Белсенділер Байболат Күнболатұлын босатуды талап етті
Белсенді Байболат Күнболатұлын қолдаушы топ 25 маусымға қараған түні Алматының Медеу аудандық полиция басқармасының алдында түнеп шықты. Бір күн бұрын ондаған адам басқарма алдында "заңсыз пикет ұйымдастырғаны үшін" қамалған Байболат Күнболатұлын босатуды талап еткен еді.
Жұмаға қараған түні қалада жаңбыр жауып, ауа райы салқындады. "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның айтуынша, халық көмегінің арқасында наразылар қатты тоңбай, қарны ашпай, түнді өткізген.
– Полицияның алдында бір арка бар екен. Апайлар сол жерде жатты. Біз сыйғанымызша көлікті паналадық. Халық қолдап жатыр. Біз танымайтын адамдар келіп, тамақты үйіп тастады. Біз тоңып қалмасын деп астымызға төсеніш, көрпе, күртеше, спорттық киім, бәрін әкеп тастады. "Біз видеоларды көріп отырмыз" деді. Бүгін де наразылық болады, – деді Бекзат Мақсұтхан Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, полиция алдында шамамен 15 шақты адам түнеген.
Бұл ақпаратты наразылардың бірі Алмахан Мырзанқызы да растады. Олар "талаптарымыз орындалмайынша бұл жерден кетпейміз" деді.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода кейбір наразылардың полиция ғимараты маңындағы көгалда жатқаны көрінеді. Кейбірі сәкіге жайғасқан.
Бекзат Мақсұтханның айтуынша, 24 маусымда Байболат Күнболатұлының апелляциялық шағымы қаралуы тиіс болған, бірақ әлі қаралмаған. "Бүгін қаралып, оны босатуы тиіс. Себебі, жұрт соны талап етіп отыр" деді ол.
Бейсенбі күні прокуратура шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауды сұраған. Бірақ жұрт тараудан бас тартқан. Полиция өкілдері наразыларға Күнболатұлының "басқа жақта жазасын өтеп жатқанын" айтып, талаптарының "орынсыз" екенін жеткізген.
Байболат Күнболатұлы – Шыңжаңда ұзақ жыл түрмеге қамалған інісінің бостандығын бірнеше жылдан бері талап етіп жүрген алматылық белсенді. Ол сол үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылды. Соңғы рет 22 маусымда Алматы соты оны "Қытай консулдығы алдындағы пикетті ұйымдастырғаны үшін" 15 тәулікке қамаған. Қазір ол уақытша қамау изоляторында отыр. Сот осы аптада тағы бірнеше белсендіге "заңсыз пикет өткізгені үшін" айыппұл салды.
Алматының Қытай консулдығы алдында наразылық акциясының өтіп жатқанына 130 күннен асқан. Наразылар Қытайдан жақындарын босатуды талап етеді. Олардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" көп жылға сотталғанына, енді бірі Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарының құжаттарын тартып алып, Қазақстанға шығармай қойғанына шағымданады.
Осы уақыт бойы олар консулдықтан мардымды жауап ала алмаған. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтып отыр.
- Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
Дереккөз: Centralasian
Abai.kz