Қазақ жiгiтiн кiм атты?
Жуырда, дәлiрек айтсақ, 11 мамыр күнi Павлодар облысындағы Қашыр ауданының орталығы Тереңкөл ауылында жергiлiктi шешен-ингуш жастары мен қазақ жастарының арасында болған қақтығыста 23 жасар Дархан Мұқажанов атты тағы бiр жас боздақ оққа ұшты. Бұл оқиғадан республика жұртшылығы құлағдар болғанымен, кейбiр орыстiлдi басылымдар болған жайды бiр жақты ғана баяндап, жанжалға қазақ жастары кiнәлi деген көзқарас бiлдiрiп жатқасын, оқиғаның анық-қанығын бiлмек үшiн Тереңкөлге барып қайттық. Қайғы басып, қара жамылған шаңырақта "аһ" ұрып отырған ана мен кiмге сөзiн өткiзерiн бiлмей, амалы таусылған әкеге кiрiп, көңiл айтып, дұға қайырдық. Көкiректерiн жас жуған екi бiрдей кейуана - Дарханның екi әжесi де осында екен.
- Мынау iргедегi Песчанное ауылынан бұнда көшiп келгенiмiзге бiр жылдай ғана уақыт болды. Өзiмнiң де, баламның да жұмыс орнымыз әлi де сол ауылда. Дархан - жүргiзушi, мен - медбикемiн. Сол күнi тып-тыныш үйде отырған баламызды жолдастары келiп, көлiгiңмен бiр жерге жеткiзiп тасташы деп алып кеткен. Содан кейiн жансыз денесiн алып келгенде бiр-ақ бiлдiк. Отбасындағы жалғыз ұлымыз, iшiмдiк пен темекiге әуестiгi жоқ, қақ-соқтан аулақ бала едi, қайтейiн, бiр-ақ күнде айырылып қалдық! Биылғы жазда үйдiң iшiн жөндеймiн, сосын күзге қарай үйленем деп жүрген, - дейдi Дарханның анасы Гуля.
Жуырда, дәлiрек айтсақ, 11 мамыр күнi Павлодар облысындағы Қашыр ауданының орталығы Тереңкөл ауылында жергiлiктi шешен-ингуш жастары мен қазақ жастарының арасында болған қақтығыста 23 жасар Дархан Мұқажанов атты тағы бiр жас боздақ оққа ұшты. Бұл оқиғадан республика жұртшылығы құлағдар болғанымен, кейбiр орыстiлдi басылымдар болған жайды бiр жақты ғана баяндап, жанжалға қазақ жастары кiнәлi деген көзқарас бiлдiрiп жатқасын, оқиғаның анық-қанығын бiлмек үшiн Тереңкөлге барып қайттық. Қайғы басып, қара жамылған шаңырақта "аһ" ұрып отырған ана мен кiмге сөзiн өткiзерiн бiлмей, амалы таусылған әкеге кiрiп, көңiл айтып, дұға қайырдық. Көкiректерiн жас жуған екi бiрдей кейуана - Дарханның екi әжесi де осында екен.
- Мынау iргедегi Песчанное ауылынан бұнда көшiп келгенiмiзге бiр жылдай ғана уақыт болды. Өзiмнiң де, баламның да жұмыс орнымыз әлi де сол ауылда. Дархан - жүргiзушi, мен - медбикемiн. Сол күнi тып-тыныш үйде отырған баламызды жолдастары келiп, көлiгiңмен бiр жерге жеткiзiп тасташы деп алып кеткен. Содан кейiн жансыз денесiн алып келгенде бiр-ақ бiлдiк. Отбасындағы жалғыз ұлымыз, iшiмдiк пен темекiге әуестiгi жоқ, қақ-соқтан аулақ бала едi, қайтейiн, бiр-ақ күнде айырылып қалдық! Биылғы жазда үйдiң iшiн жөндеймiн, сосын күзге қарай үйленем деп жүрген, - дейдi Дарханның анасы Гуля.
- Ғұмыр бойы орыс пен немiстiң арасында шәй деспей өмiр сүрiп келемiз, талай жылдар мына көршiлес Ресейде тұрдым, бiрақ мына секiлдi бiреудi-бiреу қасақана өлтiру деген - көрмеген сұмдығымыз. Жалғызымызға оқ жұмсаған адамды тауып беретiн кiм бар, соған жәрдем қылыңдар! - деп отыр қайғыдан көкiректерi қарс айырылған әжелерi Күлбарам мен Нұрзия.
- Ұлымыз осыдан бұрын да бiр рет, наурыз мерекесiнде шешен жастарынан пышақ жарақатын алыпты, оны жасырып, бiзге айтпаған. 23 наурыз күнi құрбысымен дәмханада отырғанда, жанындағы жолдастарына шешен жiгiттерi келiп тиiскен. Дархан араларына түсiп, айырмақ болып жүргенде, олардың бiреуi артынан келiп пышақ салған.
Соңынан Дархан полицияға барғанда кiм пышақ жұмсағаны жөнiнде түсiнiктеме жазып, бiрақ кiнәласудан бас тартатыны жөнiнде қол қойып берiптi. Осы жанжал 9 мамыр мерекесiнде тағы да жалғасып, бұл жолы шешен жастары қазақ жiгiттерiн мылтықпен атып, жаралайды. Ол жiгiт қазiр емханада жатыр, - дейдi Дарханның әкесi Мұрат.- Сонау наурыздан берi көз алдарыңызда болып жатқан оқиғаларға қалайша назар аудармадыңыздар? - деген сауалымызға, Қашыр аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы Серiк Аманжолов былай дейдi:
- Болған барлық оқиғалардан кейiн бiздер жедел шара қолданып, жарақат алғандармен әңгiмелескенiмiзде, зардап шегушi қазақ жастары арыз жазудан бас тартты. Шешен жiгiттерiмен арамызда ешқандай жанжал болған жоқ, ал жарақатты өзiмiз басқа бiр тұрмыстық жағдайда алдық деп, табандап тұрып алды. Ешқандай арыз-шағым болмаған соң бiздер қылмыстық iс қозғай алмадық, тек бұзақылық жөнiнде ғана iс қозғауға тура келдi.
Бұл жерде айта кететiн бiр жайт, неге екенi белгiсiз, жарақат алып, емханада жатқан Асхат Сағитов пен Салауа Қилыбаев атты жiгiттер бiзбен әңгiмелесуден үзiлдi-кесiлдi бас тартты. "Жанжалдың басталуына кiмдер кiнәлi, олардың қолдарында қандай қару болды, қалай жарақат алдыңдар?" - деген сауалымызға олар: "Аға, текке уақытыңызды алмаңыз, бiз сiзбен бәрiбiр сөйлеспеймiз. Қайтемiз бүкiл елге шу көтерiп" деп орыс тiлiнде жауап берген олар терiс айналып кеттi. "Неге сөйлескiлерiң келмейдi, әлде сендердi бiреулер қорқытты ма немесе қысым жасады ма?" - деген сұрағымыз да жауапсыз қалды.
Жастардың нелiктен бұлайша томаға-тұйық мiнез көрсетiп отырғанын түсiне алмадық. Әлде шынымен-ақ бiреулер ескерту жасады ма, болмаса ешкiмдi шулатпай-ақ, өзiмiз соңынан "есеп айырысамыз" деп намысқа тырысып отыр ма, ол жағы белгiсiз.
Осыдан соң жанжалға себепкер болған екiншi жақ - сол ауылдағы шешен ұлтының өкiлдерiмен де жолығып, әңгiмелескен едiк. Мамырдың 11-i күнi түнде үйiн қазақ жастары қоршауға алды делiнген Мұртаз Гушлакаевтың айтуынша, шешен жастарында еш кiнә жоқ-мыс.
- Бiздер соғыс жылдары депортациямен келген қапқаздықтардың ұрпақтарымыз, осы жерде туып-өстiк. Бұған дейiн қазақ ұлтымен арамызда ешқандай жанжал болып көрген жоқ. 11 мамыр күнi түнде жергiлiктi қазақ жастары үйiмiздi қоршап алып, түрлi балағат сөздер айтып, тас атты, тереземiздi, қақпамызды қиратты, - дейдi.
- Оларға қарсы мылтық қолдандыңыздар ма? - деген сауалымызға ол:
- Бiзде ешқандай мылтық болған жоқ, керсiнше оқ көше жақтан атылды. Ана бiр жерде тұрған темiр қалқанды да оқ тесiп өткен. Соңынан үйiмiзге тiнту жасалғанда, ешқандай мылтық таба алмады, - деген Гушлакаев «сүттен ақ, судан таза».
- Жастар арасындағы жанжал сонау наурыз мейрамында басталған екен. Сол уақыттан берi сiздер өз балаларыңызға ақыл айтып, тоқтатпадыңыздар ма?
- Наурызда бiрдеңе болыпты деп естiдiк, бiрақ анығын бiлмеймiн. Ал оқиғадан кейiн полицияға ескерттiк, бiздiң үлкенiмiз Иса iшкi iстер бөлiмiнiң бастығына үш рет барып, жастарды тоқтату керек, әйтпесе бұның аяғы ушығып кетуi мүмкiн деп ескерткен. Аудан әкiмiне де кiрген, - дейдi Гушлакаев.
Әрине, бұл жерде Мұртаз Гушлакаевтың айтқандарының барлығын шындық деп қабылдау қиын. Дарханның өлiмiне дейiн болған жанжалдардың барлығын ол жай ғана "бiрдеңе болғанын" естiдiм деп отыр. Балалары бiреулерге пышақ жұмсап, мылтықпен атып жатқанда, ол қалайша жай ғана "бiрдеңе" болады? Неге уақытында тоқтау айтпаған? Оның басқа да бiраз сөздерiнiң ақиқаттан алыстау екенiне аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы Серiк Аманжоловпен және қылмысты iздестiру бөлiмiнiң бастығы Ерiк Сәлменовпен әңгiмелесу барысында көзiмiз жеттi.
- Гушлакаевтың айтып отырған темiр қалқаны - ерте кезде басқа бiр себептермен тесiлген дүние. Мүмкiн, оны оқ тескен, мүмкiн, басқа нәрсе. Бұны сараптама анықтайды. Ал Иса атты шешен азаматының маған келгенi рас, бiрақ жастарды жөнге салу туралы әңгiме болған жоқ. Керiсiнше, ол маған: "Сенiң Козлов атты қызметкерiң жауап алып, балаларымды мазалай бередi, соны тоқтатсын" деп келген, - дейдi С.Аманжолов.
Бiр айта кететiн жайт, оқ Дарханның желкесiнен тиген. Осыны желеу еткен бiраз адамдар, мылтық үй жақтан емес, көше жақтан атылған деген болжам жасап, бозбаланың өлiмiне қазақ жастарының өзi кiнәлi деген ыңғай танытып отырған сияқты.
Полиция қызметкерлерi "тергеу құпиясы" деген себеппен, бұл оқиғаға байланысты көптеген жайдың бетiн ашудан бас тартты. Дегенмен, Сәлменовтiң айтуынша, 9 мамыр күнi Гушлакаевтардың бiреуi түнгi дискотекаға келiп, қазақ жастарының бiрiн "сөйлесемiз" деп, далаға алып шыққан. Жанжал осыдан басталған. Полиция қызметкерлерiнiң емеурiнен ұққанымыз, 11 мамыр күнi түнде Гушлакевтың үйiне барған қазақ жастарының қолында мылтық болмаған. Осыған қарап, оқ Гушлакаевтың үйi жағынан атылған ба дедiк. Бiрақ оны дәлелдеймiз деп тұрған ешкiмдi байқамадық.
Сөйтiп, Тереңкөлден қайтып бара жатып, мына секiлдi бiраз сауалдар көкеймiзде кеттi: Дарханның өмiрiн қиған мылтық қайда? Нелiктен зардап шеккен қазақ жастары бiзбен әңгiмелесуден бас тартты? Жастар арасындағы жанжал сонау наурызда басталып, бiрнеше адам жарақат алып жатса да жергiлiк құқық қорғау орындары мен атқарушы билiк бұған нелiктен мән бермеген? Бұл оқиға ұлтаралық қақтығыс па, әлде жай ғана бұзақылық па?
Дегенмен iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы С.Аманжолов қылмысты бiр аптаның төңiрегiнде ашамыз, сол күнi мiндеттi түрде сiзбен хабарласам деп уәде бердi.
Жасыратыны жоқ, ұлт өкiлдерi арасында болып жататын бұндай жанжалдарға шама келсе "жай ғана бұзақылық" деген баға беруге тырысамыз. Егер оны "ұлтаралық қақтығыс" десек, онда бүгiнгi саясаттың "басты мақтанышы" болып саналатын "сүттей ұйып отырған ұлтаралық татулығымызға" нұқсан келедi. Ол жергiлiктi атқарушы билiк үшiн де, құқық қорғау ұйымдары үшiн де жақсы атақ емес. Бiрақ құдайшылығын айтайықшы, егер екi ұлттың жастары бiр емес, бiрнеше мәрте жанжалдасып, бiрiне-бiрi суық қару жұмсап жаралап жатса, бұл жай ғана бұзақылық па? Әлде, оны ұлтаралық жанжал "дәрежесiне" көтеру үшiн, үйде отырған шал-кемпiрлер де араласуы қажет пе? Егер осы жанжалдың iшiнде жергiлiктi орыс пен немiс ұлтының жастары болса, бұзақылық деп атауға болар едi. Бiрақ қақтығыс тек жергiлiктi ұлт өкiлдерi мен шешен-ингуш жастары арасында болғаны ешкiмдi ойландырып отырған жоқ.
Шындығын айту керек, қазақ балалары өздiгiнен барып бiреулерге ұрынып, жанжал туғызуы сирек кездесетiн жайт. Бұны өзiмiз қазақ болғандықтан айтып отырған жоқпыз, жалпы бiздiң табиғатымыз солай. Әбден етiмiзден өтiп, сүйегiмiзге жеткенше шыдап жүре беремiз. Ал тау халықтары, әсiресе, шешен-ингуш диаспоралары қоныстанған жерлерде түрлi жанжал-қақтығыстар жиi болып тұрады. Және тек Қазақстанда ғана емес. Бұған ұқсас соңғы оқиға ана жылы Алматы түбiндегi "Казатком" ауылында болғанын бiлемiз. Тереңкөлдегi оқиға да тура осындай жағдайдың бiр көрiнiсi. Өз туған ауылдарының көшесiнде емiн-еркiн жүрiп-тұрып, тiптi дос-жарандарымен жергiлiктi дәмханада азғана уақыт демалып отыра алмаса, қазақ баласы қайда барады? Халықтың қоғамдық тыныштығын қорғайтын полиция қайда қарап отыр?
Бүгiнде Қашыр аудандық iшкi iстер бөлiмi 23 наурыз, 9-10 мамыр күндерiндегi оқиғалар жайлы бұзақылық iс және 11 мамырдағы кiсi өлiмi жайлы қылмыстық iс қозғапты. Ендi осының нәтижесi жөнiнде полиция бастығы Аманжоловтың хабарын күтемiз.
СайлауБАЙБОСЫН,
Павлодар облысы
«Жас Алаш» газеті