Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 5395 7 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 14:03

Ақиқат тарихқа қашан жетеміз...

ТАРИХЫМЫЗ – КӨКПАРДА ТАРТЫЛҒАН ЫЛАҚТАЙ...

(Есім хан туралы көкейкесті мәселелерге шолу)

Берекет Кәрібаев Қазақ хандары туралы зерттеулер (ХV-ХVІІІ ғ.басы). А. Қазақ университеті. 2019. Пікір жазғандар: т.ғ.д. профессор Т.Омарбеков, т.ғ.д. профессор Ғ.К.Кенжебаев.

Қазақстан Республикасы тарихымызды жөндеу үшін қыруар қаржы бөліп 7 томдық фундаменталь басылымды жарыққа шығаруды қолдап отыр. Бұл өте үлкен оқиға. Біздің қысқаша болса да кейбір көп айтылып жауыр болған кемшіліктерді көрсеткеніміз  осы үлкен басылымда бұрынғы қателіктерді жібермеуге септігі тиер деген ойымыз бар.

Б. Кәрібаев қазақ тарих ғылымының басында отырған адамның бірі. Оның  қазақ хандары туралы зерттеуіне  азды көпті базынамызды айтуды жөн көрдік.  Аталған кезең үшінші және төртінші томдарға кіреді. Үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекеті тұсында біздің барлық рухани байлығымыз өсіп жетілді.  Жаңа басылымда бұрынғы кемшіліктерді  қайталамаса екен деп қайғырудамыз.

Осы уақытқа дейін Қазақ хандары туралы көп жазылды. Әсіресе ХVІІІ ғасырдағы Абылай мен Әбілхайыр туралы көп жазылғаны соншалық...көп қателер орын алды, дау мен тартыс туғызды. Берекет Кәрібаев Қазақ мемлекеті тарихын зерттеп, сол тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалым. Осы зерттеуінде дауы мен тартысы көп ХVІІІ ғасыр хандарына бармай, 1715 жылы қайтыс болған Тәуке ханмен бітірген екен.

Аталған кітапты қарай отырып, басқа хандарға тоқталмай-ақ, Есім хан туралы бөлімге еріксіз тоқталуға мәжбүр болдық. Есім хан туралы зерттеудің шала жазылғанын автордың өзі де мойындайтын сияқты... Зерттеу соңында «...біз Есім хан туралы тұжырымдамамызды аяқтай келе бұл жұмыс қазақ тарихындағы белгілі тұлғаның тарихи роліне арналған алғашқы жұмыстардың бірі және болашақта тың деректер арқылы Есім ханның тарихи бейнесі одан әрі терең зерттеле түседі деп ойлаймыз» –деп бітірген екен.

Тың деректер емес, талай айтылып жауыр болған кейбір деректердің зерттеуге кірмей қалғанын айтуға міндеттіміз...

«Қазақ хандарының тарихы»  атты кітапты оқыған соң айтатын ойлар туындады.. Біздің халықтың тарихы - ғалымдары қанша көп болған сайын проблемасы да көбейетін сияқты.

Қазақтың аты аңызға айналған Есім ханы егеменді Қазақ елінде жолы болмай-ақ қойды. Зерттеуші көп болған сайын қазақ хандары ғана емес, Қазақ мемлекетінің Еуразия тарихындағы орны дұрыс көрсетілмей келе жатыр.  Қазақ хандығы деп аталатын Қазақ мемлекеті соңғы екі мың жыл ішінде Еуропа мен Азия тарихындағы демократиялық басқару құрған жалғыз мемлекет еді. Жалпы айтқанда қазақ ғалымдары мен жазушылары хандар туралы көп жазғаны рас. Көп жазғандықтан қатесі де көп болды. Шындығында Қазақ мемлекетін хандар емес, билер, яғни рубасылар билеген болатын... Хан сайланбалы болды, яғни мұрагерлік емес еді. Ханды халық сайлаған жоқ,  рубасылар сайлады. Ол заманда тамыр-таныстықпен хан сайлану мүмкін емес еді. Әскери қолбасы бола алатын, яғни кеудесін оққа төсеп, ел қорғайтын ержүрек жанды, яғни Жәнібек ханның ұрпағын 41 рубасы, билер хан сайлайтын еді...

Елбасы қаншама рет Қазақ тарихын жөндеуге көптеген қыруар қаражат бөлді. Қаншама рет комплексті бағдарламалар шығарды. Солардың ең соңғысы Рухани жаңғыру еді... Осынша көптеген ұсыныстар мен зерттеулер жүріп жатса да, тарихымыздың көптеген ақтаңдақтары сол күйінде қалып жатыр. Тіпті кейбір ақтаңдақтар одан бетер қоюлана түсті... Негізгі тақырыбымыз Есім хан болған соң, осыған тоқталайық.

Қазақтың әйгілі ханы Есімді орыс саясатшылары жоқ етуді армандап, неше түрлі комбинациялар жасады. Соның бірі - Ресейдің Банк Империалы жасаған реклама Қазақстан телеарналарында 4 жыл бойы  қайта-қайта көрсетіліп, айналдырып тұрды. Ресей тарапынан болған осы, яғни кезекті арандатушылыққа Қазақстан өкіметі бір сөз айта алмай, бұғып отырды.

Қазақ тарихының жарқын беттерінің бірі Сантас оқиғасы, яғни Есім ханның ерлігін Ресей саясаткерлері бұрмалап, Ақсақ Темірге теліп, «реклама» фильм түсіріп, 4-5 жыл бойы бүкіл ТМД елдерінің телеканалдарында айналдырды (1994-98 жылдары). Бұл фильм «реклама» Ресейдің Империал банкі тапсырысымен жасалған. Оның режиссері Тимур Бекмамбетов, Атыраудың тумасы... Қазақ тарихын бұрмалау үшін әдейі қазақ деген аты бар режиссерге жасатып, басшылық еткізген...

Сол 90-шы жылдары егемендікке қуанып жүрсек те, осы «рекламаны» күніне қайта – қайта көріп, талай қазақтың нерв жүйесі жұқарды...

Біз сонда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры академик М.Қозыбаевке өтініш жасадық:

- Біздің тарихымызды бұрмалап, Ресей телеканалдары Темірлан атымен Сантас оқиғасын күні-түні көрсетіп жатыр. Бұл ерлік қазақтың әйгілі ханы Есімдікі екенін Шоқан Уәлиханов тасқа басқандай етіп жазып кеткен. Сіз соған қарсы реплика жазып, мынандай бассыздықты тоқтатсаңыз екен... – деп жалындық...

Әрине, академик Қозыбаев ешқандай қимыл жасамады... Бірнеше жыл бойы теледидардан сол реклама түскен жоқ... Ақыры Империал банкі жабылған соң (1998) әйтеуір тоқтады-ау. Аталған банк банкротқа ұшырапты. Қазақ елінің қарғысы жеткен болар...

Бұл не деген сұмдық...

Міне осылай Қазақ хандарын Ресей көзкөрекі қорлап жатқанда жүздеген ғалымдары бар Қазақстан басшылары үндемей қала берді. Оның бер жағында Қазақ хандарыы туралы талай кітаптар жарық көрді. Алайда мемлекет қайраткерлерімен Қазақ мемлекетінің адамзат тарихындағы ролі мен маңызы әлі жөндеп берілген жоқ. Сол кітаптардың бірі Б.Кәрібаевтың  Қазақ хандары тарихына арналған екен.  Жалпы айтқанда бұрынғылардан асып кете қоймаған...

Аталған кітапта айтылуға тиісті, алайда айтылмай қалған тарихи фактілерге тоқталсақ - Есім хан есімі қазақ мемлекеті тарихында ерекше үлкен орын алады. Сол тарихи тұлға заманы яғни Қазақ хандығының ең күшейген құдіретті кезі еді.

Оның заманын сараптасақ - ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елі тарихында елеулі оқиғалар болғанын көреміз. Шын мәнінде Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді, сол заманда. Бұхар хандығына қарасты жерлердің өзінде қазақ сұлтандары мен батырлары билік жүргізді. Орта Азия мен Қазақстан жерінде екі хандық, яғни екі мемлекет болды. Олар Қазақ хандығы мен Бұхар хандығы. Сондықтан олардың бақталастығы да жоғары дәрежеде болды. Мысалы Андижан өңірін Абылай сұлтан, Жизақты Алшын Бекоғлы, Самарқанд қаласын және уәләятын Жалаңтөс батыр биледі. Қырғыз елі Қазақ мемлекетінің құрамында болды. Есім ханның сенімді серіктерінің бірі қырғыз Көкем би болды.  Қазақ – қырғыз достығы мен туысқандығының шыңы да сол кезде болды. ...Жоңғарларға әлденеше рет соққы берілді...

Бұл даңқты кезенде Қазақ елінің атқа мініп, шайқасқа кірмеген жылы жоқ десе де болады. Қазақ елін қорғап, шайқас үстінде мемлекетті нығайтқан халқымыздың Есім хан, Салқам Жәңгір, Жалаңтөс батыр сияқты ең жоғарғы дәрежедегі - ұлттық батырлары.

Алайда, тарихымызда даңқты және аласапыран кезі болған сол ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында үлкен трагедиялы оқиға да орын алды. Сол бір қайғылы оқиға 1628 жылғы Қатаған қырғыны деп аталады. Сол қырғынның кінәсін мойнына алған Еңсегей бойлы ер Есім хан болудан бас тартқан себепті,  мемлекет билігі сөз жүзінде оның баласы Жәңгір сұлтан қолында болды.

Сөз жүзінде деп текке айтып отырған жоқпыз.... Қазақ хандарының билігі шектеулі болды. Ел билігі ру басыларының, яғни билердің қолында болды. Ханды сайлайтын да солар, әскер беріп жорыққа аттандыратын да сол елдің игі жақсылары еді. Қаражат пен заң да солардың қолында болғанын әлі күнге дейін қазақ ғалымдары қаперіне алмай келе жатқаны өкінішті-ақ... Хандарды мақтап арзан ұпай алуға жұрттың бәрі құмар сияқты... Сол қазақ елінің алтын заңын бір рет бұзған Есім хан болатын (19), яғни  билер мен рубасылардың келісімін алмай Қатаған елін қырып салып Қазақ мемлекетіне өте үлкен кесапат, қырғын әкелді.

Есім хан заманында өмір сүрген тарихи тұлғаның бірі Жалаңтөс батыр болса, олардың саяси қызметін бірге қарауға міндеттіміз...

XVII ғасырдағы Казақстан мен Орта Азия тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі - Жалаңтөс батыр (1576-1656) Сейтқұл би ұлы болатын. Оның шыққан елі Кіші жүзге қарасты Әмудария мен Сырдария, яғни екі өзен аралығындағы алқапты мекендеген алты ата Әлім руының Төртқара [1] атты бөлігі.

Жалаңтөс батыр өзінің аса даңқты өмірінің ақырына дейін Самарқан қаласының әмірі болды. Оның өмірі мен қызметіндегі негізгі оқиғалар мыналар:

1612 жылы Бұхар ханы Иманқұл көп әскермен Түркістан атырабына баса-көктеп кіреді. Алдыңғы соққы қарақалпақтарға берілетін болған соң, Жалаңтөс батыр өз әскерімен көмекке жетеді. Әйгілі Жалаңтөс қолынан қаймыққан Иманқұл амалсыздан, соғысты бастай алмай, келіссөзге келеді. Алайда бұл Бұхар ханының уақытша айласы екенін түсінген Жалаңтөс батыр әскер жиып, Иманқұлды түгелдей тапқандау үшін дайындала бастайды. Мұны білген Иманқұл Жалаңтөс тұрғанда өзінің Бұхар тағында отыра алмайтынын түсініп, оған Самарқан қаласын және сол төңіректегі уәлаяттарды сыйға тартады. Сөйтіп, Жалаңтөс Самарқан әмірі атанып, таққа отырады [2].

Артында Қытай империясы тұрған Жоңғар қалмақтарын әлденеше рет талқандағаны үшін және басқа да көптеген ерліктері ескеріліп, 1625 жылы Жалаңтөске Аталық деген құрметті атақ - лауазым беріледі.

1640 жылы Батур қонтайшы басқарған қалмақтардың Қазақстан мен Орта Азияға жасаған кезекті шабуылын тойтарады. Бұл шайқасқа Жалаңтөс Самарқаннан 30 мың әскермен шыққан екен.

1643 жылы қалмақтардың Жетісу аймағына кезекті шабуылы басталады. Бұл жолы олар 50 мың әскермен лап қойған еді. Сол кездегі Қазақ хандығының бір ұлысы - Қырғыз еліне үлкен қауіп төнді. Салқам Жәңгір дұшпанды тоқтату үшін бар болғаны 600 жауынгерімен асығыс аттанады.

Тау шатқалында жаудың көп әскерін жанқиярлық ерлікпен тоқтатып тұрғанда, жиырма мың әскерімен Жалаңтөс батыр келіп жетеді де, шайқас тағдырын шешеді... Осынау үлкен шайқаста Жоңғар шапқыншылары мықтап талқандалады. Кейінірек тарихшылар мұны Орбұлақ шайқасы деп атады. Жалаңтөстің бұл үлкен ерлігі туралы көптеген тарихшылар жазды [3].

Жоғарыда айтылған оқиғалардың бәріне Есім хан куәгер болған еді. Себебі 1645 жылы ол әлі тірі еді.

Ал өмірінің соңғы күніне дейін Жалаңтөс батыр Орта Азияға қатысты барлық соғыс қимылдарына қатысып, әскер басқарып, көптеген жеңістерге жеткен, яғни түрік халықтарының тағдырында ол әрқашан шешуші рөл атқарған. Ол батыр ғана емес, баһадүр, әмір және би деген атаққа ие болған. Қазақ тарихында «би» деген атақ - ең жоғары дәреже. Себебі, мұндай құрметті атаққа батырлар мен хандардың ие болуы өте сирек жағдай.

Есім хан тұсындағы тарихи тұлғаларға (Жалаңтөс қолбасшы Самарқанд әмірі, Иманқұл хан, Тұрсын сұлтан, Абылай сұлтан, Алшын Бекоғлы би және қырғыз Көкем би) қысқаша шолу жасайық.

Жалаңтөс батырдың өмірі мен қызметін жан-жақты түсіну үшін ол өмір сүрген XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мен Орта Азияның әлеуметтік жағдайы мен саяси тарихына қысқаша шолу жасайық.

XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында (яғни Жалаңтөс батыр заманында) Қазақ мемлекеті сыртқы жауларымен аянбай соғысып жатса да, көптеген түйінді мәселелері бола тұрса да, сол кездегі іргелі мемлекеттің бірі еді.

XVII ғасырдың басында дүниеден өткен тарихшы Кадырғали Жалаири Қазақ мемлекетінің іргелі ел екенін айта келіп, Тәуекел ханды (1583 - 1598 жж.) “Бүкіл ислам патшасы...”[4], - деп мадақтап жазған.

Әрине, мұндай жазулар сол кездегі қазақ мемлекетінің жылдан жылға нығайып бара жатқанын және Орта Азиядағы әрбір саяси жағдай қазақ ханының қатысынсыз шешілмегенін дәлелдейді. Олай дейтініміз, сол кездегі Орта Азияның көп жері Қазақ хандығының қоластында болған. Мысалы: қазіргі Қырғыз жері, Ташкент уәлаяты, Қарақалпақ елі, яғни Сыр мен Әмудария арасындағы аумақтың көп бөлігі және қалмақтардың біраз жері. Міне, дәл осындай жағдайда сол кезде Орта Азия жеріндегі ең күшті мемлекет - Бұхар хандығының тағдыры да Қазақ елімен байланысты болған. Бұхар ханы Иманқұл бұл мемлекетті өзі басқарған заманда, яғни 1608 - 1644 жылдары, Қазақ елімен амалсыз достық қатынаста болды. Сондықтан ол Жалаңтөс батыр секілді аса беделді тұлғамен жақсы байланыс жасады. Оның Жалаңтөс батырды Самарқанд қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қою себебі: біріншіден, Қазақ хандығымен достық қатынаста болу. Екіншіден, саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғануда... қалың әскері бар Жалаңтөс батырды пайдалану. Сол арқылы мықты Қазақ мемлекеті тарапынан ешқандай әскери әрекетті немесе шабуылды болдырмау.

Алайда Иманқұл хан, өзі қанша тәуелді болғанмен, Қазақ хандығын ыдыратып, билікті қолына алуды ойламай қалған жоқ. Осыған байланысты оның бірінші әрекеті Ташкент әмірі Тұрсын сұлтанды өз құрығына ілдірумен бітті.

Бұл оқиға былай болған еді. Ташкент әмірі Тұрсын сұлтан Қазақ елінің аты аңызға айналған ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің туысы болатын. Ташкент уәлаяты халық тығыз орналасқан бай өлке еді.

Иманқұл хан Тұрсынды осынау бай өлкенің әмірі Есім ханға тәуелсіз, өз алдына хан болуға азғырған. Өзімшіл Тұрсынға бұл пиғыл ұнап қалады. Еңсегей бойлы Ер Есім жоңғар шапқыншыларымен соғысып жатқанда, Тұрсын өзін Ташкенттің ханы деп жариялайды. Сондай-ақ хандық белгісі ретінде өз аты жазылған ақша да шығара бастаған. Ел шетіне келген жаумен Есім хан соғысып жатқанда, Ташкент уәлаятынан ешқандай көмек жібермей, іргесін аулақ салады. Осынау ел ішіне салынған іріткіні ушықтырмас үшін, Есім сабырлылық жасап, егесті қантөгіссіз бітіруді ойлайды. Тентек бол-ғанмен, туыс қой, сабасына түсер деп есептесе керек. Мұны басқаша түсінген Тұрсын өз жерін ұлғайту үшін Қазақ хандығының жеріне қол сұға бастайды. Есім хан қан төкпес үшін қанша сабырлық сақтағанмен, қазақ сұлтандарының көбі бұған наразылық білдіреді. Алайда Есім хан айтқан соң, одан асып кете алмайды.

Дегенмен, сол кездегі Әндіжан әмірі - қазақ сұлтаны Абылай Тұрсын сұлтанға алғаш рет қарсы шығады. 1623 жылы Иманқұл хан оған да одақтас бола қалады. Себебі, оған керегі қазақ сұлтандарының бір-бірімен қырқысқаны еді. Абылай сұлтанға Иманқұлдың қаншалықты жәрдем бергені белгісіз, әйтеуір, қолтығына су бүріккені рас.

Екі сұлтанның, яғни Абылай мен Тұрсын сұлтанның әскері сол жылы Шахрухия бекінісінің түбінде кездеседі. Алайда сұлтандар соғысқысы келгенмен, екі жағының да әскерінің көбі қазақ жауынгерлерінен тұратын, олар өз туыстарымен шайқасуды ар көріп, майданнан бас тартып, кері қайтады. Оның нәтижесі Иманқұл жіберген қосындарды Тұрсын сұлтанның талқандауымен аяқталады. Бұған қатты наразы болған Иманқұл Абылайды Әндіжаннан қуады. Осы жағдайларды сырттай бақылаған Есім хан тез арада көмекке келіп, Абылай сұлтанды Әндіжандағы өз орнына отырғызады. Ал Тұрсынға тиіспейді, себебі, қан төгілмесін деп, сабырлылық сақтаған болуы керек. Оның үстіне, өз бауырымның тентектігі өзге жұрттың дұшпандығынан қауіпті болмас деп ойлаған.

Сондай-ақ, Есім хан 1625 жылы Түркістандағы ордасына Тұрсын сұлтанды жиналысқа шақырып, билер кеңесіне қатыстырып, Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына қарсы күрестің жоспарын баяндайды. “Бірлік болмай, тірлік болмайды, аса қауіпті сыртқы дұшпандарымызды талқандауымыз керек, ол үшін тізе қосып, бірге аттанамыз” - деп жоспар құрады.

Әрине, ішінде не жатқанын кім білсін, сыр білдірмеген Тұрсын Есім хан ұсыныстарына'қарсы болмайды. Елдің бірлігін, мемлекеттің келешегін ойла- ған ардагер қайраткер - Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сұлтан туралы өз қатесін кеш түсінді. Қалай болғанда да, өзі асыраған күшігі өзін қабады деп ойлаған жоқ еді. Бір тентектің бүлігінен Қазақ елінің бір бөлігі қырылатынын ол білген жоқ еді...

1627 жылы ел шетіне Жоңғар қалмақтары шабуыл жасаған кезде, бұрыннан дайындалып жүрген Есім хан көп әскермен шығысқа асығыс аттанады.

Мықты дайындықпен барған қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңгені тарихтан белгілі.

Осынау үлкен соғысқа Тұрсынның өзі бармағанын және әскер жібермегенін былай қойғанда, ол адам ойламаған қастандық пен қанішерлік және Қазақ мемлекеті тарихында үлкен сатқындық жасайды.

Ташкент уәлаятындағы қалың қазақтың сайдың тасындай көп әскерін жібермей қалған Тұрсын сұлтан Есім ханды қалмақтан жеңіліс табады деп топшыласа керек.

Есім хан жоңғарларға қарсы жанқиярлықпен соғысып жатқанда, Тұрсын Қазақ елінің астанасы Түркістанға қалың әскермен шабуыл жасайды. Жауынгерлері алыстағы соғыста жүрген қарусыз қатын-қалашты қанға бояп, Есім ханның әйелдері мен балаларын тұтқындап, Ташкентке жөнелтеді.

Есім хан көп әскермен жоңғарларды талқандауға бара жатқанда қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөлдің шығыс жағында тұрған ертедегі сақ заманынан қалған Сантас қорғанының жанында бір күн аялдайды...Сол жерде оған Көкем би басқарған қырғыз жігіттерінің әскері келіп қосылады.

Осынау тастан үйілген Сантас қорғанының тасын алғаш рет Есім хан өз әскерінің санын анықтау үшін пайдаланады. Себебі, даладан тас жинап жүруге уақыт тығыз болғандықтан, үюлі жатқан дайын тасты пайдаланған. Әрбір жауынгер бір тастан алып, басқа жерге тастап, әрі қарай жүре береді. Сонда басқа жерге үйілген тастың өзі кішігірім үйіндіге, яғни қорғанға айналған. Жауды жеңіп келе жатқанда әлгі үйілген тастан жауынгерлер бір-бірден алып бұрынғы орнына, яғни Сантас қорғанына қайтадан тастаған. Еңсегей бойлы Ер Есім сонда қалған тастар арқылы өзінің құрбан болған яғни шахит, қаза тапқан жауынгерлерінің санын шамалаған екен.

Осынау оқиға ел аузында аңыз болып сақталған. 1856 жылы Ш.Уәлиханов зерттеген осынау аңыздың екі нұсқасы ел аузында сақталған. Бірінші нұсқасы Есім ханға қатысты болса, екінші нұсқасында осынау Сантас оқиғасының авторы Әмір Темір дейді, яғни ол Қытайға бара жатқан жорығында әскер санын осылай анықтаған делінеді. Өз заманында Қырғыз елі тарихын терең зерттеген Ш.Уәлиханов бірінші, яғни Есім ханға қатысты аңыздың шындыққа дәл келетінін анықтап жазған еді.

Ш.Уәлиханов Әмір Темірге қатысты аңызды: “... Исторические известия совершенно противоречат этой легенде. Тамерлан действительно шел на Китай, но при самом выезде из Самарканда умер в городе Отраре...” [5] - деп анықтап, одан әрі қарай Есім ханға қатысты аңыздың дұрыстығын:

"... Дикокаменные киргизы насыпь Сантаса приписывают казахскому хану Ишиму, как памятник его победы над калмыками-зюнгарами. Это имеет более вероятия. Ишим действительно был на этих местах и действительно одержал победу над хон- тайдзием...” [6], - деп ақиқатын жазып қалдырған.

Айта кететін бір жәйіт – Ресей ғалымдары Есім ханға байланысты тарихи оқиғаларды осы уақытқа дейін бұрмалап келеді. Мысалы Сантас оқиғасын, яғни Есім хан ерліктерін Темірланға телитіндердің бірі В.И.Масальский...[11]. (Бұл мәселеге кейінірек тағы бір тоқталамыз)

Тұрсын сұлтан Есім ханның Түркістандағы ордасын шапқан соң, оның жоңғарлармен соғыстан қалай келетінін асыға тағатсыз күтеді. Әрине, ол қазақ ханының дүшпандармен соғыста жеңілгенін тілегені рас. Алайда оның хабаршылары Есім ханның үлкен жеңіспен қайтып келе жатқанын хабарлайды. Сонда ол қатты сасады... Келер жолда оған тұтқиылдан шабуыл жасап қазақтың батыр ханының басын алудың жоспарын құрады...

Ал Есім хан болса, өз еліндегі адам ойламаған қайғылы хабарды Сантас қорғаны жанында есіткен дейді.  Ашуға булыққаны соншалық көзі қанталаған Еңсегей бойлы Ер Есім жеңіспен оралған бар әскерін атқа қондырып, асығыс Ташкентке бет алады. Сонда оған Көкем би басқарған қырғыз әскері де  өз жерінде қалып қоймай Ташкентке бірге аттанады. Тұрсын сұлтан Есім ханды  оны ізіне ерген көп әскермен Сайрам (кейбір деректерде Чиназ) түбінде қарсы алады. Осылай алғаш рет қазақ әскерлері бір-біріне қарсы үлкен шайқасты басынан кешіреді.

Қалмақты талқандап келе жатқан жеңімпаз әскерге өз бауырларымен соғысу оңай болған жоқ. Шайқастың аты - шайқас, бірі жеңсе, екіншісі жеңіледі... Есім ханнан жеңілген Тұрсын Ташкентке қашады. Бұл оқиғаны есіткен басқа да қазақ сұлтандары көтеріледі.

Ташкент түбіндегі шайқаста Тұрсын әскері түгелдей талқандалады. Өзі қашып, Ташкентке тығылып, сонда өз нөкерлері осынау қанішерді түтқындап, Есім хан қолына тапсырады. Ашуға булыққан Еңсегей бойлы Ер Есім Тұрсын сынды сатқынды, яғни өзі асыраған күшігін, басын кесіп алып, Бұхар ханы Иманқұлға жөнелтеді. Бұл сәлемдеме – Жақында сенің де басың кесіледі - деген үстем хабар еді...

Қазақ еліндегі қайғылы жағдай мұнымен біткен жоқ. Көп жылғы қалмақтармен болған соғыста әбден шаршаған және оның үстіне Тұрсын сынды қанішерге қатты ашуланған Есім хан оны жақтаған әскерлерді де түгел қырып жібереді.

Негізінен Ташкент уәлаятын ертеден мекендейтін қалың елдің көп бөлігі Қатаған болатын. Қадырғали Жалаири: “Алаш мыңы үш сан, Қатаған қауымы екі сан...” [7], - деп жазған еді дәл сол оқиғадан 25 жыл бұрын. Әттең... осынау қалың ел Қатағанның азғантай бөлігі, яғни Есім хан әскері құрамына кіргендері ғана аман қалады. Ташкент уәлаятындағы Шанышқылы елі сол қалың қатағандардың бір бөлігі ғана...

Есім хан өз заманында қоластындағы қырғыз елін Көкем бидің кеңесімен билеген еді. Оның үстіне, Көкем би барлық соғыста Есімханның жанында болған. Жоңғарларды және Тұрсын сұлтанның әскерін талқандағанда, жа- нында сенімді серігінің бірі болған Көкем бидің қүрметіне Есім хан Ташкент қаласында оған арнап үлкен мұнара түрғызды. Осы тарихи оқиға туралы Ш.Уәлиханов: “...С киргизами отношения их (казахов) в те времена были более дружны и миролюбивы. Ишимхан (Есімхан) (живший около 1630 г.) имел в своем распоряжении родоначальника бия Кукема при помощи которого ему удалось низвергнуть Турсуна катаганского и чанчклинского. В память союза киргизов и казахов Ишим построил в Ташкенте башню, которая существует до сих пор и называется “Көкемнің көк күмбезі...” [8], - деп жазған болатын.

Сыртқы және ішкі жаулармен соғыстар, оның үстіне, бір Тұрсынның әлегінен қаншама халық қырылды, міне, осынша қанды және қайғылы оқиғалар Еңсегей бойлы Ер Есімді қажытқан еді. Ол көп үзамай мемлекет билігін бас тартты. Рубасылар мен билер кеңесі хан орнын оның баласы Жәңгірге берді.

Есім хан талқандаған соң, қалмақтардың көп бөлігі Қазақ мемлекетінің қоластында қала берді. Сол кездегі Жоңғар мемлекетінің басшысы Хара-Хула өлген соң, оның баласы Ердене Батур қонтайшы билікті өз қолына алады. Осынау қолбасшының мемлекет басына келуімен сол елдің бірігуі және нығаюы басталады. Ал соған сәйкес Қазақстан мен Орта Азия елдеріне Жоңғар тарапынан қауіп те күшейе түседі. 1635 жылы Жәңгір сұлтан өз қоластындағы әскерлермен (әскерінің құрамында жалғыз қазақ емес қырғыздар және қалмақтар да болған) бірге Жоңғарға қарсы жорыққа шығып, ола рды көп шығынға ұшыратады. Ал келесі жылы Батур қонтайшы қазақ еліне жорық ұйымдастырады...

1640 жылдан бастап Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетін біріктіріп нығайта бастады және 1643 жылы қазақ еліне үлкен  шабуыл жасады. Осынау Жоңғар шапқыншылығы басталғанда, қырғыз жерінің көп бөлігі жау қоластында қалды. Батур қоңтайшы сонда 50 мың әскермен баса көктеп кірген еді..[10]. Жәңгір мынау тұтқиылдан болған шабуылды есіте сала асығыс аттанады. Бұл соғыстың тағдырын Самарқаннан Жалаңтөс батыр келіп шешкені туралы талай жазылды....

Біздің бұл жерде айтпағымыз -1643 жылғы оқиғалар кезінде Есім хан тірі еді, сондай-ақ сол тарихи жағдайлардың куәсі болған еді... Б.Кәрібаев қазақтың атақты ержүрек ханы Есімді 1628 жылы қайтыс болған деп бұрынғы тарихшылардың қатесін қайталаған екен (163-бет). Есім хан 1645 жылдан соң қайтыс болған. Әрине нақты жылы мен күні белгісіз...

Б.Кәрібаев зерттеуінің негізгі кемшілігі Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектерін пайдаланбағаны алдымен көзге түсті. Бұл жағдай жалғыз Б.Кәрібаевтікі емес, Қазақ тарихын зерттеуші барлық докторлардың қатесі...

Б.Кәрібаевтың кітабындағы негізгі кемшіліктер мыналар:

  1. Қазақ мемлекеті (Хандығы) тарихын зерттей отырып Ш.Ш.Уәлихановқа көңіл бөлмегендіктен көп қателіктер жіберген. Тек қана Шоқанды қарау емес, алдымен содан бастау керек еді. Бұл барлық тарихшылардың алдындағы міндет... Берекеттің кітабындағы Библиографияда қай қайдағы тарихшылардың тізімі болса да Қазақ мемлекетінің алғашқы зерттеушісі Ұлы Шоқан жоқ. Кітапты оқымай тұрып ақ бұл көңілге күдік ұялатады...
  2. Қазақ мемлекеті тарихына қатысты қазақ тілінде жарық көрген зерттеулерді де (М.Мағауин [21], Б.Көмеков, С.Өтениязов ж.б.) түгел пайдаланбағаны көрініп тұр.
  3. Қазақ мемлекетіндегі Билер институтінің ролі көрінбейді. Қандай хан болса да рубасылар мен билердің көмегінсіз хан ештеңе жасай алмағаны тарихи шындық...

Осының бәрі жалғыз Б.Кәрібаевтың қатесі емес, Қазақстан тарих ғылымының қатесі... Енді жарың көргелі жатқан көп томдықта осы кемшіліктер болмаса жақсы болар еді...

Қорыта айтқанда Қазақстан тарихшылары орыстың айтағымен тек Әбілхайыр хан тарихына ғана қиянат жасап жүрген жоқ екен, Еңсегей бойлы ер Есім хан тарихына да атүсті қарап жүргені өкінішті – ақ.

Жалпы Қазақстанның тарих ғылымы көрші елдермен салыстарғанда артта қалғаны шындық. Мысалы үш ғасыр өмір сүрген Қазақ хандығыі соңғы екі мың жылдықтағы жалғыз демократиялы мемлекет еді. Сондай ең демократиялы мемлекетті біздің бабаларымыз құрғандығын айтып біз бүкіл әлем алдында мақтануымыз керек еді. Демократиялы мемлекет Ертедегі Грекия мен Республикалық Римде ғана болды. Одан соң Еуропа халықтарын корольдер мен князьдар биледі. ХІХ ғасырдың ақырына дейін өскелең Еуропада демократиялық басқару болған жоқ. Ондай мемлекетті тек қазақ халқы құрған еді. Сол жетістігімізді мақтап қазіргі ұрпағымызға таныстырудың орнына Ресей саясатшылары аузымызға салып берген Ханство дегенді айтып тарихымыздың шындығын жасырып келеміз...

Еуразиядағы жалғыз демократиялы мемлекетті біздің бабаларымыз құрғаны үлкен мақтаныш. Соны орыстар көре алмай Ханство деп ОртаАзиядағы басқа хандықтармен қатар қойғаны бізді мықтап кемсіткені.... Хандық билікте бір адамның әмірі мен айтқаны болады. Ал Қазақ елінде:

  1. Ханның билігі шектеулі болды.
  2. Хан сайланбалы болды. Оны сайлайтын халық емес, билер яғни рубасылар сайлайтын еді...
  3. Хан қолында қаражат болған жоқ. Қаражатты рубасылар берді.
  4. Ханда әскер болған жоқ. Әскерді яғни солдатты рубасылар берді.
  5. Заңды және басқа тәртіп қағидаларын рубасылар мен билер шығарды.

Қазақ қайталанбас халық (Қ.Жарықбаев). Ең демократиялы мемлекет құрған жалғыз халық. Оның мемлекеті, ата заңы, сөз өнері, әдеби мұрасы, поэтикалық (Батырлар жырының өзі 100 томнан тұрады) және музикалық мұрасы теңдесі жоқ болатын себебі сол мемлекеттің арқасында пайда болған. Томск мен Волгаград арасындаға ұлан ғайыр далада шашырап жүрген қазақ тайпаларының әдет ғұрпы мен тілі бірдей болған. Осының бәрі бір орталыққа бағынған айбарлы және күшті мемлекет болғанын көрсетеді. Көрші халықтар алақандай жерде отырса да тілі мен әдет ғұрпы бөлшектеніп жатқанын ескерсек Қазақ демократиялы мемлекетінің құдіреттілігін көреміз. Адам баласы демократиялы мемлекет құруды ежелден армандаған еді.

Біздің бабаларымыз құрған мемлекет жаңа заманның інжу-маржаны (жемчужина) еді.... Қазақтар - ертедегі хундардың барлық әдет-ғұрпы мен салтын және өнерін біздің заманға түгелдей жеткізген жалғыз халық...

Үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекетінің тарихы - адамзат тарихы түгілі өз арамызда өзінің қомақты орнын ала алмай жүр. 30 жыл егемен ел болсақ та, доктор ғалымдарымыз көп болса да, тарихымыз көкпарға тартылған ылақтай... Қазақ тарихының басында жүрген Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев,З.Кабулдинов, Х.Әбжанов ж.б. көптеген тарихшыларымыз Әбілхайырды жамандап Қазақстан өкіметі алдында ұпай алып жүр. Кейбіреулері Ресейдің Спецслужбасына қызмет етіп нәпақа тауып жүрген сияқты... Ресейдің экспанциялық саясаты күннен күнге күшеюде. Қазақтар өздері бодандың сұраған деп бұрынғы отарлық саясатын жүргізуде. Біздің тарихшылар төл тарихымыздың ақиқатын айтудың орнына Ресей саясатының малайы болып жүргенін әдейі сезбейтін сияқты... Жоғарыда көрсеткеніміздей Ресей саясатшылары тарихымызды көзімізді бақырайтып қойып бұрмалап жатқанда үндемей жүре береді. Демек біздің арамызда Ресей саясатын қолдайтындар жетіп артылады.

Халқымыздың тарихы сорақы ешқандай сын көтермейтін жағдайда екенін мойындауымыз керек. Ең болмаса Орыс қазақ қатынасындағы сорақы жалған қолдан жасалған тарихты жөндеуіміз керек. Ең көп жазылып айтылған Ақтабан шұбырынды оқиғасын орыстар яғни І Петр жасағанын біздің халық пен жас ұрпақ білмейді. Қысқаша айтқанда қазаққа орыстан басқаның бәрі жау болған деп яғни Ресейге шыбын жолатпай әлі қақсап келе жатыр біздің сабаздар... Осы тақырыпқа жазылған М.Абдировтың еңбектері(20) еш жерде пайдаланбай келе жатыр....

Білім және ғылым министрі тарих докторы болғанда қуанып едік... Алайда ешқандай өзгеріс болатынға ұқсамайды. Әрине ол өкімет адамы. Ал біздің өкімет Ресейге жалтақ...

Елді үш жыл шулатып Латын әліппесін адам көргісіз сорақы жағдайда бекіткені барлық жағдайды түсіндіретін сияқты. Латынның дауысты дыбыстарын өзгертіп бекіткені шектен шыққаны және біздің халықтың тағдырын аяққа басқаны деп түсінеміз...

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Досмұхамедұлы Х. Аламан. А., «Ана тілі», 43- бет.
  2. Есләмғалиұлы М. Жалаңтөс бахадүр. Қазақ әдебиеті, 1996, № 38.
  3. Левшин А. Описание киргиз – кайсацких орд и степей, СПб. 1831. т.2. с.60...
  4. Жалайри Қ. Шежірелер жинағы.(Шағатай қазақ тілінен аударғандар Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов). А., «Қазақстан» баспасы, 1997, 123-бет.
  5. Валиханов Ч.Ч. Соч., т.1. с.249.
  6. Там же, с. 250.
  7. Жалайри Қ. Көрсетілген шығ. 126- бет.
  8. Валиханов Ч.Ч. Соч., т.1. 1961, с.374.
  9. Иванов П.П. Очерки по истории Ср.Азии. М., 1958, с. 70.
  10. Левшин А. Описание киргиз – кайсацких орд и степей. А. «Санат», 1996. с. 160.
  11. Масальский В.И. Туркестанский край. СПб. 1913. С.48.
  12. Досмұхамедұлы Х. Родословная Жалантус батыра, строителя медресе Тилла-Кари и Ширдар в г. Самарканде. В кн. Год работы казахского высшего педагогического института. Ташкент. 1928.
  13. Есләмғалиұлы М. Көрсетілген шығ.
  14. Пугаченкова Г.А. Самарканд-Бухара. М., 1961. С. 111.
  15. Досмухамедұлы Х. Аламан.. А., 1991.41-бет
  16. Пугаченкова Г.А. Көрсетілген шығ. С. 108-109.
  17. Пугаченкова Г.А. Көрсетілген шығ. 110-бет
  18. Көмеков Б.,Өтениязов С. Жалаңтөс батыр. Журнал «Саясат – Политика», А. 1997. 99-105 беттер.
  19. Утениязов С.К. Жемчужина нового времени- Казахское государство. Газета «Вечерний Алматы», 2019. 18-июль.
  20. 20. Абдиров М. История казачества Казахстана....
  21. М. Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. А. «Қазақстан», 1995. 204 бет.

Самат Өтениязов,

т.ғ.к. Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385