Жұма, 22 Қараша 2024
Өзгелер 13459 34 пікір 21 Мамыр, 2021 сағат 13:39

Тәуелсіз Израильдің көші-қоны

Басы: Оралғандар елі – Израиль

Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр

Жалғасы: Сион тауына қайту...

Жалғасы: Қиялдан шындыққа дейін...

Жалғасы: Тәуелсіздікті қорғау жолындағы шайқастар...

1948 жылдың 23-маусымы. Соғыс қимылдары жүріп жатқан шақ. Ел президенті Хаим Вейцман, премьер-министрдің орынбасары Каплан Элиэзер, қорғаныс министрінің бас штаб бастығы Леви Эшколь, ауыл шаруашылығы министрі Аарон Цизлинг, еврей іс басқармасының көші-қон жөніндегі бас басқарушысы Йехуда Орин мүше болған Израильдің көші-қон жөніндегі ең жоғарғы комитеті көшіп-қонушыларды жерге орналастыру мәселесі бойынша ерекше жиналыс өткізді. Комитет ең жоғарғы әскери-қолбасшылық штабтың талап етуімен шақырылған болатын. Бас штабтың пікірінше шекаралық аймақтардағы стратегиялық орындарға жағалай Израильге оралған қоныс аударушыларды орналастырудың маңызы ерекше саналады екен. Израильдің ұлттық істер комитеті де өз қоныстарын тастап қашқан арабтардың жерлері мен бос қалған аймақтарға еврей қоныстанушыларын орналастыруға асығып отырғандығын шегелеп айтты. Бұл екі түрлі елді-мекендердің өз ерекшеліктері бар. Арабтар бұл жердің ежелгі иелері. Сол себепті, олар өз кезінде тіршілікке қолайлы аймақтарды таңдап игерген болатын. Ал бос қалған аймақтар - кезінде Англия отаршылдарының өз биліктерінен пайдаланып, иеленген жайлы қоныстары. Қазір бұл аймақтар Израиль мемлекетінің меншігіне айналды.

«Бос жатқан жер жау шақырады» дегендей, мұндай шұрайлы мекендерді ешқашан бос тастауға болмайды. Сол себепті Израильдің көші-қон жөніндегі ең жоғары комитетінің шешіміне сәйкес, аталған аймақтарға шұғыл түрде қоныстанушылар жіберілді. Небәрі екі ай ішінде, 1948 жылдың қыркүйек айына дейін, 15 коммуна және  8 бірлескен ауыл шаруашылық кооперативі құрылып, жұмысқа кірісті. Комитет бекіткен жобаны Израиль іс басқармасының көші-қон бөлімі жоспарлап іске асыратын болды. Израиль үкіметі мен еврей іс басқармасының арасындағы келісімге сәйкес ауыл шаруашылығы министрлігі құрылып, ресми жұмысқа кіріскеннен кейін де еврей іс басқармасының көші-қон бөлімі көшіп-қонушылардың жаңа елді-мекендерінің құрылысын олар әбден орнығып-бекемденгенше бақылайтын болды. Олар өз күштеріне сүйеніп өмір сүретін деңгейге жеткенде ауыл шаруашылық министрлігі олардың одан әрі өркендеуін өз міндетіне алады. Ауыл шаруашылығы министрілігі диқандарға жан-жақтылы қызмет көрсетеді. Мысалға, егіс алқаптарының ережесін жасап береді, ғылым-техника жетістіктерді жалпыластырады, дамудың бағыт-бағдарын көрсетіп, нақты шаралармен қолдап отырады.

Сол кездегі Израильдің мемлекет басқарушы тұлғалары өз мемлекеті мен ұлтына жан тәнімен берілген жанкештілер болатын. Сол кезде еврей іс басқармасының көші-қон қызметін үйлестірушісі Каплан Элиэзер қаржы министрі болып тағайындалғаннан кейін ол еврей іс басқармасындағы жұмысынан қол үзді. 1948 жылдың шілде айының 22-күні еврей мемлекетшілдерінің атқару комитеті Леви Эшкольді атқару комитетінің құрамына сайлап, оған еврей қоныс аударушыларын қоныстандыру бөлімінің қызметін жүктеді. Бұл тағайындау дәл кезінде және ең таңдаулы тұлғаны аса маңызды қызметке тағайындау болды.

Леви Эшколь ұзақ жылдардан бері еврей бас жұмысшылар ұйымының ауыл шаруашылық орталығының мүшесі ретінде еврейлердің Палестина жеріне қоныстануына ерекше еңбегі сіңген жан еді. Ол оның алдында ғана бүкіл мемлекеттік су-құрылыс компаниясының қызметін де дөңгелетіп әкеткетіп, өзінің шебер ұйымдастырушылық дарынымен көзге түскен болатын. Сол сияқты Израильдің көші-қон қызметі оның басшылығында қат-қабат қиындықтарға қарамастан табысты жүргізілді. Ол мемлекетке шын берілген ерекше талантты, әділ және қайраты қабындаған жан еді. Ол осы қасиеттерінің арқасында еврейлердің көшін қасиетті парыз ретінде қабылдап, неше жүз мыңдаған қоныс аударушыларды табысты түрде қоныстандыра алды. Сол дәуірде оның еңбегі күллі әлемді тамсандырды. Бұрын Капланның қол астында қызмет еткен еврей іс басқармасының көші-қон жөніндегі бас басқарушысы Йехуда Орин де қызметтен кетіп, оның орнына профессор Раанан Вайц тағайындалды. Ол Леви Эшкольдің қарамағында адал және іскерлігімен ерекше көзге түсті. Ол құйылып жатқан еврейлер көшінде жаңа еврей елді-мекендерін жоспарлау жұмысын ерекше ыждағатпен атқарды.

Еврей іс басқармасының көші-қон бөлімі барлық күш-қайратын жұмсап, еврей жаңа қоныстарын құрумен айналысты. Олар Израиль қорғаныс армиясы бас штабы жасаған нұсқаулыққа сәйкес әскери қорғаныс қажеттілігі үшін шекара аймақтарды жағалатып, елді-мекендерді құрудың алғашқы жобасын сәтті жасап шығарды. Олар негізінен шекаралық аймақтар болғандықтан, қорғаныстың қажеттілігі үшін мәңгілікке бейбіт халықтардың бейтарап аймағын қалыптастырады. Бұл елді-мекендер бастапқыда Ливанмен шекаралас аймақтарға, Сириямен тұтасатын батыс-солтүстік шекараға және Иорданиямен шектесетін өзен алабына, Хермон тауының қыратты белдеулеріне жайғасты. Бұл елді-мекендер елдің шетінде, жаудың өтінде орналасып, Израильдің мемлекет қорғанысында ерекше маңызға ие халықтың қорғаныс қамалына айналды. Мұндай елді-мекендер мемлекеттің ішкі өңірлерінде де бой көтерді. Олар негізінен маңызды жолайрықтарға, стратегиялық маңызы бар, биік жерлерге жайғасты.

1948 жылдың қараша айында еврей жаңа қоныстарына байланысты арнайы комитет жасақталып, стратегиялық қорғаныс мақсатындағы жаңа елді-мекендердің орналасуы мен құрылысын бақылайтын болды. Бұл комитетке еврей ұлттық қорынан Йосеф Вайц, ауыл шаруашылық орталығынан Хаим Гвати, көшіп-қонушыларды қоныстандыру бөлімінен Раанан Вайц, Израиль қорғаныс армиясынан Ицхак Бен-Цви қатысты. Комитет бірнеше ай бойы күнді түнге жалғап, қарбалас қызмет етті. Олар Израильдің барлық аумағын сүзіп шығып, күллі ұрымтал жерлерді қағыс қалтырмай қағазға түсіріп отырды. Олар жан-жақты талдап, зерттеу жүргізгеннен кейін ерекше комитеттің ұсынысына сай әскери маңызы бар қорғанысқа да, халықтың тіршілік етуіне де қолайлы 96 жаңа елді-мекеннің орнын айқындап үлгерді. Бірақ, нақты орындау барысында үлкен қиындықтармен бетпе-бет келді. Ондағысы - Израильдегі еврейлердің жан саны тым аз екен. Тепсе темір үзетін жүз мыңдаған жас әскер қатарында жүр. Оларға көш басы болатын ең белсенді жастар соғыс майданында екен. Бірақ, соған қарамастан, 1949 жылдың өзінде 38 коммуна, 14 ауыл шаруашылық селбестік кооперативі құрылып үлгерді. Осының өзінде жас көшбасшылардың қоры сарқылып біткен еді. Сол жылдың басында мынадай бір жаңа ұсыныс ортаға қойылды. Мұнда жаңа қоныс аударушылардың ортасынан елді-мекендерді құруға белсенді азаматтарды таңдап, жұмысқа тарту. Бұл қоныс аударушылардың басым көпшілігі Еуропадағы Гитлердің қырғынынан аман қалғандар болатын. Бірақ, олар  өркениетті, капиталистік елдерден келгендіктен коммунистік-социалистік сипаты бар коммуналарға барғысы келмеді. Ал ауыл шаруашылық селбестік кооперативтеріне баруға басқа таңдау болмаған жағдайда олар қарсылық білдірмейтіндігін айтыпты.

Ауыл шаруашылық сенімді коопертивінің бүкіл мемлекеттік қозғалысы осы бір ауыр міндетті өз мойнына алды. Олар әр жердегі қоныс аударушылардың орталығына барып, оларға таусыла түсіндіріп, елді-мекендерді қалыптастырудың маңыздылығын, болашағын ұжымдық тұрмыстың пайда-зиянын айтып, оларды ұйымдастыра білді. Бірақ, қиындықтар да шаш етектен болды. Соған қарамастан, 1949 жылы бүкіл ел бойынша ауыл шаруашылық селбестік кооперативі формасындағы елді-мекендерді қалыптастыру қозғалысы етек алып, жүз мыңдаған жаңа қоныс аударушыларды қамтыды. Одан соңғы 2-3 жылдың ішінде күллі Израильдің картасында тек еврейден тұратын шыт-жаңа елді-мекендер бой көтерді.

Жаңа Израиль мемлекетінің шаңырақ көтеріп, өз қандастарына есігінің айқара ашуы неше жүз мыңдаған еврей тектілердің әлемде бірде-бір ел басынан өткермеген алып көші-қон тасқынын тудырды. 1948 жылы соғыс қимылдарының жүріп жатқанына қарамастан, 102 000 еврей Израильге қоныс аударды. Олар тәуелсіздік жариялаған соң жарты-ақ жылда келіп үлгергендер еді. 1949 жылы қасиетті мекенге қайтушылардың саны 240 000 жетіп, әр ай сайын орта есеппен 20 000 адам көшіп келіп отырды. 1950 жылы 170 000, 1951 жылы 175 000 еврей Израильге табан тіреді. Мемлекет құрылған алғашқы 4 жылда 687 000 еврей Израильге көш басын тіреді. Бұл дегеніміз қоныс аударушылардың есебінен Израильдің халқы екі еселенді деген сөз (тәуелсіздік жариялағанда 650 000 болатын).

Одан кейінгі 3 жылда, 1952-1954 жылдарға дейін, Израильге оралушылардың қатары бәсеңдеу болды. Оның бірнеше себебі бар. Кипр, Германия және Еуропаның басқа да мемлекеттеріндегі босқындар лагерін паналаған еврейлер түгелге жуық Израильге оралып, босқындар лагерлері босап қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста еврейлердің сыртқа еркін қоныс аударуына мүмкіндік берген социалистік лагердегі елдер есігін тарс бекітіп, қоныс аударушыларды жібермей қойды. Одан тыс, жан-жақтан құйылған еврейлердің көші Израильдің экономикасын тығырыққа тіреп, қоныс аударушылардың әлеуметтік жағдайы қиындап кеткені де маңызды себептердің бірі болды.

1955-1957 жылдағы үш жылда қоныс аударушылардың қатары біртіндеп көбейгенімен, алғашқы жылдағыдай рекордтық көрсеткішке жете алған жоқ. Бұл мезгілдерде 165 000 еврей атамекеніне оралды. Сөйтіп, мемлекет құрылған алғашқы 10 жылда 905 000 еврей текті Израильден өзінің жаңа қонысын тапты.

Қоныс аударушылардың шыққан тегі, өмір сүрген ортасы түрліше болатын. Әр топта келгендердің білім деңгейі, кәсіптік бейімделуі, тілдік ерекшеліктері түрліше болды. Бірінші топта келгендердің жартысынан көбі Гитлердің қырғынынан аман қалған Еуропалық еврейлер болатын. 1949 жылдан бастап араб елдеріндегі  еврейлер де Израильге ағыла бастады. Бір реткі «Сиқырлы кілем» операциясы деп аталатын қимылда Йемендегі 50 000 еврей Израиль арнайы қызметінің көмегімен тайлы-таяғы қалмай, жәйяау-жалпы шұбырып, адам айтқысыз қиындықтармен  оңтүстік Арап түбегіндегі Эн-Набн-Шаиб тауынан асып теңіз жағалауындағы Англия отарына жеткен соң бір жолда әскери ұшақтармен Израильге сау ете түсті. 1950 жылғы «Эзра мен Нехемия» операциясы кезінде Израильдің теңіз, құрлық, әуе күштері түгел аттанысқа келіп 130 000 еврейді әп сәтте өздерінің ежелгі атамекендеріне көшіріп үлгерді. Сол сияқты, сан мыңдаған еврей тектілер Түркиядан, солтүстік Африкадан, шығыс Еуропадағы социалистік елдерден (Польша, Румыния, Чехословакия, Болгария т.б.) өз отандарына оралып жатты.

1955-1957 жылдардағы екінші толқындағы көштің негізгі бөлігін солтүстік Африкадағы еврейлер құрады. Одан тыс, бірнеше он мыңдаған адам Румыния, Венгрия және Кеңес Одағынан (Польша арқылы) оралды.

Қоныс аударушылардың шыққан аймақтары түрліше болғанымен, бір ғана фактор оларды мидай араластырып жіберді. Ол – олардың бәрінде тігерге тұяқ жоқ, тұттай жалаңаш кедейлік болатын. Олардың көбі өз шыққан мекендерінде әбден тоналып, соқа басын сүйретіп, әрең жеткендер еді. Еврей іс басқармасы олардың барлық қажеттіліктерін өтеуге мәжбүр болды. Және онда ешкімді алаламай, майдан қылшық суырғандай әділ және қолжетімді етіп ұйымдастыра білді. Шынында, осындай қысқа мерзімде елдің әуелгі тұрғындарынан да көп қоныс аударушыларды қабылдау ерекше қасиетті де ауыр міндет болғаны даусыз. Адамзат тарихында ешбір жазбаларда бір мемлекеттің өз халқынан да көп қоныс аударушыларды небәрі он жыл ішінде қабылдап, жайғастырып үлгеруі кездеспейді. Қабылдау қызметінің табан тірер тиянағы осынша көп қоныс аударушыларға баспана, азық-түлік және екі қолға бір күрек тауып беру мәселесі. Егер бірінші топтағы қоныс аударушылар Израильге табан тіреген кезде тәуелсіздік үшін соғыс, қан-қасап қырғын толастамаған кезбен бетпе-бет келді. Және ол  бір жерде, бір бағытта ғана емес, айналадағы анталаған жаумен жан алып, жан беріп, шайқасып жатқан шақ. Мұндай жағдайда елдің әрбір азаматының еңсесін езіп тұрған соғыстың ауыр салмағы, өлім мен өмір арасындағы күрес, енді ғана құрылған жас үкіметтің және оған қызмет етуші ұлттық құрылымдардың қаншалық ауыр жүкті қасқайып көтере алғандығын әркім-ақ өз қиялымен пайымдай алады.

Еуропадан келгендер бірінші толқын еврейлер айтарға белгілі білім-қабілеті бар, сана-сезімі жоғары болғанымен, олардың көпшілігі бұрынғы саудагерлер, делдалдар, қолөнер шеберлері, зергерлер болатын. Олардың мүлде басым көпшілігі дене еңбегімен шұғылданып көрмеген. Ауыл шаруашылығының не екенінен бейхабар болатын. Сол себепті олардың Израильдегі тұрмысқа бірден бейімделіп кетуі аса қиынға соқты.

Бұдан да маңыздысы - қоныстанушылардың баспана мәселесі болды. Олар алғашында әр түрлі қабылдау орталықтарында паналады. Бұл орталықтар бұрынғы Англия армиясының казармалары болатын. Ал бір бөлімдері Яффо, Хайфа, Лида, Рамла қатарлы қалалардағы бұрынғы араб тұрғындары тастап кеткен мекен-жайларға жайғастырылды.  Одан қалғандарын тағы да арабтардан қалған ауылдық елді-мекендерге орналастырды. Ауылдық жерлердегі тұрғын-жайлар аты ғана «үй» деуге тұратын. Шын мәнінде олардың көбі тастан қалай болса солай қалана салған лашықтар еді. Қоныстанушылар ең алдымен өз қолдарымен осы лашықтарды үй сиқына келтірді. Кейін келе бұл елді-мекендер осы заманғы гүлденген еврей қоныстарына айналды. (Бұл туралы кейінірек)

Израильге құйылып жатқан көштің қарқын алуына байланысты оларды баспанамен қамту мәселесі күн өткен сайын күрделене түсті. Кейін келгендер амалсыздан шатырларды паналауға мәжбүр болды. Мұндай қоныстарды паналаған еврейлерде ешқандай жұмыс та жоқ еді. Сол себепті, оларда кіріс те болған жоқ. Олардың күнделікті қажеттіліктерін еврей іс басқармасы арнайы қордан қамтамасыз етіп отырды. Кейін осы бос қалған еңбек күштерді мемлекет біртұтас жобалаған жаңа қоныстарын салуға жұмылдырып, өз баспаналарын өздері шешуге мүмкіндік берді. Мұндағы әдіс қажетті құрылыс материалдары және осында еңбек етушілердің өздері мен отбасыларының тұрмыстық қажеттілігі еврейлердің ұлттық қоры тарабынан біртұтас шешілетін. Ал еңбек күш қоныс аударушылардың өз есебінен жүргізілді. Мұндайда бүкіл отбасымен жұмыла кіріскендіктен, өздері үшін салынған баспаналар тез әрі сапалы түрде кәдеге жаратылатын. Алғашқы кезде уақытша баспаналар шатырлардан жасалса, кейін келе біртіндеп кемелденіп, көлемі шағын болса да, тұрмысқа қажетті жағдайлар мүмкіндігінше қарастырылған және санитарлық талаптарға өз әлінше жауап беретін бейімдеу орталықтарына айналды. Әр жердегі көші-қон орталықтары оралушыларды кемеден немесе ұшақтан түсісімен бірден аталған уақытша паналау орталықтарына жеткізетін. Ендігі кезекте оларға жұмыс тауып беру мәселесі де өзекті болды. Уақытша паналау орталықтары халық тығыз орналасқан қалалардың маңында бой көтергендіктен, жаңа келген қоныс аударушылар мемлекетке алақан жайып отырмастан, өздері жұмыс іздеуге кірісетін. Ол кезде оларға жұмыс таңдап отыратын мүмкіндік атымен болған жоқ. Олар қандай жұмыс кездессе - сондай жұмыс істеді. Кейбіреулері нарықтың қажетіне жарай өзінің ескі кәсібін тауып та үлгеретін. Ал қалғандары еңбек және индустрия министрлігі тарабынан жасалып жатқан мемлекеттік әлеуметтік құрылыстардың жұмыскерлеріне айналатын.

Алғашқы қоныс аударушылар үшін бұл кез аса бір азапты өтпелі кезең болды. Олар шатырлар мен уақытша баспаналарды күннің ыстығына күйіп, күннің суығына тоңып күн кешіруге мәжбүр болды. Бұрынғы ақ алақан кәсіпкерлер ауыр дене еңбегіне бейімделді. Міне, осы кезде олар ерекше ұйымшылдықпен топтасып, аулы шаруашылығымен және жаңа елді-мекендерді құрумен белсене айналысты. Жаңа еврей қоныстарының көптеп салынып, Израильдің барлық аумағында қанат жаюына байланысты уақытша паналау орталықтарында күнелтетіндердің қатары біртіндеп азая бастады. Ол жерде ұзақ уақытқа қалатындардың көбі өз бетімен күнелте алмайтын, еңбекке жарамсыз, кәрі құртаңдар мен мүгедектер болатын. Мұндай отбасылар бейімдеу орталықтарында ұзақ жылдар паналады. Кейін келе мемлекет ондайларды әлеуметтік қамсыздандырумен және баспанамен қамтамасыз еткеннен кейін ғана олар жаңа қоныстарына көшіп ел қатары күнелтетін. Сол кездегі билік жүйесі және еврей ұлттық қорының басқарушылары түрлі жолдармен сырттан ағылып жатқан қаржылық көмектерге және салық түсімдеріне қылдай қиянат жасаған фактілер тіркелмепті. Демек, жемқорлық деген олардың ойына да кіріп-шықпағанға ұқсайды. Дау жоқ, ежелден есеп-қисапқа жүйрік еврейлердің қоғамдық түзімі ондайға жол бермейтіндігі әуел бастан белгілі. Конституциялық құрылымдар да өркениетті және кемелді болды. Әрине, мемлекет құрудың ауыр міндетін арқалаған Израильдің жан кешті көсемдері дәл біздің Алаш арыстары сияқты өзінің тарихи борышын қалтқысыз, адал атқаруға өзінің арнағандығы да ерекше маңызды себептердің бірі деп ойлаймын.

Тәуелсіздіктен кейінгі 4 жылда жан саны қоныс аударушылардың есебінен екі есе көбейгендіктен, азық–түлікпен қамту мәселесі де өзекті болды. Дәл сол кезде құлқынның қамы бәрінен де маңызды мәселеге айналды десек – қателеспейміз. Тәуелсіздік үшін болған соғыс қимылдары кезінде егін шаруашылығы айтарлықтай туралап қалды. Шекаралық аймақтағы елді-мекендер өз басымен қайғы болып, ауыл шаруашылығымен айналысу жайында қалды. Азық-түліктерді көп мөлшерде сырттан импорт ететіндіктен, мемлекеттің мардымсыз валюталық қоры да сарқылып бітіп еді. Ұзақ уақыттар бойы қаржы министрлігі ақшаның тапшылығынан ең төменгі деңгейдегі бидай және басқа дақылдардың қорын сақтап тұра алмады. Астық дақылдарының қоры бірнеше күнге ғана жететін қатерлі жағдай үнемі қайталанып тұратын. Азық тасымалдайтын кемелер түрлі кедергіге ұшырап, астық дақылдарын уақытында жеткізе алмайтын. Үкімет амалсыздан ерекше елшілерді жан-жаққа аттандырып, Түркия және Кипрден бірнеше мыңдаған ғана тонна бидай сатып алуға мәжбүр болушы еді. Олай болмағанда, бүкіл мемлекет аш қалатын. Валюталық тапшылық өндіріске қажетті материалдар: химиялық тыңайтқыштар, ауыл шаруашылық дәрілері, мал азықтары қатарлыларды сатып алуға мүмкіндік бола бермейтін. Соның кесірінен ауыл шаруашылығының дамуы туралап қалды. Азық-түліктің тапшылығынан үкімет амалсыздан азық-түлікті өлшеммен тарату түзімін жолға қойды. Мұнда бір кездегі Қытай сияқты арнайы азық-түлік талондары таратылатын. Демек, ақшаң қалтаңа сыймай тұрса да, азық-түлікті талонсыз қалағаныңша сатып ала алмайсың. Мұндай түзім президент, премьер-министрден тартып, қарапайым қараша халыққа дейін ортақ болды. Азық-түліктерді шекті мөлшерде тұтыну жұмысына сол кездегі ауыл шаруашылық министрі Дов Йосеф тікелей жетекшілік етті.

Сол кездегі тұрғындарға бөлінетін өлшемді азық-түліктердің түрлері сүт, көкөніс, жұмыртқа, ет және май өнімдері болды. Сүт дегенде, құрғатылған сүт ұнтақтары жас сәбилерге сүттің орнына таратылып берілетін. Ет дегенде, қазы-қарта туралы қиялдамай-ақ қоюға болады. Еттің орнына тоңазытылған балық өнімдері берілетін. Оның өзіндік құны удай қымбат болуына қарамастан, мемлекет тұрғындарға қолжетімді бағада таратып беріп отырды. Бұл дәуірді Израильдіктер «тоңазытылған балық дәуірі» деп атайды. Сол дәуірде мемлекетте азық-түліктің ерекше тапшылығына қарамастан, арабтар тастап кеткен егіс алқаптары мүлде құлазып жатты. Тәуелсіздік жариялаған алғашқы күндерде кескілескен соғыс қимылдарының  жүріп жатуына қарамастан, президент  Хаим Вейцманның өзі тікелей жетекшілік еткен Израильдің көші-қон жөніндегі ең жоғарғы комитеті шұғыл шешім қабылдап, еврей қоныс аударушыларын арабтардан босаған жаңа қоныстарға тезден қоныстандырып, ауыл шаруашылығымен шұғылдануға бейімдеуінің сыры осында жатыр еді.

Еуропалық еврейлердің көшінен соң Израильге оралғандардың жағдайы тіпті де күрделі болды. Еуропадан оралғандар жағдайды бірден түсініп, мемлекеттік шараларға белсенді үн қосатын. Мысалға, 1949 жылдың алғашқы жарты жылында арабтардан босап қалған 45 ауылға Еуропадан келген қоныс аударушылар қуана-қуана қоныстанып жатты. Олар өз өмірінде ауыл шаруашылығының не екенін білмесе де жаңа жағдайға тез бейімделіп, өз істеріне жан сала кірісті. Олар алғашында арабтардан қалған тастан қаланған лашықтарды ретке келтіріп, өздеріне лайықты етіп жөндеп алса, кейін келе жағдай түзелген соң, осы заманғы талаптарға сай тұрақ-жайларды өз қолдарымен жасап алды. Ал Йемен, Ирак, Марокко қатарлы араб елдерден келген еврей қоныс аударушылары атқарушы билікке айтарлықтай қиындық тудырды. Алғашында көшіп-қонуға жауапты құзыретті орындар ауыл шаруашылық селбестік кооперативтерін құру қозғалысы кезінде оларды Еуропадан келген еврейлер мен аралас қоныстандыруды көздеген болатын. Ондағы мақсат бір-бірінен үйренсін, үлгі алсын, өзара құдандалы болып, бауыр басып кетсін деген ізгі тілектен туындаған. Бірақ бұл тәжірибе бірден сәтсіз аяқталды. Аралас қоныстану ұрыс-керіс пен қақтығыс-төбелестің қайнар көзіне айналды. Әр елден келгендер өзара түсініспей, жастар жағы үнемі топқа бөлініп, қырқысатынды шығарды. Сол себепті билік тарабы бұл шараның дереу күшін жойып, араб елдерінен келгендерді өзінің салт-дәстүрі бойынша өз ру-әулеттерімен бөлек тірлік кешуге мүмкіндік берді. Сол себепті ауыл шаруашылық селбестік кооперативтері де ұрулық негізде қалыптасатын болды. Әрине, мұндайдың кері салдары жаңа қоныс аударушылардың Израиль қоғамына бірден сіңісіп кетуіне кесірін тигізді. Олар тұрмыста өздері шыққан елдің тіл-жзуын пайдаланады. Ал мемлекеттік тіл ирбит тілін үйренуі арабтарды айтпағанда өркениетті батыс әлемінен келгендер үшін де баяу және машақатты болды. Одан да сорақысы, олар ұзақ уақыттар бойы өзінің рулық ерекше салт-дәстүрі мен тұрмыс-әдетін өзгертпей қойды.

Мемлекет мұндай бөгделенуді тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бір сәтке назардан тыс қалдырған емес. Мемлекеттің алғашқы қолданған шарасы бұрыннан бері қоныстанып, жергілікті жағдайға толығымен бейімделіп, сіңісті болып кеткен байырғы қоныс аударушылардан еріктілерді таңдап, жаңа қоныс аударушылардың арасына жіберіп, олардың жаңа қоныстарды қалай құруы, ауыл шаруашылығымен қалай шұғылдануы қатарлы зәру қажеттіліктерін өтеуге көмек көрсетті. Үкіметтің үндеуіне белсенді, білімді, отаншыл жастар дүр көтеріліп, еріктілердің қатарын толықтырып жатты. Әрине, өзінің қалыптасып қалған өмірі, сыйласатын қауымы және жақын жандарымен қоштасып, кедергісі көп ауыр міндетті үстіне алу аталған жастар үшін оңайға соқпайтын. Бірақ, сонда да олар осы ауыр міндетті өз еріктерімен қалап алды. Бұл жерде аталған шараға үн қосқан еріктілердің түгелге жуығы бұл қатарға қосылған жоқ. Себебі, басқа бір бөгделенген жат қауымның ортасына барып, олармен тіл табысып, оларға тіл және басқа да ауыл шаруашылық білімдерін үйрету кез-келген белсендінің қолынан келмейтін іс еді. Сол себепті, соңында 115 қыз-жігіт арнайы сұрыптаудан өтіп, жетекші комиссар ретінде таңдалып алынды. Былай қарағанда, Еуропадағы өркениетті елдерден келген қоныс аударушылар олармен бірден түсінісіп, ет-бауыр жақын адамдарына айналып кетуге тиіс еді. Бірақ, жағдай олай болған жоқ. Ұзақ жыл қуғын-сүргін көрген Еуропалық еврейлердің ортақ бір ерекшелігі - ылғи да бір тырнағын ішіне бүгіп жүретін күмәнқорлығы кісіні өзіне жақындатпайды екен. Барлық ынта-пейілімен солар үшін қызмет көрсетіп, «бойымда барды сарқа жұмсаймын» деп лапылдап келген жастарды олар мүлде салқын қабылдады. Тіпті, «билік орындарының бізді бақылауға жіберген агенті» деп күмәнданатын болды. Нақты техникалық жұмыстар болмаса, олармен іш тартып, емен-жарқын сөйлесетіндер көп болған жоқ. Әрине, бұл ұзақ жылдық қуғын-сүргіннің адамдар санасына салған жарасы еді. Тәжірибелі саяси көсемдер бұл жағдайға түсіністікпен қарады және ерікті жастарды сабырға шақырып, олардың адал көңілдерін жаңа қоныс аударушыларға іспен дәлелдеуге кеңес берді. Бірте-бірте ерікті жастардың адал жүрек, шынайы сезімі ең соңында бәрін де жеңіп шықты.

Еріктілер үшін қиындықтың көкесі араб елдерінен келген қоныс аударушылармен тіл табысу кезінде ерекше қиындықтар тудырды. Олар араб тілдерінен басқа тілді мүлде түсінбейді. Психологиялық және тұрмыс-әдеттері де орта ғасырлық деңгейде қалып қойған. Соған қарамастан, өздері қызу қанды. Ұрыс-керіс, төбелеске бейім тұрады. Еріктілер қанша жерден тырысқанымен, оның нәтижесі бәрібір шамалы болды. Қайтеді?! Биліктегілер амалсыздан жастарға үміт артып, соларды оқытып-тәрбиелеп, қатарға қосу арқылы ұрпақ жаңалануын күтуге мәжбүр болды.

Еріктілердің жанына батқаны шығыстық елдерден келген еврейлердің әйелдері тым бейшара күйде екен. Күйеулері оларды өздерінің жеке мүлкіндей көреді, оларды ұрып-соғып, қалай жазаласа да – өз еркі. Әйелдер де күйеуінің бұл қылықтарын тағдырдың жазуы, әуелде солай жаратылған деп қабылдайды екен. Өз құқықтары үшін күресу деген олардың санасына кіріп те шықпайды. Бірақ, бұл мәселеге де жоғары билік ерекше төзімділікпен сабырлы саясат ұстанды. Ол үшін қыз балаларды мектепке беруді ата-аналарға міндеттеу керек. Сол арқылы бірте-бірте барлық нәрсе де өз жөнін табады. Бұл қоныс аударушылардың мемлекет үшін ерекше пайдалы жағы да болды. Араб елдерінен келген еврей еркектердің көбі әлеуметтік жағдайына қарамастан, қос-қостан әйелдері бар, ал ол әйелдері де өмірге жарысып бала әкеліп жатады. Бұл жағдай бір қырынан мемлекеттің демографиялық саясатына үлкен серпін берді.

Израильге қоныс аударушылардың ішінде жартылай жабайы еврейлер де болды. Тарихшы Ицхак Коэннің «Жаңа қоныс аударушылардың қоныстану мен тың игеру тарихы» деп аталатын кітабында мынадай жазбалар кездеседі:

«...Солтүстік Африканың Атлас тауларын мекендейтін еврей тайпаларын кемемен  бірден Лахиш аймағына жеткізді. Еврей іс басқармасының көші-қон бөлімі оларды алдын-ала дайындалған мұнтаздай таза, әдемі, кең үйлерге жайғастырды. Олардың қоныстанғаны тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі уақытша лашықтарға мүлде ұқсамайтын, олар үшін арнайы салынған Еуропалық үлгідегі тұрақ-жайлар еді. Олардың ішінде қажетті үй жиһаздары да, төсек, үстел-орындық, осы заманғы ас үй жабдықтары қатарлы тұрмысқа қажеттінің бәрі табылатын. Олар қоныстанып, екі күн өткеннен кейін ауыл атқамінерлері еврей іс басқармасындағы үлкен бастықтарды мынадай сұмдық жағдайды көруге шақырды. Олар аталған қоныстарға келгенде өз көздеріне өзі сенбепті. Үй жиһаздары түп-түгел аулаға шығарылып, қалай болса, солай лақтырылып тасталған. Бөлмелердің іші жылан жалағандай қаңырап тұр. Отбасындағылар қаннен қаперсіз еденде малдастарын құрып, өзара шүйіркелесіп отыр. Қабырғалар айбақ-сайбақ, адам көргісіз. Үйдің төбесін ыс-түтек басқан. Отты үйдің бұрышына лауылдатып жағып қойыпты. Абырой болғанда, өрт кетіп үлгермепті. Олар ошақтарды да аулаға лақтырып тастаған. Пайдаға аспайтын болғаннан кейін, керегі қанша деп ойлаған болуға тиіс. Аулада әупірімдеп өсірген ағаштарды кесіп, отын қып жағып отыр. Сөйтсе, бұл адамдар Африкада тас үңгірлерде өмір сүреді екен. Тумысында ошақ дегенді атымен көрмепті. Төсектерге де жатпапты. Оларда көрпе-жастық деген атымен болмайды екен. Енді келіп, аспаннан түскен өркениетті мүлде қабылдай алмай, оған қарсы жасаған төңкерісінің түрі осы...»

Жағдайды көзімен көрген Израиль көші-қон қызметінің басшылары тек күлген де қойған. Қайтеді?! Отанынан айырылған халық, қайда барып, қандай тауықмет бастан өткермеді?! Мейлі,кім болса да, тек бойында еврей қаны болса болды, оларды бауырға басып, қамқорлық көрсету керек. Қандай қиындық болса да, қатарға қосу керек. Сонымен олар еріктілерден ондаған ең тәжірибелілерін таңдап, аталған тайпаынң мүшелері  қоныстанған елді-мекендерде тәрбие және бейімдеу жұмысын жүргізді. Олар асқан төзімділікпен аталған тайпаның әрбір мүшесіне ошақтың отын қалай жағу, тамақты қалай пісіру, қалай жуынып-шайыну, тіпті, өркениетті қоғамда әжетханаға қалай бару керек екеніне дейін тәптіштеп үйретті.  Бір жамандықтың тағы бір жақсы жағы да болады. Атлас тауларынан келген осы тайпа ирбит тілінен басқа тілді білмейді. Тіпті, ербит тілінің ең шұрайлы сонысы, мақал-мәлдің мәйегі осыларда сақталыпты. Сөздік қоры бай, ежелгі аңыз ертегілер мен ән-жырлардың да ғажайып қоры осыларда сақталыпты. Олар тағы ер-әйел демей шетінен соғыс қимылдарында ерекше ержүрек, жанкешті келеді екен. Олардың бұл қасиетін Израильдің мәдениет танушылары, тіл ғалымдары мен армия генаралдары баға жетпес байлық ретінде қабылдап, ерекше қастерлеп, жоғары бағаланды.

Израильге қоныс аударған еврейлер әлемнің 80-нен астам елінен  үздік-создық толассыз ағылып жататын. Олардың басым көпшілігі Еуропа мен орта-шығыс елдерінен келді. Африкадан келгендер де аз болған жоқ. Бұлардың арасында кім жоқ дейсің? Ұлы ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары, майталман кәсіпкерлер, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінен тартып, қаңғыбас қайыршы, мектеп бетін көрмеген хат танымас хас надандар да болды. Кезінде табиғи шарт-жағдайы жеткілікті елді-мекендерде еврей қоныстары толығымен ірге тепкен соң, енді тек қана еңбекшілерден тұратын «еңбекшілер ауылы» да бой көтере бастады. Бұл ойды бірінші болып еврей ұлттық қорының бас басқарушысы Йосиф Вайц ортаға салды. Оның көзқарасынша, әдеттегі елді-мекендер ежелден егіншілікпен айналысып келеді. Оларға Алла сыйлаған табиғи мүмкіндік бар. Ал таулы өңірлер мен солтүстік және Иерусалимнің айналасындағы ауыл шаруашылығына қолайсыз аумақтарды да қараусыз қалдыруға болмайды. Сол себепті Йосиф Вайц осы өңірлерге алдымен елді-мекендер салып, қауіпсіздік пен мемлекеттің басқа да қажеттіліктерін өтеуге болады деп есептеді. Ол таулы өңірлерге және қала маңына еңбекшілер ауылын салу арқылы жаңа қоныстанушылардың ішіндегі арнайы білімі жоқ, тек қара жұмысқа ғана жарайтын еңбекшілерді іріктеп, мемлекеттің тұрақты еңбек армиясына айналдыруды көздеді. Мемлекет оларға жол салдырады, жерлерді тегістетеді, қала-қалашықтардың көшесін тазалатады. Ағаш еккізіп, орман отырғызады. Тың жерлерді игеріп, ауыл шаруашылығына бейімдейді. Сол арқылы олар өздері де қоғамға бейімделеді. Мемлекеттен жалақы алып, отбасын асырайды, балаларын оқытады. Демек, мемлекет барлық айла-тәсілдермен өз халқының бәсекеге қабілетсіз ең әлсіз бөлігін де далаға тастаған жоқ.

Америка, Канада қатарлы айтарлықтай бақуатты елден келгендердің қатары да қомақты еді. Олардың көбісі жан-тәнімен берілген мемлекетшілдерден тыс, Яһуди дінінің көзсіз фанаттары болатын. Олардың өздері өмір сүрген елдердегі бақуатты өмірін тастап, Израильге келуі отаншылдық ұлы арманының жетегі ғана болатын. Олардың Израильге келуі мемлекетке пәлендей ауыртпалық түсірген жоқ, қайта сол өркениетті елдерде алған білімдерімен өздерінің тәуелсіз отандары үшін жан сала қызмет етті. 1970 жылдардан бастап Израиль Кеңес Одағынан қоныс аударған 400 000 еврейді қабылдады. Бұрын Кеңестер Одағы мен Израильдің қарым-қатынасы айтарлықтай салқын болды да, Кеңес Одағы аумағындағы еврейлердің Израильге қоныс аударуы қиынның қиынытұғын. 1980 жылдардан кейін Кеңес Одағының ішкі саясатындағы өзгерістер еврейлердің Израильге қоныс аударуына кең жол ашты. 1990 жылы бір жылдың өзінде 200 000 еврей Израильге қоныс аударды. Одан кейін де көш қарқыны толастаған жоқ. Санақ мәліметтеріне қарағанда, 1991-1995 жылдар аралығында Кеңес Одағын мекендейтін 1 млн еврей Израильге қоныс аударып, тәуелсіздіктен кейінгі ең алып көші-қон ағынын қалыптастырды.

Израиль құрылған 70 жылдан аса уақыттан бері Израильге қоныс аударғандардың көші бір толастаған емес. Осындай жойқын көші-қон ағынын қабылдау және бейімдеп әкету, шән мәнінде, ғажайып жетістік. Бұл көші-қон ағыны Израильдің ұлттық қауіпсіздігін бекемдеп, тәуелсіздігін нығайта түскенімен, мемлекетке аса ауыр қаржылық шығындарды да ала келді. Бұл мәселелерді шешу үшін Израиль өз экономикасын ерекше қарқынмен дамытты. Ал сырттан екі бағытта аса қомақты қаржы тартылды:

1. Еврей ұлттық қоры, әлемдегі еврей ұйымдарынан (негізінен АҚШ-тағы еврей қаржы алпауыттарынан) мол қаржы тартып отырды. Қажет кезінде төмен өсіммен қарыз да алатын.

 2. Батыс Германияның геноцидке ұшыраған еврейлер үшін төлейтін құн төлемі және АҚШ қатарлы елдердің экономикалық көмектері.

Осы қаржылар арқылы Израиль алғашқы кездерде сырттан астық, қажетті заттар мен құрал-жабдықтар сатып алатын. Сол арқылы қоныс аударған еврейлерді тез арада қоныстандырып, өндіріс пен құрылысқа жұмылдырып, ел экономкиасын алға сүйрейтін.

Израиль үкіметі мемлекет құрылған күннен бастап көші-қон министрлігін құрып, жаңа қоныс аударушылардың шекарадан кіруі, қоныстануы, бейімделуі  және жұмысқа орналасуына дейін жауапты болды. Одан тыс, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар да ерекше еңбек сіңірді. Мысалға «Еврейлердің мемлекет құру қоғамы», «Жас Ария» (оралушылар) қатарлы қоғамдық ұйымдар өз еріктерімен қоныс аударушылардың нақты мәселесін шешуге көмек көрсететін. Бір қырынан алғанда, осы қоғамдық ұйымдардың қоныс аударушыларға деген көмегі ерекше болды деп айтуға болады. Олар көшіп келушілерге ирбит тілін үйрететін, Израильдің қоғамдық өміріне бейімдейтін. Олардың құжаттануын, денсаулығын қамсыздандыруын және түрлі-түсті жеңілдіктерді пайдалануын, жәрдемақылар, аталуы әлеуметтік көмектер - үй алу, қызметке орналасу, оқуға түсуіне дейін жол көрсетіп, нұсқау беріп, қолынан жетектеп, ойлы-шұқыры көп жаңа ортаға бейімделуіне қалтқысыз жәрдем ететін.

Израильге қоныс аударғандар ішінде жеке адамдар, отбасылар, тіпті, жас буындардың арнаулы топтары да болатын. Мысалға, Америкадағы еврей жастары өздерінің ортақ саяси сенім, өмірге, қоғамға, дінге көзқарасы бірдей болғандары өзара ұйымдасып, Израильге топтық түрде қоныс аударып жатады. Израиль көші-қон министрлігі олардың талаптарын ескере отырып, бір елді-мекенге немесе бір қалаға бытыратпай, топтық қоныстандырып отырады. Кейбіреулер алдында қыдырыстап, тек Израильді көріп қайту үшін ғана келеді. Біраз уақыт тұрғаннан кейін ұлттық сана-сезімі оянып, Израильді қимай, қоныстанып қалатындар да кездеседі. Сара Бен Менахем деген әйел Аргентиналық еврей бай саудагердің қызы еді. Ол 1961 жылы ата-анасының тапсырмасымен Израильге келіп, Израильге кетіп қалған өз сіңлісін іздейді. Сіңлісі соның алдында әке-шешесінің рұқсатынсыз Израильге кетіп қалған екен. Әке-шешесі қызының шешімін ақымақтыққа балайды. Бірақ оның әке-шешесі де Израиль мемлекетшілдерінің санатында Израиль ұлттық қорына тұрақты түрде қаржы аударып тұрады. Ал өздері шет елдегі бақуатты өмірін қимайды, балаларын да азапқа салғысы келмейді екен. Сараның өз естелігінде жазуынша:

«...Мен Израильге келген соң, сіңлімді қайтып кетуге көндіре алмадым. Сол барыста мен де Израильді жан-тәніммен сүйіп қалдым. Сөйтіп, мен де қалып қойдым. Бұл жер мен үшін өте көңілді, өмірім мәнді. Қазір Израиль менің өз үйіме айналды. Жақсы ма, жаман ба – мен өз таңдауыма өкінбеймін...»

Осы естелігін жазған кезде ол Израильде 20 жыл бойы тұрып келе жатқандығын айтады. Ол Израильде күйеуге шығып, тұрмыс құрыпты. Ұл-қыздарын өсіріп, бақытты отбасыға айналыпты. Өз мамандығы бойынша Иерусалимде тіс дәрігері болып қызмет атқарады екен. Мемлекет құрылған алғашқы жылдары Израильде тұру қауіпті және машақатты болғаны даусыз. Бірақ, әділетті қоғам, күн сайын гүлденген экономика, қайнаған өмір, салтанат құрған ұлттық рух пен ана тіл Сара сияқты сандаған жасарды баурай түсетіндігі шындық.

Израильге жаңа қоныс аударған әрбір еврей үш жылға дейін түрлі жеңілдіктер мен атаулы әлеуметтік көмектерді игіліктене алады. Мысалға, әрбір еврей текті көшіп келушіге Израильге қайта оралу актісі күшімен тез арада азаматтық беріледі. Израиль азаматтығын қабылдаған әрбір еврей азаматы ғана «кіріс қоржынының» иесі атанады. Оған 7 ай бойы ақшалай жәрдемақы ретінде түрлі мақсаттағы ақша төленеді. «Кіріс қоржынының» мөлшері отбасының құрамына байланысты болады. 7-12 ай аралығында жұмысқа орналаса алмаған көшіп келуші өз бетімен табыс таба алмайтын болса, кіріс министрлігінен күн көрістің ең төменгі деңгейіндегі жәрдемақы алып тұрады. Одан тыс, олар 5 ай бойы бейімдеу орталығында тегін тұра алады және тегін кәсіптік бейімдеу мен қажетті білімге қол жеткізеді. 5 жыл ішінде тұрғын үйге жәрдемақы алып тұрады және табыс салығынан босатылады. Израиль заңнамасына сәйкес, еврей көшіп-келушілеріне басқа да көмек түрлері қарастыралған.

50-60 жылдарда көшіп келушілер үшін баспана мәселесі ең үлкен мәселеге айналғандығын айтқан болатынбыз. Көшіп келушілердің шатырға түнеп, лашықтарды паналаған кездері де болған. Қазір Израильде көші-қонның кемелді жүйесі қалыптасқан. Былайша, «мінсіз» деуге болады. Мемлекеттің көші-қон министрлігі мен Израильдің көші-қон жөніндегі ұлттық қоры бұл мәселеге басымен жауап береді. Олар үш жыл бойы көшіп келушілерге кешенді қызмет көрсетеді. Қазір Израильде 40-тан аса бейімдеу орталықтары жұмыс істейді. Олар, ең алдымен, көшіп келушілерге ирбит тілін оқытып, түрлі-түсті кәсіпке баулиды. Бейімдеу орталығында «Урпан» деп аталатын мемлекеттік тілді тез арада меңгертіп шығатын бағдарлама жұмыс істейді. Бұл тілдік бағдарлама озық оқыту тәсілдерін қолдана отырып, жаңадан көшіп келушілерді 6 ай ішінде ирбит тілінде тіл сындыруға мүмкіндік береді.

Біз еврейлердің 80-нен астам мемлекеттен Израильге қоныс аударғандығын бұрында айтқан болатынбыз. Мысалға, Кеңес Одағында өскен еврей мен Йеменде туып-өскен еврейдің парқы жер мен көктей. Олардың арасынан ортақтық табу мүмкін емес. Олардың сыртқы келбеті, киім киісі, тамақтануы, тұрмыстық әдеті бір-бірімен мүлде ұқсамайды. Мәдениет өресі, экономикалық кірісі, саяси көзқарасы, қызығушылықтары да түрліше. Израиль қоғамы осындай ұқсамайтын адамдардан, отбасылардан, қоғамдық әлеуметтік топтардан тұрады. Осылай болған соң, қоғамдық қайшылық та жүз беріп тұрады. Бірақ, әділетті қоғамдық жүйе осылардың бірде-бірін алаламайды, тең қарайды. Сол себепті, жаңа бір өзара тоғысқан қоғамдық сана, ұлттық құндылық пен мәдениет қалыптасып келеді. Осындай ортақ қоғамдық-мәдени құндылықтардың жетегінде ортақ ұлттық мұратқа деген талпыныс мына бір жақтан айқын көрінеді. Ол -еврейлерге тән ат қою тәсілі. Израильге қоныс аударғандардың 80% астамы Израильге келген соң, аты-жөндерін ирбит тілінің жүйесімен қайта өзгертіпті. Олардың сенімінде бұл жаңа бір өмірдің бастауы. Қайта түлеп, өз отанына еврей болып, кеудесін керіп жүрудің бастамасы. Бұл бастаманы еврейдің мемлекет құрушы көсемдері өздері бастап берген болатын. Израильдің тұңғыш премьер-министрі Давид Йосеф Грин Польшадағы кезінде оның азан шақырып қойған аты Давид Бен-Гурион болатын. Кейінгі премьер-министрлер де өз аттарын еврейлік есімге өзгертіп алды.

Міне осылай бір-бірін туыс, дос санаған еврей халқы, «бар еврей менің жалғызым»-деп ойлайтын Израиль билігі тәуелсіз отанына ағылған еврейлердің салқар көшін көлікті етіп, ұлттық мемлекеттің құрыш қамалын мәңгі мызғымастай етіп қалап жатыр.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы 

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282