«Қазақ көшін» алғаш көтерген моңғолиялық студент жастар
Жазушы-журналист Абай Мауқараұлы Баян-Өлгий аймағының Бұлғын ауданында дүниеге келген. Оқыған мамандығы дәрігер-хирург. Ол 1990 жылы Қазақстан мен Моңғолия арасында ресми түрде жұмыс күшін алмастыру, яғни «Еңбек шарты» арқылы көш бастаған қазақтың бірі. Осы бойынша бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқан ауданында төрт жыл дәрігерлік қызмет атқара жүріп, журналистік қызметін бастаған. «Шалқар», Ана тілі», «Қазақ елі», «Қазақстан-Заман» қатарлы республикалық, еларалық басылымдарда журналист, бөлім редакторы, жауапты хатшы міндеттерін атқарған жылдарда өзінің журналистік, жазушылық қырын көрсете білді. Төменгі сұхбатта осы жолға келуіндегі тосын да қызықты оқиғалар және шеттегі қазақтардың тұрмысы қамтылды. Яғни, шеттен келген отаншыл қандастарымыздың ортақ образы осы қаламгер тұлға арқылы нақтылы да шынайы деректермен ашылатындай әңгіме өрбіткен едік. Оқырман қауымды «оралман» деп аталып кеткен отандастарымыздың бейтаныс өмірі бей-жай қалдырмасы анық.
«Менің жеке өмірімнен Шығыстағы қазақтың соңғы жүз жылғы тарихи тағдырын көруге болады»
– Абай Мауқараұлы, сіз де, мен де тарихи отанға оралған қара көз қазақтың баласы екенбіз. Мен Шығыс Түркістаннаннан келсем, сіз Өр Алтайдың терістігіндегі Баян-Өлгийден келіпсіз. Жалпы Қазақ елі тәуелсіз ел болып өз алдына шаңырақ көтергеннен кейін дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қазақтың көк тудың астына жиылу мүмкіндігіне ие болғаны анық. Бұл «оқиға» қазақ тарихына алтын әріппен жазылып, қатталатын маңызды оқиғалардың бірі болып қала бермек... Енді сіз әңгімеңізді кіндік кесіп, кір жуған туған жеріңізден бастасаңыз.
– Менің жеке өмірімнің өзінен Шығыстағы қазақтың соңғы жүз жылғы тарихи тағдырын көруге болады. Атам Хамза мен апам Нұрғайша Өр Алтайдың Шіңгіл өлкесінің төл тумалары екен. Сыртқы Моңғолия манжурияляқ Чин патшалығының қоластында тұрған кездері үлкен атам Ұрықбайдың ауылы Қобда бетіне қоныс аударған. Содан, 1911-жылға дейін Өр Алтайдан Қобда өлкесіндегі Шіңгілмен шекаралас жатқан Құжырты-Бұлғын арасында ары-бері көшіп-қонып жүрген. Сыртқы Моңғолия Манжуриядан тәуелсіздік алған соң ауылымыз Қобдада түбегейлі қалып қойған. Теріскей беттен басталып Шіңгілге барып құятын Бұлғын өзенінің қайнар басынан атамыз Ұрықбай сондағы ұранқай-қалмақтарға жорға-жүйрік, алтын-күмістерін беріп ауқымды жайлау мен кең көсілген қызыл күнгейден тиесілі қыстау иеленіп алған екен. Алайда, шекарасы әрі нақты беки қоймаған іргелес өлкеде болғандықтан туып-өскен жерін сағынатын үлкен аталарымыз Шіңгілге бірде барып қыстап, бірде жайлап кетіп жүрген жылдарда атам Хамза апамыз Нұрғайшамен отау құрса керек.
Сондай жылдардың бірінде яғни отыз бірінші (1931 жылы) қой жылы әкеміз Мауқара да Шіңгіл бойында яки соған таяу бір жерде дүниеге келіпті. «Мәуқара» деп аталатын бір шоқы-таудың баурайында туғандықтан аты-жөнін де солай қойған дейді. Әкеміз Мауқараның бала болып өскен мекені, жігіт болып үйленіп, бала-шаға өсіріп үлкен әулетке айналып, үкіметтік қызметтер атқарған жері кейін Баян-Өлгий деп аталған қазақ аймақтың ең қиян шетіндегі Бұлғын ауданы.
Осынау мөлдір сулы, тоғайы-нулы құтты мекенге қоныстанған өздерін «шыбар керей» деп атаған «бұлғындық» қауымның басыннан «Базарқұл Көбеш батырдың баласы Асылбектің басын берген жыл» (Манжур билеушілері Қобда асқан қазақтарды қайта көшуге мәжбүрлеп, он мың қой, мың жылқы бер, әйтпесе Көбештің басын аламыз дегенде баласы Асылбек батыр өз басын тіккен), «Жалама айдаған жыл» (Қобда өлкесіне қоныстанған қазақтарды одан ары ішкі моңғол жаққа күшпен айдаған, адамды тірі сойып тұлып жасаған қалмақ Дамбижанцан), «Коминтерін Кенжебек айдаған жыл», «Хангелді Жылмасбай ауылы шекарада қырылған жыл» (Оспан батырға бағынған Хангелді, Секел ауылдары Қобда бетіне өтпек болған кезде орыс пен моңғол әскерлері шекарада қоршап, ұшақпен бомбылап мыңдаған адамды түгел қырған, біздің ауылда сұқ саусағын оқ жұлып кеткен Кәстен деген әжеміз үңгірге тығылған жиырма адамнан жалғыз тірі шықтым деп, айтқанын естіген едім), «Эсірку ұстаған жыл» (бай-молдаларды тап жауы деп, ұстап жапбай жазалау), «Алтайға ел үріккен жыл»... сынды тарихи айтулы оқиғаларды менің үлкен атам, өз атам, әкеміз бастарынан кешіп, көздерімен көріп өткізген қайғы мен қуаныш жасымен суарылған біздің қимас қара мекеніміз – Бұлғын!
Үлкен атам Ұрықбайдың және үлкен әжелерімінің қабірі сол Бұлғынның басындағы қойтастар көмкерген бетегелі бұйраттарда жатыр. Өз атам Хамза «Хұжырты мәселесі» деп аталатын бұлғындық қазақтардың «Өр Алтайға қайта қашқан» (1943 жылы) оқиғасына байланысты Ішкі істердің тарапынан ұсталып, хабарсыз кетті. Әжем Нұрғайша немерелерін көріп, ұзақ өмірін сонда өткізіп бақиға қайтты.
Ал, менің өмірімнің жартысы балалық шағым, жігіттік кезеңім, оқып маманды болып, үйленіп сәби сүйген ең қызықты шақтарым Бұлғында, Өлгийде, Уланбатырда өтті.
Туып-өскен Бұлғындағы көз көрім жерде Қытай шекарасы көрініп тұратын-ды. Асу бермес жалама жартасты, сай-саласынан мөлдір бұлақ аққан, жасыл жайлаудың арғы жағына әжем жарықтық үнемі сағынышпен көз салып: «Шірк-і-і-і-н, кіндік қаным тамған Шіңгілдің қарақатын тағы бір татсам ғой...» деп, армандаумен өтті. Ол кезде біз әжеміздің арманын, сағынышын түсінбедік, сондай тағдырдың кейін өз басыма да келетінін білмеппін...
«Моңғолдар өздерін Ғұннан тараймыз дейтіндіктен тегі жағынан да қазаққа онша алыс емес, түр-пішіні де тым ұқсас. Тілі алтайлық салаға жатады, сөздерінде ескі түркі сөзі көп, мәселен малды мал, төлді төл, ауылды әйл дейді, әдеби тілі де өте бай. Моңғолдарға Будда діні келгелі екі жүз жылдан ғана асты, оған дейін Тәңір сенімі мен Шаман сенімінде болған халық»
– Демек, сіздің де ата-әжеңіз бөгделер тарапынан қуғын-сүргін көріп өзінің ата қоныс, туған жерін амалсыз тастап моңғол жеріне ауып барған екен ғой. Моңғол мен қазақ үзік-туырдықты көшпелі ел ғой. Тілі мен дәстүрі өзгешелеу болғанымен кіндігі, шаруашылығы төрт түлік малға байланған. Кешегі түркілердің ат тұяғының дүбірі моңғол үстіртінде әлігедейін естіліп тұрғанын ескерсек, бір есептен моңғол мен қазақтың қарға тамырлы халық екенін жоққа шығара алмаспыз. Өз елінен босып барған қазақтардың кейінгі өмірлері онша жаман болмаған шығар?
– Моңғолдар өздерін Ғұннан тараймыз дейтіндіктен тегі жағынан да қазаққа онша алыс емес, түр-пішіні де тым ұқсас. Тілі алтайлық салаға жатады, сөздерінде ескі түркі сөзі көп, мәселен малды мал, төлді төл, ауылды әйл дейді, әдеби тілі де өте бай. Ал тұрмысы қазаққа өте етене, олардың киіз үйлерінің уығы қарынсыз болатындықтан қазақтың үйінен гөрі аласалау болады, басқа үзік-туырдық, жабдықтарын дәл қазақтар секілді қойдың жүні, жылқының қылы, сарлықтың көбірінен (қодас) өте шебер жасайды.
Жылқыны жанындай көреді, атақты жүйрік-жорғаға егер, қызықса қатын-баласынан басқа бүкіл дүниесін бере салудан тайынбайтын еркөңіл келеді. Жүйрік, жорға бәйгесі ғаламат дамыған, ат бапкерлері сұмдық сұңғыла аттың терінің дәмін татып, сідігінің түсіне қарап жүйріктің бабын айта алатындай адамдар көп. Қазақтардай құс салып, ит жүгіртпейді, мылтық пен садақ арқылы аң аулағанда құралайды көздейтін өңшең мерген болады. Ұл туса «балуан» туды деп қуанып екі жасқа шыға сала ауылдастарымен топтанып күрес өнеріне баулыйды.
Моңғолдарға Будда діні келгелі екі жүз жылдан ғана асты, оған дейін Тәңір сенімі мен Шаман сенімінде болған халық. Будда дінінің Лама тармағы еркекті үйленбей өмір бойы хидханада Құдайға ғана мінәжат етіп өтетін сопылық сенімде, алайда ақидасында көп құдайдың бейнесіне табынады. Ақылағы өте жоғарғы адамгершілікке баулыйды, олардың қайқы бас етік киюінің себебі тірі жәндікке зарар бермеу үшін. Ағаш кеспейді, тасты аударып тастаудың өзін жандылардың үйін бұзу сияқты ауыр күнә санайды.
Міне, олардың осындай діни сенімі мен көшпенділік өмірі кірме болып барған қазақты бөтенсімей бауырына тартуына, басынбай тең көруіне себеп болды. Қырқыншы жылы Қобда аймағынан бөліп Баян-Өлгий атты ұлттық жеке аймақ орнатып берді. Орта мектепті қазақ тілінде оқитын жағдай жасады, төл тілінде хабар тарататын телерадио және қазақша баспасөзді ұлықсаттады. Осының нәтижесінде қазақтардың өзіндік төл мәдениеті қалыптасты. Өркениетпен бірге көшпенділік өмір де қатар дамыды. Мәселен, жаңа заманғы ғылым игеру мен мамандық кәсіпке жетуде Баян-Өлгей қазақтары моңғолдардан қалыспады деуге болады. Дүниежүзіне танылыған нейрохирург Хайырол, АҚШ еліне барып дәріс берген атақты математик Мекей, әлемдік экономиканың бағдарламасын жасаған Дөрбетхан, Дубна қаласында көп жыл дүниежүзлік ғылыми зерттеу жүргізген ядрофизик Дінейхан, тарихшы, саясаттанушы Зардыхан, бейнелеу саласынының атақты өнертанушысы Жанатхан, ежелгі түркі жазбасының білгірі Қаржаубай... осындай жүздеген тұлғаларды атауға болады. Айтпақшы, Моңғолдың ең алғашқы Ұлттық Батырлары мен Еңбек Ерлері, балуан спортшылары Ікей, Қожағапан, Шоя, Солтан да осы Бұлғын өлкесінінің төл тумалары.
Ал, жоғарғы үкімет лауазымына жеткен қазақтар да аз емес, алғашқы қазақ генаралы Жайсанып, депутат, министрлер Жәмила, Ноғай, Қашқынбай, Тілейхан (құрылыс маманы), Құрметбек, Ахмет, Сарай, Сандалхан, Тілейхан (жылу-электр маманы)... сынды еліне де, халқына да адал болған айтулы тұлғалары көптеп атауға болады.
«Еруліге қарулы» дегендей Қобда бетіне барған қазақтың мал мен басы тез өскендіктен орталық Уланбатыр маңына жұмыс күші ретінде көшіп барған қазақ ауылдары Моңғолияның айтулы кен орындары Налайхан, Шарынғол, Бэрх секілді үлкен шахталарының негізгі тірегі бола білді. Құрылыс салу, қыршаруашылығында мал бағу мен егін салуда қазақтардың рөлі басым болып, елдің экономикасына септігін тигізгені моңғол ағайындарың қазақтарға деген құрметі мен ықыласын арттырып «хасгууд шургуу хөдөлмөрч ард түмэн» (қазақ ғаламат еңбекқор қауым) деп моңғолдардың оларды бағалағанын айтсақ, қазіргі біздің елдегі «қазақ жалқау халық» дейтін сөздің жалған жала екені, жұмыссыз қалған халықты жазғыруға болмайтынын дәлелдейтін бірден бір мысал дер едім.
Менің көптегеген қатарластарым және өз басым сол елдің ғылым-білімдегі әділ сұрыптауының нәтижесіне ғана (Бұлғында алғаш бірінші сыныпқа түскен жүз баладан, сегізінші бітірген соң онымыз оныншы сыныпқа өтіп, сол оннан конкурс арқылы онымыз да Жоғарғы оқу орындарына жолдама алған едік, өзім Медицина университетіне қабылданғам-ды) жоғарғы маман иеленіп, мемлекеттік мекемелерге таңдаулы кадр ретінде қабылданып жігіт шағымыздан бастап халыққа адал қызмет атқаруға қол жеткіздік.
Осы аз ғана мысалдан-ақ Моңғолиядағы қазақтардың ол жақта ешқандай шетқақпайлық көрмегенін байқауға болатын шығар деймін. Әрине, ұлттық аймақта тоқсан пайызды құрайтын қазақтар өз тілінде емін-еркін сөйлейтін мүмкіндігі болса да, үкіметтік ісқағазды моңғолша жүргізгені заңды еді. Бір қызығы Баян-Өлгийге кадр болып келген, басшылыққа келген моңғолдардың өзі де, балалары аз уақытта қазақша үйреніп кететін-ді. Ал, арнаулы оқу орындарына барған қазақ балалар мен әскер қатарына барып қайтқан жастар моңғолшаны өзінің екінші тілі етіп жақсы үйреніп алатыны сол елдің азаматтарына тән жақсы көрініс деуге болады.
Ал, моңғолдардың басына не қиындық келсе де, не жақсылық келсе де қазақтар соны тең көрді дей аламыз. Сталиннің қыспағымен болған «Эсэргүү баривчлах» (контрреволюцияшыларды жою) өкіметтік жазалауда моңғолдар өздері жетпіс мыңдай байырғы оқымысты, ламаларынан айырылып, жеті жүздей тарихи ғибадатханалары өртеліп, мыңдаған кітаптары жойылды. Ондағы қазақтардан төрт мыңдай молда, елағалары ұсталып, Құран кітаптары мен қолжазбалары тәркіленді. (Тоқсаныншы жылы жеңіске жеткен Демократиялық төңкерістен кейін осы жазықсыз ұсталған тұлғалар түгел ақталып, артында қалған ұрпақтарына үлкен көлемде үкіметтік өтемақы-құн төленген еді).
Ал енді, ұлттық рухын сақтаған қазақтар тоқсаныншы жыл шыға еркіндік берілген кезде Қазақстанға көшуге бет бұрғанда адам саны аз, өзінің отандасы болған халқын қимаса да моңғолдар олардың құқын шектемей көшуіне құжаттық әрі қаражаттық жағынан көмек көрсете білгені де азат рухты еркін көшпенділердің мәрт мінезі деп бағалау әділдік болар деймін.
«Моңғолиядағы қазақтардың саны 1940-шы жылдары жеке аймақ болған кезде жиырма үш мыңдай деген деректі оқығаным бар-ды. Ал, тоқсаныншы жылдары аймақта жүз мыңдай, ал Уланбатыр маңына көшіп кеткендері елу-алпыс мың шамасында болған яғни Қазақстанға көшкенге дейінгі қазақ саны жүз елу мыңдай деуге болады»
– Сіздің айтуыңызға қарағанда Моңғолиядағы қандастарымыздың жетістіктері өте көп екен «бәрекелді» деп айтудан басқа айтарымыз жоқ. Абай аға, сіз Қазақстанға қоныс аударуға дейін Моңғолияда қанша қазақ болды? Моңғол жерінде қазақтың барлық елі мен руларын кедестіруге бола ма? Олардың оқу-ағартуы, баспасөзі және тіл-жазуы туралы айта кетсеңіз?
– Моңғолиядағы қазақтардың саны 1940-шы жылдары жеке аймақ болған кезде жиырма үш мыңдай деген деректі оқығаным бар-ды. Ал, тоқсаныншы жылдары аймақта жүз мыңдай, ал Уланбатыр маңына көшіп кеткендері елу-алпыс мың шамасында болған яғни Қазақстанға көшкенге дейінгі қазақ саны жүз елу мыңдай деуге болады. Көштің алғашқы бес-он жылында Қазақ еліне қоныс аударғандар алпыс мыңнан астам болған деп айтылады, содан бергі өткен отыз жылда олардың саны да жүз елу мыңнан асқан болуы керек. Алайда, Моңғолиядағы қазақтар саны да сол мөлшерден түспей өсуде екен.
1990 жылы алғашқы көші-қон Қазақстан мен Моңғолия арасында ресми түрде жұмыс күшін алмастыру яғни «Еңбек шарты» деген негізде іске асқан еді. Мұндағы негізгі көшушілер Уланбатыр маңындағы қазақтар болды. Олардың көшуіне социалистік қоғам құлап, нарықтық жағдайдың басталуына сәйкес жұмыссыздықтың белең алуы бір себеп десек те, Баян-Өлгийден тыс қоныстанған қазақтардың балалары өз ана тілінде оқитын мүмкіндіктің болмауы, балаларымыз моңғолданып кетпесін деген рухани сақтанудың да әсері болғаны сөзсіз.
Ал, расында Баян-Өлгийлік қазақтар үшін ұлттық сана, тіл жөнінде уайымдайтын негіз жоқ еді, он неше аудан мен Өлгий қаласында отыздан астам орта мектеп түгелдей таза қазақша оқитын-ды. «Шұғыла» атты әдеби жұрналы, «Балапан» деп аталатын балалар басылымы, аймаққа кең таралатын «Жаңа өмір» дейтін қазақ тілді гәзеті және аймақтық Радиохабары да бар еді. Оның үстіне Қазақстанда шығатын сол кездегі мерзімдік баспасөздер «Жұлдыз», «Мәдениет және Тұрмыс», «Білім және Еңбек», «Қазақстан әйелдері», «Балдырған» секілді жұрналдар мен гәзеттер халықаралық пошта арқылы аймаққа бөгетсіз келіп тұрды. Және Қазақстанда шыққан қазақша кітаптар да моңғолия қазақтарының әрбір үйінен молынан табылатын. Әрі «Шалқар» және Қытайдағы ағайындардың Шынжаң қазақ радиосынан таралатын әдеби-мәдени хабарды тыңдай алатындай әрбір отбасында қуатты радиоқабылдағыштың болуы да елдің ұлттық руханиятына сусын бола білді.
Алайда, ұзақ жылғы жалғасқан атеистік қоғам ата-бабасы мұсылман болған жұрттың Хақ діннен алыстауына әсер етпей қоймады. Және социалстік тәрбие қазақтың бұрынғы рулық санасын өзгертіп жаңа жерлестік сана қалыптастырғаны да анық. Сондықтан, Моңғолиядағы қазақтар соңғы елу-алпыс жылда өздерін «баянөлгейлікпіз» деп, ондағы он екі аудандағылар өздерін «сақсай сұмындық», «бұлғын сұмындық», «тұлба сұмындық» деп атайтын үрдіс қалыптасқан-ды. Уланбатыр маңына көшіп кеткендерді «ішкі жақтың қазақтары» деп атайтын болып кеткен-ді. Бірақ, ондағы қазақтар жеті ата асырмай өзара қыз алысуды масқара санайтындықтан әрбір адам өз руын жете білетін-ді.
Тоқсаныншы жыл шығып коммунистік тәртіп құлап, еркін демократия орнай сала ең алғашқы Баян-Өлгийден шыққан шежіре кітап белгілі қаламгер Шынай Рахметұлының құрастырған «Баян-Өлгийлік қазақтар шежіресі» болды. Сонда, моңғолиялық қазақтардың негізгісі он екі Абақ Керейлер екендігі онымен қоса Наймандар мен Уақтардың да көп болғаны және Советтегі қызыл төңкеріс кезінде бассауғалап барған аз санды Ноғайлар, Арғындар мен Жағалбайлылардың бар екенін білген едік. Ал жүзге кірмейтін Төрелер де аз емес екен. Бірақ, бір елде бірге жасаған қауымының бір текті менталитетте болғаны анық.
Сонықтан болар, моңғолиялық қазақтар өз ана тілін білмеуді өте ұят деп санайтын еді. Уланбатырлық жоғарғы қызметтегі зиялы қазақтардың өзі қанша моңғол ортада өсіп, моңғолша оқыса да ана тіліне жеттік болатыны ондағы ұлттық сананың өте жоғары болғанын дәлелдейтін қуанарлық жәйт деп бағалау керек. Мәселен, бізбен бірге оқыған қалалық қыздар Гүлаза, Бақытжандар қырдан келген бізді сөзден жаңылтатыны соған дәлел деймін. Ал, мұндағы өз ел, өз жеріндегі қаншама қазақтардың өз тілін білмеуді тіпті, мақтан санайтыны шеттен отаным деп келген қазақтардың жүйкесіне жаман тиетін соққы болғанын бастан талай кештік қой.
– Моңғол жерінде байырғыдан тұрған қазақтар болған ба?
– Сіздің бұл сұрағыңызға мың жылдан да көп бұрын ежелгі түркілердің мекені болып жер-су атаулары сол қалпы сақталып қалған Тула, Орхан, Кентай, Керуленді мекендеген байырғы керейлерді, моңғолдың шығыс жағындағы кең көсілген жазық даладағы Бұйра көлдің тұрғыны болған қоңыраттарды, батыс жақтағы Усу, Қарасу көлдері мен Қобда дәриясын иеленген наймандарды айтасақ та, жеткілікті. Ол кезде әлі қазақ атауы болмаған шығар деймін.
«Біз көштің бел ортасы емес, ең алғашқы бастаушыларымыз. «Дүниежүзіне шашылған қазақтардың Қазақ елінде көшуі қажет» дейтін инсаторлық идеяны тұңғыш көтерген де моңғолиялық студент жастар болғанын дәлелдеп айтайын»
– Сіз атамекенге қоныс аударған немесе моңғол жерінен басталған алғашқы көштің бел ортасында болдыңыз ғой. Сіздің отбасы Қазақстанның қай жеріне келіп қоныс тепті? Өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істедіңіз бе, әлде баспасөз саласында қызмет еттіңіз бе?
– Жоқ, біз көштің бел ортасы емес, ең алғашқы бастаушыларымыз. «Дүниежүзіне шашылған қазақтардың Қазақ елінде көшуі қажет» дейтін инсаторлық идеяны тұңғыш көтерген де моңғолиялық студент жастар болғанын дәлелдеп айтайын.
Совет Одағында «жариялылық, қайта құру» деген алапат қоғамдық өзгеріс басталған сексенінші жылдың соңында Уланбатыр қалсындағы қазақ студент жастары «Рух» атты шағын альманах шығарды. Онда, коммунистік темір-тәртіп заманында ешуақытта ауызға алу мүмкін емес, қазақтың рухани құндылықтары жайлы жазылған-ды. Міне, осы басылым қандайбір жолмен Еуропадағы «Азаттық» радиохабарына жеткен екен. Азаттықтың қазақ бөлімі осындағы мәтіндерді бірнеше апта бойы эфирде оқып таратқаны есімде. Сөйтіп, ондағы негізгі сөз түйіні Қазақтың тәуелсіз жеке ел болуына сайып жатты. Ал, оның ең негізгі тетігі шетелдегі қазақтардың тәуелсіз елге оралуы деген ұстаным айтылды.
Міне, осы көші-қон идеясының нақты іске асуына жоғарыда айтып кеткен «бұлғындықтар» тағы да көшбасшы болды. Моңғол мемлекеттік Статистика комитетінде лауазымды қызмет атқаратын Сағат Заханқызы «Еңбек шарты» бойынша моңғолиялық қазақтардың отбасымен Қазақстанға көшіп келуіне ең алғашқы ресми мүмкіндіктерді жасаған еді. Сағат апай бұл көшке алғашында өзінің жерлес бұлғындық ауылдардан малшылар мен құрлысшыларды қамтуды дұрыс деп тапты. Сөйтіп, осы көшке өзімізден шыққан дәргерлер мен мұғалім секілді зиялы қауым да ілесе барса деген ұсыныспен біз Баян-Өлгийден Уланбатыр, одан Иркутск, Новосибирск айналып пойызбен алғашқы жүздей отбасы Талдықорғанның Сархан ауданына мамыр айында келіп жеткен едік.
Ол кезде Совет Одағы әлі тарқамаған кез. Менің дәргерлік дипломымды Алматы шеше алмай Мәскеуге жолдады. Соның жауабын күтіп жүргенде тамыз айында Одақ тарап тынды. Сархан аудандық аурухананың сол кездегі Бас дәргері Роза Алиева мені Алматыға өзі ертіп келіп Республикалық Денсаулық сақтау Министрлігіне таныстырып дәргерлік қызмет атқаруға рұқсат алып берген-ді. Сөйтіп, келген жерімде төрт жылдай маман дәргер болдым.
Ал, журналист болуым да аяқастынан болған жоқ. Студент кезімнен жазушылықпен «ауыратынмын» әсіресе, сыншылықты қатты қызықтайтын едім. «Жұлдыз» жұрналының сын және библиография дейтін бөлімін құр жібермей сызып, шимайлап оқитын әдетім бар-ды. Бірде, Мединиститутта оқып жүрген кезімде ақын Қадыр ағама ұзақтау хат жазып жібердім. Көп уақыт өтпей Институттың жалпы поштасына менің атыма Алматыдан хат келіп түсті, қарасам Қадыр Мырзалиев ағамның жауап хаты екен! Қатты қуандым, ол кісі «маған сыншылар айтпаған сөзді дәргер-студенттің айтқанына таң-тамашамын» деп, мені соншама көтермелеп жіберіпті. Міне, бұл хатты менің «әдеби дипломым» десе де болады...
Сөйтіп, көшіп келген соң Талдықорғанда жүріп, «Қазақшаны қайдан үйрендіңіздер?» деп, сұраған адамдарға да тап болдық. Таңырқай тұрып «Өз тіліміз ғой» десек, «А, сіздерді моңғолдар деп еді ғой!» дейді, сұрақ қоюшы одан әрмен таң болып. Сөйтсек, бұл жақтың елі шетелде қазақтар тұратыны жайлы мүлде хабарсыз екендігіне көзім жетті.
Содан, облыстық «Жетісу» гәзетіне «Шетелдегі қазақтар деген кімдер?» деген танымдық мақала жазуыма тура келген еді. Әрине, ол мақаланың облыстағы жергілікті қандастарымызға кезінде әсері мол болды деп ойлаймын.
Сонымен, тағы бір жыл жылжып өтіп, тоқсан екінші жылдың алғашқы айында Жоғарғы Кеңесте «Мемлекеттік тіл» туралы әйгілі талас-тартыс болғанын көзқарақты қауым әлі ұмыта қоймаған болар деймін. «Қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік мәртебе алуға тиіс» деген үн өктем шығып тұрған күндері екі күн ұйқысыз отырып «Тілін қорғай алмаса тәуелсіздіктен не пайда!?» деген мақала жазып шықтым. Оны бас дәргергер Әбуғали Байтілеуовқа оқып бердім, ол жігіт «Әй, мынауың тіпті, күшті ғой!» деп орнынан тұрып кетті. Түскі шайдан кейін емханаға барғанымда төраға Бекен Қосаев шақырып жатыр деген соң барсам, «Абай, әлгі мақалаңды оқышы!» дейді, Әбуғали айтқан секілді. Ол кісі де қызуланып «Мақалаңды қайда бергелі отырсың?» – деді. «Аудандық гәзетке», – дегенімде, қолын бір сілтеді де өз хатшысын шақырып алып, «Мына мақаланы үш есе мәшинкеле!» – деді, «Кештен қалмай менің мәшинеммен Алматыға аттан «Егемен Қазақстанның дәл өзіне апарып бер!» – деген еді. Міне, қазақтың осындай намысты азаматтары менің респубикалық деңгейде журналист болып шығуыма септігі тиді деп, айтсам әділідік болар еді. Әрине, кезінде бұл мақала «Егемен Қазақстанға», ұлттық апталық «Ана тіліне» жарияланып, «Азаттық» радиосында оқылғаны менің алдағы журналистік қызметке кетуме бау ашқан болды, десем шындыққа саятын шығар...
Одан кейін, еларалық «Шалқар» гәзетінің Бас редакторы Уақап Қыдырқан ағамыздың ұсынысы бойынша моңғолиялық қазақтар туралы «Жүз жылдық көші-қон» атты тарихи-эссе жаздым. Сол кездері жаңа көшіп келген ел ары-бері тоқтамай жер ауыстырып жүрген алмағайып жағдайға арнап жазған «Жылқы мінез қазақтың жерсінбеген жері көп» дейтін мақалам ұлттық апталық «Ана тіліне» журналист болып қызметке келуіме себеп болды. Онда әйгілі публицистер Марат Қабанбай, Жарылқап Бейсенбай, Ертай Айғали ағаларымызбен және танымал қаламгерлер Байбота Қошымноғай, Сағатбек Медеубеков, Сәкен Сыбанбайлармен бірге болуым менің кәсіби журналист болып шығуыма жол салғаны анық.
Қазақ көшінің енді өріс ала бастаған шағында көші-қон департаментін жайбір бөлімге айналдырмақ болған құйтырқылыққа қарсы «Қазақ көшіне топырақ шашқан кімдер?» атты сын мақалам еларалық «Қазақ елі» (Бас редакторы Бақыт Сарабалаұлы) гәзетіне шығып, соның арты «Көші-қон заңының» оралман зиялылардың қатысуымен алғаш үкіметтік заңға балама ретінде қазақ тілінде жазылып іске асуына түрткі болған-ды.
Кейін, осы мәселе бойынша өзіміз «Көш» атты тәуелсіз гәзет шығардық. Соңында халықаралық «Қазақстан-Заман» гәзетіне жауапты хатшы болып келдім, онда жарты ғасыр өмірін журналист болып өткізіп келе жатқан Бас редактор Марат Тоқашбаев ағамызбен, осы сұхбатты жүргізуші Әлімжан Әшімұлы, белгілі журналистер Жұмабек Жәнділдин, Серік Жұмабек, Төреғали Тәшеновпен бірге қызмет атқарғаным, енді дәргерлік мамандық жайына қалып, «журналистік дирменге» мүлде түскен кездерім еді.
«Осы үлкен тәпсірдің бір томын туып-өсіп, ер жеткен бұрынғы елім моңғолдарға жасаған бір жақсылығым болсын деп, Уланбатыр қаласына барып үш жыл уақытымды жұмсап жеті жүз беттік «Гүн утгатай үгс» (Тылсым мағыналы сөздер) деген атпен моңғолшаға аударып қайтқан едім»
– Хирургтің қолындағы пышағын қаламға айырбастап журланлист майданына аттануы маған Қытайдың классик жазушысы Лу Шүнді есіме салды. Бай шаруаның баласы Лу Шүн дәрігерлік оқуын оқу үшін Жапонияға барады. Ол кезде Жапонияның кантон армиясы Қытайдың Шығыс солтүстігін басып алған кез еді. Жапон армиясының ерлігі мен жеңісін бейнелеген құжатты фильмді Лу Шүн оқып жатқан институттың студентеріне көрсетеді. Сонда жапондықтармен бірге қуанып, бірге қол шапалақтаған отандастарын көрген ол қатты құсаланады. Менің дәрігер болып адамның жанын, тәнін емдеймін деп жүргенім бос әңгіме екен, қайта қолыма қалам алып отандастарымның уланған руханиятын емдеп, санасын оятуым керек екен деп дәрігерлік мамандықты орта жолда тастап, жазушылықпен айналысып кетеді. Мұны неге айтып отырмын, себебі саналы адамды кейде осындай ұлттық мәселе мәжбүрлейді екен. Оған бармасыңа шарасызсың, ұлттық намыс өртеп барады... Сізде де осындай жағдайлар болған-ау, сірә?! Мен сізбен таныспай тұрып «О қазақ пен бұл қазақ» деген мақалалар жинағыңызды оқыған едім, қаламыңыздың қарымын сол кезде байқағам. Кейін халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінде әріптес болып бірге жұмыс жасадық. Мен 2004 жылы еларалық «Қазақ елі» гәзетіне ауысып кеткенімде, сіз сол орында қалып қойғансыз. Кейін сіз де басқа жұмысқа ауысып кетіпсіз, қайда бардыңыз?
– Әңгіме барысынан байқағаныңдай әрбір мақаламның қажеттіліктен жазылғанына көз жеткізуге болады. Дәл солай журналисттік қызметтен кейін саналы түрде дінге бет бұрғам-ды. Атеистік қоғамда тәрбиеленгендіктен діннен мүлде сауатсыз екенімді байқадым. Осы туралы биылғы жылы «Дарынды дінтанушы» дейтін юморлы эссе жазып, ол әлденеше порталдарда жарияланып оқырман қауым жабырлай оқығаны біздің дін жолында жүріп өткен күлкілі де күдір жолымызды суреттейді.
Гәзеттегі қызметтен кеткен соң белгілі дінтанушы ғалымдар Мұхиддин Исаұлы, Қайрат Жолдыбай, Ғалымбек Тобашев, Құдайберді Бағашарлар ұйымдастырған «Аңсар» атты ғылым-танымдық жұрналға жауапты редактор болып бардым. Қазақстанның алғашқы кәсіби дінтанушылары маған діни жағынан ұстаз болса, мен оларға журналистік жағынан өзімше ұстаз болдым. Сөйтіп, діни сауатым ашылды.
Кейін, түркиялық ғұлама Саид Нұрсидің «Рисале Нұр» атты көп томдық Құранның ғылыми тәпсірлерін түрікшеден қазақшаға тәржімелейтін аудармашы жігіттердің қолжазбаларын редакциялап жүріп, соның себебімен Түркияға барып бір жылдай уақыт түрікше үйреніп қайтудың сәтті түскен еді.
Әсіресе, Құранның терең мағынасын түпнұсқадан оқуым Хақ дінді дұрыс түсінуіме жол ашты. Осы тәпсірлердің алты томын аударуға қатыстым, он жыл уақытым соған жұмсалды. (Сөздер, Лемалар, Асайы-Мұса, Мектубат, Шұғалар, Тарихи өмірбаян) Соның «Сөздер» деген томын атақты математик ғалым Асқар Жұмаділаевқа беріп тұрып «Бұл Құранның ғылыми түсініктемесі, оқысаңыз көп нәрсеге көзіңіз жетеді» деп едім, «Қандай ғылыми түсініктеме?» деген сұрағына: «Мәселен, көз дәргері сіздің көзіңіз әлсіреген кезде А деген витаминге рецепт жазып береді де күніне үш тамшы ішсеңіз жетеді, дейді. Әлгі үш тамшы сіздің башпайыңызға кетіп қалмай, қалайша дәл көзіңізге барады. Өйткені, көзге көрінбейтін атомнан бастап шексіз әлемдегі бүкіл ғаламшарлар жаратушы құдіретті Құдайдың бұйрығын бұлжытпай орнындайды. Міне, Құранда осындай аят бар» дегенімде, ол кісі үнсіз бас изеген-ді.
Осы үлкен тәпсірдің бір томын туып-өсіп, ер жеткен бұрынғы елім моңғолдарға жасаған бір жақсылығым болсын деп, Уланбатыр қаласына барып үш жыл уақытымды жұмсап жеті жүз беттік «Гүн утгатай үгс» (Тылсым мағыналы сөздер) деген атпен моңғолшаға аударып қайтқан едім.
Бұл кездері сөз өнері дертпен тең дегендей, қаламгерлікті де тастап кете алмай, адамзат қоғамындағы өнер, ғылым саласындағы шетін көріністерді ой елегінен өткізіп белгілі тұлғалар мен әйгілі оқиғалар жайлы эсселер жазумен айналысудамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz