Қажет болса, қатаң шаралар керек
Өткенде вирус пен пневмониядан 97 кісі көз жұмған еді. Бүгін 158 адам қайтыс болыпты. 1 тәулікте 7899 адам вирус жұқтырған. Аз уақытта жағдай қаншалық ушыққанын түсіне беріңіз.
Үкімет жағдайды шешу үшін науқастарды емдеп, вакцина егуді жүргізіп жатыр. Себебі адамдарды аман алып қалу керек. Ол үшін бюджеттен, яғни бәріміздің ортақ салығымыздан қаншама миллиард ақша бөлініп жатыр. Бұл - мемл. саясат.
Енді осындай қиын жағдайда вирус жоқ, вакцина - ол чиптеу, ол улап өлтіру деген сияқты жалған ақпарат тарататындарды 274 баппен (Көрінеу жалған ақпарат тарату) жазалау керек деп ойлаймын. Жаза 20 АЕК айыппұлдан 7 жылға дейін соттау.
Бұл цензура, сөз, ой бостандығын таптау дерсіз. Цензураға қатты қарсы адамның бірі менмін. Бірақ қазір лайк жинау үшін жалған ақпаратқа толы пост жазу, видео түсіру қоғам мен әр адам қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Сондай айтыскер, блогер, актерлардың сөзіне иланып, ауруға сенбейтіндер, вакцинадан басын алып қашқандар ертең вирус жұқтырып, реанимацияда қырылдап жатса, әлгі пост жазғандар оған пысқырып та қарамайтыны анық. Мен өлтіріппін ба деп шетте тұра береді. Иә, кейде адамның түбіне жалған ақпарат жетеді.
Өтірік жазғандарды неге жазалау керек дерсіз? Өйткені олардың әрекеті азаматтарды жаңылыстырады, пандемиядағы мемл.саясаттың тиімді жүзеге асуын тежейді. Мұның салдарынан тағы талай кісі көз жұмуы мүмкін. Эпидемияны ұзарта береді. Бұл азаматтарға да, ел экономикасына да үлкен шығын.
Сондықтан күніне 158 адам өліп жатса, "өзгенің де пікірін сыйлаймыз", "вакцинаны насихаттаумен шектелеміз" деп сызылатын уақыт емес. Тиімді, нақты, қажет болса, қатаң шаралар керек.
Нұрмұхаммед Байғараев
Abai.kz