«Халықты жайылымсыз қалдыру - геноцидпен тең»
«Ауылда тұратын халықты жайылымсыз қалдыру - геноцидпен тең». Осылай деп мәлімдеген жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан «Жер қорғаны» атты ұйым құратынын мәлімдеді.
Аталған ұйымның мақсаты:
1. А/Ш жерлерді ҚР-ның азаматтарына жеке меншікке сатуға түбегейлі тыйым салу. Шетелдіктерге жерді сатуға/жалға беруге қатаң тыйым салу.
2. Жердің ашық кадастрын орнату. Жерді кім жалдап отырғаны туралы ақпарат ашық болуы тиіс.
3. Бос жатқан жерлерді космомониторинг арқылы және цифрлық технологиямен мемлекетке қайтару.
4. Әр ауылдың манайындағы 5-20 радиусында жайылым жерлерін мемлекеттің меншігіне қайтару. Қоғамдық жайылымдарды орнату.
5. Жердің бөлу мен беру процесін цифрландыру, ашық қылу. Бұл процеске әкімдер және әкімдердің комиссиялары бұдан былай араласпау керек.
6. Субарендаға жол жабу, субарендаторларды жауапкершілікке тарту.
7. Банкттердің кепілдіктерінде тұрған жерлерін мемлекеттік меншігіне қайтару.
8. ҚР азаматтарына жерді жалға беру тәртібін күшейту. ҚР азаматтығын беру тәртібін қатаңдату.
9. Жердің пайдалану құқықтарын жал мерзімдері біткен соң тек ашық конкурс арқылы ұзартуы.
10. Басқа жердің проблемалары біздің назарымызда болады: демаркация процесі, әскери полигондар, ормандар, көлдер, өзендер, өндіріс жерлер, 10 сотық жер тб.
Тайжан мырзаның айтуынша, ауылдағы ағайынның мал жаятын жерлері - латифундистердің қолында. «Сондықтан халық жайылым жер таппай қиналып отыр» дейді.
- «Ауылда тұратын ағайындарымыздың жағдайы әбден мүшкіл болып кетті. Бірінші проблема - ол малды жаятын жерлердің жоқтығы. Еліміз кең ғой, жайылымдар бар, жоқ емес, бірақ олар - блатной латифундистердің қолында ғана. Қарапайым халыққа жайылымдар жоқ. Әлбетте бұл проблема - сыбайлас жемқорлықтың салдары.
Менің ойымша, ауылда тұратын халықты жайылымсыз қалдыру - геноцидпен салыстыруға болады. Себебі ауылдағы жұрт немен күн көреді? Малмен күн көреді! Ал бос жайылымдар жоқ болса, халық малды ұстай алмайды. Демек балаларын асырай алмай, оларға сапалы білімді бере алмай, өздерінің денсаулықтарына қарай алмай, кедейшілікке батып кетеді.
Халқымыз Тәуелсіз елде өмірді бақытты сүрудің орнына - банктардың құлы болып жүреді. Ауылда тұратын адамдардың өмірі өте қиын, сапасыз түрде алады да өтіп кетеді. Ал балалары амал жоқтан қалаға барып жұмыссыздықтан қиналып, үйлене алмай қатты депрессияға батады. Міне халықтың бүгінгі жағдайы, міне латифундизмнің салдары.
Биылғы құрғақшылықты да бәріміз көріп отырмыз. Ұлы даламызға үлкен жұт келді. Үкіметтің нәтижелі шараларын өз басым көріп жатқан жоқпын. Неге бұндай қасіретті алдын ала болжамады? Неге алдын ала дайындалған жоқ? Мұны дәрменсіздік деп білем. Мұндай дәрменсіздікті халыққа жасаған қылмыс деп айтуға болады. Ақшаны ұрлаудан басқа нақты жұмысты қолға алу керек қой!
Бұнын бәрін есепке алып мен және Жәнібек Қожық мынандай қорытындыға келдік: біз тек қана ынтымақтастықпен нәтижеге келе аламыз. Өйткені латифундистердің - яғни жерлері барлардың және түбі сол жерді сатқысы келетіндердің - ұйымдары өте көп. Ал жері жоқтардың бір де бір ұйымы жоқ! Бұндай қозғалысты біз құрамыз!» ,- деп жазды ол.
Ал, ұйым қатарына қосылғысы келетіндер https://jerqorgany.kz/ сілтемесі арқылы тіркелуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Тоқаев 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатқанын айтып, Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осы жерлерді қайтарып алуды тапсырған болатын.
- «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Abai.kz