Сенбі, 23 Қараша 2024
7054 11 пікір 3 Маусым, 2021 сағат 20:04

Судья сізден араша сұрайды, Президент мырза!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың,

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың назарына!

Жалпы, Сот билігі – тәуелсіз билік. Сот билігі – қоғамдағы нақты істер мен дауларды әділет таразысына салып шешетін орган. Сот билігі – заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуші! Сот билігі – конституциялық құрылысты, саяси және экономикалық жүйені, азаматтардың, мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын орган. Сот билігі – азаматтар әділет іздеп бас тірейтін ақырғы мінбері.

Рас, бүгінгі Қазақстанның сот жүйесіне қатысты айтылар сын аз емес. Төрдегі соттар тым қатал, тым тәкапар, тым биік. Алдына келген адамның ағын ақтап, қарасын айыптап, әділетті шешім шығарудан гөрі, мөлиіп келген міскіннен қылмыскер, пәлеқор, басбұзар образын көруге бейім тұрады. Сондықтан да, сот жүйесіне деген елдің сенім кредиті таусыларға тап келді. Таусылды десек те артық айтқандық емес.

Президент Тоқаев айтқан «әділетті мемлекет» құру концепциясының алғышарты – әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Ал әділетсіз сотпен әділетті шешім шығару, әділетті мемлекет құру мүмкін емес екені екібастан түсінікті. Әділетті сотқа қоғам да, мемлекет те мүдделі. Сондықтан, түбегейлі реформа қажет! Оны заң ұстаған заңгерлер де, сауаты бар сарапшы-мамандар да, Жақып Қажыманұлы тізгінін ұстаған Жоғарғы сот пен Конституцияның кепілі дейтін Президент те жақсы түсінеді.

Соңғы кездері Қазақстанның ақпарат кеңістігінде сот жүйесі мен судяларға қатысты негативті ақпараттар лег-легімен жарияланып жатыр. «Судья пара алып жатып ұсталыпты», «Судья пара беріп жатып құрықталыпты», «Судья саунада ұсталыпты», «Судьяның зәулім сарайы мен дүние-байлығы әшкере болыпты» т.б. Мұның барлығы өз кезегінде елдің сот жүйесіне деген негативті пікірін көбейтпесе, азайтпайтыны және рас. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Судьяға кім араша?

Жоғарыда, сот мінбері азаматтардың ақиқат сұрап табан тірейтін ақырғы мінбері екенін айттық. Ал енді сол соттардың өзі әділет іздеп, араша сұрағанда кімге жүгінбек?

Редакциямыздың электронды поштасына Гүлнұр Құрманбай есімді Қызылорда облысы, Шиелі аудандық соты судьясының  өзінің басшылығы, яғни Шиелі аудандық сотының төрағасы тарыпанын қысым мен қудалауға ұшырағанын айтып, үшбу хаты келіп түсті.  Біз мәселенің мән-жайын сұрап, Гүлнұр Құрманбайқызына хабарластық. Қазір пневмониялық сырқатына байланысты ауруханада емделіп жатыр екен. Бізге телефон арқылы өз жағдайы туралы айтып берген еді.

Президентке Ашық хат

Гүлнұр Құрманбайқызы Құрманбайдың өзі Шымкент қаласының тумасы. Қызылорда облысы, Шиелі аудандық сотының судясы қызметін 2012 жылдан бері атқарып келеді. Сол 2012 жылдан бергі «адал еңбегім мен ар-ожданым аяққа тапталды» деген Гүлнұр ханым өз басшылығы тарапынан қудалауға түскенін айтады.

«Мен 2019 жылдың қараша айынан бастап бала асырап алуыма байланысты еңбекке жарамсыз санатында жүріп, одан әрі бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанмын. Алайда мен өзімнің басшылығым тарапынан қудалауға ұшырап, тіпті өз үйіме, жұмыс орныма да бара алмай жүрмін.

Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев барлық заң бұзушылықтарға жол беріп, менің есігімді бұзып, сыртымнан шешім шығарып, қол қойған. Заңсыз компьютерім мен процессорымды ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментіне (әрі қарай Бюро) ұсынып, үстімнен тексеру жүргізген», - дейді.

Жоғарғы сот не дейді?

Осыған байланысты ҚР Жоғарғы сотына арыз да жазылыпты.

«Жазған арызым бойынша Жоғарғы сотымен комиссия құрылып, Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев пен судья А.Жолдыбаевтардың тарапынан кемшіліктер анықталған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының 03.03.2021 жылғы №6001-21-4/4 санды хатында, сот шешімі Г.Құрманбаймен (Г.Құрманбай 30.12.2019 – 30.12.2020 жыл аралығында бала күтімі демалысында болған) оның электронды қолтаңбасын пайдалану арқылы 28.01.2020 жылы Шиелі аудандық сотының төрағасы М.О.Күздеубаевпен шығарылғаны, осы әрекеті үшін Шиелі аудандық сотының төрағасы М.О.Күздеубаев қызметінен босатылғаны жазылған», - дейді.

«Сол кезде менің бала күтіміне байланысты еңбек демалысында жүргенімде, Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышевтың қатынас хаты мен жинақталған іс-құжаттары негізінде себепкер болған Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты есепке алған.

Одан кейін, 10 тамыз 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің қылмыстық құқық бұзушылық туралы №20430013000576 санмен тергеу басқармасының басшысы жедел-тергеу тобының жетекшісі Ш.Шаменовтың баянатыны тіркелген.

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышевтың қатынас хаты мен жинақталған іс-құжаттарына сәйкес №204300131000065 санды қылмыстық істен маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі жаңа тергеп-тексеруді бастау үшін құжаттарды бөлектеп, әрі қарай ҚР ҚПК-нің 550-бабына сәйкес келісім алу үшін ҚР Бас прокуратурасына жолдау қажеттігі көрсетілген.

11 тамыз 2020 жылы баянатта көрсетілген деректер бойынша, ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен №204300131000065 санды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, сол күні №5-1-3/4125 шығыс хатпен ҚР Бас прокуратурасына ҚР ҚПК-нің 550-бабына сәйкес, қылмыстық қудалаудан артықшықлықтары мен имунитеті бар адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгені туралы хабарлаған.

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының міндетін атқарушы Б.Н.Асыловпен 14 тамыз 2020 жылы ҚР ҚПК-нің 550-бабына сәйкес маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған №20430013000576 санды қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығарылған», - дейді.

«Бала күтімімен еңбек демалысында жүргенімде кабинетімді тіндіп, компютерімді алып кетті»

Гүлнұр Құрманбайдың айтуынша, бұл процесстер жүргізіліп жатқанда ол Шымкент қаласында бала күтіміне байланысты еңбек демалысында жүрген. Сол уақытта оның сыртынан жедел–тергеу тобының жетекшісі Ш.Шаменовтың 10 тамыз 2020 жылғы №204300131000065 санды қылмыстық істен материалдарды бөлектеу туралы қаулысына тіркелген тізімге сәйкес, судья Құрманбайдың кабинетіндегі қолданысында болған компьютерді алу туралы хаттама толтырған және ол айғақ зат ретінде танылған. Сөйтіп судьяның пайдалануында болған қызметтік компьютер бойынша Қызылорда облысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Т.Мустафаевтың 06 мамыр 2020 жылғы қаулысымен сот-компьютерлік сараптама  тағайындалып, 04.06.2020 жылы №967 санды сарапшы қорытындысы алынған.

«Менің өндірісімде болған азаматтық іс материалдарының құжаттарын алу туралы хаттама толтырылып, оған қатысты Шиелі аудандық сотына сұрау жолданып, жауаптар алынған.

15 маусым 2020 жылы Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Т.Мустафаевтың қаулысымен менің өндірісімде болған азаматтық іс материалдары бойынша сот-қолтаңба сараптамасы тағайындалып, 15 шілде 2020 жылы №1279 санды сараптама қорытындысы алынған», - дейді Гүлнұр Құрманбайқызы.

«Президенттің кеңесі мен Жоғарғы соттың келісімінсіз іс қозғады»

Тағы бір айта кетерлігі, судья Құрманбай қылмыс жасау барысында ұсталмаған. Ал судьялық иммунитеті бар тұлғаларды қызметінен босату немесе тұтқындау үшін ҚР Жоғары сот кеңесінің қорытындысына негізделген ҚР Президентінің келісімі болуы керек екен.

«Мен қылмыс жасау орнында ұсталған адам емеспін. Маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс ауыр немесе аса ауыр қылмыс санатына жатпайды. Алайда, ҚР Бас Прокурорының міндетін атқарушы Б.Н. Асыловпен 14 тамыз 2020 жылы маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған №20430013000576 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығарылған уақытта ҚР Жоғары сот кеңесінің қорытындысына негізделген ҚР Президентінің келісімі болмаған.

Негізі ҚР ҚПК-нің 550-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес, ҚР Бас Прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасуы себепті, 11 тамыз 2020 жылы ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен маған қатысты тіркелген №204300131000135 санды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, оны жалғастырудан бас тартуы тиіс еді.

Тергеу органы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушы Б.Н.Асыловтың 14 тамыз 2020 жылғы маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған №20430013000576 санды қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулыны Қ.Муханбековке бергендігі жөнінде 24 қыркүйек 2020 жылы /шығыс № 5-1/4966/ЖТ-М-434/ санды хатпен берген. Алайда, Қ.Муханбеков мұдделі тұлға болып табылмайды.

Мен өздігімнен тергеу органға Қ.Муханбековты қорғаушы ретінде қабылдау жөнінде арыз жазғаным жоқ. Және де тергеп-тексеру органдарымен маған Қ.Муханбековты қорғаушы ретінде тағайындау туралы қаулы қабылданбаған. Келісім-шарт бойынша Қ.Муханбеков менің хатшым Е.Қыдыралиеваның қорғаушысы болған. Себебі, Е.Қыдыралиевамен келісім шартпен отырған./Тергеуші Мустафаевтың қорғаушы тағайындау туралы қаулысы, қылмыстық іс құжатта 2 том 223-225 бет Қ.Муханбековтың ордері тіркеледі./

Сонымен қатар, тергеу органы ҚР Бас Прокурорының міндетін атқарушы Б.Н.Асыловтың 14 тамыз 2020 жылғы маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған №20430013000576 санды қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулыны қылмыстық істегі 4 томның тізімнің 118-123 беттерінде тігілген деп көрсетілген.

Алайда аталған қылмыстық істі ашып қарайтын болсақ, ол бетінде тізімдегі қаулы көшірмесі көрсетілмеген, мүлдем басқа құжаттар тігілген», - дейді судья Құрманбай.

«Үйіме келіп, анамды қорқытқан»

Гүлнұр Құрманбайдың айтуынша, тергеу процессінің басталғаны туралы қыркүйек айында ғана оның үйіне келіп ескерткен.

«Есікті ашқан анама дөрекі сөздер айтып, қорқытып, оған мені уйден шығаруды талап еткен. Анам бұрын-соңды оңдайды естіп көрмеген, өзі екініші топтағы мүгедек әйел.

Одан кейін, тергеу органымен маған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкциялау туралы өтініш хаты түскен. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 29 наурыздағы 2021 жылғы қаулысымен маған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкциялау туралы өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осы қаулымен келіспегендігі туралы ҚР Бас прокуроры келтірген өтінішхатында да маған ресми түрде мекен жайыма тергеу әрекеттерінің болмағандығы анық жазып көрсеткен. Тергеу органының маған қатысты саралау туралы қаулысы почта арқылы сәуір айында келген.

Қорғаушы Қ.Муханбеков менің хатшым Е.Қыдыралиеваның қорғаушысы болып жүргенінде Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышевқа сұраныс хат жолдап, онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментіне процессуалдық шешім қабылдау жөнінде жолдаған іс құжаттарының көшірмесін беруді сұраған.

Алайда Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қ.Нұрышевтың қолымен берген хатында қылмыстық іс қозғауға негіз болған қызметтік тексеру кезінде жиналған материалдардың көшірмесін беруді, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілгенін, осыған байланысты  толық ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жүгіну керектігін  көрсеткен. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Р.Яғмусовтың қолымен берген жауап хатында, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқандығы туралы, оның мәліметтері жария етілмейтіні жазылған.

Сонымен қатар, «ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 78-бабы 6-бөлігінің талаптары қорғануға құқығы бар куәгердің құқықтарын анықтайдыСоған сәйкес сотқа дейінгі тергеу сатысында сұратылған материалдардың көшірмелерін беру мүмкін емес» деп көрсеткен.

Осыған дейін менде қорғаушы болған жоқ. Тергеу органы Қ.Муханбеков менің қорғаушы емес екенін біле тұра, менен қорғаушыдан бас тарту жөнінде арыз жазуды сұрады. Соған сәйкес мен арыз жаздым. Алайда осы жазған арызымды тергеу органы өздеріне керекті жерлеріне пайдаланып, қылмыстық іс-құжаттарға тіркеп, оны дәлел ретінде пайдаланып, бұрмалап жібереді деп ойлаған да жоқпын.

Тергеу органдарына Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 29 наурыздағы қаулысымен, маған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкциялау туралы өтінішхаты қаралып болған соң, мені шақырды. Сол кезде 2021 жылы сәуір айында жауап беруден бас тарттым.

Содан кейін, мені күдікті деп танып, іс құжаттарымен қорғаушы Н.Айбулатов 2021 жылы мамыр айында танысып, ҚР Бас прокуратурасына  шағым келтірді», - дейді Гүлнұр Құрманбайқызы.

«Асығыс айыптау актісін шығарды»

ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 297-бабының 7 бөлігінде, 298 бабында, прокурор шағымды шешкенге дейiн қылмыстық iс сотқа жiберiлмеуге тиiс екен.

«Алайда, өзім денсаулығыма байланысты ауруханада ем алып жатқанымда, ҚР ҚПК-106 бабының тәртібімен ҚР Бас Прокурорының міндетін атқарушы Б.Н.Асыловтың 14 тамыз 2020 жылғы маған қатысты ҚР ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен қозғалған №20430013000576 санды қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды сұраған шағымына нәтижесі шықпай жатып, тергеу органы 01 маусым 2021 жылы айыптау актісін жазып, бас прокурор оны бекітіп, Қызылорда қалалық сотына жібрегендігі туралы хабар келді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтініш хаттарын шешкеннен кейін барып айыптау актісін жасайды.

Алайда тергеу органы, Бас Прокурор шағымды қарау кезінде менің келтірілген дәлелдерімді тексерудің орнына, керісінше менің конституциялық құқықтарымды барынша таптап, аяқ асты қылып отыр», - дейді.

Тақырыпқа тұздық:

Қызылорда облысында судья сот төрағасынан азғындық көрдім деп шағымданғаны туралы ақпарат 2020 жылдың желтоқсан айында БАҚ-та жария болып, қоғамда қызу талқы болған еді. Онда Қызылорда облысы, Шиелі аудандық сотының төрағасы қол астындағы судьяны төсектес болуға шақырғаны, қарамағындағы келіншекті дегеніне көндіре алмаған сот төрағасы қудалауды бастағаны жайлы баяндалған.

Гүлнұр Құрманбайдың заң саласында жүргеніне 20 жыл екен. Ал Шиелі аудандық сотының судьясы болып жұмыс істегеніне 8 жыл болған. Аудандық соттың төрағасы қол астындағы бойдақ келіншекті «қалағанына» көндіре алмаған соң, қыспаққа алған көрінеді. Гүлнұр Құрманбай басшылықтың мұндай қысымына шыдай алмай, бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығып кеткен. Тіпті, өзіне ерсі ұсыныс жасаған төрағаның әрекетін тізіп, Жоғарғы сотқа да шағымданыпты.

Кейін, Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев БАҚ-қа пікір білдіріп, «судьяны төсекке тартқан жоқпын. Ол жала жауып отыр», - деп ақталған.

«Бұл жаға ұстататын жайт, айыптаулардың бәрі жалған. Біріншіден судья Г. Құрманбай судья әдебі нормаларын бұзып, негізсіз жала жауып отыр, оны  төсекке тартты деуі негізсіз. Жағылған күйе орынсыз қалмайды, анам да, әйелім де уайымдап отыр. Жоғарғы сот тарапынан ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері келіп, тексеруді жүргізді де, айтылған сөздердің рас екені дәлелденбеді. Ол туралы комиссияның шешімі де шығарылды. Отбасымда екі қызым, әйелім, анам бар. Ақылды әйел ерінің бір ауыз сөзіне де тоқтайды ғой. Әйеліме жала жабылып жатқанын түсіндірдім, басқа ештеңе айтқаным жоқ. Үй ішіндегі жағдай бұрынғыдай емес, ауыр... Келіншегім мені түсінеді деп ойлаймын», - депті Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев.

Күздеубаев қазылық қызметте жүрген 13 жылдың 8-інде басшылық лауазымдар атқарған екен. Ол өткен жылдың жеотоқсанында әріптесінің үстінен арызданатынын айтқан.

«Осы жағдай бойынша заң талаптарына сай шара қолдануға міндетті түрде арыздануым керек деп ойлаймын. Ар-намысыма, отбасымның беделіне нұқсан келтірді. Оның әрекеттері «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп айта беру деп бағалаймын.  Ол судьялық міндеттерін  маған дейін де 5 жыл атқарған», - деген М.Күздеубаев судья Г.Құрманбайдың шешімінен кейін жерімізден, үйімізден айырылдық деп шағымданушылар келгендіктен, төраға ретінде оларды қабылдап, Құрманбайдың әрекетін басшылыққа хабарлағанын айтыпты.

Осы оқиғадан кейін арада аз ғана уақыт өткенде Шиелі аудандық сотында алты жыл хатшы қызметін атқарған Еңлік Қыдыралиева өзінің жазықсыз қысымға ұшырағанын айтып, араша сұраған. Айтуынша, ол үшінші сәбиіне аяғы ауыр кезде төрағаның қудалауына ұшыраған. Себебі, тікелей басшысының (судья Гүлнұр Құрманбай – авт.) үстінен теріс куәлік беруден бас тартыпты. Қысым тоқтамағандықтан Еңлік жүктіліктің 34-ші аптасында босанып қойған.

Ал биылғы жылдың ақпан айында Жоғары сот кеңесі жанындағы сот жюриі Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаевты лауазымынан босату туралы ұсынысты Мемлекет басшысының атына жолдайтынын «Азаттық рухы» сайты хабарлады. Онда ҚР Жоғарғы сот кеңесі аппаратының аталған іске қатысты түсіндірмесі жарияланған.

«2021 жылы 18 ақпанда Жоғары сот кеңесінің жанындағы сот жюриінің отырысы өтті, онда жергілікті және оған теңестірілген соттардың судьяларына қатысты бірқатар тәртіптік істер қаралды. Сот жюриі отырысының қорытындысы бойынша 5 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде бір судья сөгіс түрінде жаза алды, үш судьяға ескерту жарияланды, аудандық соттың бір төрағасы судья лауазымында қалдырыла отырып, атқаратын лауазымынан босатуға ұсынылды. Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға олардың сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны, сондай-ақ аудандық сот төрағасының лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны негіз болды», - деп жазылған ресми хабарламада.

Онан соң, орнынан босатылсын деген судья Марат Күздеубаев екені расталған.

«Марат Күздеубаевтың мәселесі қаралғаны рас. Сот жюриінің отырысында оған қатысты іс қаралып, нәтижесінде Жоғары сот кеңесі жанындағы сот жюриі Марат Күздеубаевты тәртіптік жауапкершілікке тарта отырып, аудандық сот төрағасы лауазымынан босату туралы шешім шығарды. Сот жюриінің бұл шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Себебі, бұл шешімге оның (Күздеубаев – авт.) арыз түсіру мерзімі аяқталған жоқ. Келіспесе 10 күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады, алайда әзірге арыз түскен жоқ. Қарсы арыз түспесе шешім заңды күшіне енді деп есептеледі де, одан кейін судьяны лауазымынан босату туралы Президентке ұсыныс жіберіледі. Сосын Мемлекет басшысының жарлығымен лауазымынан босатылады. Жоғарғы сот кеңесіне тұрақты он адам мүше. Одан бөлек Бас прокурор, Жоғары Соттың Төрағасы, Әділет министрі де жалпы отырыстарға қатысады, олар да дауыс беру құқығына ие. Ал Сот жюриіне бірнеше судья, адвокаттар мен қоғам белсенділеді қатысады. Олар Күздеубаев босатылсын деген шешімге келді. Бұндай жағдайдан кейін судьялардың орнында қалуы екіталай», - деп түсіндірген ҚР Жоғары сот кеңесінің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.

PS: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Спикердің мақаласы редакция ұстанымын білдірмейді. Екінші тараптың да ойын тыңдап, оны басып шығаруға дайынбыз! 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364