Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Ауыс-түйіс 249 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 15:37

Жаңа министр кім және оған қандай міндет жүктелді?

Сурет: marieclaire.kz сайтынан алынды.

Ақорданың қатаң серпіні

Қазақстанның көлік-логистика саласында ірі кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі лауазымынан босатылды. Ал бұл жауапты қызметке Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Әсел Жанасова Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды.

Бұл шұғыл кадрлық шешім Елбасының 28 қазандағы Жолдауында көлік саласын жерден алып, жерген салған қатаң сынға алғанынан кейін тура алты күн өткенде жүзеге асырылды.

Отставкаға түрткі болған Жолдаудағы қатаң сын! 

Жолдардағы «футбол» мен жауапкершіліктен қашу: Жолдауда Мемлекет басшысы автокөлік жолдарының мүшкіл күйін және орталық министрлік пен жергілікті әкімдіктердің жауапкершілікті бір-біріне ысыра салуын қатты айыптады. Тоқаев шенеуніктердің «футболына» тоқтау қойып, Көлік министрлігіне жергілікті жолдарды қоса алғанда, елдегі барлық автожолдардың жауапкершілігін өз мойнына алуды тапсырды.

«Битум мен қиыршық тас сапасына сылтау айту қабылданбайды», — деп кесіп айтқан болатын Президент.

Шекарадағы кептелістер мен тұралай тоқтаған транзит: Шекаралық өткізу пункттерін жаңғыртудың созылып кетуі де Президенттің наразылығын тудырды. Жүк көліктерінің шақырымға созылған кезегі еліміздің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіріп отырғанын айтып, барлық пункттерді 2027 жылға дейін аяқтауды талап етті.

Жүк авиациясындағы құлдырау: Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы әуе дәліздері мүмкіндіктерін пайдаланбай, мол кірістен айырылып жатқаны да ашық айтылды. Үлкен үміт артқан «Air Cargo» жеке компаниясынан да ешқандай нақты нәтиже болмағаны сыналды.

Жаңа министр кім және оған қандай міндет жүктелді?

39 жастағы Әсел Жанасова — «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетін («Компьютерлік ғылымдар» мамандығы) аяқтаған жоғары білікті басшы.

  • 2020–2022 жылдары Сауда және интеграция вице-министрі болып жұмыс істеді.
  • 2022–2025 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарды.
  • Бұған дейін Ұлттық банкте, «Зерде» холдингінде, АХҚО-да басшылық қызметтер атқарған және Президент кеңесшісі әрі ПӘ Басшысының орынбасары болды.

Қос өкілеттік және жүйелі реформа талабы

Нұрлан Сауранбаев Көлік министрлігін 2025 жылдың маусымынан бері басқарып келген еді (бұған дейін «ҚТЖ» АҚ-ын басқарған). 2026 жылдың қыркүйегінде Үкіметтің жаңа құрамында қайта тағайындалған ол арада тура екі ай өткенде қызметінен кетті.

Бұл жолғы тағайындаудың ең басты ерекшелігі — Көлік министріне вице-премьер (Премьер-министрдің орынбасары) мәртебесінің берілуі. Бұл — Ақорданың Көлік министрлігіне тек салалық ведомство ретінде емес, өзге де министрліктер мен әкімдіктерді үйлестіре алатын жоғары өкілеттілік бергенін білдіреді.

Технократ және цифрландыру саласының маманы Әсел Жанасованың тағайындалуы — жол құрылысындағы ашықтықты қамтамасыз ету, шекаралық бекеттерді цифрландыру және транзиттік хабтарды реформалау бойынша Ақорданың түбегейлі бетбұрыс жасауға бел байлағанын айғақтайды.

Abai.kz

0 пікір