Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3283 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 09:08

Айдос Сарым: «Қазақ тілі, қазақ құндылықтары – ұлттық мемлекеттің кепілі»

- Айдос,  «Ұлы дала» қозғалысына қалай келген едіңіз?

- Шынын айтсақ, қозғалысқа келуіме мұрындық болған екі адам дер едім. Бірі досым - Ғабиден Жәкей болса, екіншісі - марқұм Ізбасар Бозаев ағамыз еді. Осы кісілердің айтқандары, жалпы атқарып жатқан істері жаныма жақын болған соң қозғалыстың ісіне араласып, оған жетекшілік етуге ықылас таныттым.

- «Ұлы дала» ұлт-патриоттарының басын қосатын іргелі бір ұйым болар деген үмітіміз көп ұзамай-ақ ақталмаған секілді. Оның негізгі себептерін атап берсеңіз?

- Мен бүйтіп үзілді-кесілді пікір айтпас болар едім. Әрбір істің өзінің бастауы, ортасы және аяғы болады. Бұл тұрғыдан алар болсақ, қозғалыс тек өзінің бастауында ғана. Оның әрі қарай даму эволюциясы соны меңгере алатын  адамдардың іскерлігіне, талаптылығына байланысты дер едім. Егер бұл тұрғыда менің көмегім не кеңесім қажет болса, мен әлі де аянбай қол ұшын беруге дайынмын.

- «Ұлы даладан» сізді ығыстырып шығарғысы келетін топтардың көздегені не? Бұл ұйымның арасына іріткі салушы деп сізді кәналаушыларға қарсы айтарыңыз бар ма?

- Айдос,  «Ұлы дала» қозғалысына қалай келген едіңіз?

- Шынын айтсақ, қозғалысқа келуіме мұрындық болған екі адам дер едім. Бірі досым - Ғабиден Жәкей болса, екіншісі - марқұм Ізбасар Бозаев ағамыз еді. Осы кісілердің айтқандары, жалпы атқарып жатқан істері жаныма жақын болған соң қозғалыстың ісіне араласып, оған жетекшілік етуге ықылас таныттым.

- «Ұлы дала» ұлт-патриоттарының басын қосатын іргелі бір ұйым болар деген үмітіміз көп ұзамай-ақ ақталмаған секілді. Оның негізгі себептерін атап берсеңіз?

- Мен бүйтіп үзілді-кесілді пікір айтпас болар едім. Әрбір істің өзінің бастауы, ортасы және аяғы болады. Бұл тұрғыдан алар болсақ, қозғалыс тек өзінің бастауында ғана. Оның әрі қарай даму эволюциясы соны меңгере алатын  адамдардың іскерлігіне, талаптылығына байланысты дер едім. Егер бұл тұрғыда менің көмегім не кеңесім қажет болса, мен әлі де аянбай қол ұшын беруге дайынмын.

- «Ұлы даладан» сізді ығыстырып шығарғысы келетін топтардың көздегені не? Бұл ұйымның арасына іріткі салушы деп сізді кәналаушыларға қарсы айтарыңыз бар ма?

- Бұныңыз бекер әңгіме. Кейбір сайттар мен басылымдар шулатқандай ешбір әңгіме, еш детектив  оқиға болған жоқ. Оған негіз де жоқ. Өзіме келсек, екі маңызды, принципті мәселе бар сияқты. Біріншісі, жалпы елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қатысты. Ресми қоғамдық-саяси ұйымға айналудың артықшылығымен қатар, тосын да тұстары жоқ емес. Мысалы, тіркелу үдерісін алайық. Жалпы ұйымның тіркелуі белгілі заңнамамен бірге көпшілікке белгілі «ойын ережелеріне» қатысты шаруа. Кез-келген ұйымның заңмен ашылуынан гөрі заңмен жабылуы оңай шаруа. Жеке басыңның тіршілігін жалпы жұртшылықтың, ұйым мүшелерінің тіршілігімен байланыстыруға тура келеді. Екіншісі, жалпы ұйымның бағыты, бағдары, құрылымына қатысты. Құрама ұйымның мүмкіндіктері де жоғары болып көрінуі мүмкін, бірақ, оның жүгі де айрықша ауыр. Әрбір сөзді, әрбір істі көптің көңілінен шығару қажет. Бұл өзіңді шектеу. Осы себептерге қатысты мен қазір негізінен ағартушылық, ақпараттық жобаларға қарай ығысқанды жөн көріп отырмын. Бұл орайда бірнеше жобаны бастап кетпек ниет бар. Оның үстіне кез-келген ұйымды құру үшін қыруар қаржы қажет екені анық. Дәл қазір үлкен республикалық дәрежедегі ұйымды қаржыландыратын ұйымды не топты байқап отырған жоқпын. Белгілі бір қаржылық топқа тәуелді болуды өзім үшін мүмкін санап отырған жоқпын. Бұған қоса, несін жасырайын, Жаңаөзен оқиасынан кейін біразға дейін саналы түрде саясатпен айналысуға деген құлық қалмады. Бұл қанды оқиға кем дегенде екі-үш айға дейін рационалды тұрғыдан ойлауға, әрекет жасауға деген қабілетіме теріс әсерін тигізіп, жігерімді құм қылғаны рас. Кейбір жайтта алданып қалғаным да рас. Имани шыным - осы.

- Осы тұрғыда кейбір баспасөз көздерінде өзіңізді билікке барады, «Самұрық-Қазынаға» қызметке кіреді деген сөздер туралы не айта аласыз?

- Ондай әңгімелерді мен де көрдім. Өзімнің жеке блогымда бұндай әңгімелерге еш негіз жоқ екенін айтқам. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын алдағы уақытта ешбір тағайындалмалы не сайланбалы органдарға қызметке баруға ниетім жоқ деген болатынмын. Мәселе қызметте, не орынтақта емес, солар арқылы аз да болса қазақтың мәселесін шешетін жобаларды, шараларды іске асыру. Дәл қазір өзім үшін бұл бағытта еш мүмкіндік көріп отырған жоқпын. Сол себепті сайлауға да қатысқан жоқпын, партиялардың «тізімге кір» деген ұсыныстарынан бас тарттым. Жаңағыдай әңгімелерді кімдердің, не себеппен таратып жүргендерін түсінетін сияқтымын. Дей тұрғанмен оларға баға беріп, жарнама жасаған дұрыс емес деп ойлаймын.

- Кейбіреулер бұл ұйымды қазақтың белгілі бір адамдардың немесе бір тайпасының мүддесін көздейтін ұйымға айналды деген пікірді жиі естіп жүрміз. Осының рас-өтірігін өзіңіз ажыратып берсеңіз!

- Өз басым ондай әңгімелерге арқау болатын ешбір негіз көрген жоқпын. Буынаралық мәселелерге қатысты белгілі бір проблемаларды түсіну, түйсіну, олардан шығар жолдар туралы пікір алуандығы болуы мүмкін. Алайда, сіздер айтып отырғандай еш мәселе жоқ. Барлық азаматтардың ойлап отырғаны қазақ мәселесі, қазақ мемлекеті мен ұлтының болашағы, солардың баянды және нәтижелі болуы.

- Жалпы, қазақ ұлт патриоттарының арасындағы бітпес дау-дамайдың түпкі негізі неде жатыр деп ойлайсыз?

- Байқасаңыздар, осыдан біраз бұрын билік те, саяси күштер де «қазақ тақырыбына» бой ұрады, көндігеді деп болжам жасаған болатынмын. Өткен парламент сайлауының соған дәлел болғаны анық. Өкінішке орай, Жаңаөзен оқиғасы «қазақ мәселесінің» эволюциялы тұрғыда жаңа деңгейге жетуіне тосқауыл болғандай. Байыпты, парасатты саяси күрес пен айтыс-тартыстың орнына сенімсіздік, қарсыласу, мойындамау сияқты ұрандарды алдыға шығарды. Жаңаөзен сотының өту барысы, одан қоғам мен биліктің қажетті сабақ ала алмауы кез-келген қоғамдық-саяси күрестің, диалогтың мән-мағынасын қашыртып, қиындатып жіберді. Қан жүрген жерде қандай береке болушы еді, өзі?! Демократиялық үрдістердің орнына қоғамды басып-жаншу, қазақ ұлтшылдарын кемсіту, олардың пікірін елемеу, қазақ көшін тоқтату сияқты істер орын алып жатса ресми түрде пікірлесу, салиқалы-сындарлы әңгіме жүргізу қалай жүрмек? Осы туралы, жалпы қоғамдағы диалогты орнатудың жолдары мен бағыттары жайында сәуір айында өткен қазақ зиялыларының форумында өз ұстанымдарымызды ашық айтқан болатынбыз. Бұл әңгіменің бір тұсы ғана.

Әңгіменің екінші тұсы - жалпы біздің қоғамда, айналамызда орын алып жатқан геосаяси жағдайға тікелей қатысты болмақ. Қарап отырсаңыздар, қазақ топтары мен күштері арасында дәл қазір шектен шығып жатқан қайшылық жоқ. Қазақ зиялылары бірігіп, елдегі қордаланған мәселелер туралы ашық, айқын сөйлеп жатыр. Қазақ ұлтшылдары қазақ мемлекеті мен ұлты туралы ойларын топтасып ортаға салып жатыр. Әрине, әзірге біріккен партия  не жұрттың барлығын біріктіретін саяси лидер жоқ болып көрінеді. Алайда, шындап ойланып қарасақ, бұнда алып бара жатқан трагедия да жоқ сияқты. Себебін түсіндіріп көрейін. Бүгінгі күннің басты тенденциясы - ұлтшылдар мен демократиялық күштердің «күн тәртібінің» бірігуі, қазақ мәселесіне қарай шоғырлануы, ойысуы. Яғни, өзін республика деңгейінде көрсетемін, таныламын, қолдау табамын деп үміттенген кез-келген күш ең алдымен «қазақ мәселесіне» келіп тіреледі. «Қазақ мәселесі», ұлттық мемлекет туралы мәселелер шешілмей жатып ешбір мәселенің шешімін таппайтынына баршаның көзі жетіп отыр...

- Сонда қазақ ұлт патриоттарының бірігуіне негіз жоқ дегіңіз келе ме?

- Керісінше, қазақ ұлтшылдарының бірігуіне себеп пен негіз енді туындап келе жатқан сияқты. Түсіндіріп, таратып көрейін бұл тұжырымымды. Мәселен, «қазақтың ұлт патриоттары» кімдер? Оларды қандай құндылықтар бірігіп отыр? Олардың бірігуіне не кедергі болып отыр? Осы сұрақтарға жауап бере алсақ, сіздің сұраққа жауап өзінен-өзі шығады. Егер ірілеп айтсақ, осы кезге дейінгі ұлттық, ұлтшыл күштер негізінен баяғыда, яғни, 1980-1990 жылдары қалыптасқан ұлт-азаттық қозғалыс, ұлт-азаттық күштер деңгейінде, дәрежесінде сақталып келді. Яғни, еліміз үшін маңызды мәселелердің дұрыс шешімін таппауы ұлттық қозғалыстың «империяға қарсы біртұтас майдан» формасында қалып қалуына алып келді. Тәуелсіздік үшін күрескен топтардың билікке жетпеуі, кешегі партиялық-комсомолдық элитаның «тәуелсіздіктің жемістерін жекешелендіруі» айналып келгенде республикадағы табиғи жағдайдағы элитаның ауысуына алып келмеді. Басқа елдерде билікке кешегі империямен күрескен ұлтшыл топтар келіп жатқан кезде, Орта Азия елдерінде бұндай үрдіс орын алған жоқ. Кешегі партократтар ұлтшылдардың негізгі ұрандарын тартып алып, өздеріне тиімді үлгідегі мемлекетті құруға кірісіп кетті. Есесіне ұлтшылдар көтерген және алғашқы кезде билік мойындаған, мысалы суверенитет туралы декларация мен тәуелсіздік туралы заңда мойындалған, «ұлттық мемлекет құру», «қазақ тілін саясаттың, экономиканың тіліне айналдырып, мемлекеттік дәрежеге жеткізу», «елді отарсыздандыру, құлдық санадан шығару», «ұлттық байлықтың жергілікті мемлекет құрушы халықтың игілігіне өтуі» сияқты әңгімелердің барлығы сырт қалып қалды. Бұл мәселелердің дұрыс шешілмеуі, ұлттық қозғалысты бір орында «мұздатып-қатырып» тастады десек болады. Арада бірер жыл өткен соң басқа елдерде «ұлт-азаттық майдандар» бытырап, әлем елдеріндегідей «либерал», «демократ», «социалист», «социал-демократтар» деп партия-партия болып тарап кеткен кезде, Қазақиядағы «партиялық сөрелерді» билеуші элита мен контрэлита бөліп алып әкетті...

- Сонда сіздің ойыңызша біздің ұлттық ұйымдар да белгілі бір саяси ұрандарды ұстанып, нақты саяси ұстанымы бар партияларға айналуы қажет деп отырсыз ба? Жаңағы өзіңіз айтқан «негізгі қазақ мәселесі» шешілмей жатып бұған негіз бар ма?

- Сұрағыңыз орынды. Бірақ, мынадай жайтты ұмытпайық. Бүгінгі қазақ ұлтшылдарын қандай құндылықтар біріктіріп отыр? Негізінен жаңағы «қазақ мәселесі», «ұлттық мемлекет құру», «қазақты тәуелсіз мемлекеттігінен айырмау». Негізі осы! Ал бөліп отырған не? Бағзы заманнан келе жатқан дертті руға-жүзге бөліну сияқты «ауруларымызды» айтпаған күннің өзінде, қазақ ұлтшылдарын біріктіріп отырған құндылықтар аз. Жаңағы «мәселелерді» шешу, жеңіске жету жолдары, әдістері сан-алуан. Бірі - демократ болса, екіншісі - қып-қызыл коммунист, үшіншісі - мүлдем ескілікті аңсап, рулық жүйені қалпына келтір деп отыр. Осыны айқын түсініп, мойындайтын болсақ, қазақ ұлтшылдарының бірігуінің мүлдем қиын екеніне көз жеткіземіз. Нағыз ұлтшылдар «коммунизмді фашизмге теңеп, оны саяси-құқықтық тұрғыдан айыптауымыз қажет» деп жатса, екіншілері «кешегі күнге тас атпайық» деп, Ресейдің коммунистерімен не импершіл топтарымен ауыз жаласып кетеді. Осы жерден айтыс-тартыс тумағанда не болмақ? Туады да отырады. Тағы біреулер демократиялық үрдістерді алып келіп, батыстың құндылықтарын сіңіруіміз қажет десе, екіншілері кешегі империяның жаттанды әңгімелеріне салынып, «Батыс жауымыз, демократия қасіретіміз» деп ұрандап жатса бізді не біріктірмек? Тағы да айтыс-тартыс. Бұл билікке ыңғайлы, қазақты өз бұғауына қаратқысы келіп жатқан Ресейге, ресейшіл күштерге өте-мөте тиімді. Ұлтшылдарды тек «тіл мәселесіне» ғана байлау арқылы оларды бір жағынан оңтайлы қолшоқпар, екінші жағынан дөрекі, дарақы күшке айналдыру саясаты жүргізіліп келді. Қазақ ұлтшылдары «дәстүрлі» саяси алаңнан шығарылып тасталды. Сайлауға түсе алмады, билікке жақындай алмады. Билікке, саясатқа, сайлауға араласпау олардың әл-ауқатын, мүмкіндіктерін шектеп, мүлдем маргиналдандырып, бизнес пен саясаттан үміті бар күштердің оларға жақындамауына алып келді. Сол себепті де осы кезге дейін бірде-бір қазақшыл саяси партия не біртұтас республикалық саяси қозғалыс қалыптаса алмады. Оған билік те кінәлі, биліктің ойындарына көнген қазақ ұлтшылдары да кінәлі.

Бізге тек «қазақ мәселесін» шешу керек, демократың да, социалистің де бәрібір деп отырған соң ұлтшылдар басқадан өзгеше, әлеуметтік қолдауы шамалы «саяси кастаға», мойындайық, сырткөзге «сайқымазақ топқа» айналып бітті. Есесіне биліктен, саясаттан үміті бар топтар мен партиялар биліктің «ойын ережелері мен стандарттарына» сеніп «қазақ мәселесін» шетке ысырып тастады. «Елде тыныштық болсын, ұлттық мәселелерге жоласақ бәле болады, орыстар, өзгелер дауыс бермейді» дегенге имандай сеніп келді әлгілер. Ал шын мәнінде солай болды ма? Жоқ! Нобайы 10-15 жылда «ұлттық азшылықтан» елдің «басым көпшілігіне» айналған қазақ қауымы мұрнына қазақтың иісі бармайтын, қазақтықтан жұрдай, қазақша сөйлей білмейтін күштерге қолдау көрсетуге ниет-ықылас білдіре қоймады. Өзге ұлыстар мен диаспоралар болса тек билікке дауыс берумен болды: себебі билік «дәл қазіргі жағдайды таз қалпында сақтайды» деген сенімде жүрді. Негізсіз емес, әрине. Саясат тек «кәсіби» партиялардың тіршілігіне айналып кетті. Сайлауға келген кезде қарапайым халықтың биліктен басқа сенері де, сиынары да болмады. Сондықтан 90 пайыз болмаса да, минималды қажеттілікті өтейтін 50-60 пайыз дауысын билікке емін-еркін жинап беріп отырды. Оппозициялық күштердің жеңбей жатып «біз жеңдік» дегеніне ешкім сене бермеді. 25 пайыз өзге ұлттардың дауысына билікті әкесіндей, құдайындай сыйлап, одан қорқатындардың 25-30 пайызын біріктіретін болсақ, билікке керекті 50 пайыздың минимум өзінен-өзі бадырайып шығып отырады емес пе? Ал бұның үстіне ақпараттағы монополия мен биліктің әкімшілік ресурсын қоссаңыз еселеніп кете береді ғой. Соңғы 10-15 жылдағы саясаттың ащы да ұнамсыз шындығы осы! Бүгінгі биліктің ауыспай елді билеп отыруының құпиясы мен гәбі дәл осы жерде жатыр. Осындай қарапайым қағидаларды мойындамай жатып бүгінгі билікті сайлауда жеңемін деу барып тұрған ақымақтық.

- Ал оппозицияның «қазақ мәселесіне», «ұлттық құндылықтарға» жақындауы қаншалықты шынайы? Шынымен сеніп, соған бет бұрып отыр ма?

- Бұныңыз да орынды. Оппозицияның бір бөлігі қазақ мәселесіне тек шарасыздықтан бет бұрып отыр. Дауыс жинау үшін, қолдауға ие болу үшін тілдерін бұрмалап, қазақтығын қалайда паш етуге тырысып-бағуда. Бірақ, оппозицияның арасында шын мәніндегі ұлтшылдар да жеткілікті. Оппозицияның «пойызын» қазақ «релсіне» бұрғызып, демократиялық ұрандарға қазақтың «бронды сауытын» кигізуді бастаған солар. Қазақиядағы барлық күштер қазақыланбай жеңіске жете алмайтынына олардың көзі әбден жетті. Митингісіне ең болмаса мың адам жинай алмаған соң ойлана-ойлана осындай идеяларға басқалар да көндікті. Бірақ, қалғандары ішінен әлі де қазақ мемлекетін, қазақ болмысын мойындай алмай келеді. Әлі де болса Ресейге қарайлау, тарихтың сан қилы қайғылы-қанды оқиғаларын мойындамау, «еуразиялық» нышанда қалу ниеті бар әлгілерде...

- Нақты біреуді меңзеп отырсыз ба?

- Кімді меңзеп отырғанымды өздеріңіз де жақсы біліп отырсыздар ғой. Атын айтпасам да ондай саясаткерлерді бұқара халық бізден де жақсы біліп, көріп отыр. Қысқасы, еліміздегі кез-келген саяси идея ұлттық құндылықтардан бастау алмаса, тарихи-мәдени құндылықтармен көмкерілмесе, қазақ тілінде еркін сайрамаса, олардың ешқандай болашағы жоқ екені хақ. Елде социал-демократия жеңетін болса, тек қазақы социал-демократия жеңе алады. Ал билікке либералдық идеяны қолдаған топтар келсе, ол тек қазақ либерализмі болмақ. Осылардың негізін қалап, идеологиясын жасай білген партиялар ғана болашақтан, парламенттегі орындардан үмітті бола алады. Қалған әңгіменің барлығы бос сөз, барлығы былшыл.

Бүгінгі «кедендену», «еуразиялану» үрдістері қазақ қауымын қайтадан топтастырып, біріктіріп жатыр. Тіпті бірін-бірі мойындамайтын топтар мен саясаткерлер тәуелсіздік мәселесіне келген кезде бірігеді. Бұны ортақ «тұғырнама» деп түсінсек, қалғанының барлығы соған жетудің жолдары. Елімізге, ұлтымызға эволюциялық даму жолы тиімді дейтін болсақ, алдағы уақытта қазақы құндылықтарға билік те толық бұрылатын болады. Себебі билік үшін ең үлкен трагедия - «қазақтың қас жауы», «қазақ бақытының жолындағы ең басты тосқауыл» деген атаққа ие болу. Егер көпшілік осыған көз жеткізер болса, анық сенер болса, бүгінгі биліктің қазақ жерінде еш болашағы жоқ. Осыны түсінер адам болса, әрине...

- Бұныңызбен сөзсіз келісеміз. Ал өзіміздің ұлттың арасындағы жіктерді қайтпек керек? Қазақтың бірлігі мәселесін қалай айналып өтуге болады? Өзге этностар мен диаспоралар не істемек? Бұдан бір ши шығып кетуі мүмкін ғой.

- Егер дәл бүгінгі жағдай жалғаса берсе ши ғана емес, қанды жанжал да шығады. Айналып келгенде, ең басты, ең маңызды мәселелердің барлығында дерлік біздер тықырыққа тірелдік немесе тірелудің алдында тұрмыз. Бұл, әрине, үлкен қауіп. Бірақ, бұны мүмкіндік ретінде де қарастырып көрмесек болмайды. Ұтқанымыздан, ұтылып жатқанымыз көп дегеннің өзінде, барлығын мүлдем жоққа шығара да алмаймыз. Олай етсек алданғанымыз, көпті алдағанымыз. Қалай болғанда да қазақ мәселесі тек саяси-этникалық деңгейден өсіп ұлттық-мемлекеттік, мәдени-өркениеттік, экономикалық-әлеуметтік дәрежеге көтерілуі тиіс. Қазақты тек қазақ этносының шеңберімен өлшеу саяси-философиялық, саяси-құқықтық, әдістемелік қателік болмақ. «Қазақ» деп қазақ болмысын, мәдениетін, тілін, дінін, ділін, дәстүрін мойындаған, мемлекет заңдарына құрметпен қарайтын кез-келген азаматты атағанымыз дұрыс. «Қазақ ұлтына» елді, мемлекетті мойындаған барлық Қазақстан азаматы мен шетелдегі қазақ диаспорасы кіреді, олардың құқықтары да, мүмкіндіктері де бірдей болмақ. «Қазақ әлемі» түсінігі Қазақстан ұғымынан әлдеқайда кең. Қазақ мемлекеті түптің-түбінде негізінен түркі-мұсылмандар мекен еткен түркі-мұсылмандар өркениетінің мызғымас бөлігіне айналатыны да хақ. Кеше ғана отардан шыққан халық ретінде өзгелерді отарлап, аяқтың астына басып, аяусыз таптап отырсақ бізді тарих та, құдай да кешіре қоймас. Өзге этностар мен диаспоралар өз ерекшеліктерін сақтай алуы тиіс. Біз ассимиляция емес, аккультурация саясатын ұстанамыз. Шынын айтсақ, алдағы 15-20 жиырма жылда өзгелерді ассимиляциялайтын мүмкіндігіміз де жоқ. Мыңдаған адамды, олардың адами, азаматтық құқықтарын жоққа шығарып, жоқ қылатын алпауыт империя емеспіз. Біздер басқа диаспораларға «Қазақты мойындау, қазақ атану орыс, өзбек, татар, неміс тағы басқа болып сақталудың кепілі» деген формуланы ұсынып, соны дәлелдей білсек керемет болар еді! Осыны дәл бүгіннен бастап мойындап, соған еңбек ете бастауымыз керек. Қазақстан тек қазақтардың ғана «эксклюзивті жұмағы» бола алмайды. Қазақ мемлекетінің бағыты да, бақыты да баршаға ортақ бола алады немесе мүлдем мүмкін болмайды.

Қазақты тек тілдік категориямен бөліп қарасақ онда тағы да ұтыламыз. Басты міндет - қазақ тілін білмейтіндерді қазақ тіліне күшпен де, айламен де, ақылмен де, ақшамен де бұру, осы саясаттың институционалдық қағидалары мен инфрақұрылымын қалыптастыру. Бізді ең алдымен құндылықтар біріктіруі тиіс. Тіл, сөзсіз, құндылық қалыптастыратын институт. Бірақ, тәуелсіз қазақ мемлекеті қалыптасып, қанат жаймаса қазақ тілінің болашағы не болмақ? Олай болса, тәуелсіз ұлттық мемлекет - қазақ тілінің кепілі, алғышарты. Қазақ тілі, қазақ құндылықтары - ұлттық мемлекеттің кепілі. Дәл қазіргі кезде мемлекетті құру, оның қабырғасын көтеру бәрінен де маңызды. Бұл «қазақ мәселесі» көпшіліктің ақыл-ойын, санасын, зердесін қалыптастырып отырған күштер мен топтардың асқан іскерлігі мен бірізіділігін талап ететін аса күрделі шаруа.

Мен көптен бері «қазақ болашағы мен қазақ ұлттық мемлекетін қалыптастырудың алғы шебі орыстілді қазақтар, соларды  қазақтыққа мүмкіндігінше тез арада бұру» дегенді бекерден-бекер айтып жүрген жоқпын. Тегі қазақ атаулыны хәкім Абай мен Алаш азаматтары негізін қалаған құндылықтарға қарата алмасақ, қайтара білмесек басқалардан не үміт, не қайыр? Олай болатын болса, біздерге жаңа дискурс, тың тұжырымдамалар, парадигмалар, жаңа ұлттық келісімдер ауадай қажет. Бүгінгі геосаяси үрдістер мен тенденциялар орыстілді қазақтардың қазақы түсініктер мен құндылықтардың аясына топтастырып, табыстырып жатыр. Осы бір мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, оларды өзге этностарды өз жағымызға тарту үшін пайдалануымыз қажет. Орыстілді қазақтар осы саясаттың «алтын көпірі» болмақ. Бұнымыз, әрине, әрбір қазақтың артына түсіп, «әке-көке» деп жалбарынып жүгіру деген сөз емес. Елін-жерін мойындамаған мәңгүрттермен бәрібір ортақ мәмілеге келіп, тіл табыса алмаспыз. Дегенмен, тырысып көрген де дұрыс.

Бір білетінім, әзірге тілін білмесе де ұлттық мемлекет құндылықтарының төңірегіне топтасуға дайын, біз айтып отырған барлық принципті мұрат-мақсаттарды мойындап отырған орыстілді бауырлар бүгін де өте көп. Бұл зерделі, зиялы, білімді үлкен күш. Ең бастысы қаржы, ақпарат, технология көздеріне қолын жеткізіп отырған күш. Бір атадан тараған осы екі ағым бірікпей қазақ мәселесі шешімін ешқашан таба алмайды. Ал бұндай бірігудің жолдарын, саяси-әлеуметтік инженериясын жасақтауға әбден болады. Отарлық қалыптан шыққан мемлекеттердің тәжірибесіне дұрыстап назар салып, оны біздің жағдаймен байланыстыра, табыстыра білсек жетіп жатыр. Ал егер орыстілділер «біздерді бәрібір ешкім мойындайды екен, яғни біздің шегінер жеріміз жоқ, өз түсінігіміздегі «ұлттық мемлекетті» өзіміз жасақтауымыз керек» деп ұйғаратын болса, қазақ идеясы, мәңгі қазақ мемлекеті үшін ең үлкен қауіп осы болмақ. Онда қазақтың ішіндегі айтыс та мәңгі жалғаса береді. Кешегі отаршылардың көздегені де осы емес пе еді? Алдағы уақыттағы әңгімелердің, талқылардың біразы  осы бағытта өрбуі тиіс сияқты.

- Әңгімеңізге рахмет!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406