Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2153 0 пікір 16 Мамыр, 2012 сағат 06:10

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Манас өзенінің тау алқымындағы бір тұсынан түсіппіз. Саяқ теректер өскен көк жасаң, шалғынды кең сай. Шөп күрке, балаған, итарқа, қос, қопын көлге қонған қасқалдақ пен қоңыр үйректей қаптапты. Тау сайының ежелгі мекендеушісі екені байқалатын киіз үйлі екі-үш ауыл да отыр. Қия жолмен шұбап түсе бергенімізде-ақ алдымыздан жамыраған қозыдай андағайлап, балалар жүгірді. Біз оларды құшақтап, иіскелеп жүргенімізде ата-ана, аға-жеңгелері де жетті. Шұрқыраса кеттік. «Зұлымнан аман-есен құтылдыңдар ма» деп амандасады. Көргенімізді біз, білгендерін олар сөйлеп шуласа келіп, шеткі киіз үйдің жанына тоқтап едік. Бізге қарай тұс-тұстан шелек-шелек айран-шалап ұшты.

Біздің қаптардың аузы да ашылып, қазандарға ыңғай сұрпы еттерін лоқылдатып жатыр. Қоржындарымыз да қыбырлап-жыбырлап, жымия ашылды да, сырғып-сырғып шәйлар шықты. Оларды қол аралар мен пышақтар қиқылдап-шиқылдай «күлісіп» ашмөңке-құртмөңкелерге бөлшектеп жатқанда, Төлеуғазы ғана өз денесі бөлшектеніп, кескіленіп жатқандай тыржың-тыржың ете түсті. Қарсы ала келген әр үйдің адамына базарлық үшін бір-бір көзден шәй үлестіріліп еді. Төлеуғазының өз ықтиярынан сырт шыққан екі шәйі жанын жегідей жеп жібергендей, қоржындарын қосып жастанып, сылқ түсті.

- Екеуі екі өгіз еді ғой, әттегене! -деп күбірлей шалқалап еді, оған көсем шал күбірледі:

ІІ

Манас өзенінің тау алқымындағы бір тұсынан түсіппіз. Саяқ теректер өскен көк жасаң, шалғынды кең сай. Шөп күрке, балаған, итарқа, қос, қопын көлге қонған қасқалдақ пен қоңыр үйректей қаптапты. Тау сайының ежелгі мекендеушісі екені байқалатын киіз үйлі екі-үш ауыл да отыр. Қия жолмен шұбап түсе бергенімізде-ақ алдымыздан жамыраған қозыдай андағайлап, балалар жүгірді. Біз оларды құшақтап, иіскелеп жүргенімізде ата-ана, аға-жеңгелері де жетті. Шұрқыраса кеттік. «Зұлымнан аман-есен құтылдыңдар ма» деп амандасады. Көргенімізді біз, білгендерін олар сөйлеп шуласа келіп, шеткі киіз үйдің жанына тоқтап едік. Бізге қарай тұс-тұстан шелек-шелек айран-шалап ұшты.

Біздің қаптардың аузы да ашылып, қазандарға ыңғай сұрпы еттерін лоқылдатып жатыр. Қоржындарымыз да қыбырлап-жыбырлап, жымия ашылды да, сырғып-сырғып шәйлар шықты. Оларды қол аралар мен пышақтар қиқылдап-шиқылдай «күлісіп» ашмөңке-құртмөңкелерге бөлшектеп жатқанда, Төлеуғазы ғана өз денесі бөлшектеніп, кескіленіп жатқандай тыржың-тыржың ете түсті. Қарсы ала келген әр үйдің адамына базарлық үшін бір-бір көзден шәй үлестіріліп еді. Төлеуғазының өз ықтиярынан сырт шыққан екі шәйі жанын жегідей жеп жібергендей, қоржындарын қосып жастанып, сылқ түсті.

- Екеуі екі өгіз еді ғой, әттегене! -деп күбірлей шалқалап еді, оған көсем шал күбірледі:

«Менің жаным жау табанында қалды-ау, Дәриға» деген ой денемді кескілегендей, жүрегім сырқырап ала жөнелді. Отырған жерімнен тұрып, оңаша жалғыз теректің түбіне барып, етпеттей құладым. Көзі жасауырап, телміре қарағандай болды Нұрияш, алаулап тұрған оттай лапылдаған сезіммен елестеді. «Сен олай-бұлай болып кетсең, менің де өлгенім ғой» дегені естілгендей. Енді бір сәтте қиыла өтінді міне: «таудағы сол үйге шыға тұрайықшы, мүмкін сонда аман қалармыз...» - тістенген қанды көз қара сұрының оғы тиіп, құлап түсті міне... көз нұрым өше қалды. Қан жоса болып, сұлық жатыр... Мен оны құшақтай барып құлаған сияқтымын. Жер-көк қып-қызыл қан дәриясына айналып, толқып ала жөнелгендей болғанда, басымды көтеріп алып, жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарай беріппін. Маңайым расында да қып-қызыл қан болып көрінді. Қуаттың жайбарақат сөзі естілді. Көз жасым ағыл-тегіл, бір қолымен иығымнан басып отыр екен:

- Мылтық берер жерге енді жеттік қой, сабыр етші! -дегенінен ғана, «мылтық, мылтық» деп ұрандай көтерілгенімді түсіндім.....

Далаға төселген киіз үстінде, тойдағыдай кең жайылған дастарқаннан ауыл-үй үлкендерімен бірге, сөйлесе отырып тамақтандық. Олар ұлттық армия осы Манас өзенінің төменгі бойында ғана шеп жайып жатқанын, бұл жақ партизандар қорғауында тұрғанын, қазіргі әрекеттері, қаладағы сары аяқтарға «ұйқы бермей, арсылдата беру» екенін де әңгімелеп күлісті. Алдыңғы шеп қолбасшылық штабы Шихаңзыда екен. «Гоминдаң кетіп, сұларманы ғана қалған» Манас ауданының жаңа үкіметін де сайлап қойыпты.

- Аудан әкімі Қалибек, сақшы бастығы Жаппар қазір Шихаңзыда отыр, - деп түсіндірді орта жасты бір дембелше қара, - орынбасар әкім болып сайланған Жұмажы дейтін дүңген ғана осы жағада, әнеу қырқаның астында ғана егіндігінің ең бергі шетіндегі тамда отыр. Бұл жақтан өзеннің батысына өтетіндер қазіргі әдетімізде содан қағаз алып, үлкен әкім мен сақшы бастығына барады. Ал, сіздер көп адам болғандықтан, қаранөр болып топталмай-ақ бәріңнің жайыңды түсіндіре алатын екі иә үш өкіл ғана жіберсеңдер болады...

Бұл қойшылардың ішінде саяси назарға ілінетін және жәй-жапсарды толық түсіндіре алатын Қуат екеуміз ғана екенбіз. Тамақтан соң көсем шал мен үшеу болып Жұмажыға бардық. Орынбасар әкімнің тұрағы Манастың желкесінде қалашықтан жеті-сегіз километрдей ғана алыстықтағы бір кер кезеңнің далдасында екен. Иісшіл сары аяқтардың аузы-мұрны бітеліп, аяқтары тұсалғаны соншалық, жау әкімінің тауықтары бел үстінде безектеп, қораздары қоқилана шақырысып жүр. Қой-ешкілері беткейден «мұндалап» тұратын жап-жазық сары аңызға өріпті.

Жемісі жер бүркейтін бау-бақшалы, барақ теректі қала, «шаш-сақал», «құйрық-жалдан» мұрсындай болған екен. Қурап қалған қу дуал, қуыс қоралары самаладай көрініп тұр. - Япыр-ай, көше бойы үйіліп жататын шабдар шаптол мен қызыл алмадан айрылыппыз-ау! -деп түйілді Қуат.

- Түнде үңірейіп, үрейлерін ұшыра берген соң қырып тастаған ғой сары апат! -деп мен күрсіндім. - Өздері де көрден басқа панадан жұрдай болып, тыр жалаңаш қалыпты.

Бізді бастаушы дембелше қара «осы» деп көрсеткен тап-таза аулаға түстік. Жақтаулары көк сырлы, шағын-шағын терезелері бар аласа үйдің есігінен сәлем бере кіріп едік, ауыз үйдегі сәкі үстінде шәй ішіп отырған шағын шоқша қара сақалды, ақ көйлек, қара зелетке, қара тақия киген дүңген алдындағы аласа үстелден сәлем ала түрегелді.

- Келіңіздер, жоғары шығыңыздар! - деуінен-ақ жайлы самал ескендей, іркіліссіз өрлеп шығып, дастарқанға отырдық. Ақ сұры, тым жылы жүзі дымды сақалымен намазын үзбейтін кісі екенін байқатады. Қарма наны мен сүтті шәйін алдымызға елпектете тартып жүрген омыраулы қоңырша бәйбіше де айна қатесіз өзіміз сияқты бейуаз «қоңыр аңдардан» екенін бейнелеген соң, келген жайымызды жайбарақат баяндай жөнелдік. Анда-санда қысқаша ғана анықтау сұрауларын қойып, изектей түсті әкім. Келгендердің ыңғай қазақ болғандығынан күмәнсіз екенін айырғандай, түрегеліп барып, әйелінің тұсындағы таушадан көк тысты Совет дәптері мен қарындаш әкеліп отырды.

- Ал жазыңыз, - деді маған ұсынып,  - мен айтып отырайын!

- Өз қолыңыздан шықса... жақсы болар еді! -деп күбірлегенімде, ол күлімсірей изектеді:

- Мен мөр басамын, шырағым! Мөрім басқа ешкімнің қолымен басылмайды, мұны жолдағылардың бәрі таниды... «Жол хат» деп төбесіне жазыңыз!... «Тарбағатайлық жиырма бес қойшы, екі оқушы Үрімжіден өздіктерінен қашып шыққан. Бізге ешқандай күдіксіз болғандықтан үшбу жолхат берілді». Ал, қайта оқыңызшы осынымды!

Мен жазғандарымды анықтап оқып бердім.

- Бәрекелді! Енді аяғына «Жұмажы» деп жаза салсаңыз болды! -деді.

- «Манас ауданының орынбасар әкімі» деп жазайын ба?

Өзін «әкім» деп жаздырудан ұялатындай, тартына күлімсіреді ол:

- Қамсыз болуымыз үшін керек десеңіздер, жаза салыңыз...

Мөрін бар зейінімен дәлдеп, бар күшімен нығарлай басты....

- Өз әкімдеріміз хат танымаса да, осылай дәт танитын адам болғаны қандай бақыт! - деп көсем шал қуана мінді атына. - Үкімет алдынан күліп шыққаным осы-ақ шығар!...

Ертеңіне таңертең сол дембелше қара бізді тағы да бастап, өзеннен өткізе жөнелді. Қиялап недәуір өрлеп барып, қырдан астық та, күнбатысқа қарай қиырлап, қайта құлдадық. Осы бөктер тауға келіп тірелген акоптар мен бекініс үйлері көрінді. Солардың ту сыртынан өтетін жалғыз аяқ жолға түсіп, бірден тізіле шұбадық.

Айыр етекті сырма қоңыр қалпақтарын маңдайынан жарылта киген сарғыш қоңыр мешпет-сымды, Құлжа үлгісіндегі «Мұсабай бұлғары» етікті екі жауынгер жер үйден шыға келіп, жолхат сұрады. Бастап әкелген дембелше қара партизан жауап беріп тұрғанда, ұлттық армияның киім формасына бар зейінімді сала қарап қалған мен екінші жағымнан келген біреуін аңғармай қалыппын. Тіземнен бір шапалақ сарт ете түсті. Жалт қарағанымша болған жоқ, ат үстінен жұлып алды. Құлап түсуден сақтану үшін белбеуіне қарманған қолыма мықынындағы жан мылтығы ілінді. Айқара құшақтаушының офицер екенін сезгеніммен, бетімді алқымынан босатқанша, кім екенін айыра алмап едім. Аяғым жерге тиісімен мен де құшақтай алдым:

- Өмірбек!

Көз жасым ыршып кетті. Бір сәтке үнсіз қарасып тұрып қалдық. Оның қиықша көзі қызарып, талпақша мұрны делдиіп кетіпті, демін жиі алып тұр.

- Жарайды, көзің тіпті оттана түсіпті! -деді Өмірбек. - Найзағай жарқылдататын болған екен!

- Гоминдаң қойған өрт!

- Жүзің өзгеріпті сұры бұлттай!

- Көкірегімде ақпан бар!

Қуатпен де солай құшақтасып амандасқан Өмірбек, кеңірек сөйлесуді кейінге қалдырды:

- Бас штапқа барып түсесіңдер ғой, рұқсат сұрап, арттарыңнан барамын. Оқыған азамат тапшы, осы майданда қаласыңдар, бірге болайық, біздің ротаға келуді талап етіңдер! «Господин»* капитаным қазір-ақ қуып жетеді сендерді!

- Капитаның кім? -деп сұрадым мен.

- Бексапа! Былтыр күзде қайтып келіпті! Кәне, сапарластарың тосып қалды, мініңдер атқа!

Біз жүре бергенімізде Өмірбек арт жағына қайрылып, әудем жерде тұрған бір жауынгерге бұйырды:

- Прапоршик Кәрімді шақырып жібер!

Ұзын бойлы тағы бір жырық қалпақты қара «жерден шыға» жүгірді Өмірбекке қарап. Жақындап келіп, ірі үш адым басты да, аяғын сақ еткізіп қоса чес берді:

- Жолдас паручик, келдім, прапоршик Кәрім!

Артта кетіп бара жатқан Қуат екеуміз әскери тәртіптеріне қызықсынып, қайрыла тыңдадық.

- Капитанға дереу жеткіз! - деді Өмірбек бұйрықты үнмен, - Үрімжіден екі мықты сабақтасы келді, бас штапқа кетіп барады. Ротамызға тездетіп талап етпесе, айрылып қалады!

Прапоршик қайта чес бере сақылдады:

- Құп жолдас паручик, капитанға дереу жетіп, екі сабақтасы Үрімжіден келгенін мәлімдеуге сіздің сәлеміңізді айтуға!

Өз бұйрығын хабаршы қысқаша қайталап айтып болғанша қарап тұрған командир рұқсат еткен бейнемен чес қабылдады. Артына кілт бұрылып алған соң ғана қол түсірген прапоршик жүгіре жөнелді.

- Командир бұйрығын ықшамдап қайта айтып емтихан беру қиын екен, - деп жымиды Қуат, - өте сергектікті де, шешендікті де талап етеді ғой!

- Тапсырманы жаңсақ етпей, нақтап орындауға қолданған амалдары ғой, дұрыс тәртіп.... тегі Советтен өнеге алып келген Ысқақбектер үйреткен тәртіп шығар...

Төлеуғазы қатарласа келіп, бүйірімнен тағы да түртіп қалып оңашалады:

- Биған шырақ, сендерді осы қанды майданға алып қалатын сияқты, көне көрме, әке-шешеңді көре алмай өлерсің!... Қалушы болма!... Аласы-бересілерің де бар ғой!

- Бұл мәселеге араласпаңыз! Бұл бір адамның өлу-өлмеу мәселесі емес, үш-төрт шәй қарызын өтеу мәселесі де емес, азаматтық зор қарыз!

- Айтпақтайын... Олай болғанда, әлгі менің шәйім жөнінде ағаларыңа хат жазып бере саларсың!

- Оны өзім барғанда өтеймін. Егер оған дейін тоса алмаймын десеңіз аудандық үкіметке хат жазып беремін!

- Ойбай, Биған-ау, Құдай-ау, үкіметің не айтып келе жатқан, үкіметке қашан қарыз беріп едім мен? Төрт шәй төлеуден қашып, жас жаныңды өлімге қиып... Оқыған азаматсың, басыңа нәсіп емес қой!

- Төрт шәй түгіл, төрт мың шәйдан қашпаймын! - деп айқайлап жіберіппін.

- Е, онда қырық мың шәйдан ғана қашады екенсің ғой! - деген таныс та сағынышты үн естілді артымнан, Қуатпен ат үстінен құшақтасып келе жатқан Бексапа екен. Жалт бұрылып, қол алыса түстім де, тартыса кеттім:

- Поручигің абайсызда аттан жұлып алып еді, «господин» капитанның әуселесін көрейінші!

- Маған әскер болуға жарар ма екенсің, мен де сынап көрмекпін, -деп ол күшенді. Қып-қызыл күреңге айналып, шегір көзі тұздай болған Бексапа үзеңгісіне шірене тартып, атымды тәлтіректетіп әкетіп барады.

- Капитанның аты мықты екен, олай болмағанда! - деп Қажиякбар менің атымның шылбырынан тартты.

- Қалыңдығы өліп жүдетпеген болса, сонда да көрер еді! - деп Қуат дәл қасымнан күле күбірлеп қалды. Көкірегімдегі «ақпан» сірестіргендей бір дүлей қайрат біте қалды маған, Бексапаның білегінен сол қолымен қоса ұстап, еңсере жөнелдім. Екі ат бір-біріне жабыса қалғанда, «господинді» құшақтай алып, ал сүймеймісің. Оның ерні еркін жетпей, бетімнен жалай беріпті. Аяулы досқа болған сағыныш пен аянышты жардың күйігі бірге ағытылып, көзімнен жас парлады.

«Нұрияш үшін бәрін де істей аламын» демеп пе едім бір кезде; «майданда қаламын, кегін аламын» деген серт соның жалғасы болғандай, бекемделіп көзімді сүрттім. Бексапа да көзін сүрте салып, амандасты...

- Шіркін бала кездегі достық-ай! -деп атын тебінген жол бастаушыға ілесе аяңдадық.

- Маған әскер болуға жарайтын сияқтысың, -деп Бексапа күлімсірей қарады маған, - қаласыңдар ғой?

- Әрине, қаламыз. Ал, өзің қайдан, қалай келіп қалдың?!

- Алматыдан қайттым. Мен сияқты қашып барғандар көп екен. Туған жердегі төңкерістік соғысты естіген соң қайтуды талап еттік. Әсіресе, Совет-герман соғысына қатынасқан ағайлар шыдап тұра алмады; соғыс техникасына жетілген ғой...

- Өзің соғысып көрдің бе?

- Советке мен қашып өткенде, соғыс Германияның өз жеріне қашып өткен. Қатынаса алмадық. Сонда да екі-үш ай әскери мектепте болдық. Бұл жақты сол мектепте оқып жатып, талап еттім. Соғысты қайтып келіп, өзіміздің Жың мен Шихуда көрдім. Әсіресе Шихудағы төрт сөткелік соғыста көп адам қырылды. Иттің балалары Шиху маңын неше қабат құрыш бекініске айналдырып қойыпты. Сонда да алдымен күншығыс жағынан кіріп, талқандап өттік. Жауынгерлеріміз соғыс өнерін жетік игермеген сыпыра малшы, егіншілер болғанымен, ашу-кекке әбден бөккен екен. Оның үстіне құралымыз да жаман емес, танкы мен аэропланнан басқасы баршылық болды. Қанды кекпен уыттана құралданған халық Шиху алынған соң осы Манас бойына бір-ақ келіп тоқтады. Жеткенше сары аяқтарды жаппай қырғындады. Шындығында қолбасшылыққа бағынбай қырды. Нағыз анархиялық қырғын... Жә, оны және әңгімелерміз... Сен Әділбек дейтін кісіні танимысың?

- Қай Әділбек?!

- Тегі Шәуешектік екен, полковник, Советтен келді....

- Танимын, танимын... бастауыш мектептегі кезімізде Мәкен «қытайға сатылған әпекең» деп қорлайтын Дәмеш Әділбек дейтін жігітпен тұрмыстанып, Әділбек Шың Шысай түрмесінен қашқанда сонымен бірге кеткен. Сол Әділбек болғаны ғой... Ол қайда?!

- Қазір көресің, осындағы қолбасшылық штапта. Шекарадан бізді сол бастап өткен. Сені кездескен сайын сұрайды менен. Бұрын капитан еді. Жың соғысынан майор, Шиху соғысынан полковник болып шықты. Жездең - қыран!... Ендігі әңгімені кейінге қалдыралық. Осы жерден бұрыламын!

- Қайда?

- Өзіміздің полк штабына. Бас штаптағы қорғасынды сақалар біздің сақа бармаса, сені мендей «господин» Шүкімайға бере қоймайды. Сақам мықты, соны қайрап салғалы келдім....

Бексапа күнбатысқа қарай шоқырақтата жөнелді де, біз сол жалғыз аяқ жолмен Батыс-терістікке қиырлай бердік. Егіндік шетіндегі селдір теректі там үйлердің тұсына келгенімізде алдымыздан айыр қалпақты екі жауынгер және бөгеді. Жол хатымызды көрісімен «екі оқушыны» тергей жөнелді біреуі. Біздің мұғалімдік мектеп бітіргенімізді естісімен қасындағы жолдасына ым қағып еді, ол тамға қарай жүгірді. Жол хат тексеруші сөзге айналдырып тұрғанда қайта шығып, артындағы терезені нұсқай шақырды бізді:

- Екі оқушы мұнда келсін, полковник сөйлеспек!

- Екі үстел қарама-қарсы қойылған ауыз бөлмеден бір ұйғыр, бір қазақ офицер күлімдей түрегеліп, қол алысты. Менің екі «господинім» сияқты бұлардың да дәреже белгісі жоқ, әйтеуір офицер екенін оң жанбастарынан ғана танығандаймыз. Полковнигі осылардың бірі шығар деген түйсіктің әмірі бойынша ізетпен сіресе тұрып, сәлемдесіп едік. Қырма сақалды ұйғыр офицер: «мархамат» деп түп үй есігіне алақан жая нұсқады. Полковникке арнаған бар итағатымызды қайта жиып ала кіріп едік, ондай салауатқа тола қоярлықтай бір мықты тағы да көрінбеді, киіз үстіне жайылған алашада малдасын құрған, басына қызыл шашағы бар ақ киіз қалпақ киген көсе қара қазақ отыр. Желбегей жамылған жағасыз ұзын қара шекпенінен де соғысқа пәлендей икемділік көрінбейді. Егер осы отырысы қазақы үйде көрінсе, құдасына келген қызай болар еді. Қуаттың жолымен мен де сәлем бере иіліп келіп, қос қол ұсындым да, орнынан қозғалмай Қуатқа созған сыңар қолын мен де алдым.

- Сәлемет қайттыңдар ма, балалар? ... Кел, кел, отырыңдар! - дегендегі үні мен шырайының өктемдігінен «құдаласа келген қызай» емес, соғыса келген қызай екенін байқап, нұсқаған қатарына малдас құрдық. Алдындағы төрт бұрышты аласа үстелге екі шынтағын тірегенде көрінген сары саржы мешпетінен полковнигіміз осы кісі екенін танып едік, түрегеп тұрған қазақ адютанты таныстырғанда «полковник Қазыбек аға» екенін ұқтық.

Ол аты-жөнімізді, жай-жапсарымызды полковникше емес, қазақшасынан қазбалап сұрай келе, өздерінің баталион-роталарында сауатты қызметкердің кемістігін айтты. Осы полкта қалуға үгіттей жөнелді бізді. Біз Бексапаға берген уағдамыз үшін жалтардық:

- Ағай, біз үй ішіміздің амандығын көріп қайтпай, бұл жерде қалмақшы емеспіз.

- Бас штапқа барып, майданға зәру болсақ та рұқсат алып, әке-шешемізді көріп қайтпақпыз. Сонан соң сіздің қолыңызға келуді-ақ талап етелік!

- Қуларым-ай, е, -деп жымиды полковник, - «қиын соғыс біткен соң келейік» деген қиялдарың ғой?... Жоқ, шырақтарым, қанды соғысқа кіреміз деп, енді қорықпай-ақ қойыңдар. Жоғарғы қолбасшылық бізді осы Манас өзенінен өткізе қоймас!

Менің жүрегім зу ете түсті.

- Не үшін?! -деп тіксіне қарадым.

- Гоминдаңмен тыныштық бітім жасаспақ көрінеді... Біздің еркімізге жіберсе, Шихудан қуып келген екпінімізбен Манастағы сары аяқтардың тоз-тозалаңын шығарып, әлдеқашан Үрімжіні бассалар едік. Гоминдаңмен соғысуға біздің жауынгерлер әбден сыр мінез болып алған. Қуалаудың әдісіне әбден қанық. Және Манастың қорғаныс-бекінісі Шихудікінен әлдеқайда төмен. Мұның алынуы арқылы Үрімжінің жүрегі жарылар еді. Біліп отырғанымызбен мысымыз солай құрып отыр!

- Сонда, жеңілгені әбден көрініп болған жауымызды жеңдірмеу үшін бітім жасаспақ па?!... Үрімжіге кірмей, осы жерде тұрып бітімге келсек, жаудың тепе-теңдігіне, тіпті өктемірек тұруына көнгендігіміз болмай ма?

- Бауырым, сендердің түтіндеріңді бүкілдей теріс көріп, қорқатындыққа балап отырған сияқтымын-ау!... Біздің жауынгерлер де осы пиғылда. Әр күні жорық талабын көтеріп, мазамызды алып жатыр. Қайтсын, іштеріне симайды, «жау алқымынан қыспай, ақиқатқа келмейді» деседі, бітім-сітіміне қарамақ емес!

- Сіздердің бұл жатуларыңыз жау жеріндегі төңкерістік ұйымдарымыздың талқандалуына соғып отыр. Біз қанымызға әбден қарайып келіп отырмыз! -деп қалғанымызда көзімнен жас ыршып, тісім шақырлап кетті. - Барлық көргенімізді майдан штабына мәлімдегенше асығып келеміз. Бұл күйдегі бітім-бітім емес, жеңіліс! Бұған көну - жаудың ішкі жағындағы рухани күйреуді көріп отырған сіздер үшін зор қылмыс! Майдан қолбасшылығына дәл осыны дәлелдемекпіз. Шабуылға шықпайтын болса, мұндай бекерші армияға кіріп неміз бар біздің, соғысатын болса ғана қайтып келеміз. Соғыста қандай қиын орынға қойса да біз дайын!

- Дұрыс, бауырым, дұп-дұрыс! Бас қолбасшылық штапқа да осы пікірлеріңді толық баяндап, жазба мәлімет беріңдерші, неғұрлым айқын дәлелденсе, соғұрлым жақсы! Біз де айтып жатырмыз, әлі айтамыз! Егер қалатын болсаңдар, екеуіңмен толық шығыса алатын сияқтымын, осылай болу керек! -деп полковник адютантына қарады. - Бұл екі азаматтан көз жазып қалмағайсың! Майдан штабында қандай жөнге келерін сұрастырып, маған алдын ала мәлімдеп тұр!

- Құп, жолдас полковник, алдын ала сұрастырып, сізге мәлімдеп тұруға! -деп адютант сақ ете түсті. «Уақытша» қош айтып, біз шықтық та, малдасын құрған күйі «құда қызай» қалды....

Қара ағашты, теректі Шихаңзы қоржасының күншығыс жағынан алдымен түксиіп төрт құлақ, үш мүйізді биік будда бұтханасы көрінуші еді, іргесімен қопарылып, күйреп түсіпті. Күн еңкейіп бара жатқанда соның қасынан өтіп, помещик жаңгүдейдің қақпасы алдына тоқтап едік, алдымен кеткен жол бастаушы партизанымыздан хабар тапқан сияқты, босағадағы үйден айыр қалпақты жауынгердің бірі шығып, «екі оқушы осында, әкімнің үйіне» қонатынын айтты.

- Аттары сіздердің аттың қасында болады, жетектей жүріңіздер! -деп өзі қойшылардың алдына түсті де, бізге кіретін үйді нұсқай кетті. - Анау төрдегі... төрдегі есікке кіріңіздер!...

Кең сәкінің қазандық жағында сыңар малдаспен отырған кимешек-шылауышты ақ бәйбіше біздің сәлемімізге ернін ғана жыбырлатты да, төрді нұсқады. Сәкідегі мол қара текеметтің шетіне іліне отырдық. Төр төбесіне жайылған шағын кілем мен төрт қабат көрпеге, ірге жағында жатқан күмісті кісеге қарағанда, сол кіседен үріккендейміз, кісісіз төрде кісе жата ма?

Аяқты сәкіден салбыратып, ыршып тұруға әскердей дайын отырғанымызда, жаздық жеңіл қара шапан жамылған, қызыл жібек тісті қара елтірі тымақ киген кісі нараулай келіп кірді. Біз де нараулау түрегеліп, сәлем бердік. Сәлемді іркілмей қабылдаса да, қолындағы жез құманды босағаға асықпай қойып, бәйбіше жаққа мамырлады. Ауыр бәйбіше жеңілірек түрегеліп, кісінің төрге шығуына жол берді де, адалбақанда ілулі тұрған кестелі жайнамазын алып ұстатты. Оны кісінің өзі асықпай, тәптіштеп қана жайып, такбір* түсіргенде, үнін екінші рет естідік. Бет ұшы қып-қызыл, елулер шамасындағы жас шырайлы кісі екен. Шағын ғана қара сақал-мұрты ақ жүзіне құп жарасыпты. Атақты Қалибек осы кісі екенін айырсақ та, мінезін айыра алмай кенерлеп отырмыз. «Салмақты ма, сасық паң ба» дегендейміз.

Үшінші лебізі жайнамазын жиып, көрпесіне жайланып отырған соң ғана шықты, сағыз-салқын ғана естілді:

- Балалар, берірек, төрлете отырыңдар! Қане қайдан, қалай келіп қалдыңдар?

Тәкаппарлығы байқалып тұратын мұндай сібер кісіге менің де сіберлігім ұстай қалып, жауапты Қуат қайырды. Ұзағынан сөйлеп түсіндірді. Төмен қараған күйі үнсіз тыңдаған әкім үнсіз түрегелді де, жайнамазын енді ақшам намазына жайды, жайнамаз жайылысымен біз тағы да үріккендей сәкіге кенерелей қалдық. («Қарап отырған» Құдай мен оған құлдық ұрып, бас қойған пендесі арасына көлеңке түсіруден үлкен қылмыс бар ма?)

Сыр мінез бәйбішесі де сөзімізді әкімнің өзінше үнсіз тыңдап, жайнамаз жайылғанда орнынан тұрды да, шам жақты. Ошаққа от тұтатып, пылитасына шәугім қойғанда да сыбдырын естімедік. Құлази бастаған сияқтымыз.

«Осы ерлі-зайыптылар бір-біріне қарап күліп көрді ме екен?! -деген таңданыс бітті маған. - Әй, ыммен ғана байланысар-ау... әкімнің өзі маңдайынан нұқып қалмаса ашу көрсетпес те, қолтығынан қытықтамаса жымимас. Тым діндар кісі екен, намаз оқысының баптылығын қарашы, оқ жауса да елең ете қоймас, батырлық аты осы қасиетінен-ақ шыққан-ау!... Төңкерістік үкіметке «Шығыс Түркістан» атын қойып, дін ұранын көтерген ордалы мықтылардың бірі осы кісі болар-ақ... Иә, төңкеріске мұнысының пайдасы да тимей қалған жоқ!»

Бұл кісінің сөз құлпын ашу үшін «төңкеріске тигізген зияны» жағынан түртпектеп көргім келді. Бойына тоғытпай отырған жайы болса, оны шешу үшін де сол еп сияқты. Орнына қайта отырған соң тағы да үнсіз қалып еді. Қуаттың әлгі жауабын толықтау ретінде сөйледім. Үрімжіде астыртын төңкерістік ұйымның құрылуы мен оның кеңеюі жайында қысқаша баяндап келіп, «сыртқы жағымыздан көмек күш келмей қалғандықтан» жанышталғанын айтып, бір кідіріп едім.

- Қалай, әшкереленіп қалды ма? -деп сұрады.

- Иә, сіздің басшылығыңыздағы партизандар 4-ші айдың 17-ші күні кеште жетіп, Үрімжіні қоршамақ болған екен. Дәл сол күні іштен көтерілуге сай болу үшін ұйымдасу қызметін өте жеделдетіп, жалпыластырып жіберіппіз. Сіздер бармай қалған соң, төрт-бес күннен кейін-ақ шпиондар жағынан әшкереленіп, қолға алына бастадық. Кенже, Репқат дейтін әскери басшыларымыз қашып келе жатып ұсталып, кескіленіп өлтірілді де, қалғанымыз жаппай түрмелендік. «Темір қасқырға» жем болдық. Талай боздақ ерлердің қол-аяғы шағылды, темір қармақтан құлақ, еріндері жырылып, иектерінен асылды... Содан екінші рет қашқан осы екеуміз ғана алдыңызға аман жетіп отырмыз... Гоминдаң халықты алдау үшін уақытша қоя берген қылмыстыларын қайта жиып жатқанда қаштық.

- Ой байқұс балалар-ай, е! -деп қалған әкім, арт жағына қайрыла қарады да, бәйбішесі төр үйге ұмтылып барып, екі жастық әкеліп тастасымен қисая кетті. Аз үнсіздіктен соң, «ақталайын ба, ақталмай-ақ қояйын ба» дегендей тым керенау сыздықтатты сөзін. - Кәнәні маған тағасыңдар-ақ, мен кімге тағармын!... «Үрімжіге өтесің бе» деді, «өтейін» деп дайынладдым. «Өтпейтін болдың» деді. Өтпейтін болдым... Аржағынан Оспан батыр, бер жағынан біз кірсек... Гоминдаңның жайы белгілі еді ғой!... Сонда Үрімжіге кірмек болған қолымыздың бір бөлігі қазір де өзеннің арғы жағасында, Манастың желкесінде жатыр. Түнде келіп түртіп, шәуілдетіп ойнайды да, күндіз тауда болады.

Мұнан соң әкім сөзді де, сөйлетуді де қойғандай тағы да үнсіз жатып қалып еді. Келте қара құрым палшопка киіп, фуражка қалпағын шекесіне сәндеп қондырған иықты сұры жігіт есік ашты:

- Рұқсат па, әкім?! -деп қалған үні жылы естілді. Жарық лампадан иек тісінің бірі кем екені де байқалған соң тани қойдық. Әкім сол жатқан бойы қабылдай салды:

- Кел, Жаппар, кел!... Мына балалардың сөзін тыңдашы!

Дембелше партизаннан естіген сақшы бастығы Қуат екеумізге таныс Жаппар болып шықты: былтырғы жаздық демалысқа қайту жолымызда Манастан Күйтінге дейін біздің арбаға отырып, екі сөтке ішінде-ақ туыстай болып алған аңқылдақ «Жаппар аға» екен. Жаңгүдейлер мен сақшыларды сыпыра янаттау арқылы танысқанбыз да, «қара кесек» әнін ұзақ-ұзақ қосылып шырқау арқылы туыстасқанбыз. Онда Манаста мал дәрігері еді, енді сақшы мекемесінің бастығы болыпты. Қолымыздан сілкілеп, арсалақтай амандасты...

Дастарқан жайылғанда әкім де бас көтеріп, шәйді бірге ішкенімен тіл қатпады. «Мына балалардың сөзін тыңдашы» деген сөзі өтініш сияқты. Енді кеңінен ақтара сөйлеген бізді өзі де қайта тыңдап, «естідің бе» дегендей Жаппарға көз қиығымен салқын ғана қарап қояды, жорықтың бөгеліп тұруы жағынан қолбасшылыққа терең өкпесі де бар сияқты. Мінезінде зор салмақ та, сақтық та, тәкаппарлық та, ой-пікір жағынан ымыраға келмейтін наразылық та, қайғы да бар екенін, бәрі жиылып, салқын тұйықтықтың кесек тұлғасына айналдырып қойғанын кейінгі күні де ашылмай, сол күйі қалуынан түсіндік.

Дәрігер кезіндегі бар ойы ашық-жарық, еркөңіл, өр мінезді Жаппар да бұрынғы қалпымен көріне қоймады, біз кешірген оқиғаларды байырғы жүрегімен қабылдамағандай, даттап та, құптап та алдыға шықпай қалды. Саяқ әрекет іздейтін сақшы стилі осылай қалыптасар-ақ, сөйтсе де әкім мінезіне бағу, аңдысу бардай...

Мен одан Ақылбайдың қайда екенін сұрадым.

- Партизан ұйымдастыру қызметінде онымен аз уақыт бірге болдым. Шиху соғысында міндет бөлініп, соғысқа қатынасатын бөліммен бес қоржа жақтан Шихуға Күйтіннен қиырлап кетіп еді. Содан қайтып көріспедік, -деп күрсініп қана қойды. Мен тіксініп қалдым. «Есіл Күләш, абзал басыңа тағы қандай күн туар екен» деген күдік үйи қалды көңіліме...

Бізді қолбасшылық штапқа ертеңіне таңертең шақырды. Шақыра келген айыр қалпақты ұйғыр жауынгер қоржаның батыс-оңтүстік шетіне салынған жаңа ғимаратқа - жаңаша ұзын коридорлы, еңселі үйдің есігіне әкеліп тоқтатты. Алдымен өзі кіріп мәлімдеуге беттеп еді, бізге жымия қарап алған күзетші жауынгерлердің бірі:

- Өздері шақырып, күтіп отырған соң кіре бермей ме! - деп дабыстады.

- Ынтизам! - деп тастап жүре берді бастаушымыз.

- Гоминдаң сақшысындағы әдетін әлі тастамапты бұл! - деп күзетте тұрған ұйғыр жауынгердің бірі бізге қарап күлді. - Бұрын гоминдаңға әскер болған...

«Саяси бөлімнің» есігі ашылды да, сонда барып кірдік. Ұзын мұрын, ұзын жақты, үңірейген қызғыш қоңыр офицер түрегеле қол алысып, есік жақтағы орындықты нұсқады. Қалың қасы алғашында түксиіңкі етіп көрсеткен ақ сұры ұйғыр жігіт күлімсірей амандасып, аты-жөнімізді сұрап жазды. Үрімжіге қайдан келіп, қайда оқығанымыздан бастап сұрауға кіріскенде ғана үңірейген ұзынның өзбек екенін танып едік. Кейін Үрімжідегі жағдайды сұраған сұрасынан, ол қаланы толық білетінін түсіндік, «әскери мектептен кімдерді танисың» деген сұрауы ғана бізді анықтау жолындағы сәтті сұрау болып шықты. Тергеуін қысқарту үшін, мен әскери ат дәрігері Репқатты толық білетінімді айттым.

- Онымен қандай байланысың болды?

Репқаттың Әлмен арқылы ұйым қызметінде менімен төте істес болғанын қысқаша айқындап айтып, шпионды атқан кезінде, сыртынан баспалап қарап тұрғаныма дейін әңгімелеп едім, үңірейгенім күлімдей бастады.

- Әскери мектептен танитының бар ма? - деп сұрады сонда да.

Боғдаға бірге қашқан Ақай-Мақайды айтып едім, оған місе болмағандай аңырайып қарады. Сол мектепті жақында бітірген Қасым Әзез дейтін көне сабақтасты, оның қазір түрмеде екенін айтып едім, тағы да танымайтын рай көрсетті. Тергеушімнің ұзын кеңірдегіне қарадым. Дәл соған тола түсетін тағы бір добалдай куә керек екені байқалып-ақ отырды.

- Әлмен бар ма? -деп сұрақ қойдым.

- Бар, қазір Алтайда, генерал майор Дәлелқанның қарауында.

- Қырағылығы баршылық еді, біздің жайымызды содан сұрағайсыз! -деп орындық арқалығына шалқалай түстім. - Былтыр күзде Құлжадан жасырын барып, мені ұйымдастыру қызметіне тартқан сол кісі болатын.

- Кенжені танисыз ба?

- Сыртынан естігенмін, көрмедім. Бастығымыздың бірі болатын. Біздің ұйымның тәртібінде өзімен төте байланысты екі мүшені ғана таниды.

- Зәнжырсыман тәшклат,* - деп айқындады ұйғыр офицер.

- Кенжені де, Репқатты да тергеу үстінде кескілеп өлтіргенін естідік, - деп Қуат қосты.

Телефон шырылдады. Ұзын өзбек тыңдағышты ұстай алып, «келді... өтетіндей... мақұл!» деген үш үзік жауап қайырып қоя қойды.

- Қазір әскери қызметшіміз жетіспей жатыр. Майданда қалуға разысыңдар ма? - деп сұрады сонан соң. - Қызметті қауіп-қатерсіз, жақсы жерден береміз!

- Қауіпсіз қызмет өз үйіміздің маңынан да табылар. Бізге қазір соғыс керек, - дедім мен, - шешуші соғыс басталса ғана қалмақпыз. Тез уақыт ішінде шабуылға өтуге уағда берсеңіздер болғаны, сапқа тұра қаламыз!

Екі саясатшы бір-біріне жымия қарасты.

- Оған келісіп қалармыз! -деді ұзыны маған қарап басын изеп-изеп жіберіп, екі бөлек кесте ұсынды. - Мына анкетаны ертең сағат онға дейін толтырып беріңіздер, қалғанын сонан соң тыңдаймыз. Қазір сіздермен әскери бөлім сөйлеспек.

- Полковник Әділбек жолдас қайда тұрады?

- Сол бөлімде.

- Екі есіктен өтіп... үшінші есік! -деп ақ сұрысы бастай жөнелді.

Формалы сарғыш қоңыр киім, құрым етік қона жарасқан, тіп-тік мығым денелі қара торы офицер кең үстел алдында, жалаңбас түрегеп тұр екен. Табалдырықтан аттай қарағанымда бұрын мен көрген Әділбекке ұқсамай, тым сұсты көрінді. Самайы қылаңдап ағарған қысқа қара шашы қайқая сұлап, қарсы жатыр. Үнінен ғана ұқсаттым. Амандықты қазбалап сұрай ұмтылып, қол алысты.

- Келіңдер, бауырлар, аман-есен қайттыңдар ма?... Денсаулық қалай? Кел, кел, отырыңдар, отырыңдар!

Төрден есікке дейін іргелете қатар қойылған орындықтарға өзі де бізбен бірге келіп отырды. Еселей амандастық.

- Қайтып келгеніңізді кеше Бексападан естідік. Біздің әпеке қайда, аман ба, келді ме? -деп сұрадым.

- Аман, денсаулығы жақсы, қазір Лепсіде, дәрігер. Саған айрықша сәлем айтқан. Екі жиенің бар, бірін Алматыға алғаш барғанда көрдік те, бірін мен осы жаққа жүрерде ғана көрдік. Үш жарым жыл соғыста болып қайтқанмын... Кеше кешке жақын алдыңғы шепті аралап, төмен кетіп едім. Сенің келгеніңді таңертең қайтып келісіммен Бексапаның телефонынан естідім. Тосын көрсем танымайды екенмін. Ал өзің жүдеусің ғой, денсаулық жайы қалай?

- Денсаулығым жақсы. Құрал ұстап соғысу үшін жарап-ысылып келгенім ғой.

- Жуықта Бәйкеннен хат алғанмын. Үй ішің түгел аман екен. Әкең маған сен туралы құлақ түре жүруді көп тапсырғанын жазыпты. «Бері өтсе-ақ кідіртпей қайтарып, аман көрсетсін» депті. Ал өздерің мына саяси бөліммен қалай келісіп шықтыңдар?

- Соғыс болса, қаламыз дедік.

- Тез арада жорыққа өтесіздер ме, ағай, соның шындығын айтсаңыз? - деп Қуат жымия өтінді.

- Өтеміз-өтпейміз деп ешкім үкім шығара алмай жатыр ғой қазір. Төменгі жақтың талабы күшті болса да, кідіріп тұрған жоғарғы жақ. Қазірше үйлеріңе көріне тұрсаңдар, соғыс бола қалса, қайтып келмейсіңдер ме? Семья жағдайларыңды айтып, рұқсат әперейін.

- Тым болмағанда, бір соғыспай көңіліміз көншір емес, - дедім мен, - төгілген таза қандар, үзілген асыл жандар, көрген ашты азап... зілдей ауыр кек бар көкірегімізде, тынысымыздан буып, ішімізден мұжып барады, емі соғыс қана... не болса да қалып көрейік ағай! Үрімжідегі достармен де, қандес қаспен де келісім-кесіміміз осы майдан еді!

Қаншалық бекем бекіп сөйлесем де, көзімнен қос тамшы ыршып кетті. Тоқтата қойдым сөзімді. Маған байыптай қарап отырған полковник басын салмақпен иді:

- Болады, онда, несі бар... егер соғыс осы жерде тоқтап қалса, мен де қайтамын ғой, бірге қайтармыз, қалсаңдар қал... солай, шын азаматқа мұндайда осы мінез бітеді! Тыңдарлық ірі күйлерің де бар болды!...

«Иә, ол күй -қан теңізінде жүздірерлік соғыс күйі» дедім ішімнен.

Әділетті тергеушім, фашизм - соғысқұмарлық деген сөз ғой. Менің қан майданға «соғыс», «соғыс», «соғыс» деп қанға жерік боп ұрандап кіргенімді көрдіңіз!... Мемлекет көлемінен менен зор қанқұмар, менің өзімнен бұдан зор қылмыс іздеп әуреленудің қажеті жоқ шығар! Әй, бірақ, сіз қылмысқұмарсыз ғой, құмарға тойым бар ма!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Господин (орысша) - тақсыр, мырза.

* Такбір - намаздың парыз бөлімін бастардағы қысқаша азан.

* Шынжыр тәріздес ұйым.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536