Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2141 0 пікір 15 Мамыр, 2012 сағат 07:17

Қажығұмар Шабданұлы. Аласапыранды (жалғасы)

Үшінші кітап

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

АЛАСАПЫРАНДА

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Қылт етпе бір тұмсықтан шыға келіп едік, шағын ғана тоғай арасында бірнеше шөп күрке тұр екен. Семіз қойдың етін боршалап тұздап, қара ағаш бұтақтарына асып жүрген сары шал бізге бажырая қарап тұрып қалды. Кеуделерінде Жяң Кайшының басы бар, келте киімді екі жігітті көргенде «Мыңгүй» дәл үстінен түскендей көрінді білем, қазақшасынан қаудырлата сәлем бергенімізде мырс ете түсті.

- Әликісалам!... Әликісалам! -деп екеуміздің сәлемімізді дербес-дербес қағып алды. - Е... е... әлгі балалар екенсіңдер ғой!.... Ой Қажы, Қажы!... Қажиякбар! -деп арт жағына қайрыла айқайлады сонан соң. - Іздегендеріңнің өзі келді-ау деймін!

Таныс атты шақырған жаққа үңіле түскенімде, ұзын бойлы жуан қара жігіт ағаш бұтақтарынан бұға жүгіріп келеді екен. Қолындағы қара елтірі малақайын басына теріс қондыра сала құшақтай алды мені... Бұл Биғазының бақал саудагерліктегі кәсіптес досы еді. Әке-шеше, аға-бауырларымның амандығын, өзіне мені ерте қайтуды көп тапсырғанын айтып, қаладан аман шыққаныма қатты қуанды.

Үшінші кітап

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

АЛАСАПЫРАНДА

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Қылт етпе бір тұмсықтан шыға келіп едік, шағын ғана тоғай арасында бірнеше шөп күрке тұр екен. Семіз қойдың етін боршалап тұздап, қара ағаш бұтақтарына асып жүрген сары шал бізге бажырая қарап тұрып қалды. Кеуделерінде Жяң Кайшының басы бар, келте киімді екі жігітті көргенде «Мыңгүй» дәл үстінен түскендей көрінді білем, қазақшасынан қаудырлата сәлем бергенімізде мырс ете түсті.

- Әликісалам!... Әликісалам! -деп екеуміздің сәлемімізді дербес-дербес қағып алды. - Е... е... әлгі балалар екенсіңдер ғой!.... Ой Қажы, Қажы!... Қажиякбар! -деп арт жағына қайрыла айқайлады сонан соң. - Іздегендеріңнің өзі келді-ау деймін!

Таныс атты шақырған жаққа үңіле түскенімде, ұзын бойлы жуан қара жігіт ағаш бұтақтарынан бұға жүгіріп келеді екен. Қолындағы қара елтірі малақайын басына теріс қондыра сала құшақтай алды мені... Бұл Биғазының бақал саудагерліктегі кәсіптес досы еді. Әке-шеше, аға-бауырларымның амандығын, өзіне мені ерте қайтуды көп тапсырғанын айтып, қаладан аман шыққаныма қатты қуанды.

- Қуат дейтін жігіт сіз бе?... Сіздің де іздеушіңіз осында! Жаңгүдейіне өткізетін малының соңғы тобын айдап кетті. Бүгін құтылып қайтады.

- Біз Жаңгүдейлерді тонай алмай жүрсек, ұзын етектерін алтынға толтырып жатқандарыңыз қалай?! -деп жымиды Қуат. Бұл сөзге Қажиякбар мойындағандай қарқылдап күлді де, жауабын сары шал қайтарды:

- Ей, шырағым-ай, күн үшін болды ғой бәрі де; біз жүрерде Жаңгүдейлерің шақылдап тұр еді. «Үрімжіге сататын мал» деп, ақымызды көп беретін болған соң, үйренген қара бақырымызды қанжығаға байлап, айдай жөнеліппіз; иелерінің өздері қашатын мал екенін айдағарша ысқырып тұрғанында қайдан білейік. Үрімжіге әлде қашан қашып келіп апты.

- Біз қойды жетінші айдың бас кезінде айдағанбыз, -деп Қажиякбар толықтады бұл сөзді, - тау-тауда дүрлігіс барын білгенімізбен, қаланы қаптап алған зеңбіректі жауға не қылар деп жүре беріппіз. Іледен шыққан партизандар Барлық тауынан асып түсіп, бассалыпты. Жайырдың аржағы сары аяқ пәледен сол айдың соңында құтылғанын Санжы тұсына жеткенімізде бір-ақ естідік!

- Сөйтіп, қашқан жаудың бөктеріншегі болып келгенімізді енді түсіндік, шырақтарым, -деп жымиды шал, - амал қанша, Жайыр бөктерінде біраз шыдап жата тұрсақ, осы он екі қора қой өзіміздікі емес пе еді!

- Қажиякбар малақайын алып, басын қаси сөйледі:

- Тауға алып шығатын саудалық мәліш* таба алмай сандалып жүргенімде, «Үрімжіге бір саудагердің малын айдаймысың, ақысы көп?» дей қалғаны бір қудың. Сөйтсем, сауданың емес, қашатын байлардың малы екен.

- Ол қай қу? -деп сұрай қалдым мен.

- Сәрсен дейтін мұғалім.

- Ол - қазір мұғалім емес, гоминдаңның Дөрбілжіндегі қанды қол жендеті.

- Осы бәрімізді мал айдауға төндіріп жіберген сол қу болды!... Біз жиырма бес қойшымыз. Аман-есен қайта өтіп алуға жарымы келе сала қашып еді, Санжыда ұсталып қамалыпты. Жаңгүдейлерінің куәлік қағазымен бір айда әрең босатылып, Үрімжіге қайтып келді. Содан бері қойларын қайта бағып, мал базарына аз-аздан кіргізіп беріп жатырмыз. Бүгін бітеді. Сендерді таптық. Өзара келісіміміз бойынша бүрсікүні жүрмекпіз. Енді таумен кетеміз. Кәне, біздің қосқа жүріңдер! -деп Қажиякбар ерте жөнелді бізді.

Күркелер қоржын-қоржын шәй мен жол азыққа боршалап кептірген қап-қап ет екен. Үрімжінің сасқалақ базарының арзандап кеткен тас шәйі мен күрек шәйіна бар ақшаларын жұмсапты да, сасқанда санаусыз айдатқан Жаңгүдей қойын боршалауға бар күштерін жұмсапты. Күркелерінде отырар орын болмаған соң, есік алдына жайластық.

- Тарбағатайда шәй жоқ. Бұл жерде бір тақтасы мың доллар ғана екен, біз жақта он бес мың долларға да табылуы қиын! -деп күрсінді Қажиякбар. Соңынан Қуат күрсінді:

- Бәрінен жанның табылуы қиын ғой!... Мұншалық жүкпен қашсаңыздар жандарыңыз қалай құтылар екен?

- Жүкке қам етпе бауыр, қаза жетсе, жүк түгіл, киімді тастай қашсақ та бәрі бір!... Ал, екеуіңе екі аттық ақшаны ғана іркіп тұрмыз.

- Бізде етік те жоқ. Атқа етіксіз міну қиын ғой, - деп жымиды Қуат, - сый қылсаңыздар сыпыра болсын, жақсылықтарыңызды барған соң өтерміз.

- Сен екеуіңе ақша беруге ғой осы қойшылардың бәрі де құлшынады. Бірақ, бәрі де барған соң ақша емес, осы бағада шәй алу ниетінде. Өйткені бұл жерде ақшасын сендер алмасаңдар шәй алып қайтпақ.

- Мейлі, аман жетсек болғаны, - деді Қуат.

Орташа ат қазіргі базарда он екі-он үш мың доллар, тәуірлеу етік төрт мың доллар екенін білетінбіз. Сонда ең кемінде он бес-он алты шайға қарыздар болады екенбіз. Мен мұның ауыр-жеңілін ойлағанды қойып, өз салмағымды көтере алмағандай, үнсіз қисайып жатыр едім. Қажиякбар Қуаттың разылығын естіген соң, маған жалтақтап қарай берді:

- Биған, тым жүдеусің ғой өзің, не болған, ауырғанбысың?

- Жоқ, ешқандай ауруым жоқ.

- Кейін естірсіз, біздің басымызға түскен азапты бірде-бір адам баласы көрмесін! -деп күрсінді Қуат. - Биғаныңыздың көргені тіпті қиын. Бірақ, шыдамдылығында шек жоқ жігіт болды. Өстіп тұрып-ақ сіздей алып көтере алмайтын жүкті талай көтерер!

Қуаттың бұл сөзі жеңіп бара жатқан дерттен мені демеп жіберу үшін айтылғанын түсініп, басымды көтеріп алдым.

- Өз үйінің сетері еді бұл, әке-шешесі кірпігіне шаң жұқтырғысы келмейтін! -дегенде қалың ерні мен жуан мұрны жыбыр-жыбыр ете түскен дәу жігіт орнынан тұрып кетті. - Жаудың жауыз қолында ер жігіт не көрмейді?

Қажиякбар жер ошақта қайнап тұрған қара кателді көтеріп әкелді де, майға бөккен қара қошқыл орамалды алдымызға жайды. Сорпасы кілкіген жас ет екен. Ол етті бізге түсіріп бере сала қаладан қайтқан қойшылардың күркелерін аралай жөнелді де, Қуатқа құтқарушы болатын мұртты күреңді ерте жетті. Бізге етік алатын ақшаны да тауып қайтыпты.

- Саған етіктік ақшаны Төлеуғазы берді, таныс екенсіңдер, -деп күбірледі Қажиякбар маған, - тым пайда көс жігіт еді, өзі тықпалай берген соң ала салдым. «Барған соң шәйыма шәй төлесе болғаны» деп артынан жып еткізді. Бұл - бәрінің ойындағы сөз. Барған соң жағдайға қарап көрмейміз бе, әйтеуір аман жетсек болғаны!

- Атты да етікті де таңертең өзіңіз барып алып шығарсыз, - дедім мен, - қазақ-қырғыз ұйымы жақта бір жұмысым қалыпты, мен соған барып келейін.

- Жоқ, болмайды Биған, қалада не жұмысың болса да маған тапсыр, енді сені жібермеймін! - деп бір-ақ кесті Қажиякбар. - Әке-шешең сені маған қалай жылап тапсырғанын білмейсің ғой!

Қуат та құптай жөнелді:

- Биғаш шырақ, қалаға енді кірудің сөзін қоялық екеуміз, біздің достарды қайта ұстап жатқанын білесің ғой?

Мойнымды ішіме тығып, тығылып отырып қалдым. «Тым болмаса Күләшқа қош айта алмай кеттім-ау!...» - Қалам-қағаз іздеп қалтамды тінте бердім. Хат жазбағымды сезген Қуат, «міне» деп қойын дәптері мен қаламын ұстата қойды. Бір оңаша қара ағаштың түбіне барып отырдым да, ірі әріппен «Күләш!» деп жаздым. Бар зейініммен қастерленіп, көркем жазылған сол есімге ернімді басып, сәл отырып қалған екенмін. Селт етіп қарасам, жазу дымдалып, сиясы жайылыңқырап қалыпты. Мұнымды да құп көрдім. «Тағы бір ұшып көрудің» сәті келгенін, «жете алсам», өзінің Ақылбайға арнаған сағынышты жүрек сәлемін толық жеткізетінімді жазып едім. Соңы жырға айналып, лықсыған қасірет тасқыны тағы да қағып әкете жаздады:

Қос гүлдей еді аттарың,

Қосылып бірге жатталдың.

Жан сәулем үшін атыңнан -

Сүйдім де, қош тұр, аттандым! -деген шумақтан кейін жүрегім жұлынып қалып, сүлдерім кетіп бара жатқан ашты да ауыр зар ағытылатын болған соң тоқтата қойдым; шыдамымы жетер емес. Хатты бүктеп, Қажиякбарға тапсырдым....

Ертеңіне жылмаң қаққан көк ат та, жылтыраған қара етік те келді. Күләннің «жол болсын» айтып, ыстық ықыласпен тілеулестік білдірген қысқаша хатын тапсырып алдым. Аса аяулысын ұзатқандай, аман көрісуімді, өзімді сақтауымды тәптештеп тапсырыпты.

Жырынды ағаларымыз ер-тоқымды да құрастырып жіберді. «Алдымен осы тұстан Түстік тауға жетіп алайық» десіп, түн қата жөнелдік.

Жусанды жазық далада бұлаң құйрық жүріспен андыздап, бөліне-бөліне тартып келеміз. Алакеуім ай сәулесі бар салқын түннің аңқыған, тұнық ауасы мен жылпың көктің жүрісі сергіте алмай, тіпті тымырсық түнектей басып, тынысымды тарылта түскендей бейжай едім. Қажиякбардың мені топтан оңашалап, жеке алып шыққанын да сезбеппін.

- Биған, әлгі хат жазысқан қызың кім, жүнін айтшы? -деп сұрады.

- Ол - менің бір ұстазымның қалыңдығы.

- Олай емес шығар?! -дегенде Қажиякбардың күлімсірегені байқалды.

- Рас солай!

- Әй, сенбеймін!.... Ол сенің хатыңды оқи сала, көз жасын ыршытып жіберді. Асыққаныма қарамай, үйіне ертіп апарып, шәй жасап құя сала, хат жазып отырып жылады. Сені маған тапсыруы әке-шешеңнің жылауынан да қиын түсті; жылай жалынып тапсырды... Жай достықтың ең қимасы да олай болмас!

- Сүйген жігітін Манастан өткен соң көрерсіз, аса жақсы... жақында ғана кеткен... ол қыз - менің әке-шешемдей ең аяулы қамқорым! -деп қалғанымда, менің де көз жасым ыршып кетті. Төмен қарап алып, үнсіз егіле бердім.

- Әне! -деді жастық сезім камалатынан асып бара жатқан кексе жігіт. Әй, бір терең сыр бар-ау!... Қыз десе, қыз-ақ екен өзі, қандай жүйрік сезім! Бауырым, мен кедейліктен әлі үйлене алмай жүргеніммен қыз жүрегіне жетікпін. Мұндай қыздың сүйгені қанша жақсы болғанымен, ішінен онан да артық сүйгені болады. Сонда да ақылға жеңдіріп тоқтайды. Бәрінен абзалы - ақылға жеңдіру ғой. Кімде-кім ақылға жеңдіре алмаса, оқысқа ұшырайды; харап болады! - осылай есе сөйлеп келе жатқан Қажиякбар көз қиығымен маған қарай түсті де, «Еңлік-Кебек» дастанын бастай жөнелді, көп қиса жаттаған, қайсысын болса да кемеліне келтіре, әнімен жетілдіре айтатын қабілетімен бастады. Арт жағымыздағы Қуаттар да қуып жетіп, тыңдай ілесті....

Тау алқымына таң ата іліндік. Бір қырқадан асысымызбен-ақ күн шығып, жарқырай қалған соң, «бұл беттегі ел көзіне шалынбайық» деген сөздер көбейе түсті. (Құтыби тауының қазақтары мен осы маңдағы қазақтар арасында жаңжал болып, жазға салы бір адам өлгенін біздің қойшылар да естіген екен. Гоминдаң үкіметінің осы елдегі сенімді бір баужаңына «құйыршықтан қорғануды» тапсырып, алпыс мылтық бергені айтылып жүретін.) Кеш батқанша далдалану қамымен жылғалай жортып, шилеуітті жарға түстік. Жылып аққан кішкене ғана бұлақ бар екен.

- Аттарды жардан шығармаңдар! -деп тапсырды жол бастаушы сары шал, - от жақсаңдар бықсымайтын қу отын жағыңдар, түтін шықпасын!

Қоржын-қолаң, қап-мөшек, бөктеріншектерді түсіріп, аттарды жайластырып, дамылдауға ертоқымды енді ғана жастанғанымызда, мылтық ұстаған екі дәу жар үстінен төне қалды.

- Кімсіңдер?! -дегенде бірнеше жолдасымыз ыршып-ыршып тұрды. Мұндай тергеушімен сынасар кезеңге сары сақалды көсеміміз де тәжірибесіз екен; қаудырақтап-қалтырап түрегелгеннің бірі өзі.

- Ассалаумағалейкум! -деп кеудесіне екі қолын қоя иілді. - Тарбағатайдан мал айдап келген қойшылар едік, қайтайық десек, жол.... жол құрғыр бекіп қалыпты.... Сіздердің елге паналай тұруға келдік!

«Арты қуыс қашқын екенімізді білдіріп қойды-ау мына қауқалақ» деп күбірлеген Қажиякбар, басын енді көтере бергенде мылтықтының тағы бірі зіркілдеп жіберді. Сетік мұрын жуан сары екен:

- Е, паналай тұруға келсеңдер, ауылға бармай, ұрыша жарға тығылып жатқандарың не?! Мініңдер аттарыңа, паизысорға* тапсырып береміз!...

Малдасымды құрып, «күлімсірей» қалған мен де зекіре сөйледім түрегеп тұрғандарға:

- Ал, барыңдар енді сақшыға, аттарыңды соның қорасына «оттатыңдар!...» таныс ауылдарымызды тауып бір-ақ түсейік десек, аттарыңның өндіршегі үзіліп кететіндей болдыңдар ғой!

- Таныс ауылдарың кім еді? -деп «сетік тұмсық сары атан» маған үңілді.

- Осындағы оқыған азаматтардың бәрі біздің досымыз. Солардың ауыл-үйлеріне уақытша бөліп-бөліп орналастыра тұурға біз бастап келеміз. Бұларға қазақ-қырғыз ұйымы иелік ететід. Сақшыға қайтпайды; үлкен орыннан алған қағаздары бар! - деп түрегеліп, кеудемді кере түстім; омыраудағы Жяң жиешінің басын анықтап көрсету үшін әдейі керілдім. Қуат та түрегеліп, қолын артына ұстай мығымдана сөйледі:

- Бұлар Тарбағатайдан үкіметіміздің қойын айдап келген. Қатын-балаларынан айрылып істеген сол еңбегі үшін арылы-берілі қуаланып жүрмек пе? Осында паналатуға тапсырылған!

Түрегеп тұрған қойшылардың ажарына қарай түскен сетік сары қоржын-қаптарға үңілді:

- Мыналарың немене?

- Азықтық ет пен шәй еді, қарақтарым! -деді сары шал.

- Қоржындағыларыңның бәрі шәй көрінеді, соны сату сылтауымен осы тауды сағалап жүріп, шарқыйларға өтіп алмақсыңдар ғой!.... Аттарыңды ерттеңдер де жүріңдер алдыға түсіп! -деген сетік сары серігін ымдап, жар ернеуінен арырақ ертіп апарып жүреледі. Біздің сөзімізді тыңдар емес. «Қанымыз бір қазақ едік қой, шырақтарым-ау», «бір мұсылман, Мұхаммедтің үмбетіміз ғой, рақым қылсаңдаршы» -десіп қойшылар шулады. Ең көп еңіреп, зарлап тұрғаны, маған етіктік ақша қарыз берген Төлеуғазы мен көсем шал.

- Жалбарынбаңыздар, - дедім қастарына барып, - анау екі қу алыстап барып, нені ақылдасып отырғанын сезбейсіздер ме? Бұдан да қаттырақ қорқытып, бар шәйларыңды сыпырып алып қоя бермек. Сіздердің Үрімжіге кіріп-шығып тұруға рұқсат етілген қағаздарыңыз бар емес пе,, бұлардың өздерінде мұндай да қағаз жоқ, соны ұстап отыра беріңіздерші, біз сөйлеселік!

Қуат пен Қажиякбар да әрқайсысына күбірлеп жүріп, жүректерін сәл орнықтырған екен. Жым-жырт отырыса қалды.

- Қанша шәй алса да қоя беретін етсеңдер болғаны ғой! - деседі.

Екі мылтықты орындарынан ширыға түрегелді. Аттарын жетектеп, жар басына қайта келе ақырысты:

- Дайындалдыңдар ма, мініңдер аттарыңа!

- Үй, әлі қозғалмай отырғандарың не! - деп мылтығын кезене қалды бірі. - Оқ жегілерің келіп отыр ма!?

- Сіздер мына қағазды көріңіздер алдымен, -деп Қажиякбар ханзуша жазылған таңбалы қағазды биік көтере түрегелді, - мылтық тұрмақ сары аяқтардың пулиметының алдынан да осы қағазбен өте береміз. Сіздер, қазақ азаматы, солар құрлы болмайсыздар ма?

- Қағаз-пағаздарың керек емес, үкіметтің бізге мылтық бергендегі тапсырмасын орындаймыз! -деді сетік сары, - бұл өңірге шет адам келсе, ешқандай куәлігінің керегі жоқ, айдап апарып, сақшыға тапсыруды бұйырған. Жүрмегенін атуды да тапсырды. Жандарыңның барында жүріңдер!

- Сіздерге үкімет қағазы да, үкімет бұйрығы да керексіз демеген шығар? - деп мен кекетінді шыраймен жымидым. Сетік сары сөз тосқансып, үндемей қалды. - Олай емес! -деп мығымдана сабақтадым сөзімді. - Баужаңыңызға алпыс мылтық не үшін берілгенін бізге анықтап ұқтырып шығарған. Құйыршықтан, бұлаңшыдан елді қорғайды деп берген. Сондықтан, бұл панасыздар сіздердің саяларыңызға паналайды. Ондай сенімі болмаса, қашқын болса, мұндай мылтықты ауылда несі бар. Күнбатысқа қарай ойысып барып түсе салмай ма?

- Сен қайдан?... Қайда істейсің? -деп сұрады сетік сары.

- Мен Үрімжілікпін, қазақ-қырғыз ұйымындамын. Баужаңдарыңыздың ауылы қайда, нұсқап жіберіңіз. Мен барып келейін. Сіз мына «жемдеріңізге» қарай тұрыңыз!

- Оның ауылы алыс, таба алмайсың.

- Ендеше, ең жақын ауылды нұсқаңызшы, Оралқан мұғалімнің мектебі осы маңда шығар, баужаңға соны жіберейін!

- Жоқ, ол.... Қаратауға кеткен.

- Басқа мұғалімдер бар шығар, қайсысы болса да бір күндік ат терін менен аямайды!

- Жоқ, сендерді күтіп тұра алмаймыз, қазір қайтыңдар арттарыңа!

- Ей, тез мініңдер аттарыңа! - деп ұзын бойлы қарасы ақыра көтерді мылтығын.

- Жоқ, айдала алмаймыз, айдалатын малың біз емес! - деп мен де түйіле түстім де, атыма беттеп жүре сөйледім жолдастарға. - Мен бұлардың бастықтарын да, басы барларын да қазір тауып келемін, қозғалмай отырыңдар, атқанын көріп алайын!

- Тоқта! -деп ақырды сетік сары мылтығын ыңғайлап, маған кезенді.

- Мылтығыңыздың көтіне қараңыз, неше оқ бар екен! -деп Қуат күле аяңдады менің соңымнан. - Осы таудағы бар қазаққа жете ме?! Жолхатты да көрмей, ауылдарыңды да көрсетпей тұрғандағы мақсатыңды түсінеміз, қоқаңдамаңыз, шырағым!...

Қуат екеуміз бір түкпірден атымызды жетектеп шықсақ, мылтықтылар сары шалды жеке шығарып, сөйлесіп тұр екен. Сары шал Қажиякбарды қол бұлғап шақырды; төртеу болып күбірлесті. Біз аттарды ерттеп жіберіп, олардың келісімін елемейтін бейнемен қасақана аттана жөнелдік. Артымыздан сары шал, онан соң Қажиякбар қосыла айқайлап, қол бұлғады.

- Болды, - деді Қуат күліп жіберіп, - арзандап-ақ тоқтасқан шығар!

- Жеке екеуі ғана жемек болғанын баужаң ауылын алыстатуынан-ақ білгенмін, - деп мен де жымидым, - бұлар біздің ел алдында әшкере айдалуымыздан қорқады. Ал қойшылардың мына қағаздары тұрғанда бұл ауылда ұсталудан қорқуы - қоян жүректік.

- Сен Оралқанның осы ауылда екенін қайдан білдің?!

- Кетерінде айтып еді ғой мылтық алған баужаң ауылына тағайындалғанын. Мыналардың мылтық шошаңдатуынан сол ауылдық екені есіме түсе қалды.

Жар ішімен екеуміз құлдап қайтып келе жатқанда, екі мылтықты жар үстімен желе жөнелді. Менің атымның айылын ағытып тұрып қуана сөйледі Қажиякбар:

- Жеңіс сендердікі!... Біз кісі басы бір-бір шәй ғана беретін болдық та, ол екеуі осы кеште ешкімге көрсетпей, Құтыби өзеніне жеткізіп салатын болды.

Бір түнге оншалық шәй беруге неге көндіңдер?

- Бә...ле, бауырым, олар сендердің де бізбен бірге қашып бара жатқандықтарыңды сезеді екен. Соны күле айтып, іштесе сөйлесуге орай тауыпты. «Мұндағы көп азаматпен таныс екен» деп сен екеуіңнен қорықты. Баужаңына барсаңдар, параны ол қорқаудың өзі ғана алып, бұларға оншалық ешнәрсе тимей қалатыны сезілді. Сонда да екі-екіден шәй алуға шалымызды иліктіріп бара жатыр еді, сен екеуің желе жөнелгендіктен бір-бір шәйға көне қалды. Жалғыз-ақ тапсырғаны - өздері келгенше жар ішінен біздің шықпай күтуіміз ғана; басқа біреу көрсе, пайдасына ортақтасады ғой! -деп күлді Қажиякбар.

Осы кезде бүйірімнен біреу түртіп қалып еді, Төлеуғазы екен.

- Мойныңды бұра кетші! -деп жеңімнен тартып жетектей жөнелді.

Малақай құлағын жартылай қайырып, артына байлай салған беті құм бораннан келгендей тозаңданып тұратын, әжімді өңез сұры, қанша жылдан бері алып сатып, алдап тартып жүрсе де шыр бітпеген Төлеуғазы, күн жарқырап тұрса да мойынын ішіне тығып алыпты. Оңаша шығарып алып, саудаласардағы дағдысымен қолымды ала сөйледі:

- Биғаш, мына мылтықтыларға бір-бір шәй беретін болдық қой, ақ малымыз судай ағып, тектен-теке кететін болды, лаж не, қу жанымыз үшін қидық. Екеуіміз талайдан көшелес көршіміз. Оның үстіне менен төрт шәй қарыз алдың. Мыналарға беретін бір шәйіңді тағы да менен ал, бесеу болсын, осыған «жә» дейік!...

Осы «сауда» үстінде ғана байқадым, бұл алыпсатардың тістері де арса-арса екен. Ашыла сөйлейтін үлкен аузынан ең түпкі азуы да аш жыртқыштікіндей сойдия қалды. Көмекейі де басқаша, тым кең көрінді. Бөбешігі бүлкілдеп, жұтынып тұр. Аса сүркей сезініп, мұрнымды тыжыра үңіліп қалыппын.

- Енді шәйға қарыздансам Қажиякбар ағаға қарызданбақ болып уағда бергенмін. Іздеуші -құтқарушым болып келе жатқан соның жүгін аз да болса жеңілдетуім керек!

- Оның жүгін тіпті көп жеңілдеттің, Биғаш, он екі шәйін көтердің. Және мұндай шығынға ұшырамай жететін бақандай он екі шәй оңай пайда ма?

- Ол шәйіме шәй аламын деп тақақтап тұрған жоқ, адамша жағдайыма қарайды!

- Шәйіне шәй алмағанын көремін ғой, басы көрініп тұрған малды суырып алмай, пайдадан кешетін адам бар ма, Биғаш-ау? Және менің де құтқарушың екенімді ұмытпассың шырағым, төрт шәйіма келген мына етігің болмаса ұзақ жолға атпен жүре алар ма едің?... «Жә» деші Биғаш, жә,  береке тап! - деп Төлеуғазы қолымды тағы да ұстай алып, сілкілеп-сілкілеп жіберді. - Жүр шәйыңды ал!

Көңілі енді жәй тапқандай болған сары шал қолын арқасына қайыра мамырлап, бізге жақындап қалған екен:

- Ой, немене мына саудаларың?! -дегенде жалт қайрылдым. Ызам мұрнымнан шыққандай мырс ете түсіппін.

- Мынауыңыз «етік кигізген төрт шәйім бес шәй болсын, тағы бір шәй ал» деп қысап тұр!

- Енді не үшін алады екенсің?... Ойпыр-ау, ойпыр-ау!...

- Мылтықтыға бұл да бір шәй төлемей ме, әркімге телмірмей, тағы да менен ала сал деп тұрмын, - деп Төлеуғазы қайырды жауабын, - «сый қылсаң, сыпыра» деген.

- Е, бұл екі азамат шәй төлейді деп кім айтты саған? Екеуінде шәй жоқ екенін айтқанымызда мылтықтылардың өздері кешірім етті.

Көсем шалдың бұл кедергісінен де бір кесек пайда көргендей өзеурей жұтынды Төлеуғазы:

- Олай болса, жақсы екен, жиырма бес шәйді жиырма жетіміз бөліп төлейміз!

- Қайтып? - деді сары шал, қою қоңыр сақалы дір ете түсіп, қысықтау көзі бажырая қалды.

- Бұл екеуі де жолаушы болған соң, жол шығынын тең төлемей ме?.... Қайсынымыздан ардақты, әрине, төлейді!

- По...по-по, неткен қара қасқа едің, шырағым?... Осы екі жігіт болмаса қайта айдалып кете беретін едік қой, ең болмағанда бар шәйымыздан айрылар едік. Жанымыз үшін бар шәйды құрбандыққа атап шулап тұрғанымызда кеудесін мылтыққа төсеп құтқарған осы жігітті тағы бір уыс шәйға қарыздар етпекпісің?...

- Нағыз ит-шошқаның баласы екенсің! - деп бір жігіт жетіп кеп төне түсті Төлеуғазыға. Сары шал алдын тоса берді де, ол ұмтыла түсті. - Мал түгіл, осы жолдан жаның қаларын қайдан білдің, ниетіңді с... қорқау!... Бар шәйыңды құтқарып тұрса, бір шәй салық салмақпысың тағы да?!...

Қажиякбар төрт шәй қолтықтап келді де, ұмтылып жүрген жігіттің алдын тосты:

- Тілеу жолында келе жатырмыз ғой, тимей-ақ қой бұл итке!... Жә, Төлеуғазы, Биғабілді саған қарыздар еткен мен едім, үлкен пәлеге қалдыра жаздаппын! Міне шәйың, береке тап!

Төлеуғазы сырт айналып жүріп кетті:

- Мен жолда аламын деп бергенім жоқ! - деп міңгірлей жөнелді. Қажиякбар төрт шәйді ұсынып, қуалай ерді:

- Өлімнен қайтқан азаматты барған соң тағы қинасын деп алмадым мен сенен!... Ниетің өзіңе ғана жолдас болсын, мә, шәйің, ал да, қылқыңдамай аулақ жүр маңынан!...

Төлеуғазы қашып, төрт шәй соңынан қуалап жүргенде басқа қойшылар оның жүгін атының қасына апарып тастап еді. Қашып барып жар үстіне шыққан Төлеуғазы маған дауыстады:

- Биғаш-ау, Биғаш, кешір мені, кешір, барған соң қузамайын! Не берсең... әй, қашан берсең өзің... бересің... қысамайын, міне, екі қолым төбемде!

- Түс жардан!... Уағдасының сиқырын қарашы мына аш биттің! -деп қойшылар күлісті.

- Аш бит болғанда да аумаған арық сиырдың биті, көрмеймісің жағын!...

Төлеуғазының күбірмен не деп жалынғанын естімедік, Қажиякбар төрт шәйін қолтықтап қайтып келді. Көпшілік от жаққан жерден тезек тере қайтып келе жатқан «аш битті» қайта қуды. Серік қойшылар:

- Жоғал, кәпір, ары кет, мына ниетіңнің кесірі тиеді бізге!

- Аулақ кет бізден, жиырма бес шәйді өзіміз-ақ төлейміз!

- Жанымызды құтрқаруға ақсарбас нияз айтып келе жатқанымызда сенімен бірге жүрсек жазым болармыз, кет, өз бетіңмен кет!

- Жанымызды тілеп тұрғанда тәнімізді кеміретін арам екенсің! Кесапатың өзіңмен кетсін, аулақ кет!

- Мал түгіл, бас қайғы болып тұрғандағы құлқының мынау, жайшылық уақытта не оңдырарсың, жоғал кәпір, жоғал!...

Әрқайсысына бір жалтақтап тұрып қалған Төлеуғазы ешқайсысынан жылырақ рай көре алмай, жүгі барған жерге кетті. Бөктерген шәйі көп болғандықтан, бақырын ауырсынып, санпакуге тастап шығыпты. Су толтырған жалғыз темір тегешін отқа салып, бырылдатып отырғанда, тамақтанып болған көпшілік көз іліндіруге жатып еді, күн бата бас көтерсек, Төлеуғазы әлі бырылдатып отыр екен.

Көсем шал мен Қажиякбар тоқтамдағы шәйді жиюға кірісті. Төлеуғазы бір шәйін ала жүгірді бізге қарай. «Ары кет, өзіміз төлейміз», «бізге ерсең, атыңның аяғын шағамыз» деген кіжінулерге қарамай, жете келіп жүгінді:

- Көкетайлар-ау, қойдым дедім ғой енді, қойдым!... тиын қуып үйренген қу басымды қойдым аяқтарыңа, міне... міне! -деп етпеттей созылып жетіп, қоса салды шәйін. Бағанағы ұруға ұмтылған жігіт лақтырып тастап еді, көсем шал қозғалып, бір кесімге тиянақтататын ыңғай білдірді:

- Жігіттер, «кемедегінің жаны бір» дейді. Мекеге қажыға жүргендердің кемесінде бұрын мысық өлтірген бір адам болса, бүкіл кеме суға батады дейтін сөз бар. Мына арам да сол мысықтың бірі шығар, жалғыз тастап кетсек өлгені. Ал, қосып ала жүрсек, кемемізді күпірлік індіні батырады суға!... Сол себепті бізге қосылмай, артымыздан ғана ілесіп отырсын!

- Олай болса, деді бір жігіт, - өз істегенін өзіне істейік, мына жиырма бес шәйді барлық шәй санына қарай бөліп төлейік! Бұл тақыстың шәйі әрқайсынымыздікінен екі есе көп. Екі есе артық төлесін!

- Япыр-ай, аз болсын, көп болсын, бәріміздікі бір-бір ат көтеріп келе жатқан шәй ғой, ағатайлар! - деп Төлеуғазы басын қасығанда Қажиякбар күліп жіберіп, қолын бір-ақ сілтеді:

- Керек жоқ, итке қарап иттік қылсақ, адамдығымыз қайсы! Жалғыз-ақ бізге қосылмай, алыстан, артымыздан ғана ілессін!

Ымырт үйріле жар басына үш адам жетіп келді. Біреуі өгіз мінген бала екен. Шәйді Қажиякбар бір-бірден санап, жар үстіне шығарып берді де, бала теңдеп алып қайтты. Екі мылтықты сәл құлдап барып, сол жардың ішіне түсті де, өздерінен алысырақ ілесуімізді бұйырып, жөнеле берді.

Түкпір-түкпір қараңғы сайларды қиялайтын тасты сүрлеу-соқпақтарды әрең тауып, баранға үнсіз ілесумен түн ортасын деңгейлетіппіз. Өзен сарылы естілген терең шатқалға түсе беріп едік, оң жақ тұсымыздағы қия беттен «сол жерге тоқтаңдар» деген бұйрық естілді, ат тізгінін тарта қойдық. Жиырма бес шәйді асқазандарына сіңіріп болған мықтылар екен:

- Ал, жақсылап тыңдап алыңдар, біз осы жерде қаламыз! - деп нұсқауын бастады сетік сары. - Сол беттеріңмен тарта беріңдер. Мынау Санжы өзені, тура кесіп өтіп, қиыс өр жақтағы құрғақ сайға өрлеңдер, кезеңге шығасыңдар. Кезеңнен ары қарай күнбатысқа тура тарт, сайғақты үш-төрт зираттың теріскей жағындағы беткейде сүрлеу жол бар. Ол екі жағы биік жартасты құр ағынға түсіреді. Құр ағын Құтыби өзеніне түсіреді. Ал, жолдарың болсын!

- Шырақтарым-ау, Құтыбиге жеткізіп, аржағына жол көрсетпек едіңдер ғой! -деп шал атынан түсе, өрлей ұмтылды бетке.

- Тоқта, сол жерге! - деп сетік сары біздің көсем сарыны зекіп тоқтатты да, қайта жұмсара сөйледі. - Жеткізген деген осы, Санжыға жеткізіп, Құтыбиге жол көрсеттік. Одан ары да ұлы тауға жақындамай, осылай бөктерлей берсеңідер, бұл бөктерде қазір ел жоқ!... Біз сендердің обалдарыңа қарадық, сендер де біздің обалға қарайсыңдар, Құтыбиға жеткіземіз десек таң атқанды қойып, түс ауады, ол бізге жау ел, ұсталып қалсақ өлтіреді. Сендер де аман өтіңдер, ауылымызға біз де аман жетейік!

Қос бөрі жорта жөнелгенде, біз жым-жырт тұрып қалып едік, әудем жерден сетік сарының зіркілі естілді:

- Кімсің?!

- Ағатай-ай, мен едім, бір шәй беріп, соңдарыңыздан ілескен мүсәпірдің бірімін! -деген Төлеуғазының жан дауысы шыққанда көсем шалымыз да күліп жіберді.

- Ал, Құдайға сиынып жүріп кетелік енді, -деді сонан соң, әйтеуір жол бағдарын нұсқап берді ғой, жолдары болсын!

Олардың жолы болғанымен, шыққан күннің сәскесінен бастап, біздің «жолымыз болмауға» айналды: екі жағы қамалдай тұтасқан қысаң құзар жартасты құрғақ ағынға кіріп едік, бірден тізіліп шұбап, жортып аяғына жете алмадық. Суда, үзіп алар бұта да жоқ, аттарымыз бұрлығып, бұратылып қалды. Қырсықты ағыннан шығып алар жатықтау кетігі де, жатағандау сетігі де жоқ, тіп-тік, ұшпа қызыл жартас болды да отырды. Тас тандырдай қапырық ыстық кенеземізді де кептіріп келе жатқанда одан да зор кесірге тап бола қалдық. жолымыз шорт кесіліп, кісі бойы құлама жар кілт тоқтатты. Аттан түсе-түсе қалып шоңқидық. Артқа қайта шегінсек, басына жете алмай түгел құримыз да, құламадан секіртсек аттар күйрейді. Бұл жерде аттың күйреуі - өзіміздің де күйреуіміз... тым-тырыс дағдарып отырғанымызда айналмадан атын жетектеп, ілбіп Төлеуғазы шықты:

- Ағатайлар, құтқарыңдар мына жүктен, атым жүре алар емес, екі дүниеде қарызы жоқ! -деп боздап жіберді.

- Әкеңнің аузына шәйіңді құйып с.... жолымыздың осы кесілуі сенің кеселің .... жоғал ары! -деп біреуі зекігенде, Төлеуғазы артына қайта қайрыла ілбіп еді. Бір-екі жігіт қарқылдай күлді.

- Бұл екеуін шешелері «өлгенде күлгір» деген қарғыспен қарғаған екен! - деп Қуат күбірлегенде мен күліп жібердім. Нұриядан айрылғанымды естігеннен бері шын күлгенім осы-ақ шығар. Ытып тұрдым орнымнан.

- Мына жардың тағанына құм тауып төгейік пе, жігіттер? -деп көсем шал да тұрды орнынан. - Тасқынның сарқырамасы болған соң төменгі жағына қайрандаған құм табылар...

Айтқанындай-ақ ойдым-ойдым ұйыған құм бар екен. Қоржындарды шәйдан босатып алып, секіріп-секіріп түстік те, ат түсер жерге қалыңдатып құм төктік. Әр атты секіртіп түсерде бір-бір «ақсарбас» тағы да айтылып жатты....

Бұл қатерден түгел аман құтылғанымызға қуана аттанып едік, бір бұрылыстан айнала бергенімізде арт жағымыздан тағы боздады Төлеуғазы. Әлгі жардан торы ат ары тартып, Төкең бері тартып тұрғанда шылбыр үзіліп, шалқасынан ұшырыпты. Бірнешеуіміз қайтып барып, атын түсірістік те, зілдей екі қоржынын Қуат екеуміз бөктердік...

- Көптің жүгін көтеретін ниетің көрінсе, көп сені көкке көтереді. Көпті жерге қаратсаң, көп сені жерге тығады. Осы жолда түсінген шығарсың Төлеуғазы?! - деді Қажиякбар Құтыби өзеніндегі қалың тоғай арасына тыныққанда. Майлы қоңыр дастарқанына оны да қосып алды.

- Түсіндім, түсіндім Қажытай, жар түбінде қала жаздамадым ба?!... «Көптен шыққан көмусіз қалады» деген осы екен, толық түсіндім....

Бұл тақысқа көптен шыққан көмусіз қалатынын түсіну тым қиын екенін, екінші бір тұйыққа қамалғанымызда біз толық түсіндік.

Күн батысымен Құтыби өзенінен тағы да түн қатып аттанып едік. Жықпыл-жықпылмен керілдесе жортып, кезеңдер асып келіп, жазық далаға шыққанымызда күн де шықты. Ұлы тауды жастанған жап-жайдақ кер жазыққа бадырайысып тұра қалдық.

Төменгі жағымыздағы үлкен жол әлем-тапырық; күншығысқа қарай жосылған ұзақ шұбырынды арба; жүк автомобилінің асығып дығырлатқандағы ұзақ-ұзақ айқайы естіліп тұр. Шақырая көтерілген күн алдымыздағы сұры даладан қарсақты да мұндалап көрсететіндей. Бөктер жағымыз және у-шу. Үрген ит, айқайлаған адам , кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр дауыстары. Біз паналарлық далда, кірерлік ін табылар емес. Алдымызда, недәуір алыста дара көлбеген қызыл жотадан басқа қолдап-қорғайтын піріміз жоқ сияқты. Ат айылын мықтап тарттық та, шаба жөнелдік. Көлденең қызылдан көрінген жалғыз «сайға» сүңгіп кеп беріп едік, ол сай емес, апандай ғана тұйық екен. Маңдайымыз тақ етіп, биік жартасқа тірелгенде құйрығымыз аңырайып, алаң-ашықта қалды. Екі-үш жігіт жартасқа жабысып жаяу қиялап шықты да, жата-жата қалысты. Лезде қайта домалады:

- Ойбай, арғы беті тіпті тік жар екен, бықыған қалың сары аяқтың үстінен шығыппыз! -деп біреу мәлімдегенде Төлеуғазы атын жетектеп, кейін шегіне жөнеліп еді; жотадан түскендер: «мылтығын иығына салған бір сары аяқ шаңқылдап әндетіп жүр» дегенде, Төлеуғазы атына міне қашты. Оны көріп тағы екеуі зыта жөнелді.

- Тоқтаңдар, ақылдасайық! -деп көсем шал дауыстады да, үш-төрт жігіт атпен қуып барып, артқы екеуін қайырып әкелді.

Төлеуғазы бар шәйі бізде қалғанына қарайлағандай, бір шақырымдай алыстап барып, атынан түсті де, жап-жазық далаға жата қалды. Жасырынғаны екен, бұлай «жасырынуды» білмейтін «ақымақ» торысы бір мөшек толы бөктеріншегімен серейіп тұр.

- Мынаның арты терең сай дейді, Тасырқай өзеніне жеткен сияқтымыз, -деді шал, - мен қартайған адаммын ғой, сары аяқ басып жатса да барып, анығын білейін, сендер осы жерде қозғалмай, шәй қайнатым уақыт күтіңдер... Егер кешіксем, ұсталғаным. Олай болғанда, бірден-екіден ғана бөлініп, тауға тартыңдар. Бұлардан көрі қазақ қарақшыларының қолына түсулерің жеңіл, әйтеуір атпайды ғой!

Осыны айта сала сол жақ бүйірімізден қиялап, аса жөнелді шал... көбімізді тықыршытқан бір сағаттан соң шат дауысы естілді:

- Сүйінші, сүйінші... Өз елімізге, мұсылман туыстарымызға жетіппіз! - деп келе атынан домалап түсті. - Бұл жақта гоминдаң қалмады дейді! Бағанағы көргендерің мылтықты қытай емес, иығына шалғы асқан дүңген екен, соның өзі айтты.... Гоминдаңнан тіпті Құтыбиге дейін тазарыпты... сары аяқтар Манастың өзіндегі акоптарына ғана тығылып жатыр екен. «Олар бұл жаққа шыққанды қойып, інінен бас шығармағалы қашан» деп күлді дүңген...

Қуанышпен тасқындап келген сары шал осы хабарды ағыл-тегіл сарқыратып тұрғанда, Қуат екеуміз кеудеміздегі Жяң жиешінің басын жар үстіне лақтырып-лақтырып тастадық. Әзірейілден қорықпау үшін тағынып келе жатқан бұл бас ендігі әзірейілге өзі ұстап бермей ме!

* * *

Әділетті тергеушім, қорқақтың әзірейілі көп болады ғой. Әзірейілдің өзі қорықса да қорқақтарды түгел әзірейіл деп түсінеді. Батыстан Шығысқа қарай жөңкіліп бара жатқандардан қорқып, кірерге ін таба алмай, бұтымызға тамшылата қашып келе жатқанымызда, сол қорқытушылардың өздері бізден қорқып, жапалай қашып бара жатыпты. Қылмыссыз адам қаша ма. Демек, бұл өңірде өріп жүргендердің бәрі қылмыс кіріптары болғаны ғой. Осы арада өткізген тағы бір айрықша зор қылмысымды қағып ала қойған шығарсыз. Жяң жиешінің басын «қастерлеп» биік жар үстіне «шығармадым ба!»

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Мәліш - айна, тарақ, ине, жіп, сабын, түйреуіш сияқты ұсақ сауда бұйымдары.

* Пайзысо (пайчусо) - сақшы бөлімшесі.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520