Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2550 0 пікір 7 Шілде, 2009 сағат 04:05

Ғалым ҚАЙЫРЖАН. Шіріктің аузынан шыққан ірік сөзге кім кінәлі?

РОГОЗИН деген орыс тәуелсіз мемлекетіңді көрінген көз сүзген еркекке «кет әрі» дей алмай, байының көзіне шөп салып жүрген, дамбалының бауы бос қатынға теңеп, сүйекке таңба салып кетті. Десек, асыңды ішіп, аяғыңды тепкенді қойып, қорлауға көшкен бейпілауыздың сол сәтінде-ақ қасқа тісін қағып алып, қайтып Қазақстанға кірмейтін жасап, орыстың елшісін шақырып алып кешірім сұрауды талап етуге тиісті биліктегілер жауырды жаба тоқып, «ол ананы айтқысы келіп еді», «эпитетпен сөйлеген сөзде тұрған не бар?» деген сыңайда әңгіме таратып, сандалып кетті. Тіпті, намыстанған біреуі жоқ! Әншейінде, Ана кісінінің плавкимен жүрген суретін көргеннің өзінде қатты қорланатын ұлттың ұланы болғысы келетін депутаттардың бірі де үндеген жоқ. Соған қарағанда, Ана кісінің, кешіріңіз, Астананың тойына әзірліктен өзгені түгел ұмытқан жазғандар Рогозиннің айтқандарына тіпті, назар да аудармаса керек.

РОГОЗИН деген орыс тәуелсіз мемлекетіңді көрінген көз сүзген еркекке «кет әрі» дей алмай, байының көзіне шөп салып жүрген, дамбалының бауы бос қатынға теңеп, сүйекке таңба салып кетті. Десек, асыңды ішіп, аяғыңды тепкенді қойып, қорлауға көшкен бейпілауыздың сол сәтінде-ақ қасқа тісін қағып алып, қайтып Қазақстанға кірмейтін жасап, орыстың елшісін шақырып алып кешірім сұрауды талап етуге тиісті биліктегілер жауырды жаба тоқып, «ол ананы айтқысы келіп еді», «эпитетпен сөйлеген сөзде тұрған не бар?» деген сыңайда әңгіме таратып, сандалып кетті. Тіпті, намыстанған біреуі жоқ! Әншейінде, Ана кісінінің плавкимен жүрген суретін көргеннің өзінде қатты қорланатын ұлттың ұланы болғысы келетін депутаттардың бірі де үндеген жоқ. Соған қарағанда, Ана кісінің, кешіріңіз, Астананың тойына әзірліктен өзгені түгел ұмытқан жазғандар Рогозиннің айтқандарына тіпті, назар да аудармаса керек.
Жұртқа жаға қоюы екіталай, айтудың өзі ұят шаруаны әуелі ЖИРИНОВСКИЙ сияқты керауыз сайқымазақтың аузына салып, нәтижесі қандай боларын, жұрттың қалай қабылдарын мұқият зерттеп алатын Ресей билігінің әскери болктағы ресми өкілі қандастары қазақтан астам құрметке бөленіп, мемлекеттік машинасы орыс тілінде жұмыс жасап тұрған Қазақстанды қатынға, жәй ғана қатынға емес, жәләп қатынға теңеуінің астарында не жатыр?! Біресе ананың, біресе мынаның қолаңса сасыған қолтығына тығылып, жәутеңдеп отырған, өзіміз «көпвекторлы саясат» деп әспеттейтін әрекетімізге берілген нақты баға ма?! «Ертең күш көрсетіп, жүнді жұдырығымды жұмсап жатсам, ұлт болып ұйысып, бас көтере алар ма екен» дегенді байқап көрген тірлігі ме? Біздің Ана кісінің бас амандығын ұлттық мүддеден жоғары қойған жағымпаздығымыз бен басыңа т...ып жатса да мыңқ етпейтін ездігімізге және бір мәрте көз жеткізген орыс енді аянбайды. Қарапайым қазақты әлдеқашан әдірем тастап, әлемдік масштабта мәселе шешуге кіріскен, төрткүл дүние түгел табынған Пайғамбарлардың қолынан келмеген шаруаны жасап, мұсылман мен кәпірді татуластырмақ болып жүріп таңы айрылар «бәрекелді» өлтірер байғұстың түбіне, қара да тұр орыс жетеді. Астанаға келгенінде бұрынғысындай қызыл дорожка жайып, есіктің алдына шығып тұрып қарсы алмаған менің мәңгілік Президентімнің субардинация сақтай қалған қарекетіне қатты ренжіп кеткен Путиннің Рогозиннің қолымен көсеген шоқты үрлей түсеріне кепілдік бере аламын.
Менің таң қалатыным Қазақстанда қазақтан артық құрметке бөленіп отырған, осында туған, осында өскен бірде-бір орыс Рогозиндікі қисық демеді ғой. Осыдан кейін қалай сенесің оларға!

 

 

ЖАМАН АУЫЗДЫҢ ҚИСАЮЫНА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?..

Астанада өткен еуро-атлантикалық серіктестіктің қауіпсіздік кеңесінде НАТО-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Дмитрий Рогозиннің Қазақстанды әйел затына теңеп сөйлеген сөзінен кейін-ақ елдегі саяси топтардың ішінде күбір пайда болып, кімнің кімге бүйрек бұратындығы байқалып қалды. Біздің басылым да осы тақырып аясында сауал тастап, елімізге танымал бірқатар азаматтардың пікірін білуді көздеген еді. Төменде сол кісілердің пікірімен танысыңыздар.

 

 

Уәлихан ҚАЙСАРОВ,
Қазақстанның «Азат» демократиялық саяси партиясының Астанадағы бөлімше жетекшісі:
- Біріншіден, Рогозин мырзаның айтып отырған мына сөзі лауазымды, тәжірибесі бар адамның аузынан шығатын сөз емес. Мемлекеттер арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарға дәл осылай баға беру тек ғана дипломатиялық мәселелерде өресі жетпеген жас балаға тән нәрсе. Сондықтан, Рогозиннің сөзі Қазақстан мен Ресей арасында жаңа проблема тудыратындай себеп болмайтындығы анық. Рогозин сияқты түкке тұрмайтын тұлғалар алдымен өзінің саяси салмағын арттыру үшін ел арасында дау тудыратын тақырыптарды үнемі қозғауда. Неге десеңіз, бұған қазіргі Ресейдегі орыс халқының арасында «ұлы орыстық шовинизм» идеясының жаңғыруы себеп болып отырғаны айдан анық. Демек, қалай болғанда да Ресейдің билік басында Қазақстанды «тоқал әйел» ретінде көргісі келетін адамдар аз емес. Ал егер шынтуайтына келсек, мұндай сөздерді айтуға немесе Рогозин сияқты «ұсақ-түйектерге» айтқызуға жол беріп отырған ол біздің халықаралық саяси тұрақсыздығымыз. Бірде Ресейге жүгінеміз, енді бірде Америка мен Еуропаның алдында билейміз, тағы бірде Қытайдың алдында алақан жайып ақша сұрап шыға келеміз. Бұл біздің сыртқы саясатымыздың кеспірі.
Жалпы, еліміздің сыртқы саясатын Рогозин сияқты адамдардың айтып жүрген уәждеріне қарап-ақ тануға болады. Мұны әрине көпвекторлы саясат деп айта алмайсыз. Дұрысы, Қазақстанның көпвекторлы саясатының дағдарысқа ұшыраған түрі. Ескерте кетейік, бұл ретте басқа алпауыт мемлекеттердің қазақтан сұрамай-ақ елімізді бөлісуге кіріскені өте қауіпті тенденция.

 

 

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ,
«Айт PARK» пікірталас клубының жетекшісі:
- Ең бастысы мұндай махаббат пен некелік қатынастардан ұсқынсыз балалар өмірге келмесе болғаны.

 

 

Айдос САРЫМ,
Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі:
- Дмитрий Рогозин ақымақ адам емес. Ол Ресей басшылығының «сыртқы саясатты агрессивті түрде жүргізу керек» деген тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған дипломат. Оның сөздері қазақ халқының намысына тиетін, екі ел арасындағы қарым-қатынастарға кері әсерін тигізетін сөздер. Осындай адамды алқалы жиынға шақырып, оның сөздерін түк болмағандай тыңдап, жымиып күліп отыратын біздің басшыларымызға таң қаламын. Осындай жағдайда біздің билік Ресейге наразылық нотасын тапсырып, Рогозиннің не Ресей СІМ-нің қазақ мемлекеті мен халқынан ресми кешірім сұрауын талап етуі тиіс еді. Мысалы, кезінде Италия премьері БЕРЛУСКОНИ неміс туристері туралы орынсыз әзілдегені үшін ғана Германиядан қайта-қайта кешірім сұраған. Егер, билігіміз үндемей қалса, нағыз «қатынның» өзі болып шыққаны емес пе?

 

 

Ержан АШЫҚБАЕВ,
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, әрі Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы:
- Мұндағы мәселе негізінен БАҚ өкілдерінің, әсіресе «Свобода слова» газетінің журналисінің бұрмалаушылығында. Егер, Рогозиннің берген сұхбатын нақтылап тыңдайтын болсақ, онда көп нәрсе түсінікті болады. Әрбір адамның өзіндік сөз саптау тәсілі бар, метафраны да қолдануы мүмкін. Ол жағынан ешкімге ештеңе айта алмаймыз. Бірақ, бұл жерде «Қазақстан Ресейдің жұбайы» деген сөз шыққан емес. Қайта Рогозин өз сөздерінде «Қазақстан үйленді ме, күйеуге тиді ме» дегендей екіжақты пікір білдірді.


«Абай. кz» сайтынан алынды.

 

 

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы:
- Қазақтың намысына тиетін сөздер, менің де намысыма тиеді. Жалпы, мен Рогозиннің қалай сөйлейтінін білемін, ол азамат кішкене аңдамай сөйлеп қалды ғой деп ойлаймын. Өйткені, сөзінің арғы жағында мәні жоқ, сәні жоқ, дәмі жоқ болып шықты.

 

 

Берік ӘБДІҒАЛИЕВ,
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры:
- Менің ойымша, Рогозиннің бұл сөзі біздің елді НАТО-дан қызғанудан туындаған секілді. Рогозин енді бұрыннан бері орыс ұлтшылдығының жаңа жобасын бастап жүрген тұлға, сондықтан оның сөздеріне соншалық көңіл бөле берудің де қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Рогозиннің, ЖИРИНОВСКИЙдің сөздеріне осылай көңіл бөле беретін болсақ, өзіміздің деңгейіміздің төмендегенін білдіреміз. Тағы да айтамын, ол НАТО-ның бізбен жұмыс істегенін қызғанып отыр. Өйткені, Ресей үшін Қазақстан өзінің территориясы сияқты көрінеді. Біз қаншалықты көпвекторлы елміз деп айтқанымызбен, шын мәнінде Ресейдің форматындағы, қарамағындағы елге жақынбыз. Бізде бәрі орыс тілінде, бәріміз ресейлік телеарналарды қараймыз, сыртқы саясатта олармен келісіп отырамыз, сол себепті шыны керек Ресейдің қарамағында болмасақ та, Беларусия тәрізді ең жақын мемлекеттердің біріміз. Белорусияның өзі мінезін көрсетеді, біз ол сияқты мінез де көрсете алмаймыз. Сондықтан мұны Ресейдің басынып бара жатқандығы деп ұққан дұрыс.

 

 

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
- Біріншіден, Рогозин мырза Ресейдің НАТО-дағы ресми өкілі ретінде осы ұйыммен қырғи-қабақ «соғысып» келе жатқан адамдардың біреуі. Екіншіден, Ресейдің серіктестік жөнінде НАТО-мен келісімшарттары бар. Оның үстіне Қазақстанның жеке дара (индивидуалды) келісімі тағы бар. НАТО біздің елге біраз көмек беріп отыр. Оның ішінде қару мәселесі бойынша, яғни, қазақстандық әскерді барлық қару түрлерімен үйрету. Ал енді жаңағы әңгімеге келетін болсақ, Рогозин Қазақстанның НАТО-мен қарым-қатынаста болғанын қаламайды. Алайда, біздің мемлекеттің әзірше бұл ұйымға кіруге ойы жоқ. Тіпті, Ресейге жақпай қалады деп Кавказдағы әскери ойындарға да қатысқан жоқ болатын. Соған қарамастан Астанада осындай жиын өткізу Қазақстанның келешекте ОБСЕ-ге төрағалық етуі үшін керек болды. Әрине, Рогозиннің айтқан сөзі маған да ұнамай қалды. Кез келген адам үшін мұндай салыстыру өте орынсыз деп білемін. Бұл Қазақстанды халықаралық субъект ретінде төмендету формасы деп ойлаймын. Айтылған пікір орыстың да, батыстың да, қазақтың да ұғымында сәтті теңеу емес екендігі анық.

 

Петр СВОИК,
Қазақстанның «Азат» демократиялық саяси партиясы төрағасының орынбасары:
- Әрине, классикалық жағдай тұрғысынан алып қарайтын болсақ, яғни, жоғары лауазымды тәжірибелі дипломаттар қатысып отырған ірі халықаралық Форумда мұндай салыстыру жасау ақылға қонымсыз дүние. Бірақ, мен бұл жерде бірқатар түйткілдерді ескерткім келеді. Біріншіден, Рогозин жоғары лауазымды шенеунік, Ресейдің НАТО-дағы ресми өкілі, сондай-ақ ол, жоғарыдағы сияқты «ерекше» мәлімдемелер жасаумен жақсы танылған саясаткер. Сол үшін де Ресей оны НАТО-ға өкіл етіп жіберді. Екіншіден, бұл саммит Астанада өткендіктен Ресей мен Қазақстанның арасындағы таза дипломатиялық қатынастар шеңберінен шығыңқырап кетті. Сондықтан Рогозин өзін Нью-Йорктегі бас Ассамблеяның сессиясында немесе Брюссельдегі НАТО жиынында емес, өз үйіне жақын жерде жүргендей сезінді. Оған қоса бұл сөзді конференция барысында мінберде тұрып айтқан жоқ, басқа жерде айтты. Бұл да жағдайға тағы бір қырынан қарауға жетелейді.
Ал, егер Рогозин мырза өз ойын тыңдарманға түсінікті де, қарапайым тілмен осылай жеткізуді көздеген болса, онда ол бұл тапсырманы өте жақсы орындаған боп шықты.

 

 

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №25-26 (265-266), 2-шілде, 2009

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394