Түркия мен Қазақстан: Білім саласындағы жаңа көкжиек

2025 жылғы 29 шілдеде Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізгені белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы отырыстан кейінгі баспасөз мәлімдемесінде мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі, соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше екенін атап көрсетіп:
«Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз», - деген болатын.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түркия Республикасының Үкіметі арасында Ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттамаға қол қою жоспарланып отыр.
Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы күтілетін нәтижелер:
- бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеу;
- академиялық зерттеулер жүргізу мақсатында жеке ғалымдармен алмасу;
- бірлескен академиялық ғылыми және технологиялық іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу;
- технопарктерді басқару туралы ақпарат алмасу, бірлескен озық тәжірибе орталықтары мен бірлескен зертханалар құру жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
- зерттеулер, әзірлемелер және инновациялар бойынша Еуропалық Одақтың (EU FPs) негіздемелік бағдарламаларына қатысу.
Біздің «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында өтіп жатқан ғылыми тағылымдамамыздың жоспар-кестесінде мынадай жұмыстар жүргізу көзделген:
- Түркия Республикасының QS World University Ranking: Top Global Universities-ке кіретін үздік университеттерінің ғылыми-білім беру саласындағы қызметтерін зерттеу;
- Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әдіс-тәсілдерін зерттеу.
2025 жылғы 5 тамыз күні «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша ғылыми тағылымдама аясында Анкара университетінің ректоры, профессор доктор Неждет Үнүвар (Prof. Dr. Necdet UNUVAR) мырзаның арнайы қабылдауында болдым.
Анкара университетінің ректорына еліміздің қиыр солтүстігіндегі Петропавл қаласы, сондай-ақ өзім қызмет істейтін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің халықаралық деңгейдегі жетістіктері, Қозыбаев университеті биыл алғаш рет QS World University Ranking рейтингінен орын алғаны туралы айтып бердім.
Анкара университетінің ректоры, профессор доктор Неждет Үнүвар (Prof. Dr. Necdet UNUVAR) мырзаға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басқарма төрағасы – ректоры Ербол Маратұлы Исақаевтың сәлемін және Анкара университеті мен Қозыбаев университеті арасында ғылым және жоғары білім саласында халықаралық ынтымақтастық орнату жөніндегі ұсыныстарымызды жеткіздім.
Атап айтқанда:
- Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан Анкара университетінің TOMER түрік және шетел тілдерін қолдану және зерттеу орталығы филиалын (байланыс кеңсесін) ашу;
- журналистика және ақпарат, қоғаммен байланыс, көші-қон саласындағы зерттеулер және басқа да әлеуметтік-гуманитарлық салада бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру;
- халықаралық беделді журналдарға бірлескен ғылыми еңбектер жариялау;
- бірлескен халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу;
- қос дипломды/бірлескен бакалавриат, магистратура және докторантура білім бағдарламаларын ашу;
- Қазақстанның солтүстік өңіріндегі Петропавл қаласында Түркиядағы Анкара университетінің ғылыми және жоғары білім беру орталығын ашу;
- келешекте Қозыбаев университетінің жанынан Анкара университетінің филиалын ашу үшін дайындық жұмыстарын бірлесе жүргізу жөнінде ұсыныс жасадым.
Жоғарыда аталған мәселелерді талқылау үшін Анкара университетінің ректоры, профессор доктор Неждет Үнүвар (Prof. Dr. Necdet UNUVAR) мырза Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басқарма төрағасы – ректоры Ербол Маратұлы Исақаевпен алдын-ала келісе отырып, қашықтықтан онлайн-жүздесу өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
QS World University Rankings рейтингінің көрсеткіштері жарияланатын https://www.topuniversities.com/ сайтының мәліметтері бойынша 1946 жылы Түркия астанасы Анкара қаласында негізі қаланған Анкара университеті – Түркия Республикасында құрылған алғашқы жоғары білім беру мекемесі.
Қоғамдық мәртебеге ие бұл университет қазіргі таңда 17 факультетінде шамамен 70 000 студентті қамтитын ірі жоғары оқу орнына айналған.
Анкара университеті медицина саласы бойынша әлемдегі үздік 450 университеттің қатарына кірсе, QS World University Rankings рейтингінде 701-орыннан жоғары деңгейде орналасқан.
Анкара университеті түрік және шетелдік студенттерге арналған қолжетімді жатақханалармен қамтамасыз етіп қана қоймай, 180-нен астам студенттік клубтар мен әртүрлі спорттық нысандарды да ұсынады.
Сонымен қатар, бұл жоғары оқу орны 16 бакалавриат және 18 магистратура бағдарламасын ағылшын тілінде оқыту мүмкіндігін береді.
Анкара университеті QS World University Rankings бойынша 697, QS WUR Ranking By Subject бойынша 51-120, QS Sustainability Ranking бойынша 486, Europe University Rankings – Western Asia бойынша 10 орында келеді.
Мырзантай Қожабайұлы Жақып,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры.
Анкара, Түркия.
Abai.kz