Құмды шөлдегі Гүлістан
Басы: Оралғандар елі – Израиль
Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр
Жалғасы: Қиялдан шындыққа дейін...
Жалғасы: Тәуелсіздікті қорғау жолындағы шайқастар...
Жалғасы: Тәуелсіз Израильдің көші-қоны
Жалғасы: Өмір шындығына айналған утопия
Адамдар Израильдің экономикалық табыстары туралы ойлағанда, оның әлемде ең озық әскери қару-жарақтарды өндіретін әскери өнеркәсібін сөз етеді. Бірақ, осы бір құмды-шөлді аймақты қайта түлеткен экологиялық табыстарын ұмыт қалдырады. Шын мәнінде Израильдің адамзатқа үлгі боларлық мұндай табыстары оңтүстіктегі Негев шөлін құмдағы гүлстанға айналдырған ғажайыптарын астын сыза отырып айтуға болады.
1906 жылы Польшалық еврей жас жігіт Палестинаға сапарлай келеліп, Иерусалимге бара жатқан жолда сазды алқапты кесіп өтеді. Ол еврейлер үшін қасиетті саналатын Иерусалимдегі Дәуіт Пайғамбардың басына тәуап етіп қайтқан соң, Негев аймағына соғады. Осы бір құты қашқан, сүреңсіз аймақ жас жігіттің санасына мәңгілікке жазылып қалды. Оның аптап күннен қуырылған құм мен тастары, сусыз қатал табиғаттан қурап, сарғайып кеткен өсімдіктері желмен баяу тербеліп, мұңлы ән салып тұрғандай еді. Жас жігіт құмды далаға қарап, жабырқап-жасыған жоқ. Іштей өз-өзіне серт беріп, күндердің күнінде осы даланы гүл жайнаған құтты мекенге айналдыруға бел байлады. Бұл жас жігіт Израильдің тұңғыш премьер-министрі Давид Бен-Гурион болатын.
Израиль халқы Давид Бен-Гурионды құмды даланы жан-тәнімен сүйген, тіпті оған жадыланып қалған жан деп құрметтейді. Әлем елдері көшбасшыларының бірде-біреуіне өз халқы осындай атақ пен мәртебе бермеген шығар. Ол алғаш рет Негев шөліне келген кезде ешкім де емес болатын. Былайша айтқанда, арабтардың мекеніне келген қайдағы бір келімсек, тың игерем деп тыраштанған жанкешті біреу саналатын. Соған қарамастан, ол осы бір құмды алқапты бағындыруға бел байлап еді. Сол кездегі арманшыл жас, болашақ саясаткерге тән асқан сезімталдықпен осы бір ешкімге керек болмайтын құлан жортпас құла түзді түптің түбінде еврейлерге беретін шығар деп болжады және соны армандады. Міне бүгін бұл аймақ Израильдің айырылмас бір бөлігі, гүлге оралған, түгін тартсаң, майы шығатын еврейлердің құтты қонысына айналды. Сол кезде көптеген еврей еріктілері Палестинаның солтүстік аймағына топталып, тың игеруді бастаған кезде Давид Бен-Гурион өз арманының жетегімен Негев аймағының Сде-Бокер деген жеріне келіп, сол жердегі кибуцтың қызметіне белсене араласты. Сол бір арман қуған, албырт та азапты күндерін ол : «Тың игеру кезінде азапты еңбектен шаршап-шалдығу, аштық пен індет бізді кезек мазалайтын. Бірақ, жан қалауымызбен жасаған еңбектен ләззат алушы едік. Сол кездегі арман қуған еріктілер болашаққа деген сенім мен талпыныстан қанаттанып, жан сала еңбек ететін. Тіпті, олар әйелдердің кибуцтың шаруашылық жұмыстарына араласуына жол бермейтін. Себебі, әйелдер еңбекке араласса, болашақ еврей мемлекетінің иелері саналатын ұрпақ тәрбиесін босаңсытып алуы мүмкін ғой. Өздерінің талап етуімен ерлермен қатар еңбек етемін деген басы бос қыздар асхана, балабақша қатарлы жеңіл-желпі еңбекті місе тұтпай, егіс басында ерлермен еңбек жарысына түсудің өзін өздеріне бақыт санайтын»-деп еске алатын. Давид Бен-Гурион өз тағдырын осы құмды алқаппен байланыстырды. 1953 жылы ол премьер-министр қызметінен кеткен соң, дереу Сде-Бокердегі кибуц жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Ол өзін бір кездегі премьер-министр емес, кибуцтың қатардағы еңбеккері ретінде санады. Бірақ бір қызығы, содан бастап Сде-Бокер ауылы Израильдің бейресми саяси орталығы сияқты мемлекеттік жоғары лауазымды мансаптылары мен салмақты саяси тұлғалардың аяғы үзілмейтін мекенге айналды. Кейін ол тағы мемлекеттік қажеттіліктен үлкен саясатқа қайта оралуға мәжбүр болды. 1966 жылы ол 77 жасқа келіп қартайған шағында парламент депутаты салауатымен Сде-Бокерге көшіп келіп, жұмысын жалғастырды. 1973 жылы 87 жасында сол арада қайтыс болып, өз өсиеті бойынша сол жерге жерленіп, құмды даладан мәңгілікке тұрақ тапты.
Давид Бен-Гурион қатарлылар қайткенде еврей қоныс аударушыларының Палестинаға ірге теуіп, тұрақтап қалатындығын және еврейлердің ауыл шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелердің не екендігін өте жақсы білді. Мұндағы ең шешуші мәселе су көздері болатын. Жалпылама айтқанда, Израильдің су байлығы мүлде жеткіліксіз. Солтүстік өңірлердің жылдық жауын-шашын мөлшері 450-500 мм айналасында. Оңтүстік өңір 200 мм-ге де жетпейді. Ең оңтүстігіндегі құмды алқапқа мүлде тамшы да тамбайды. Өңірлік жақтан алғанда солтүстікте су мөлшері жеткілікті. Ал орталық пен оңтүстік аймақтары судың тапшылығынан зардап шегеді. Солтүстік аймақтарда су арналарының бітелуінен көптеген сазды алқаптар қалыптасқан. Мәселенің кілті солтүстіктегі басы артық суды орталық және оңтүстік аймақтарға жеткізіп, солтүстік пен оңтүстік бірдей игіліктенетін жағдайға жеткізу.
1951 жылдан бастап тәжірибелі су шаруашылығы инженерлерінің мұқият жобалауымен 7 жылға жоспарланған су көздерін ретке салып, атыз-арықтарды қайта жасау құрылысы қолға алынды. Израильдіктер Иордания өзенінің арнасын өзгертіп, 40 км созылған канал қазу арқылы Галилей тауынан шығысқа қарай Хула көлінің айналасынан 6 000 гектар құнарлы, жаңа егіс алқаптарын қалыптастырып, астықты өлшеммен үлестіретін дәуірді түпкілікті аяқтастырды. Одан соң солтүстіктің суын оңтүстікке апару құрылысы басталды. Израильдіктер Тивериад (Галилей теңізі) теңізінің суын насоспен тартып, оны белгілі бір биікке көтергеннен кейін, Галилей тауынан асырып, батысқа қарай орталық және оңтүстік аймақтарға жеткізеді. Бұл жобаның қаржылық шығыны жойдақсыз болуымен бірге саяси және діни кедергілерге де тап болды. Тивериад теңізіне құятын Иордания өзені Израиль, Сирия және Иорданияға ортақ өзен саналады. Сол себепті Сирия мен Иордания Израильдіктердің өзен суын мөлшерден көп пайдалануына қарсы болды. Бұдан тыс, Иордания өзені Яһуди діні фанаттарының жүрегінде қасиетті су саналады. Оған қол тигізу Тәңірдің шамына тиеді деп есептеледі.
Экономиканың күре тамыры мәселесін шешу үшін премьер-министр Давид Бен-Гурион 1953 жылдан бастап су құрылысын бастауға бұйрық берді. Сирия да қарап қалған жоқ. Олар да ауыр техникаларын Иордания өзенінің жағалауына жіберіп, өзен суын жоғары жағынан бұрып әкетуге оқталды. Давид Бен-Гурион еш нәрседен тайсалмастан Сирияның құрылыс техникаларын зеңбірекпен атып, күл-талқан етуге бұйрық берді. Израильдіктер Тивериад теңізінің батыс-солтүстік бұрышынан теңіз суын 360 метр биіктікке тартып шығарып, содан соң, күрделі су арналары туннельдер, су сору қондырғылары және диаметрі 2,74 м келетін бетон құбырлармен суды 144,8 км шалғайдағы орта және оңтүстік аймақтарға жеткізді. 1964 жылдың 5-мамырында «мемлекеттің су арнасы» деп аталатын осы бір алып кешеннің құрылсы аяқталып, су беріле бастады. Осы су арнасының көмегімен Негев өңірінің сумен қамтылуы 75% артып, сол арадан 57 000 гектар жерге жасыл алқап орнады. Міне, солай құмды алқапты гүлстанға айналдыру жобасы арманнан шындыққа айналды. Бір қызығы, «Тәңірді шамдандырамыз» деп байбалам салған кертартпа діндарлардың өзі діни тәпсірлерден Иезекииль Пайғамбардың «күндердің күнінде бір алып өзен құмды кесіп ағады», «су барған жердің бәрінде тіршілік гүлдеп өседі» деген сәуегейлік өсиеттерін тауып шығыпты. Және сол арқылы Алла елшісінің бір кездегі айтқандары тәуелсіз Израильде шындыққа айналғандығын әлемге әйгілеп, жар салып, жарнамалап жатты.
Израильдіктердің еңбекқорлығы мен ақыл-парасаты, дау жоқ, құрметке лайық.
1952 жылы АҚШ-тың Калифорния штатынан мақта өсірудің маманы Сэм Хамберг Израильге туысшылай келеді. Кісі танып, бағалай білетін Израильдегі саққұлақ саясаткерлер ол кісінің келгенін дереу премьер-министр Давид Бен-Гурионге жеткізеді. Премьер қолындағы барлық шаруасын қайырып қойып, дереу ол кісіні өз кабинетіне шақырып, қабылдайды. Және оған Израильдің мақта өндірісіне көмек көрсетуін қиыла өтініп, былай дейді: «Сэм мырза! Сіз осында мақта өсіріңіз. Біз оны тоқитын зауыт құрайық!». Премьердің ізгі көңіл, шынайы сезіміне толқыған фермер оған келісім береді. Бірақ ол Негев аймағының қаңсыған қу медиан даласын көргеннен кейін басын шайқап, кері қайтпақ болады. Дәл оның аттанар сәтінде ауыл шаруашылығымен ешқандай қатысы жоқ бір адам оны қалуға көндіреді. Сол кездегі Израиль құрлық армиясының штаб бастығы, генерал Игаэль Ядин оған қиыла өтініп, Израильдің басқа өңірлерін де аралап қайтуға кеңес береді. Сэм Хамберг мырза солтүстіктегі Бейт-Шеан өзені жағалауынан мақта өсіруге қолайлы егіс алқаптарының барлығына көз жеткізеді. Ол дереу АҚШ-қа қайтып, 10 күннен соң Американың атақты су құрылыс инженерін ертіп келіп, мәселені майшаммен қарауға кіріседі. Генерал Игаэль Ядин оған жатып жастық, иіліп төсек болып, әскери қосындарды оған көмек көрстеуге бұйрық беріп, Израиль жерінде тұңғыш рет мақтаны табысты егіп шығарады. Міне, осының арқасында Израильдіктер небәрі 10 жылдың көлемінде киер киімнен де ешкімге алақан жаймайтын жағдайға жетті. Қазір Израиль орта шығыста мақта өндіріп, мақта өнімдерін экспортқа шығаратын бірден-бір ел. Израильдегі мақта өндірісінің көлемі жеміс алқаптарынан кейінгі екінші орын алады. Мақтаның бірлік өнімі жағынан әлемдік көшбасшы саналады.
Израильдіктер өздерінің жанкешті еңбекқорлығымен азық-түлік мәселесін шешті десек, олардың ауыл шаруашылық саласындағы толағай табыстары ғылым мен техниканың ең жаңа жетістіктерін сәтті пайдаланудың есебінен жүзеге асты. Израильдіктер өз жер аумағының жартысынан көбінің ауыл шаруашылығына жарамсыз шөлейт аймақтар екенін, шөлді бағындырмай, одан әрі дамудың болмайтындығын да жақсы түсінеді. Бұл жақта дайын тұрған шет елдік тәжірибе де жоқ болатын. Сол себепті, болмашы суды төкпей-шашпай, өнімді пайдалану үшін ауыл шаруашылығы технология ғалымдары әлемдегі ең озық бүркіп суару мен тамшылатып суару технологиясын тапқырлап, азғантай сумен ауыл шаруашылық дақылдарының қажетін өтеуге қол жеткізді. Мамандар дақылдарды егудің мүлде жаңа тәсілдерін тәжірибеден өткізіп, толағай табыстарға жетті. Олар алдымен суды аямастан егістік жерді қандыра суарып, дереу топырақты тыңайтып, жердің құнарын арттыратын жоңышқа тұқымын егетін. Жоңышқа жер бетіне өніп шыққан соң, оны бүркіп суаруға кірісетін. Міне, осылай шөлейттің сары түсі жап-жасыл атыздарға айналатын. Бұдан тыс, олар тағы жасанды жолмен жаңбыр жаудыру, теңіз суын тұщы суға айналдыру және қалдықты суды қайтадан пайдалану сияқты технологияларды кеңінен пайдаланып, суды екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік алды. Израильдің суармалы егіс алқаптары 1948 жылғы 30 400 гектар-дан 1988 жылы 216 000 га дейін кеңейді.
Израиль мемлекеті құрылғаннан күні бүгінге дейін Израильдің халық саны ондаған есе көбейді. Ал, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігі 20 есеге жуық ұлғайды. Израильдің тұңғыш Президенті Хаим Вейцман бір кездері былай деген болатын: «Тек бізге бір тостаған су, бір түйір тұқым болса болды, біздің ұлтымыз аштан өлмейді». Шынында, Израильдің тұңғыш президенті еврей халқының ақыл-парасатына ерекше сенімді еді. Израильдің бүгінгі жетістігі де сол ақыл-парасаттың жемісі. Израиль үкіметінің әр жылы Израиль ауыл шаруашылық ғылым-техникасына бөлетін қаржысы 100 млн доллардан асады. Бүгінгі күнде Израильде 3500-ден аса жоғары технологиямен шұғылданатын ауыл шаруашылық компаниялары бар, 7 ауыл шаруашылық институты жұмыс істейді. Осындай ғылым-техника қызметкерлерінің жан қиярлық еңібектерінің арқасында, Израиль шекті егіс алқаптарынан жылыжайлар арқылы төрт маусымда да тоқтаусыз өнім алады. Бір ғана қызанақтың өзінен жоғары технологияның көмегімен әр гектарына әр маусымда 300 тоннадан астам өнім жинайды. Бұл аспан астындағы ашық атыздардың 4 есесіне тең. Израильдіктер үшін судың әрбір тамшысы қымбат. Сол себепті, қалдық судың 90% қайта өңделіп пайдаға асырады. Бұл ауыл шаруашылығына қажетті судың 20% қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнде Израиль өз халқына қажетті ауыл шаруашылық өнімдерінің дәнді дақыл, өсімдік майы және ет өнімдерінен тыс, басқа қажетті азық-түлік өнімдерімен өзін толықтай қамтамасыз етуге қабілетті. Қамтамасыз етіп қана қоймайды, асқан бөлігін көп мөлшерде Еуропа елдеріне экспортқа шығарып, елдің валюталық кірісін толықтырып отырады. Бұдан бұрын да айтқанымыздай, Израиль орта шығыстағы жаратылыстық шарт-жағдайы бәрінен нашар мемлекет. Бірақ, ауыл шаруашылық саласында жеткен жетістіктерін көршілерімен мүлде салыстыруға келмейді. Кешегі жердің сорлысы, құлан жортпас қу дала, меңіреу құмды алқап Негев аймағының өзінде өндірілген сансыз шоқ гүлдер әуе тасымалымен Еуропа базарларына күн сайын жөнелтіліп жатады.
Өзге елдің табыстарымен жете танысқан сайын, өз жерің-өз отаның туралы ойламау, толғанбау мүмкін емес. Біздің тәуелсіз, кең байтақ Қазақстанымыздың экономикалың әлуетін аядай Израильмен салыстыру мүлде мүмкін емес. Біздегі мүмкіндік оларды мың орап алады. Халқымызды да біреуден кем-қор жаралған сапасыз тобыр дей алмайсың. Керісінше біз өзіміздің текті, жасампаз, сауатты, төзімді, дана халқымызбен күллі әлемге мақтансақ жарасады. Ал, сонда ел жасаған ен байлықты біздер неге жасай алмай отырмыз?! Мен бұл сұраққа қазақтың қайраткер ұлы, марқұм Айтан Нүсіпханұлының күнделігіндегі үзінді арқылы жауап бергенді жөн көріп отырмын. Ол өткен ғасырдың 90-жылдарында қойын дәптеріне былай деп жазыпты: «Нұрсұлтан Назарбаев қай бір жылы Израильге сапарлай барғанда, шөл дала мен тақыр таулардың гүлге оранғанын көріп, таң-тамаша болыпты деседі. Сонда еврей әріптестерінің бірі: «Сіздерде осылай ете аласыздар әлі-ақ» дегенде біздің патшамыз ойланып жатпастан: «Ойбай-ау, мен мұндай халықты қайдан аламын?» депті ғой.
Мен болсам соны естіген сәтте: «Мен сендердегідей дана көсемді қайдан аламын?» деп қарсы сұрақ қояр едім-ау еврейлерге.
Израиль ұрпақтары ала-құлалығы жөнінен бізден бетер еді. Бірақ көсемдері сондай қырық жамау елдің басын біріктіре алды. Тілін де, дінін де, ділін де қорғап, дамыта білді. Гольдмейер сияқты аңызға айналған адамдары болды. Ал бізде халық жүрегінен дәл осындай орын тапқан кімдер бар? Олар ақыл-парасатымен ғана емес, жеке басының ірілігімен де халқының сүйіспеншілігіне бөленді. Олар халқымен бірге тоңды, халқымен бірге ашықты, халқымен бірге бар тауқыметті тартты, қуанса қуанып, жыласа бірге жылады. Ақырында халқымен бірге биікке көтерілді.
Ал бізде ше?.... Әй, қайдам.....»(Айтан Нүсіпханұлы «Қайғыңды қайран қазақ арқаладым..» 2-том, 10-11бет. ) - деп көкірегі қарс айрылады.
Менің рухани ұстазым Айтан Нүсіпханұлы қазағының қайғысын қайыспай көтере жүріп, мезгілсіз бақилық болды. Ол кісі де Израильдағыдай әділетті саяси жүйенің тәуелсіз Қазақстанда орнағанын армандады. Ұлтымыздың бүгінгі көшбасшыларынан Алаш арыстарындай жан қиярлықты, Израиль көсемдеріндей қара қылды қақжаратын әділеттілік пен парасаттылықты талап етті.
Мен де Айтан ағам сияқты Израильдегідей әділетті саяси жүйе орнағанда, менің қазағым да күллі әлемді таңқалдыратын не бір кереметтерді жасайтындығына имандай сенемін.
Жалғасы бар...
Рақым Айыпұлы
Abai.kz