Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5940 12 пікір 8 Маусым, 2021 сағат 12:59

Байқоңырдың құны - «Достық» ордені ме?

ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин «Байқоңырды жалға беру мерзімін ұзартқаны үшін» Ресей президенті В.Путиннің «Достық» орденімен марапатталды.

«Официальный интернет-портал правовой информации» порталы РФ президенті Владимир Путиннің 2021 жылдың 5 маусымындағы №340-шы Жарлығын жариялапты. Онда:

«Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, халықтар арасындағы достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Мамин Асқар Ұзақпайұлы «Достық» орденімен марапатталсын», - деп анық жазылған.

Бұған дейін, биылғы жылдың 12 мамырында Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау туралы шарттың 4 бабына өзгеріс енгізіліп, ғарыш айлағын көрші мемлекетке жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған болатын.

Сол кезде Мәжіліс депутаттары Ресей тарапы ғарыш айлағында болған апаттар үшін өтемақы төлеуді кешіктіретінін, тіпті кей жағдайларда мүлде төлемейтінін айтқан. Мәселен, 2018 жылы «Союз» зымыран тасығышы апатқа ұшырап, қазақ топырағына тонналаған у төгілгені белгілі. Міне, сол апат үшін Ресей әлі күнге өтемақы төлемеген. Депутаттардың сынына Сыртқы істер вице-министрі Марат Сыздықов жауап беріп, келісім бойынша, Ресей келтірілген залалды өтеуге кепілдік беретінін, алайда өтемақы төлеу процессі ұзақ жылдарға созылатынын айтқан.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Ресей Байқоңыр үшін жыл сайын 115 миллион доллар көлемінде қаржы төлеп отыр-мыс. Жалға алған 27 жыл ішінде 3 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат түсіпті.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, былтыр, Үкімет басшысы Асқар Мамин Байқоңырдағы жеті мектеп Ресейдің білім жүйесімен оқитынын, ондағы қазақстандық балалардың оқу жүйесіне Қазақстан тарихы мен қазақ тіл, қазақ әдебиетін енгізу үшін Ресей Федерациясының рұқсаты қажет екенін айтқан болатын. Бұл да қазақ қоғамында қызу талқы болған.

Ол кезде: «Байқоңыр қаласының жеті мектебінде оқыту Ресей Федерациясының МЖМБС сәйкес жүргізіледі. Бұл мектептерде қазақстандық балалар да оқиды, олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратындықтан, олар үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды болып табылады.

Мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін Ресей Федерациясының Оқу-ағарту министрлігінің рұқсаты қажет»,- деп еді Мамин мырза.

Соңғы деректерге көз жүгіртсек, Байқоңыр қаласында 77 мыңнан аса халық тұрады. Оның 70 пайызы Қазақстан азаматтары. Ал, қазіргі жағдай бойынша, Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде білім беретін 5 қазақ мектебінде бүгінгі күні 5 236 бала білім алса, Ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, соның 1 508-і, яғни 37 пайызы Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары.

Ал, биыл 9 сәуірде, Мамин Байқоңырда болды. Осыдан он күн бұрын ғана (наурыз айында) «Совет жері қазаққа қалай өтіп кетті», - деп мәлімдеген Путиннің көмекшісі Мединскиймен бірге Байқоңырдан ұшқан зымыранды тамашалады.

Жалпы, Мамин мырзаның Үкіметті тізгіндегеніне екі жыл. Алайда, соңғы екі жылдықта, пендемия кезіндегі дағдарысқа қарсы Үкіметтің тиісті шешім қабылдай алмауы оның жұмысына артылар сынның көп екенін көрсетеді. Себебі, осы уақытта елімізде жұмыссыздар саны көбейген. Мәселен, 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыссыздар саны 451,3 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артқан.

Түйін: Ресей президенті Владимир Путин біздің премьерді «Достық» дейтін орденмен марапаттапты. Сөйтіп, Мамин жолдас Путиннің «достары» қатарына қосылыпты.

«Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, халықтар арасындағы достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Мамин Асқар Ұзақпайұлы «Достық» орденімен марапатталсын», - деген Жарлықты біз осылай деп түсіндік. Сіз ше?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366