«Жас қазақ» әні жайлы үзік сыр
Әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев Мәскеудің Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының жанындағы қазақ жастарына арналған қазақ опера студиясына 1937 жылы түскен жастардың бірі еді. Соғыс басталысымен Рамазан Алматыға оралып, жора-жолдастарымен, туған-туыстарымен, аға-ұстаздарымен жүздесіп, төрт жылдан астам алған білімін баяндап сағынышын басқандай болады. Дегенмен Мәскеуге жақын қалған неміс фашистерінің қимылынан секемденген жас Рамазан өз өтінішімен 1942 жылы майданға аттанып, Алматыдан жасақталған 8-гвардияшыл Панфилов дивизиясының атқыштар полкіне түсті. Полк сабында жүріп өнерпаздардың концерт бригадасын ұйымдастырып, көрші дивизия солдаттарына өнер көрсетті. Сол бір күндері жазушы Ғ.Мұстафиннің басқаруымен Алматыдан келген Ж.Елебеков, Р.Бағланова секілді белгілі мүшелері бар топпен кездесуі Рамазанның көңіл-күйін көтеріп, өзімен бірге солдаттар ансамблі де қосылып өнерлерін ортаға салды. Полк ансамблінің орындауында Рамазанның «Талғар полкінің маршы», «28 батыр», «23-полк маршы»,т.б. әндерін орыс, татар, қырғыз, өзбек достарымен бірге қандасы жас қазақ жігіті Төлеген Тоқтаров та орындайтын.
Әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев Мәскеудің Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының жанындағы қазақ жастарына арналған қазақ опера студиясына 1937 жылы түскен жастардың бірі еді. Соғыс басталысымен Рамазан Алматыға оралып, жора-жолдастарымен, туған-туыстарымен, аға-ұстаздарымен жүздесіп, төрт жылдан астам алған білімін баяндап сағынышын басқандай болады. Дегенмен Мәскеуге жақын қалған неміс фашистерінің қимылынан секемденген жас Рамазан өз өтінішімен 1942 жылы майданға аттанып, Алматыдан жасақталған 8-гвардияшыл Панфилов дивизиясының атқыштар полкіне түсті. Полк сабында жүріп өнерпаздардың концерт бригадасын ұйымдастырып, көрші дивизия солдаттарына өнер көрсетті. Сол бір күндері жазушы Ғ.Мұстафиннің басқаруымен Алматыдан келген Ж.Елебеков, Р.Бағланова секілді белгілі мүшелері бар топпен кездесуі Рамазанның көңіл-күйін көтеріп, өзімен бірге солдаттар ансамблі де қосылып өнерлерін ортаға салды. Полк ансамблінің орындауында Рамазанның «Талғар полкінің маршы», «28 батыр», «23-полк маршы»,т.б. әндерін орыс, татар, қырғыз, өзбек достарымен бірге қандасы жас қазақ жігіті Төлеген Тоқтаров та орындайтын.
Өкінішке қарай Қазақстаннан келген өнерпаздар тобы қырық екінші жылдың қысында дүниеден озған Төлеген Тоқтаровқа қаһармандығы үшін «Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деген Жоғары Кеңесі Президиумының шешімінің әскери газеттерде жарияланғанының куәсі болды. Осы болған тарихи оқиғаны Рамазан үлкен тебіреніспен елден келген үгіт-бригада мүшелеріне баяндап береді. Жерлес досымен бірге атқарған ерлігі үшін Рамазан Елебаевты әскер басшылығы «Қызыл жалау» орденімен марапаттайды.
Ерлікті көзімен көрген Рамазанның күндіз ойынан, түнде түсінен Төлегеннің бейнесі кетпей қояды. Қан майданда қаһармандық көрсеткен досының ерлігін болашақ ұрпаққа ескерткіш ретінде қалай қалдырсам екен деп уайымдады. Осындай ойда жүргенде Калинин майданының жауынгерлеріне өнер көрсетуге халық артисі Ж.Елебековтің концерті келетінін есіткен Рамазанның бойын қуаныш кернеп, қолына сырнайын алып Жүсіпбек ағасының қайталамас даусына салып, Төлеген досына арналған әнін қағазға түсіре бастайды.
Әуені бар, сөзі жоқ, бірақ жауға арыстанша айбат көрсеткен досы Төлегеннің қайталанбас бейнесін еске салатын көкейде: «Ел үшін, Отан үшін, болашақ ұрпақ үшін жан пида!» деп ұрандар бар еді.
Сиясы кеппеген әнге туындының авторы Рамазан «Жас қабір басында» деген ат берді. Енді жаңа туған әнді елге қайтып бара жатқан Жүсіпбек ағасына жеткізіп беру ғана қалды. Сөйтіп Төлеген Тоқтаровқа арнап жазған «Жас қабір басында» деп аталған әнінің нотасын беру үшін шаңғылатып әрең жетіп: - Жүсекем-ай, үлгердім-ау әйтеуір! - дейді. Өн бойын тер жауып кеткен.
- Сәл теріңді бассаңшы.
- Бізге тер қатпайды, Жүсеке.
- Сен әуелі әнді гармоныңмен ойнап берші.
- Жүс-аға, менің жан дүнием сізге жақын деп ойлаймын. Өзіңіздің зергерлік шеберханаңыздан өткізіп, сәлемдеме ретінде менің атымнан елге алып барсаңыз, арманым жоқ.
«Ондай қысқа тілеу айта берме. Ал мен жаңағы тілегіңді орындауға уәде беремін. Бұл әнің сенің ойыңдағыдай болатынына кәміл сен. Ал, бауырым, көріскенше күн жақсы» деп қоштасқан болатынбыз», - деп еске алады кейін Жүсіпбек.
«Қолымда Рамазан Елебаевтың Кеңес Одағының Батырына жазған әнінің әуені мен сөзсіз нотасы. Жолшыбай Ғабиден Мұстафинге «сөзін жазып беріңізші» деп қолқа салдым. Ал ол кісі «Мен ақын емеспін ғой, ауылға барған соң ақындарға жазғызбайсыз ба? Меніңше, сол дұрыс болар» деді. Мен «Өз көзіңізбен көрген жан ғой. Сезініп жазғанға не жетсін. Сондықтан да сіз жазуыңыз керек» дедім қиылып. Сонда Ғабиден «Сен маған ауыр жүк арттың-ау. Екі-үш ауыз өлең шумағымен майдан даласын сипаттау, оның үстіне Отан үшін қаза тапқан ержүрек жауынгердің тұлғасын бейнелеу оңайға түсе қояр ма екен?» деді толғанып.
Осы толғаныстан соң Ғабең көп ойға шомып, терезеден қар жамылған жазық далаға қарап отырып: «Жарайды, жазып көрелік», - деді. Сөйтіп, Ғабең жазған сөз де даяр болды. Сөзі өзі ойлағандай әнмен қабыса кетті. Ән бәрімізді қанаттандыра түскендей. Ән жүрек тербетер, жанға қозғау салар қасиетке ие болды. Оның сөзінде ерекше әсер берерлік күш бар еді. «Жас қабір басында» деген әнге Ғабеңнің жазған сөзінен Төлеген Тоқтаровтың ерлігі толық ашылады» деп бағалаған Жүсіпбек ағамыз. Кейіннен әннің аты өзгертіліп, «Жас қазақ» деп аталынды.
1942-43 жылдардағы сұрапыл соғыс қатарында жүрген Рамазан Елебаевтың жан сарайын толқытып барып туған әнге сөз құдіреті қосылып, кейін орындаушы мен тыңдаушысын тапты. Аса құдіретті күші бар «Жас қазақ» әні халқымыздың санасынан мықтап орын алғанына 70 жылдай уақыт өтсе де жас ұрпақтың көкейінде мәңгі орнығып, бүгінгі буынның жігерлі, қайратты, отансүйгіш ұл-қыз атануына әсерін тигізіп жататындығында күмән болмас дейміз. «Жас қазақ» әнінің пайда болуының өзінде аса ерекше құдіретті күш, психологиялық қиял, шешім, мезгілдің қатысып тұру сырында әлі айтылмаған ойлар мен шешімін таппаған музыка-эстетикалық бұрын-соңды болып көрмеген жеке дара өнер туындысы бола тұра, қыршын кеткен Төлеген, Рамазан атты перзенттеріміздің болашақ ұрпаққа қалдырған мәдени ескерткіші деп қабылдауымыз керек.
«Жас қазақ» әні - халқымыздың есінде сақталып, көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын қайғылы қасірет пен қайталанбас қаһармандық, батырлықтан сыр шертетін мәдени ескерткіш, атадан балаға мәңгілік мұра болып сабақтастық құралы.
1943 жылы 4-қарашада Жаңа-Сокольники қаласының маңында болған шайқаста әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы бар болғаны 33 жасында оқ тиіп мерт болды. Денесі сонда жерленеді.
Халық артисі, ерекше қайталанбас халықтық дәстүрдегі дауыс иесі Жүсіпбек Елебеков өз естелігінде: «Соғыс жүріп жатқанда сызды жеркепеде әнді авторы Рамазан Елебаевтың қолынан алып, оны Алматыға әкелген едім. 1943 жылы 6-қарашада Абай атындағы опера және балет театрындағы салтанатты жиында бірінші рет «Жас қазақ» әнін орындаған болатынмын», деп аяулы інісі Рамазанның «аға, осы әнімді Алматыға, елге алып баруыңызды өтінемін. Өзіңіздің орындауыңызда болса, арманым жоқ» деп полк пен дивизиядағы жас қазақтардың атынан айтқан тілегін халық артисі өмірінің соңына дейін атқарып келді. Оған халық куә.
Жүсіпбектің орындалуындағы әнді сахнадан бірнеше рет тыңдап өстік, тыңдай отырып ерекше ойға шомып, сұрапыл соғыс жайын, қар үстінде сұлап жатқан қазақтың батыр перзентін көргендей жайда боласың.
«Жас қазақ» әні Жүсіпбектің шәкірттері - Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменовтің, Дәмеш Рахышов пен Қайрат Байбосыновтардың да орындауында жалғасын тапқаны мәлім.
Жас қазақ
Қар жамылған кең дала, қанға бөгіп,
Күркіреді сұр аспан өлім төгіп.
Жас қазақ
Мұрттай ұшты ура-лап.
Жанын қиып кете алмай, жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеген.
Жас қазақ
Жатты көзі от жайнап.
Қапысын тапқан зұлым жау масаттанып,
Отыр еді өзіне мейірі қанып,
Жас қазақ
Атылды оқ боп, көре сап.
Алтын шапақ ақ иек атқанда таң,
Қалғанынша денеде бір қасық қан.
Жас қазақ
Жатты жауын жаныштап.
Сол бетінде жан берді, ол тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны.
Жас қазақ
Бәрің соған ұқсап бақ!
Ел қорғаған майданда жас арыстан,
Тоқтаровтай артында қалар дастан.
Жас қазақ,
Міне, саған мәңгі бақ!
Пернебек МОМЫНҰЛЫ,
Қ.А.Иасауи атындағы ХҚТУ,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер
академиясының профессоры,
музыка зерттеушісі
«Ана тілі» газеті