Бұрын сотталған Құлекеев жаңа қызметке тағайындалды
Бұрын сыбайлас жемқорлық бойынша сотталған Жақсыбек Құлекеев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы chinovnik_kz телеграм каналы мәлімдеді.
2008 жылы Жақсыбек Құлекеев сыбайлас жемқорлық айыбымен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Оған - 100 000 доллар көлемінде пара алды деген айып тағылған. Бірақ, ол аталған бап бойынша ақталып шықты. Дегенмен, Құлекеев тағы үш эпизод бойынша кінәлі деп танылды: жеке автокөлігін өз компаниясына қымбаттатылған бағамен сату, күзет қызметін жеке мақсатта пайдалану және мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысын теріс пайдалану.
Қаржы полициясы қызметкерлері 2008 жылдың 1 сәуірінде Жақсыбек Құлекеевті үйінің қасында қызметтік көліктен түсіп келе жатқанда ұстады. Көлікте ақшасы бар басқа біреудің портфелі болды, портфельге микрофон орнатылған. Ал, оның жүргізушісі Есенғали Оспанов пара берудегі делдалдық бабы бойынша айыпталған. Кейіннен ол да ақталып шықты.
2009 жылы 20 қазанда Жақсыбек Құлекеев шартты түрде босатылды.
Abai.kz