Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге мемлекет қана емес, жұртшылықтың өзі де мүдделі болуы керек
Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі:
Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі:
- Мәдина Ерасылқызы, бүгінгі әлем алда болуы мүмкін үлкен дағдарысқа өзінше қам-қарекет жасап жатқан сыңай танытады. Тіпті бұл дағдарыстан ешбір мемлекет оқшау қала алмайтыны талай айтылды. Дегенмен қарапайым халық көп жайтты түсіне алмай отыр. Бұл не қылған созылмалы дағдарыс? Ол қайдан және қалай туындайды? Осының жайын қарапайым тілмен оқырмандарға түсіндіріп берсеңіз.
- Бүгінгі жаңа экономикалық тарихта пайда болған әрбір дағдарыстың экономикалық табиғаты да, олардың шығу тегі де әртүрлі болып келеді. Ал қазіргі таңда жер жаһанның мазасын алып отырған кезекті дағдарыс толқыны 2007-2008 жылдардағы қаржылық дағдарыстан және басқа да циклдік дағдарыстардан біршама ерекшеленеді. Әлемдік даму деңгейіндегі 2011 жылдың қорытындыларына сүйенсек, дамыған елдердің құрылымдық балансында үйлеспеушілік одан сайын шиеленісіп, 2007-2008 жылдардағы дағдарыс салдарынан қаржы жүйесінің әлі де оңалмағаны, ең ақыры жаһандық экономикалық тұрақтылық нақты қалпына келмегені анық байқалды. Ал қазіргі уақытта әлемнің ең ірі экономикалары - Еуроаймақ пен АҚШ дербес қарыз дағдарысына, сондай-ақ баяу немесе теріс (Еуроаймақ жағдайында) экономикалық өсімге тап болып отыр. Яғни қисынсыз фискалды саясаттан туындаған шамадан тыс мемлекеттік қарызға бату тұрақтылықты теңселтіп, «экономика көшбасшылары» саналып келген елдерді тұқыртты.
АҚШ-қа келсек, кезінде мұхиттың ар жағындағы дәл осы елден «ипотекалық дағдарыс» бастау алған еді. Әлемді шайқаған қаржы дағдарысынан кейін АҚШ жеке сектордағы өз шығындарын қысқартты және қайта қаржыландыру ставкасы нөлдік белгіге жақын болғандықтан, ақша-несие саясаты арқылы жеке секторды ынталандыруға мемлекеттің күші жетпеді. Сондықтан мемлекет осы жеке сектордың тапшылығының орнын толтыруға және бүгінгі күнде ЖІӨ-ге шаққанда 100 пайыздан асып кеткен зор мемлекеттік қарызды амалсыз өсіруге мәжбүр болды.
Ал Еуропа жағдайына келсек, бұл аймақтағы кеп одан да күрделілеу. Өйткені бірыңғай еуро валюталық блогын құрудан кейін бәсекеге қабілеттілік деңгейі әртүрлі 17 елге бірдей қарыз алу талаптары қойылған болатын. Осылайша, мәселен, перифериялық елдердің (Италия, Испания, Португалия, Грекия) облигациялары немістердікі сияқты пайыздық мөлшерлемелермен сатылды. Бұл елдерге капиталдың ағылып келуі еңбек өндірісіне қайшы тұтынушылық серпілісті тудырды. Сосын бағалар мен шығындар қоса өсті. Бұл өз кезегінде жалақыны өсіргенімен, өндірісті бәсекеге қабілетсіз етіп тынды. Сөйтіп, 1999 жылы (евро енгізілгенге дейін) сауда балансы біршама теңдікте болған оңтүстік еуропалық елдердің сауда балансы мен ағымдағы операциялар шоты үлкен тапшылыққа ұрынды. Соның салдарынан аталған елдер бәсекеге қабілетсіз айырбас бағамымен экономиканың мүмкіндігін шектен тыс тұтына бастады. Бұл бюджет тапшылығына әкеп соқтырды. Осылайша, әлі күнге алмағайып заманды бастан кешіп отырған Грекияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 164%-ына жетті. Қарызға белшеден батқан грек үкіметі борыш құрылымын қайта қарауға және елдің дефолтын болдырмау үшін «Үштіктің» (Халықаралық валюта қоры, Еурокомиссия, Еуропалық Орталық банк) қаржылық көмегіне жүгінуге тағы мәжбүр болды. Дегенмен еуроаймақтың басқа мемлекеттеріндегі жағдай да мәз емес. Мәселен, қазіргі уақытта Испанияға да Грекияның тағдырын қайталау қаупі төніп тұр. Сөйтіп, Еуроаймақтағы перифериялық елдердің қаржылық тұрақтылығына қатысты инвесторлардың күмәндануы тәуелсіз (суверенді) облигациялар кірістілігінің жоғарылауына соқтырып, жағдайды одан сайын ушықтырып жатыр.
- Яғни қазіргі Еуропаны айналшықтап жүрген дағдарыстың төркінін осы елдердің ортақ валютаға, Еуроаймаққа келуінен көруге бола ма?
- Расында, бірқатар сарапшылар осындай пікірді құптайды. Мәселен, Нобель лауреаты, экономист Пол Кругманның пікірінше, егер де ұлттық валюталарды сақтағанда, Еуроаймақтағы перифериялық елдерге оңайырақ болатын еді. Бұл оларға девальвацияның көмегімен өзінің бәсекеге қабілеттілігін тез қалпына келтіруге мүмкіндік беретін еді. Былайша айтқанда, Кругман бүгінгі «еуродағдарыстың» бекітілген валюталық бағам мен икемсіз ақша-несие саясатының кемшіліктерін анық көрсетіп отырғанын айтады, соны алға тартады. Дегенмен бұл бағытта пікірлер әрқилы. Сондықтан әзірше Еуроаймақтағы оқиғалардың қалай өрбитіні белгісіз.
- Дегенмен қазіргі қиындықтарға қарамастан, аталған елдер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін қайта қалпына келтіре ала ма? Жоқ әлде оларға Еуроаймақтан шығуға тура келе ме? Сіздің пікіріңізді білсек...
- Бұл - нақты болжауы күрделі, болашағы белгісіз мәселе. Дегенмен мәселе тек ортақ валюталық саясатта ғана емес. Оған қоса, әлемдік жағдайды жұмыссыздықтың рекордтық деңгейлері де одан сайын ушықтырып жатқаны айқын. Мәселен, Еуроаймақтағы шиеленіс әсерінен әлемдік экономикалық дағдарыстың созылып кетуі миллиондаған жастарды жұмыссыз қалдырды. Жұмыссыздар Испания мен Грекияда - 50%, Португалия мен Италияда 30%-ға жетіп отыр. Бұл, шындығында, «абдыраған ұрпақтың» пайда болу қаупін тудырып отырғаны да жасырын емес. АҚШ-тың өзінде 3,2 млн адам бірнеше жылдар бойы жұмыс таба алмай жүргені байқалған. Сондықтан да жеткілікті жұмыс орындарын қамтамасыз ете алмайтын жағдайдағы елдерде әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздық қаупі туындап отыр, ал қазіргі орын алып отырған оқиғаларға қарасақ, мұндай қауіптің жақын аралықта сейілетіні көрінбейді.
Дегенмен ендігі кезекте ұзаққа созылған дағдарысқа жауап ретінде Еуроаймақ пен АҚШ бюджеттік шығындардың бірігуі мен әлеуметтік төлемдердің азаюын ескеретін фискалдық шараларды қатайтатын қадамдарға барып отыр. Бұл елдер ірі инвестор мен импорттаушы болғандықтан, олардың бюджетін біріктіру импортқа сұраныстың қысқаруына, сондай-ақ өтімділіктің төмендеуіне алып келеді. Осының өзі шикізат пен қаржы нарықтарындағы жағдайдың және әлемдік экономикадағы жалпы несие конъюктурасының нашарлауын тудыруы ықтимал. Осы факторлардың барлығы елдердегі экономикалық өсім қарқынына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
- Сөйтіп, бұл әлемдік экономиканың дамуына әсер етеді дейсіз ғой?
- Иә, солай десе де болады. АҚШ пен Еуроаймақ экономикаларындағы қарыз мәселелерінің сақталуына байланысты, әлем экономикасының айтарлықтай болмаса да, бірақ созылмалы бәсеңдеуі күтілуде. Біраз сарапшылардың ойынша, осыншама күшке еніп, баланстық теңсіздіктерін тудырып отырған құрылымдық мәселелердің шешімі табылмайынша, экономикалық өсім баяулай береді. Сондықтан да Халықаралық валюта қоры 2012 жылға әлем экономикасы өсімінің болжамын 3,5 пайызға дейін төмендетті. Мұның алдында Қор 4% өсім болады деп болжаған еді.
Осы тұрғыда айта кетейін, жалпы жаһандық жағдайларға қарамастан, Қазақстан сияқты дамушы елдер экономикасы дамыған елдерге қарағанда біршама қолайлы жағдайда қалып отырғанын ескеруіміз керек. Бұл осы елдердегі қарыздардың біршама төмен деңгейде болуы және дамушы әлемдегі сұраныстың жағымды болуымен тікелей байланысты дүние. Ал мұндай үдерістің баршасы өз кезегінде батыстан келіп жатқан кері экономикалық әсерді жұмсартуға әжептәуір көмектесіп те жатыр. Осылайша, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша 2012 жылы дамыған елдердің экономикасы - 1,4%-ға, ал дамушы елдердің экономикасы 5,7%-ға өспек.
- Біршама қолайлы жағдай болғанымен, біздің де дағдарыстан оқшау қала алмайтынымыз айқын. Ендеше, Қазақстанның болуы мүмкін дағдарысқа қарсы қорғаныс қабілеті қаншалықты? Әлемдік даму сценарийлеріне байланысты елдің экономикалық тұрақтылығын сақтауда қандай мәселелерге баса назар аударылуы шарт деп ойлайсыз?
- Дағдарыстың ықтимал екінші толқынына дайындығымыз жаман емес. Мұнай бағасы жоғары кезде жүргізілген жинақтау саясатының арқасында ел экономикасы елеулі қаржы әлеуетіне ие болды. Бүгінгі күні Ұлттық қордың валюталық активтерін қосқанда елдің жалпы халықаралық резервтері 82,7 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Мұның өзі - үлкен күш. Сондықтан да жинақталған қаржы әлеуеті экономиканың келешекте тұрақты дамуын қамтамасыз етеді деген сенім мол. Бұл - бір. Екіншіден, дағдарыстың бірнеше толқынын бастан өткізген Қазақстан нарықтық қатынастарға өз қатысын төмендете отырып, экономиканың сауығуы мен нығаюы үшін дағдарысқа қарсы шаралар жүргізуде әжептәуір тәжірибе жинақтады. Жоғарыда аталып өткендей, әлем экономикасындағы жағдай аса тұрақсыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет әлем экономикасы дамуының оптимистік, базалық және пессимистік сценарийлерін ескеретін дағдарысқа қарсы қадамдық жоспарын дайындады.
- Осы үш сценарийге тоқталсаңыз.
- Оптимистік сценарий әлемдік экономиканың қарқынды дамуын тұспалдайды. Осы сценарий бойынша Еуроаймақ елдерінде борыштық мәселелер шешілетіні, жеке сектордағы сұраныс пен дамушы елдерден импорттың қайта қалпына келетіні де болжануда. Сондай-ақ біз үшін жағымды саналатын сценарийдің болжамына сәйкес, әлемдік экономиканың өсуі дағдарысқа дейінгі қарқындарға сәйкес келіп, орта есеппен 4,0-4,5% құрайды, мұнай бағасы баррель үшін 120 АҚШ долларынан жоғары болады.
Ал базалық сценарийде әлемдік экономиканың баяу, бірақ жүйелі түрде қалпына келуі, Еуропада дағдарысқа қарсы шаралардың сәтті іске асырылуы болжанады. Әлемдік экономика орташа есеппен алғанда 3% қарқынмен өседі, мұнай бағасы баррель үшін 88 АҚШ долларына дейін төмендейді, бірақ 80 доллардан төмен түсіп кетпейді.
Үшінші - пессимистік сценарийге келсек, оны іске асыру кезінде дағдарыстың ушығуы мен жекелеген елдердің дефолты Еуроаймақтың құлдырауына алып келеді. Әлемдік экономиканың өсуі орташа 2%-ға баяулайды, мұнай бағасы баррель үшін 60 АҚШ долларына дейін төмендейді. Жалпы, дағдарысқа қарсы жоспар макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға, экономиканың қаржы және нақты секторларының тұрақтылығына, азаматтардың әлеуметтік саулығын қолдауға бағытталған. Бұдан бөлек, қаржы секторының тұрақтылығы екінші деңгейлі банктерді жеткілікті өтімділік көлеммен қамтамасыз ету бойынша Ұлттық банктің белсенді шаралары арқылы қолдау табатын болады. Өтімділіктің жоғары тапшылығы жағдайында Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемелерді төмендететіні күтіледі.
Жалпылама айта кетерлігі, экономиканың нақты секторына қолдау жасайтын дағдарысқа қарсы шаралар республикалық бюджеттен қаржыландырылатыны белгілі. Бұған бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп, қазір тиімді тетіктер іске қосылып жатыр. «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020», «Ақбұлақ», тұрғын-үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, кәсіпорындардың сауығуы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді бағдарламаларды жүзеге асыру да осының айғағы. Жалпы, үкіметтік жоспардың басты мақсаты - ел экономикасының едәуір құлдырауын болдырмау, экономиканы тұрақтандыру.
- Еуропа елдеріндегі дағдарысты білетіндер «кезінде дұрыс бағдарланбаған бюджеттік күйзеліс» деп те атап жүр. Бұдан Қазақстан қандай сабақ алуы тиіс?
- Расында, Еуроаймақтағы дағдарыс бюджет саясатын құру кезінде тиімсіз шаралар қолдану салдарынан мемлекеттік қаржыдағы ондаған жылдар бойы жиналған құрылымдық диспропорциялардың себебінен туындады. Атап айтқанда, экономиканың циклдігіне қарамастан, осы елдер проциклдік қағидатты ұстанып, тұтынушылық белсенділікті қолдау үшін экономикалық өсу моделінің ұзақ мерзімді шығындарын өлшемей, фискалды ынталандыруды қолданды. Экономикалық өсу кезеңдерінде де осы елдер бюджет шығындарын қарыз алу арқылы қаржыландыруды тоқтатпады. Соңында бұл шаралар елдің ЖІӨ-ге шаққанда мемлекеттік қарыздың едәуір өсуіне алып келді. Уақыт өте келе қарыздар ауыртпалық туғызып, төлемеушілік, қарыздың қайтарымсыздығы мәселелері пайда бола бастады, бұл өз кезегінде жалпы, қаржы жүйесінің тұрақсыздануына соқтырды.
Қазақстан жағдайына келетін болсақ, әлемдік нарықтағы экспорттық тауарларға қолайлы жоғары бағалар, контрциклді фискалды саясаттың принциптерін негізге ала отырып, біз өзіміздің қорларымызды ұлғайтып, бюджет шығыстарының ұлғаюына жол бермедік. Экономиканың қарқынды өсуі кезеңінде біз бюджет шығыстарын ұстап, артық шығыстарды елдің қорына бағыттап, оларды тоқырау кезеңінде пайдаланып отырдық.
«Қазақстан қандай сабақ алуы керек?» дегенге келсек, біз үшін қазіргі уақытта қолданып жатқан фискалды саясат ең оңтайлы болып тұр. Жоғарыда аталған себептерді негізге ала отырып, осы саясаттың басқа дамыған елдер жүргізіп жатқан саясаттан айқын артықшылығы бар деуге болады. Еуроаймақтағы дағдарысқа ұқсас жағдайды Қазақстанда болдырмау үшін әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен экономикалық өсуді қолдау арқылы бюджет тапшылығын оңтайлы деңгейде қамтамасыз етіп, бюджет шығыстарының негізсіз ұлғаюынан қашуымыз керек.
Бұдан бөлек, 2020 жылға дейін мұнай пайдасынан тыс қалыптасатын республикалық бюджет тапшылығын 3%-ға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл елдің мемлекеттік қаржы тұрақтылығына қатысты әлемдік баға конъюнктурасының әсерін азайтуға жақсы мүмкіндік береді. Осының өзі түбінде қазіргі қолданып жатқан Ұлттық қорды жинақтау саясатының дұрыстығын тағы да дәлелдейді. Менің ойымша, мұндай саясатты әрі қарай жалғастыру бүгін де, болашақта да елдің тұрақты экономикалық дамуына себепші болады.
- Кез келген мемлекеттің экономикасында сауда саясаты маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда сыртқы һәм ішкі саудаға қарай жаңа мүмкіндіктер ашуды белсендіре түсу үшін қандай шаралар көзделеді?
- Расында, Қазақстанның сауда саясаты мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады. Ел Үкіметі Қазақстан Республикасында сауданы дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны қабылдаған еді. Онда сауда саласын одан әрі дамытудың аса маңызды мәселелері айқындалған. Осы бағдарлама шеңберінде сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Тиісті заңнамалық нормалар да қамтылды. Ендігі күні сауда саласында, оның ішінде биржалық және электронды сауда саласын қоса алғанда, мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. Осының арқасында еліміздің сауда саласы жаңғырып, оны қазіргі халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді және ең аз транзакциялық шығындармен тиімді тауар қозғалысына себептеседі.
Жалпы алғанда, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы қызметін бастағаннан бері Бірыңғай кеден тарифі іске қосылып, бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүргізіліп жатыр. Кеден одағы жұмысының алғашқы қорытындылары 2011 жылы шығарылды, осы кезең ішінде Қазақстан Республикасының Кеден одағы елдерімен тауар айналымы көлемінің 24,5 млрд АҚШ долларынан асып, 40,8%-ға ұлғайғанын көрсетіп отыр. Соның ішінде 2011 жылы Ресей Федерациясымен тауар айналымының көлемі шамамен 23,8 млрд АҚШ долларын, Беларусь Республикасымен 727 млн АҚШ долларын құрады. ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағында бірыңғай сыртқы сауда саясатын қолдану қажеттілігіне байланысты Черногория Республикасымен сауда режимдерін бірегейлендіру, мүмкіндігінше еркін сауданың Еуропалық қауымдастығы елдерімен және Жаңа Зеландиямен преференциалды сауда келісімдерін бекіту жұмыстары жалғасуда.
Ал қазіргі мәселелерге келетін болсақ, Қазақстан мен Сербия арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Сирия, Вьетнам және Египет елдерімен еркін сауда құру мүмкіндігін зерттеу жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар Парсы шығанағы елдерімен еркін саудада келісім жасасу мәселесі де қарастырылуда. Ал, жалпы алғанда, Қазақстанның экономикалық басымдықтарының бірі ретінде еліміздің ДСҰ-ға кірігу үдерісін атап өтуге болады. Осы мақсатта отандық заңнамаларды ДСҰ-ның келісімдерімен сәйкестендіруге келтіру саудадағы артық кедергілерді алып тастауға, сауда саясатының болжамдылығын және жариялылығын күшейтуге, ал болашақта қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жетелейді.
- Қазақстан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізуге тапсырыс жасады. Осынау дүниежүзілік ауқымдағы шараға байланысты мәселенің мән-жайын айтсаңыз. Үміткерлер арасынан Астананың озып шығуы үшін нендей қадамдар қарастырылып отыр?
- Осынау үлкен міндет шеңберіндегі шараларға қазақстандықтар да жан-жақты хабардар деп ойлаймын. «ЕХРО-2017» жобасы шеңберінде 2011-2012 жылдарға арналған жұмыстарға байланысты Латын Америкасы елдеріне: Бразилия, Мексика, Венесуэла, Гайана, ОАР, Нигерия және Мароккоға сапарларға шықтық.
Көрменің 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін үш ай бойы өтетіні жоспарланып, бұған әлемнің 100-ге тарта елі қатысады деп болжанған. Бұл - Астананың дамуына қосымша серпін беріп, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы жас және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде имиджін және танымалдылығын арттыратын шара. Сонымен қатар халықаралық шара елдің одан әрі қарай дамуын ынталандыра отырып, көрме объектілері және Астананың инфрақұрылымына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қызмет көрсетуге мыңдаған жұмысшылар тартып, ішкі туризмнің дамуына және елге шетел туристері ағымының көбеюіне мүмкіндік береді, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік ресурстарын жұмылдырады. Сондай-ақ ЕХРО аясында салынатын объектілер болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрмелік және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде тануға жол ашады.
Жалпы, біз таңдаған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қазіргі заманғы өзекті және жаһандық маңызы бар тақырыптардың бірі, әлемдік қоғамдастықтар үшін аса маңызды. Әлемдік ғылым мен бизнестің көшбасшыларын бір алаңға топтастыратын аталған шара, энергетика саласының трендтері мен үздік әлемдік жобаларды таныстыратын алаңға айналып, жаһандық экологиялық қауіп-қатерлер мен энергия жетіспеушілік мәселелерін шешуге көмегін тигізеді деп үміттенеміз.
Оқырманға айтарым...
Әлемдік экономикадағы қазіргі жағдай тұрақсыз және дамыған елдердің дағдарысқа қарсы қолданып жатқан шараларының нәтижесі қандай болатыны әзірше белгісіз. Сонымен қатар дамыған елдердің басынан өткеріп жатқан әлемдік қаржы дағдарысы мемлекетпен қоса, қарапайым үй шаруаларының әл-ауқатына, тұрмыс талайына да әжептәуір әсер етті. Мәселен, іскерлік белсенділіктің құлдырауы мен өндірістің төмендеуі жұмыс орындарының босауына соқтырды. Сөйтіп, бір кездері шалқыған еуропалықтардың нақты табысы жыл сайын төмендейтіні байқалады. Расында, бұған ұқсас жағдай Қазақстан экономикасын да айналып өткен жоқ. Дегенмен дер кезінде қолданған шаралардың арқасында Үкімет ғаламдық құлдыраудың жағымсыз әлеуметтік зардаптарын жұмсарта алды. Алайда бүгінгі жаһандық дағдарыс, менің ойымша, отбасылық бюджеттің несие көлемін арттырмай-ақ, табыс көлеміне сәйкес келетін тұтынушылықты қамтамасыз ету үшін халыққа қаржылық тәртіпті сақтау керектігін анық көрсетті. Біз кез келген құбылыстан сабақ алып үйренуге тиіспіз. Сондықтан да мен өз тарапымнан артық ысыраптан аулақ болып, бар табыстарды орынды түрде қолдануға кеңес бергім келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге мемлекет қана емес, жұртшылықтың өзі де мүдделі болуы керек.
Қанат ҚАЗЫ
«Алаш айнасы» газеті