқ алысы жаман емес. Барлық трюктерді өзі орындады. Әмбебап. Айтпақшы, ол «Келінде» басты рөлді сомдады. Ал режиссерлардан Ахан Сатай, Рүстем Әбдіраш, Ермек Тұрсыновқа ішім жылиды. Жақсы кино солардың қолынан келеді деп үміттенемін. Олар алдағы уақытта «коммерцияның ауылын шиырламай» тарихи құндылықтарға мойын бұрса екен деймін. Біздің экрандарымыз тарихқа төрінен орын берсе екен деймін. Біздің жігіттеріміз «Мұстафа Шоқайдың» образын сомдауға талпынды. Әбіш Кекілбаевтың «Кек» шығармасын экрандауға тырысты. Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үйден» шыққан «Сұржекей» де ортақол болып шықты. Әйтпесе қандай материалдар еді...

- Неге? Не жетпеді?

- Жақсы кино үшін идея тым аз. Идеяңның 80 пайызын экран жұтып алады. Сценарийді мықтылау керек еді. Актерларды дұрыстап іріктеу керек. «Қыз Жібекті» түсірген кезде алдымен Жібек рөлін сомдайтын ару мен Бекежанды сомдайтын серіні іздедік. Қосалқы рөлдерді солардың бітім-болмысы, мінез-құлқына қарап таңдадық. Нәтижесінде бір ансамбльге бағынған, бірін-бірі толықтырған және бірі болмаса шаңырағының бір уығы қопарылып кететін керемет тарихи туынды дүние келді. Әйтпесе Мұстафа Шоқай Жібек тәрізді эпостар әлемінен келген жоқ. Оның жүріп өткен жолы бүгін де сайрап жатыр. Мықты кино жасауға тамаша мүмкіндік бар еді. Тек өзегін таба алмағанына өкінемін. Қазіргі кезде шетелдің фильмдерін айтпағанда, өзіміздің режиссерлер түсіріп жатқан фильмдерде шетелдік актер ойнаса болды, ғажап туынды деп қабылдай береміз. Егер осы процесс ұзаққа созылатын болса, қазақтың дүниежүзілік мәдениетке қосар ұлттық сипаттағы болмысы еңсе түзей алмайды. Өркениет айдынында біздің Америкадан, Еуропадан еш айырмашылығымыз болмайды. Ал ұлттық үрдісінен ажыраған елдің өнерін ешкім де тұшынып көрмейді. Шындығына келсек, актерлік шеберлік жөнінен өзіміздің қазақ актерлері көбінен мықтырақ. Ал анау Шварценеггер, Ван Дамм дегендер актер емес, ең алдымен, спортшылар, Анджелина Джоли секілді актрисалар - модель. Бірақ біз осыны түсінгіміз келмейді, өнердің қай саласын алып қарасақ та, еліктеушілік басым. Күні кеше Абай алысып өткен надандық әлі бар бізде. Біздің әлі құлдық психологиядан арыла алмауымыз - үлкен кемшілік. Біреуге бағыну, табыну басым, жалтақпыз. Кезінде Мұхтар Әуезов «өнерсіз ел - ел емес» деген еді. Мен осыған қосыламын. Кеңестік идеологияның кесірінен кезінде біз өзіміздің ұлттық батырларымыздан гөрі Гитлер, Наполеон, Грозный туралы көп білдік. Өз басым алпыстан асқанда төл тарихымызды қайта оқуыма тура келді. Осының зардабын қазір қазақ киносы тартып келеді. Негізі, ұлттық бояуға құрылмаған туындының ғұмыры келте. Біздің қазіргі кинемотографиядағы өздерін «жаңа ағымдағы толқын» деп атайтын жастарымыздың шығармалары еуропаланып барады. Мұндай тұғыртасы шайқалып тұрған туындылардың болашағы да жоқ. Міне, ұлтсыздық, намыссыздықтың маңдайы тасқа тиетін жері - осы.

- Сіз кітаптарыңызда Сағи мен Мәдиді еркелете алмадым, інім, бауырым тәрізді қарадым дейсіз. Ал кішкентай Асанәлі қалай өсіп келе жатыр. №1-ге ұқсайтын ыңғайы бар ма?

- Мен оның артист болғанын қаламаймын. Ал мамасы кейбір кейіпкерлерімнің сөзін жатқа айтады дейді.

- Тағы да сіздің шығармашылығыңыз жайлы. Осы күнге дейін жеті кітабыңыз шығыпты. Күнделік жазуыңыздың себебі не?

- Күнделік іштегі шерді сыртқа шығару үшін көмек. Ол менің бүкіл қуанышым, қайғым, сырымды ішіне бүгіп жатыр. Келешек ұрпақ өзіне керегін екшеп алар. Өмірімнің әрбір кезеңінің деңгейін күнделігіме қарап бағамдаса деймін.

- Сіз сегізінші кітабыңызды болашақтың еншісіне қалдырыпсыз. Оның орны бөлек болғаны ғой.

- Солай болғаны. Себебі сегізінші кітаптың жүгі ауыр болғандықтан келешектің еншісіне қалдырдым. Кейін мені іздегендер болса, ойларымның мәйегін сегізінші кітаптан табады деп үміттенемін. Онда қазір айтуға болмайтын, ешбір иірімге көнбейтін оқшау ойларым баяндалады.

- Сіздің шығармаларыңыз туралы көпшіліктің пікірі оң. Жазушылар арасында «Асанәлінің афоризмдері» деген пайда болды. Одаққа өтіп, қатарымызды толықтыруды ойлап жүрген жоқсыз ба?

- Анау бір жылдары «Майраның әні» шыққан кезде Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Жазушылар одағына» мүшелікке өтсеңізші» деп қолқалаған. Менің есімде бір қалғаны Асанбай Асқаров ағамыздың жазушылардың қатарын толтырмақ болғаны. Өте салу оңай болғанмен, оның салмағы қиын тәрізді. Бірақ одақтың салмағы басқа шығармашылық ұйымдарға қарағанда басымырақ па деймін. Театр қайраткерлері одақтарынан гөрі Жазушылар одағы өзін-өзі тыңдата алады. Қазір жазушылармен көбірек кездесемін. «Қазақта сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бар. Қадірбек 60 жасқа толғанда «Ұрымен жолдас болсаң, ұры боласың, жазушымен жолдас болсаң, жазушы боласың » дегенмін.

- «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі де «Қазақфильм», Ресей, Таиланд киногерлерін араластырып түсірген жоба. «Көшпенділер» жайлы да соны айтуға болады. Киножобаға шетел мамандары араласқаннан кейін сөзсіз оның ұлттық бірегейлігіне әсер етті, байытты ма?

- «Атаманның ақыры» Кеңестер Одағының танымал кинотеатрларында ел-жұртқа кеңінен таныстырылды. Фильмнің тұсаукесер рәсімдері дүрілдеп өтті. Әсіресе, барды бағалап, өнер ішіндегі күріш пен күрмекті ажырата білетін Мәскеу мен Ленинградтың көрермендері «Атаманның ақырын» апталап, айлап тамашалады. Өкінішке қарай, Шәкен Айманов фильмнің бүкілодақ жұртын табындырған жұлдызды сәттерін көре алған жоқ. Шәкен Аймановтың айналасындағылар бұл фильмнен британдық Джеймс Бонд туралы туындылармен үйлесімділік табатын. Джеймс Бонд - ағылшын жазушысы Ян Флемингтің ойдан шығарған агентінің есімі. Оның прототипі - британдық әйгілі барлаушы Сидней Рейли. Бұл шығарма экранға шыққаннан кейін ғана өте танымал болды. Ал бұған дейін әртүрлі эксперименттер жасап, қырықтан асқанша өзін-өзі таппай жүрген ортанқол жазушының шығармасы экрандалған соң әлемді шарлап жүре берді. Қаламгерге жолыққан британ продюссері Альберт Брокколи Гарри Зальцманмен бірігіп, Флемингтің романдарын экранға шығару құқын сатып алып, 1961 жылы әйгілі «Бондиананың» алғашқы фильмін бастап келіп жіберді. 1962 жылы Теренс Янгтің режиссерлігімен «Доктор Но» деген атаумен түсірілген фильм күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін «007 агент» туралы 22 фильм түсірілді. Көрерменге екі жылда бір фильм ұсынылып отырады. Сөйтіп, Джеймс Бонд сан ұрпақтың санасымен сабақтасып кеткен ғұмырлы кейіпкерге айналды. Шәкен Аймановтың да жұрт жүрегін жаулаған Қасымхан Шадияров туралы фильмді жалғастырып, бірнеше ұрпақты тәрбиелейтін халықтық кинотуынды жасауына болатын еді. Бірақ ерте үзілген ғұмыры оны жалғауға мүмкіндік бермеді.

- Қасымхан бейнесі өзіңізбен бірге қартайып келеді. Кейіпкеріңізді 40 жылдан кейін еліне оралғанын қалайтын тәріздісіз?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астаналық көрермендермен бірге «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмін тамашалады. Президент кинотуындыға ризашылығын білдіріп «Мынадай адам келгенде Үкімет қарсы алу керек еді ғой» деген ұсыныс айтты. Мен жауап ретінде «Оның жалғасы келесі серияда» дедім. «Қасымхан туған еліне келу керек» деген идеяны Елбасымыз да қолдады.

«Атаманның ақырын» жалғастыру Шәкен ағаның алдындағы өтелмеген парызым ретінде сезілетін. Кейіпкерімнің тағдыры мені 40 жылдай ұйықтатпады. «Қалай болды екен, қайда жүр екен, қайтсем екен» деген ойлар көкейімнен кетпей қойды. Ары ойланып, бері ойланып, осы Ка мырзаға тоқталып, жаздырдық. Идеясын өзім бердім. Екі-үш жыл болды, шығардық. Сценарий бойынша Таиландтың түрмесінен шалды тауып, мемлекет араласып, арнайы әскермен (спецназ) барып, елге қайтардық. Рас айтасыз. Бас кейіпкер де менімен бірге қартайып келеді. Қасымхан Шадияров ол кезде 30-да болса, қазір - 70-те. Кейіпкерімді өлтіргім келмейді. Оның 40 жылдан кейін өзін мүлдем танымайтын елге оралғанын қаладым.

- 40 жыл бойы жат жерде жүріп қазақы менталитеттен қол үзіп қалды. Сүйікті кейіпкеріңіз «мені қандай ортаға алып келді?» деп сізге өкпелеп жүрмей ме?

- Ойыңызды түсініп отырмын. Көрерменді сендіре алмайсың деп тұрсыз ғой.

- Қасымхан жат жердегі «миссиясын» адал орындады. Ол :

- «Ей тәкәппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені

Мен қазақтың баласы» деп қазақтың тектілігін мойындатты.

Бірақ «Атаманның ақырының» бір кейіпкері айтқандай, туған жері үшін толарсақтан саз кешкен ерлерінің есімін білу еліне шарт емес.

- Ас-аға, сырттан келген қазақтың сіңісіп кете алмайтынын көзіміз көріп жүр ғой.

- Оның туған, өскен жері - Қазақстан. Елім деп, туған топырағына жатамын деп келді Қазақстанға. Қасымханның қызметі біздің ортамызға сіңісіп кетуді міндеттемейді. Сіздер бәрін біліп отырсыздар. Бірақ «Асанәлі айту керек» деп менің аузыма қарайсыздар. «Қасымхан елге келгелі жатыр. Оған біздің ортамызда орын бар ма? Оның елдегі тағдырын білгіміз келеді» деп қоғамдық сананы түртпектеу, қалғып кеткен сананы түртіп ояту сіздердің міндеттеріңіз емес пе? Маған бірен-саран хаттар «Қалай болды? Қасымхан елге келе ме? Елге келген соң не істейді?» деп сұрайды. Елге келген Қасымханды мемлекет киноның тілінде болса да бауырына басу қажет. Қазақтың ішіндегі дау-дамайынан оқшауландырып, қамқорлығына алу керек. Қасымхан рөлі мемлекет үшін де, қазақ үшін де құстың қанатынан тоңып қалатын ерекше тұлға, ерекше жан. Біз сол кезде ғана өсіп келе жатқан балаларымызға үлгі боларлық тұлғаны кино тілінде сомдай аламыз. Қасымханның ендігі тағдыры - сіздердің қолдарыңызда. Ол да пенде. Ол да бір күні жарық дүниемен қоштасады. Сүйікті кейіпкерімнің өмірінің соңғы жылдарында қазағы үшін ерлік жасап, дүниеден көшкенін қалаймын. Оның мәңгілік мекені қазақ топырағы болғанын қалаймын. Қасымханды елінің дәл Бауыржан Момышұлы тәрізді соңғы сапарға шығарып салғанын қалаймын. Үкімет тарапынан қолдау болып жатса, жақсы кино шығаруға мен кепілдік беремін. Материалдың нобайы менің басымда пісіп-жетілді. Мен оның экрандық бейнесін сомдап, қатарларыңызға қосуға дайынмын. 35 жасымда сақалымды Шадияров үшін өсірдім. Әлі күнге алып тастаған жоқпын. Күні бүгінге дейін оның образынан арыла алмай келемін.

- Қазақстандық киноиндустрияда қомақты қаламақы алу мүмкін бе?

- Көрші Ресеймен салыстырғанда жағдай мәз емес. Мысалы, «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» бір жылда шықты. Қаламақысы да оншалықты қомақты болған жоқ. Ал енді голливудтық актерлерге қараңыз. Сауатсыз трюк жасаған бозбалаларының өзі миллиондарды қалтасына басып кетті. Ал Голливуд деген не? Бұл өнер емес, қырық ұлттан жиылған актерлердің шоғыры, әдемі жасалған гүл дестесі. Ол тек америкалық арманға ғана бағынады. Бұл миллиондап қаржы құйылған, соның табысы еселеніп қайтып жатқан бизнес-жоба, АҚШ-тың қырық құрақ мәдениетін әлемге жарнамалап жатқан идеологиялық қару. Оның авторлары көздеген мақсатына жетті. Ал отандық кинематографтарда прокат мәселесі күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Мен жүрген жерімде киноға барыңдар деймін. Біздің қоғам кинотеатрды емес, DVD-ны қалайды. Бірақ телевизор киноның «душасын» жеткізе алмайды. Мемлекеттің киноға деген көзқарасы өзгермесе, осылай болып қала бере ме деп қорқамын.

- «Шоқан Уәлихановта» сіз сомдаған Шыңғыс сұлтанның бейнесі көз алдымызда жалт етті де жоқ болды. Жас баланың қолына кәмпит беріп қайтып алып қойғандай әсер қалдырды. Шоқанынан айырылып қалған Шыңғыс сұлтанның көңіл күйін, кейінгі өмірін сізден артық ешкім сомдай алмас деп ойлаймын.

- Сұлтандыққа Шоқан да өзін-өзі ұсынған. Бірақ өтпей қалды. Сол кезде Шыңғыс сұлтан «біз қамшының сабын сындырып алмадық па?» дейді. Мұнда философиялық астар жатыр. Менің сомдағым келген кейіпкер көп. Ол Абай, ол - Құнанбай, ол - Ахан, ол - Шыңғыс. Ол - Абылай мен Кенесары. Әкелерінің деңгейіне өреміздің жетпегендіктен, балаларына ғана киномыздың төрінен орын бердік. Онда да жетістіре алмадық. Біз Шоқанды айттық. Шыңғыс жайлы айтуға өреміз жетер емес. Өреміз жетпегендіктен, Абылайдың жас шағын кино тілінде сомдадық. Қытай мен Ресейдің ортасында жүріп-ақ қазақтың мүддесіне келгенде қалғып кетпеген, үш жүздің басын қосқан 60 жастағы Абылай бейнесін сомдауды тағы да болашақтың еншісіне қалдырды. Сондай Қасым хан, Кенесары, Шоқан, Абай тәрізді ұрпақты дүниеге әкелген қасиетті әкелер әлі табалдырықта кезек күтіп тұр.

Бұл менің іште қалып бара жатқан арманым. Егер сәті түсіп жатса - Құнанбай мен Шыңғыс төрені сомдауға қазіргі жасым мүмкіндік берер еді.

- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Гүлбаршын Айтжанбай

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407