Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2667 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 07:18

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Құлжадан қайтып келісіммен қарындасымды оқу құралдарын толықтап, сабаққа ғана қаратып қойғанмын. Ауру, өлім-жітім себебінен бес-алты ай оқи алмай қалған екен. Бір ай қайта пысықтаған соң емтихан алып, биыл төртінші класта оқи алатындығына толық сенгендігімді айттым. Ол сыртқа шығып кеткенде шешем сөз қозғады:

- Балам, әлгі Оспан қу құдалық сөзін тағы қозғап жүр. «Аға өлсе ініге мұра», Дүйсенім өлсе Бейсенім бар, Биғайшамыз да бой жетті, он алты жасқа толды. Биғанға айт дейді.

- «Аға өлсе ініге мұра» дейтіндей, қашан атастырып едік? Аттары аталып жүргенде де «әменгер» деген сұмдық сөз ғой, қайдан шығарған?!

- Отыз қарасы біздің қолда өлген соң мұндай сұмдық шықпай қоя ма?... Бірақ, мына баласы тіпті жақсы. Көргенсің ғой, оқыған бала. Сыр тартып байқасам, қарындасың да теріс еместігін білдірді.

- Теріс - теріс еместігін осы аудан мектебін бітірген соң көрелік, оқуға ынтасы жоғары екен, өздігінен бірер жыл ғана оқып үшінші клас бітіру оңай адамның қолынан келмейді. Оспан молданың қулықпен өткізген отыз қарасы біздің қолда қырылды екен деп ешқайсының моюшы болмаңдар! Оған менің бұрынғы жауабымда екенімді айтып қой, көнсе де сол, көнбесе де сол, Биғайша оқиды, көзі толық ашылған соң жарасса мейлі!...

ІІІ

Құлжадан қайтып келісіммен қарындасымды оқу құралдарын толықтап, сабаққа ғана қаратып қойғанмын. Ауру, өлім-жітім себебінен бес-алты ай оқи алмай қалған екен. Бір ай қайта пысықтаған соң емтихан алып, биыл төртінші класта оқи алатындығына толық сенгендігімді айттым. Ол сыртқа шығып кеткенде шешем сөз қозғады:

- Балам, әлгі Оспан қу құдалық сөзін тағы қозғап жүр. «Аға өлсе ініге мұра», Дүйсенім өлсе Бейсенім бар, Биғайшамыз да бой жетті, он алты жасқа толды. Биғанға айт дейді.

- «Аға өлсе ініге мұра» дейтіндей, қашан атастырып едік? Аттары аталып жүргенде де «әменгер» деген сұмдық сөз ғой, қайдан шығарған?!

- Отыз қарасы біздің қолда өлген соң мұндай сұмдық шықпай қоя ма?... Бірақ, мына баласы тіпті жақсы. Көргенсің ғой, оқыған бала. Сыр тартып байқасам, қарындасың да теріс еместігін білдірді.

- Теріс - теріс еместігін осы аудан мектебін бітірген соң көрелік, оқуға ынтасы жоғары екен, өздігінен бірер жыл ғана оқып үшінші клас бітіру оңай адамның қолынан келмейді. Оспан молданың қулықпен өткізген отыз қарасы біздің қолда қырылды екен деп ешқайсының моюшы болмаңдар! Оған менің бұрынғы жауабымда екенімді айтып қой, көнсе де сол, көнбесе де сол, Биғайша оқиды, көзі толық ашылған соң жарасса мейлі!...

Сары ала шағи киінген тамыз айы орталағанда мектепке жақынырақ көшеден екі бөлмелі үй жалдап алдық та қалаға көштік. Ортақ салынған егіннің өнімі де тұрмысымызға едәуір қамсыздық әкелгендей. Оқу басталысымен Биғайша қыздар мектебіне барып еді, төртінші кластағы сабақтастарын көріп, қызғылт тарта күле қайтты:

- Аға, ол кластың оқушылары кішкене екен. Арасында жалғыз сорайып жүрмей, бесінші клас біткенше өз бетіммен үйде оқи берейінші! Алтыншы клас оқитын жылы ғана сынау беріп өтейін.

- Қиналмай оқып өте аламысың?

- Қиынын сізден сұрап түсініп тұрмаймын ба?... Осы боқ мұрындардан секіріп-ақ өтейін, - дегенде жанарлы қара көзі жалт-жұлт ете түсті.

- Үйден шықпаған адам бұйығы болып қалатынын білемісің?

- Иә, сіз сияқты мылқау аталмайтындығыма сенемін, - деп Биғайша жымиғанда, шешеміз күліп жіберді:

- Сөзден қара жаяу еместігін байқаған шығарсың?

Осылай жеңген соң мен де тез келістім. Кей сабақтан түсінік талап еткенде әдеппен монтия тыңдап, жайшылық уақытта да еркелеп, қалжыңдай жүрді. Еркі мықты, аса талапкер оқушы болғанына қуандым...

Аудан қазақтары өз күшімен салған мектебін гоминдаң келе сала тартып алып сары аяқтар казармасына айналдырған. Одан былтыр жазда мина түсіп күйреп қана «құтылыпты». Төңкерістен соң ханзу мектебіне қырық-отыздан артық оқушы табылмапты да, оларға бір бөлмесін ғана қалдырып, былтыр күзде қазақ оқушыларын соның орнына  қайта жиыпты. Екі-үш жыл тау-тауда босып жүріп әжімденген қайсар қаралар қайта жамырай жеткен екен. Ұстаздары оларды бірінші, екінші кластан бастап қайта оқытуға өмірлерін қимапты да, үшінші, төртінші кластарға ілдалдап көтере салыпты. Биылғы алды бесінші клас пен төртінші екі кластың дені осылар екен.

Мектеп бастығы қара мұрт Арысбек, ғылыми меңгеруші сары түкті Сәрсен екен. Көне ұстаздардан күлдіргі Дәулет пен әнші Мәулен, тістеуік Набиолла молда ғана бар көрінеді. Баяғы «жанасқыш» тайынша аталған көк көз Мәкен мен күлкіші Қиалзат, тағы басқа бірнешеуі кейінірек қосылыпты. Мектеп былтыр қайта ашылғанда көнімді Қайсен, биыл мен қосылып, жиырма шақты штатпен құралыппыз. Қайсен екеумізге сол ылдалдамен көтерілген «жоғары кластарының» негізгі сабақтарын түгел арта салды.

Оқушыларымның тебіндеген мұрты мен ұстаздарына теңелген бойларына қарап, естиярлығына сеніп едім, өз кластарына лайық бірнеше сабақтан сылти басты да, өткен жылы Мәкен оқытқан математикадан мүлде ақсап, жылжи алмай қалатынын байқатты, баспалдақсыз биік үйдің дөдегесіне қолдарын іліндіріп қана қойғандай, тиянақсыз салбырап қалды. Екінші класта жатталып кететін көбейту кестесін де көбі білмейді екен. Оқу жылының соңына дейін бітіруге тиісті программа Қазақстан мектептерінің программасымен бірдей көрінеді, неше жыл қағаз бетіне қарай алмай, тозғындап келген мына мұрттыларыма тым ауыр сияқты. Қайсен екеуміз қынжылсақ та қыңқ етпеуге бекідік. «Қайтеміз, жеткіншектердің зая кеткен екі-үш жылы үшін көтердік» дестік те, нар болуға тырыса бердік.

Білімді педагог болуға осылай күшеп жүргенімде «билікті қызмет» таппағанымды біліп Төлеуғазы жүріпті. Мектептен қайтар жолым төрт көше базарынан тосып отыра қалыпты бір күні кешке жақын. Қайдағы ескіні тауып киіп, «қайыршы» бола қалуын көре сескеніп едім, пәлелі етікті жарқ еткізгенде шошып қалдым, алдыма тастай салды да, алқымымнан ала түсті:

- Әкел төрт қара шәйімді! Жан баға алмай мен жүрсем, жарқырап сен жүресің, бұл қай басынғаның?...

Ол «мәдениетті мұғалім» қан базарда майдандаса алмайтынын біліп ұстады. Жолы қыз жолындай жіңішке оқытушыдан сорлы бар ма екен осындайда, мына аш битті сығып тастауға күшім жетер-ақ еді, амал қанша, қолымды оқыс көтеріп қалмау үшін, жан қалтамнан да шығармай тұрып алғанымды көрген бірнешеу араға түсе қалып, Төлеуғазының айқасқан саусағын ажыратты.

- Несі бар еді шырағым-ау, сөйлесеңші?! -деседі.

- Анау сөйлеп болсын, артынан сөйлейін.

Төлеуғазы аузынан жынын шаша, айқайға баса сөйлеп, тұқым-тұқиянымнан түсе ұмтылғанда, көпшілік зорлап тоқтатып, маған сөйлетті. Төрт көшеге халық толып болған екен. Бірер минутта-ақ қайтарып болдым жауабын.

- ...Мұндайда оқытушылықтан қор қызмет жоқ екен, ағайлар, - дедім соңында, - мен сіздердің балаларыңызға дұрыс тәрбие болу үшін ғана сабыр сақтадым. Бұл қабағандығын осыдан бірер ай бұрын көрсетсе кеңірдегін суырып тастар едім ғой!

Аласалау ғана иықты қара жігіт көпшілікті бұза-жара кіріп келді де, Төлеуғазыны жұдырықтай, тепкілей жөнелді. Даукес алғашқы жұдырықтан-ақ ұшып түсті. Арашашы екі-үш жігіттің бөгеуіне төртпақ қара тоқтар емес. Екі аяқ, екі қолы серіппедей соғып, көз ілестірмей қағып өте берді. Ұра түссін дегендей көпшілік үнсіз тұрып қалған екен. Өлтіретіндей болғанда мен барып құшақтай алдым.

- Биғабілмісің, ей? - деп қайрылып тұра қалды да, қолымды алды қара жігіт, - қайтып келгеніңді бүгін түсте Меһірден естіп едім. Мына пәленің қалай жабысқанын келе салып өз сөзіңнен ұқтым, - дей сала екі бүйірін таянып, сүйемелде тұрған Төлеуғазының қасына қайта барды. - Осы етік туралы екінші соқтығатын болсаң, қол-аяғыңды түгел шағамын, біліп қой, менің атым - Бақай!

Жетім қалып, кішкене кезінен көшеде өскен жұдырықшы Бақайды енді танып, қолынан қайта ұстадым да, жетектей жөнелдім. Қол күшінің мығымдығымен ұста пимашы болып алғанын да, Максим Горькийге еліктеп өздігінен сауат ашқан ақын екенін де Өмірбектен естігенмін.

Төрт көшенің күнбатыс жақ тармағына өтісімізбен Бақай бір қақпаның ішіне ертіп кіргізді:

- Алдымен менің жатын орнымды көріп шық, әйтпесе сайдан санымды, құмнан ізімді таба алмай қаларсың! Қазір әскери қамдаудың пимасын басып, қарбалас болып жатыр едік. Төбелес десе елеңдеп тұратын құлағым ғана апарды жаңа. Мен бармасам сыпайысимын деп кегіңді жібере жаздапсың! Дүниеде несиеге қалған кектен жаманы жоқ, Қашан қайтарғаныңша жаныңды жеп болады!...

Қатар-қатар қазан қайнап тұрған шуаш булы кең үйдегі он шақты жалаңаш жұмысшы терге малшынып алыпты. Қалыпқа салған киізді ыстық сумен былшылдатып соққылап жатыр екен. Біз соның түп жағындағы бір кісілік қана қараңғы үйшікке кірдік, астын керпішпен көтере тізген төрт тақтайдың үстінде жалаң қабат киіз жатыр. Бас жағына шоқпыт-шоқпыт екі көрпені жұмарлап үйе салыпты. Бір ұзын орындықта кітаптары да үюлі тұр. Қазақша, татарша, өзбекше үлкен-үлкен томдар да көрінеді. Бір бөтелке арақты төсек астынан суырған Бақай екі шыныға бөліп құя салды:

- Кел, тұңғыш көріскенде қандай «ордада» қалай бас қосқанымыздың естелігі болсын, алып жіберелік азаматым!

- Боққа толған жарғақ қап тұратын алтын ордадан адам тұрған ат қора мың артық емес пе Бақай, мен көп іше алмайтынмын. Осындай үйдің «естелігі үшін» дегеніңе көтерсек көтердік! - деп қағыстырып жібердім де, суша сіміре жұттым. Бақай құшақтай алып маңдайымнан сүйді де, жылап жіберді.

- Сенің кім екеніңді Өмірбектен толық ұққанмын, мына жаста мынадай бұйра шаштың ағаруы оңай жападан болмағанын мына сөзің де толық түсіндірді. Осы сасық тауық қораға қай мырза кіріп, қандай оқымысты осылай арақ көтерісер еді менімен?... Табымның көзді азаматы! -деп, басымды мүйіздей алақанымен уқалап-уқалап жіберді, - әлгі мен айтқан Меһірді танимысың?

- Танимын, кезіккенмін. Былтыр алғаш келгенімде Өмірбектің хатын тапсырғанмын... соның қалыңдығы ғой.

- Менің осы апаныма бай әулетінен сол сұлу бикеш қана кіреді. Ол қазір ата-анасынан қыспақ көріп жүр, бай баласына зорлап бермек екен!

- Кімге?

- Шәуешектегі бір үлкен баймен құдаласпақ көрінеді. Осы жердегі мырза офицерлерден де соңына түсушілер баршылық. Меһір қысылғанда маған қарай қашады, менен байдың қыдырқұттары да сақтанғысы келетінін біледі. Сенің қалаға көшіп келгеніңді естігенін бүгін түсте маған қуанып айтты. Өзі жер-су мекемесінде істейді. «Бұлай зорлай берсе, Өмірбек қайтқанша сол сабақтасының үйінде тұрып істеймін» дейді.

- Дұрыс, мен де сөйлесермін. Үйі қауіпті болса менің қарындасыммен бірге тұрсын, - деп шықтым. Бақай тағы қоймай жетектеп, көше асханасынан тамақтандырды.

Күн бата үйге қайтып келсем, қарындасым қақпа алдында тұр екен. Бір құпия сырымды біліп қойғандай жайнаңдай сөйледі маған:

- Аға, жолдан кімді көрдің? - деп жымыңдап жүзіме тексере қарады.

- Сен таңданарлық ешкім де көрінбеді ғой?

- Иә, көрмедің?! Жаңа алдыңнан шығып кетті ғой! - деп күліп жіберді, - менен әр күні сұрап тұрады ол сені. Біліп қойдым, бәлем! -деп жалт бұрылып үйге беттеді. Мен Меһірдің келіп қайтқанын тұспалдадым:

- Иә, біліпсің! .... Мұрныңды жиып ал онан да.

Биғайша жарқылдап, менімен бірге күле кірді үйге....

Соның ертеңіне түсте мектептен қайтып, төргі үйге кірсем, сол көңілді қарындасым томсарып алып, қара қатипаға кесте тігіп отыр екен. Кіріп келгенімде тым мұңлы пішін байқап едім, мені көре сала көңілді бейнеге ауыса қойды.

- Қайшікен-ау, мынауың не? Сабақ қарасаңшы! - деп едім, орнынан тұрып жүре жауап қатты:

- Оқып жатырмын аға, бір уақыт қол өнер сабағы да керек шығар?

Есіктен күрсіне шыққанын сездім де, не көңілсіздік екенін байқағым келді. Екінші күні түскі демалысқа қайтқанымда қиыстап келіп түпкі үйдің терезесінен үңілдім. Қарындасым тағы да жалғыз кесте тігіп, бұлаулатып жылап отыр екен. Кіріп барғанымда көзін сүрте салды.

- Не болды? - деп сұрап едім. Тағы да күлімсіреген болып төмен қарап алды. Жеңіл қайтарды жауабын:

- Әкем есіме түсіп босай қалыппын!

Бас киімім мен қолымдағы кітаптарды кереуетке қоя сала ауыз үйге шығып, шәйға дастарқан жасап жатқан шешемнің алдына тұра қалдым:

- Апа, Биғайшаға не болды, соның шындығын айтшы маған?!

- Не болушы еді, әрбіреуіміздің қабағымызға қарап әурелене бермеші қарағым, ештеңе болған жоқ.

- Болған! Осы бір-екі күннің ішінде бір іс болған, менің басымды ауыртқыларың келмей, жасырып отырсыңдар, апатай, мен разы болсын десең айт! Менің басым ар-намыс қажалудан басқа әрқандай қиыншылықтан ауырмайды!

- Отыр, отыр, айтайын, - деді шешем сәкі кенересіне өзі де менімен қатар отыра қалды, - кеше таңертең мектепке кетісіңмен Оспан молда келген. «Құдай қосты, баламды беріңдер, қандай дайындық керек болса, ақылдасып қойыңдар,... Биғанға өзім келіп сөйлесемін» деп, Биғайшаның көз алдында сөйлесіп кетті. Қарындасыңа отыз қараның дауы барын айтқанымда, сені қинамау үшін ғана еріксіздікпен өтірік рай көрсетіп жүріпті. «Біраз оқып алайын» деп қана күлімсірейтін. Мүлде разы еместігін мен кешеден бері ғана біліп қиналып жүрмін!

- Қиналарлық ештеңе жоқ екенін айтып едім ғой, апатай, ешқандай зардапты қиналыс жоқ. Жалғыз қарындасымды еріксіз байлап бере алмаймын! Бізде ол айдап кететін мал да жоқ. Ең ауыр кесім болғанда, жұтта алдап өткізген малы бірнеше жылда сол жұттағыдай ақ сөңке, қан-сөлсіз күйі ғана өтіп болады, ол үшін қиналмаймын! - деп орнымнан түрегелдім де, төр үйдегі Биғайшаның қасына күле барып отырдым:

- «Қол өнер сабағына» уақыт әлі көп Ғайшажан, асықпа, - дегенімде күліп жіберді, - ағаларың тірі тұрса ешкім тартып ала алмайтын зор бақыт бар сенде, әкені жылап ескерме!... Мен барда еріктісің, мұны оқушы кезімде-ақ айтып едім ғой. Енді бұлақтай ағып тұрған еңбекақым бар кезде тіпті еркінсің. Маған тұрмыс жөнінен ешқандай қиыншылық келмейді; алаңсыз оқи бер! Гимназиядан да оқитын боласың, ұқтың ба?!

- Ұқтым, - деп басын изеген қарындасымның шырайы енді қалпына келіп, шындап көңілденгені көрінді...

Демалыс күні - жұма күні таңертең көптен ойланып жүрген бір мақаланы жазуға кірістім, сахара халқын көшпенділіктен отырақшылыққа, малшылық пен егіншілікті тең өркендетуге шақыратын ғылми мақала еді. Мал шаруашылығын жұт апатынан сақтаудың да, мәдени-ағарту істерін дамытудың да негізі сонымен құрылатындығын айқын көрсету үшін, «еңбегім жансын десең ебін тап» деп тақырып қойдым, ершімді, екпінді сөйлемдерді енді тауып жүйелеп келе жатқанымда Оспан молда кіріп келді. Кіржие амандастым. Сол шырайыма қарап ширағандай, отыра сала сөйледі, сол алдашылықтың сөзі, аптығы қармақтай иілген тығырық жирен сақалының дірілінен-ақ байқалды.

Қолындағы кітабын тарақтап, мізбақпай қарап қалған Биғайшаға сөйледім:

- Ауыз үйге барып оқи ғой... Ешқандай күдіксіз-алаңсыз оқи бер, алдашыға мен бармын! -дедім түрегеліп шығып бара жатқанында. Оспан көзінің астымен сүзе қарап кідіргенде сөзімді айқындап жалғастырдым, - аузында иманы, артында жиғаны бар молда, сөзге бақ! Көзін бадырайтып қойып батпита сөйлейтіндей, ол қорғансыз жетім емес! ... Алдыңғы жылы жазда неге келісіп едік, «бер баламды» дейтіндей, ол берілуге бекітілген, малға сатылған қыз ба еді?

- Жаппар марқұм о дүниеге кетті, Биғабіл, оның аруағын сыйла, алысқан сөзіміз, сойысқан ақ сарбас, көк қасқаларымыз бар, алал бала аруақты күңірентпейді деп ишанамын! Мал өтіп болған, енді қашанға келісеміз, тағы не керек, соны сөйлесуге келдім.

- Аруақ күңіренетін істі мен істегенім жоқ, мұның билігін маған берген, мен қарындасымның өз еркіне бергенмін, соған разы болғансыңдар, солай емес пе еді?!

- Олай болса алатын малын алып болушы ма еді, біткен ғой шырағым, енді не сөз!

- Ей, молда, - деді шешем, - иманым бар дейтін аузыңмен бұлай сөйлеме! Шөп жоқ деп, қырылатын малыңды ауыз оты бар жерде бағып беруге, қар жауып тұрғанда айдатып жіберіп едің ғой! Іле-шала қар басып қалған соң қайтара алмағанымыз қалың мал аталмақ па? Оны бағып, қыстан шығарып беру түгіл өзі қыстан шыға алмай өлген Жаппардың аруағын сен күңірентпе бүйтіп! Жазығы жоқ, көңілшектігі үшін күңірентпе!

- Ей құдағи, осы үйдің жөн білетін, қалған үлкені сенсің ғой, өтесі өтіп болғанда сен мұны айтасың, бұл балалар не демек, құдайшылығыңа кел! Түбінде менен кетісе алмайсың ғой, қайта кірер есігіңді қатты серпімей, жөніңе кел құдағи!

- Сен жөніңе кел, қашан құдалық болып өтесі үшін беріп едің? - деген сабырлы шешемді де ыза жеңе бастағаны қолының дірілінен байқалды. Юсуп Қасым мен Қуаттың «солшылдық» пен «нерв қуатынан айрылғандық» жөнінде Құлжада айтқан сыны әрең бөгеп, сабырға шақырғандай салмақ іздеп отырғанымда, шешем ақырғы сөзін бір-ақ айтты, - молда, намаз оқығанда ұстайтын құлағың естіген, бұл жөнді балалардың өз ықтиярына бергенбіз. Биғабілдің сөзіне сонда сен өзің де қол жайып дұға оқып едің ғой?... Мына ниетіңді естіген бала безініп болды: «малға сатылмаймын» деді. Қалғанын өзің білесің!

Молда жанбасындағы қамшысын бүктей суырып, жер сабай зекірді:

- Көкке шықсаң аяғыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартып аламын, міне менің білетінім осы! Құтылшы қане!... Онан да жөндеріңді тап!

Төлеуғазының басынуынан қалған ашуым Оспанның мына сөзіне келгенде басымнан бір-ақ шықты; маңдайымнан тер болып шыпшыды.

- Қармақ сақалым, от басын сабаламаңыз, - деп баяулай сөйлеп бардым да, қамшысын жұлып алып, есікке лақтырдым, - «бағып бер» деп жалынып жзіберген арықтарыңның басын қармаққа шаншып, түсірдім деп жүр екенсің ғой! Көңілшектігінен басқа жазығы жоқ Жаппарды осылай жемек екенсің ғой, иманыңды... менің балық емес екенімді мынадан көр! - деп, жағына шапалақпен салып жібердім.

- Ойбай, құдағи, мынауыңа қой де, қой де! -дей түрегелді. Сақалы мен жағасын қосып ұстап, қылқындыра бастадым. Мұрнынан қан сау ете түсті.

- Мына қамшыңды әкемнің көз алдында көрсетсең, одан көретінің басқа еді, бізді басынғаның ғой! Аруағы разы болсын, міне! - деп бөксесінен бір тептім де, орнынан тұрғыздым, - кет, жоғал! Шашым мен аяғымнан ғана емес, қай жерімнен тартсаң да тарта бер енді!

Қармақ молда мұрнын қолымен баса міңгірледі:

- Құдай, мына қанды ешкім көрмесін, ұят қой, ұят қой, құман әкел!

- Әкелме, бұл имансыз «құдағи» дегенін қою үшін осы қан күйінде барсын баратын жеріне!

Шешем маған «қой» дегендей ым қағып шығып, елеген мен құман әкелді.

- Әлгі сөзім ашу үстінде қате айтылды, бірақ, - деп Оспан бетін сумен бір сипады, - әкең тұстаспын ғой, сенің ұруың да қате болды, бірақ, - деп, бетін тағы бір сипай бергенде бір-ақ сүйреп сыртқа шығардым. Қамшысын қолына ұстата ескерттім сонан соң:

- Бұл үйге екінші келмейсің! Келгеніңді естісем көрдегі әкемнің артына барып тығылсаң да аямаймын!... Кет!...

Бұл даудың шақыртуын ертеңіне таңертең мектептен күтіп едім, қазірше күтпеген зор жиналыстың шақыртуы келді. Аудандық халық клубында ашылатын, қырықтан төменгі барлық «жас» қызметкерлердің жиналысы екен, мұндай жастағылардың мектептегі ең үлкені, Дәулет бастап кластарға тапсырма бере шықтық. Октябрь соңының сирей бастаған бүгінгі шуақты күні келешек шуағынан да иіс сездіргендей, «жастар жиналысынан» өзіміз талап етіп жүрген ұйым үміті жанғандай, зал іші тым қызулы көрінді.

Сахнаға аудандық үкімет хатшысы Тұрған Алиев пен Ербол ғана шықты. Алдыңғысы алдына тезис жайып, сөйлеуге кірісті де, кейінгісі хатшылық үстеліне жазуға отырды. Екеуінің де әшкере жүретін «жаңа идеялы» азаматтар екенін білетінмін.

Шешен алдымен ішкі-сыртқы жағдай туралы сөйлей келе, «он бір тармақты бітімнің» бүлдіріле бастағанын айтқанда елеңдей қалдық. Американ елшілігіне сүйенген Үрімжі гоминдаңы «үш аймақ» әкімшілігіне қастандық жасауға кірісіпті. Ахыметжан «әпенді» ескерту жариялапты, бітім шарттары аяқ асты етіліп қатерге ұшырағанын, біріккен үкімет құр сөздің қуыршағы бола бастағанын әшкерелеп, үш аймақтың төңкерістік үкіметі мен бүкіл Шынжаң халқы бұған көне алмайтынын ұқтырыпты.

Алиевтің мұнан соңғы сөзінде кейбір «кертартпа қара күштер» пиғылы аты аталмай көп шенеліп еді. Түртісе отырып түсіндік, ол Алтай уәлиі Оспанның кері кетуі болып шықты. Он бір тармақты бітім жарияланған соң, үш аймақ үкіметінің басшылығы ұйытқы группа жағынан Ахыметжан әпендіге өткізіліпті де, дамолда Әлихан төре қызметінен астыртын босатылыпты. Оған іштей наразы болған діншіл Оспан батыр гоминдаңшыл Жанымхан қажы молданың имамдығына ұйыйтын нысай көрсетіпті. Марксизмге ежелден қарсы қараңғы көкірекке гоминдаңшылардың үш аймақ төңкерісі «құдайсыз кооммунистердің ісі» деп көрсететін үгіті дәл осы кезеңде қона кетпесін бе?

Үрімжідегі Жанымхан тобының аттары мен төңкеріске қарсы әрекеттерін сөйлеуші ашық сөйлесе де, Оспанның бұрылысын солай, атсыз түсіндірді. Халыққа сегіз жылдан бері «Оспан батыр» аталып келген мықтының енді жауына беріліп, жауға айналып қалғанын бірден әшкерелей салу кей тыңдаушыларға кері әсер беретінін ескергенін байқадық.

«Баянды бейбітшілік пен шынайы халықшылдық» үмітіне ауыр қатер төнгенін осылай сөйлеп болған шешен бұл қатерге төтеп беру үшін төңкерісшіл күштердің ұйымдасу талабы қанағаттандырылғандығын айтты. «Төңкерісшіл жастар ұйымы» құрылғандығын жариялағанда зал ду көтерілді. Гоминдаң мен кертартпа қара күштерге қарсы ұран мен сөз ереуілге айналып, көше шеруіне аттандық....

Сол күні түстен кейін өтініш жазып таңертеңінде ұйымға алдыңғы қатарда қабылданып едім. Содан үш-төрт күн өтісімен әскер алу науқаны басталғанда тағы да алдымен барып тізімделіппін, «төңкерісшіл жастар ұйымының мүшесі төңкерістік әрқандай әрекеттің бастамашысы, әрқандай кербақпалықтың жауы болуға тиіс» деген ұйым уставы бойынша мүшелер түгел тізімделді.

Менің әскерлікке жазылуыма үй ішімізден Биғаділ қарсы шықты алдымен:

- Барлық сүйенішіміз сен кетсең үйге кім қарайды? - деп бұртиды ол, - сен Оспан «батырмен» соғысуға кеткенде, мұндағы Оспан молда бізді жеп қоймай ма?... Біз егін жұмысында жүргенімізде жалғыз қарындасыңды тартып та әкетер, мен барамын сенің орныңа!

Ағалар мен шешемнің бір-біріне қарасып жымиыстарынан бәрінің де осыны қуаттайтындығын түсініп жауап қайтардым:

- Біріншіден, ұйым уставы бойынша жазылдым. Бұл ахуалдарыңды ұйымға тапсырып кетемін. Екіншіден, әскери тәрбие көрген, епті жауынгермін, сен дөрекі күшсің, тарс ете түскенде жалп ете түсесің.

- «Үшіншіден», мен де тізімделіп келдім әскерлікке, деп қойып қалды Биғаділ, - бір үйден бір ретте екі әскер алмайтынын естіп барып жазылдым. «Төртіншіден», айлық ақшасы бар сені енді жібермеу үшін жазылдым. Үйге сен өте керексің. «Бесіншіден», мен төбелесті сенен көп көрдім, жан жерден жұдырық тигізбеуге сенен ұстамын, молдамен айтысуға ғана ұсталығым жоқ; соның ғана қулығын білмеймін. Сол үшін комиссиядан сені қалдыруды өтініп өзім жазылып келдім.

Биғаділ осылай шұбырта жөнелгенде бажырая қарап қалып едім, үй іші түгел күлісті. Менен жасырын ақылдасып келіскен сөз екен. Биғазы жайлап түсіндірді. Менің комиссияға барып тізімделгенімді естісімен Биғаділ де жетіп, маған қарсы тізімделіпті, Дөрбілжін баталионының командирі Білеубайға да айтып, мені қалдыру жағында болуды өтініп шығыпты.

Екі-үш күннен соң-ақ мен ғана емес, мектеп оқытушыларының ешқайсысы әскерге алынбағандығы естілді. Биғаділ Білеубайдың баталионына өтіп, айыр қалпақты жауынгер болып шыға келді. Менің Алтайдағы Қабен мен Нұрияның үйіне барып амандасу арманым сол аянышты арман күйінде бұрынғыдан да ауырлай түскендей, «Оспан бүліншілігінің қатерінен сол қасіретті жандарды қорғап қала алсам, Нұрияш махаббатын шынымен аялағаным, мәңгілікке сақтағаным болар еді ғой, әттегене!»

Оспан молданың дауы сонан бір айдан соң басталды, махкама шарғияның шабарманы класта сабақ өтіп тұрғанымда кіріп, шақырту қағазын ұсынды. Мұғалімдер бөлмесіне ертіп апарып, жауап жазып қайтардым: «шариғат мекемесіне баруға уақытым жоқ, онымен ешқандай байланысым да жоқ. Егер аудандық үкімет шақыртса, өздерінің тапсырған қызметін тастай сала жүгіруге борыштымын. Менің үстімнен арыз түскен болса, үкіметке жолдаңыздар» деп қана жазып жөнелттім. Сақал мен сәлделерге Оспан молданың тықпалаған параларын осылай селге кетіріп, аудандық үкіметтің халық бөліміне - заңға ғана жүгінгім келді. Алдыңғы жылы жазда «қонағасы» деп зорлап сойған құла қасқа тайын шариғатына «құдалықтың батасы» деп сиғыза салатын екі ауызды молда алдап қырғызған малын «қыздың бағасы» деп сөзімді қазысына тиғыза салмақ екен. Құдалық батасы болып өткен қыздың еркіндігіне шариғат «жарықтығының» қылыштай тиетіні белгілі ғой.

«Шарғияның» шақыртуы ертеңіне тағы жетті. «Сіздердің шақыртуларыңызға бармаймын, ақыруларыңызға көнбеймін. Себебі, мені сіздерге шақырту дәрежесіне жетіп жүгінген молданың нағыз имансыз қараниет екенін толық білемін. Қасиетті мешітті былғатпау үшін арызын заң тергеуіне жолдап беріңіздер» деп жазып қайтардым тағы да.

Жүгінген молда да, жүгіндірген молда да осы жауаптан соң төрт-бес күн үнсіз қалып еді. Парамен былғанатын биді ендлі үкімет арасынан іздеп жүргенін сезіп, халық бөліміне даудың барлық ахуалын баяндадым, қармақ молданың жұттан қырылған малының жасы, жынысы, тайынша-торпағына дейін анықтап тізімделген санын арызбен қоса тапсырып, «залымдығына шыдамай тағы да ұрып салмауым үшін» жауапқа жайдары Биғазыны шақыртып тұруларын өтіне шықтым, осыдан үш күн өтіп, мекеме жабылатын кешкі шақта мені шақыртыпты.

Шақырту уақытсыз, шақырылған тағы да мен болғаныма ақпан аязымен бірге ширай жетсем, халық бөлімінде құлып тұр. Шабарман орынбасар әкім Кибір ахұнның бөлімін нұсқады. Жүгінер биін қармақ молданың тағы да дәл тапқанын сезе қойдым, бұл әкім артын мешітке тірей тұратын тағы бір «жарықтық» еді. Мені көре сала қалың бурыл сақалы дір ете түсті. Жайшылықта да ашылмай түксиіп тұратын қалың түкті қабағы көзін жауып, тіпті түнеріп алды, мені сыңар мүйізімен ғана іліп тастауға дайындалған дәу қара бұқаша қиыстай қарап, гүж ете түсті.

- Махкама шарғия шақыртса неге бармайсың?

- Мені шақыртқан мәселе - махкама шарғия дұрыс шешпейтін мәселе, үкімет заңы ғана қарауға тиісті залымның дауы. Сондықтан бармадым да, халық бөліміне өз арызымды кіргіздім.

- Неках, құдалық мәселесін махкама шарғия қарайды. Ертең сонда бар!

- Бармаймын, хакім! Себебі...

- Шариғат үкімін зұлым көремісің, барасың! -деп зекіді әкім.

- Әйел адамды мал орнына айырбастауды жақтайтын ешқандай қазыға жүгінбеймін. Аласысы болса заң бойынша алады!

- Хұкүматқа бағынамысың? Бағынбаймысың?

- Тек үкімет заңына ғана бағынатынымды айтып тұрмын ғой!

- Қама! - деп әкім шабарманға ақырып қалды да, маған кесімін де айтып салды, - шариғат үкімін қашан инабатқа алсаң сонда шығасың!

Аңырып тұрған шабарманға «айда» дегендей өзім ым қаға қайырдым жауабын:

- Мені мекемеден ешкім қалмаған бейуақытта шақыртуыңыздан-ақ осы үкіміңіздің жайын түсініп болғанмын! Өзіңіз басында отырған үкімет заңын өзіңіз қашан инабатқа алсаңыз, осы абақтыңыздан сонда ғана шығамын! - деп мен де кесете шықтым.

Абақтысы ауыз қораның шығыс жақ төргі бұрышында екен, есік ашып жатқан шабарманға қазыр барып үйіме қамсыз болуды айтуын өтіне кірдім, есіктің шақылдамай жабылуы, иіс-қоңыссыз жаңа сабан төсек абақты тұрмысының да жаңарып-жақсарып қалғанын байқатты. Ағаш отын маздап жанып тұрған пеш аузында үш жігіт жылынып отыр екен, орындарынан ыршып-ыршып тұрды, Құлжамен аралықтағы барлық түрмені көріп келген ұзын қара тоныма қарап, «әкім тақсырдың» өзі кірді деп білген сияқты.

- Япыр-ай, абақтыға мынадай кісілер әлі де кіреді екен-ау? - деп қалды бірі.

- Өзінің түріне қарайтын үкімет жоқ, түріне қараса өзі үкімет емес, қарақшы болар еді! -дей салып, бос орынның біріне құлай кеттім.

- Сіз де ұрлық қылдыңыз ба?!

- Иә, өзіне кірген адамды ұры деп танымайтын түрме де жоқ, ақ деп таныса есігі ашылмай қояр еді ғой!

Үшеуі жамырай күліп келіп, мені қоршай отырды. Ызадан тағы да нерв күйреушілігіне ұшырап қалмауым үшін осылай қалжыңдай кіріп едім. Қалжыңдай, күле әңгімелесіп отырып таңға жақын ұйықтадық.

Сырттан естілген бірнеше адамның дабыры мен есік құлпының шақырлауынан шошып ояндым.

Алдымен әкімнің өзімен сөйлесейік, жұлмай тұра тұр, -деген бірі соңғы сөзін күбірмен айтты, - заңды болу үшін.

Жастар ұйымындағы Ерболдың үні екенін тани барып сығалап едім, құлыпты бұрап тұрған Бақай екен. Қолын тартып артына қайрыла сөйледі:

- Сөйлессеңдер бармаймысыңдар!

- Қамаған Кибір ахұн екен, Тынысқан кетті, -деді біреуі.

- Жүріңдер, бәріміз бір-ақ кірелік, қит етсе қамай салатын не жазығы бар екен?

- Өз бетімен қамағаны - мұғалім, үкімет қызметкері; шариғатқа бармай, заң алдында жауап беремін дегені үшін ғана қаматса, басқаны не оңдырмақ бұл?!

- Түрме мен мылтыққа ғана сүйенетін гоминдаңнан енді құтылдық деп отырғанымызда мынасы не?....

Мектептен Мәулен мен Қайсен келіпті. Даурыға ұмтылған бірнешеуге олар да ілесе жөнелді. Абақты есігінің алдында жағын таянып тұрып қалған Меһірді көре сала қалжыңдадым:

- Ей, сенің де кіргің келіп тұр ма?! Менімен тәуір екеніңді біліп қоймасын, ары кет!

- Білсе тезірек білсін деп келдім, - деп камалатты бойжеткен ашық қоңыраулата күлді, - бүйте берсе мен де кірермін ақыры!

- Байдың қызын қамаса кедейдің қызын қасаптар болар, сенің де заңды жолыңды ашып шықпақпын, қайта бер, заңға жібермесе шықпай қоямын...

Жазықсыздығын ыржың-ыржың күлкісімен білдіре дедектеген кілтшіні итермелеп ұйым мүшелері жеткенде, мен барып орныма отыра қалдым.

- Шық, Биғабіл! - деді ашулы Тынысқан. Есікті шалқасынан серпіп тастады.

- Шықпаймын, ағай, «шариғат үкімін инабатқа алғанша жатасың» деп әкім кескен, «заң жолын инабатқа алғаныңызша шықпаймын» деп мен пішкенмін! Арамызда жүйрік аэроплан тозғанша жете алмайтын қашықтық бар!

Қарқылдап, дуылдай күлді жиылғандар. Бүркіт тұмсық Ербол абақтыға кимелей кіріп, қолымнан тарта жөнелді:

- Сенің пішімің орындалатын болды.

- Құдайға барыспай-ақ жер бетінде шешілетін болды! - деп Бақай даңғырлады.

- Тексеріп шешуді халық бөлімі міндетіне алып шықты, - деп оның сөзін біреуі толықтады. Ербол оңашалап апарып күбірледі:

- Ашық қарсыласып бұл надан шалдарды ерегестірмей-ақ қайта бер. «Жағдай» дейтін сөздің жуандап айтылып жүргені осы шалдардың жуандығынан екенін білесің ғой, «жағдайға қарау» дегеніміз осылардың қабағына қарау деген сөз емес пе. Сенің жай-күйіңе көбірек қарап шешуді халық бөліміне тапсырдық. Ұйым жағынан және тапсырамыз... Мұнан соң шақырғанда ағаң ғана келсін, мәселені анықтайтын ғана жауаппен қайтып тұрса болғаны, сенің жауабың жетіп болыпты.

Меһір мен Бақай екі жағымнан қолтықтап ала жөнелді. Ашық зеңгір аспанды ақ аяз сұрландырып тұр екен. Бет қаритын ызғарды достардың жалыны серпіп, маған жолатпай келе жатқандай, қызулы сезіммен қайттым.

Көреген тергеушім, осы «топ» мендей қарақшыны өз зынданыңыздан ала қашқандай-ақ тізіміңізге ала қойған шығарсыз-ау! Түрмеңізден ала қашпай-ақ әділін айтып ақтау сөз кірістірсе де мылтықпен жауап беретіндігіңізге күмән бар ма, осылай бірлескен «топтан» қатерлі дұшпан болған ба? Кенезеңіз кепкенде менен әрең тауып отырған қылмыстарды жоққа шығарып кетсе тотиғаныңыз ғой. Сондықтан, бұл байланысқан тамырларымды да түп-түгел қиып тастамай тыншымассыз! Жоқ, мені сізден әкеткен жоқ. Оған, мылтығыңыздан оқ шықпағандығы айғақ!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407