Сенбі, 23 Қараша 2024
21781 53 пікір 20 Тамыз, 2021 сағат 14:44

Ауған қазақтарының ащы шындығы

- Алдымен өзіңізді толық таныстырып өтсеңіз.

- Менің атым Қажытемірқұл. Әкемнің аты Тәліп, Тәліптің әкесі Молдаштай, Молдаштайдың әкесі Беркін.

- Жалпы өздеріңіз Түркістанда тұрасыздар ғой?

- Түркістанның Отызжылдық деген ауылынанбыз. 93-тің аяғы – 94-тің басында келдік.

- Әулетіңіз Ауғанға қандай тарихи оқиға кезінде барып еді?

- Молдаштайдың әкесі Беркін Сырым батырдың Николайға қарсы көтерілісінде кеткен. Шалдардың айтуы бойынша батыстағы қазақтың қиындыққа кездескен уақыттарында Беркін бабамыз 500 отбасының көшбасшысы болып Тәжікстанға табан тіреп, сонда қайтыс болады. Содан Молдаштай Ауғанстанға өтеді. Одан кейінгі үш ұрпақ осы жерде. Мен өзім Ауғанстанның Бағлан қаласының Ақбол ауылында дүниеге келгенмін.

- Ол жақта қанша уақыт тұрдыңыздар?

- Айтқанымдай ол жаққа әкемнің әкесі барған. Ол кісінің қай жылы барғанын білмеймін. Өзім 36-шы жылғымын.

- Ауғанстандағы жағдайды айтқанда көбіне «ол жақтағы қазақтар тілінен айырылған, өзбектеніп кеткен» деген секілді әңгімелер айтылады. Оның себебі неде? Біз, қазақтар жүз сұраймыз, ру сұраймыз. Ол біздің қазаққа тән ұлттық код қой. Осы бір рулық дәстүр ол жақта қаншалықты сақталған?

- Оның себебін айтайын. Біз Қатаған өңіріне орналасқан қазақпыз. Ондағы қазақтар бірінші 1880 жылдардың шамасында Ауғанстанға табан тіреген. Олар өздері мешіт салып, бір ауыл болып, өздерінің ішінен ақсақалы шығып, үкіметпен байланысып, басқа елге араласпай ауыл болып отырған. Қатаған өңіріндегі қазақтар тілін жоғалтқан жоқ. Бір отбасының әкесі өліп кетіп өзбектің я тәжіктің ішінде қалып кетпесе, ешкім қазақ тілін ұмытпаған. Бірақ мына Мазари-Шариф, Ирактарға орналасқан қазақтар ауыл болмай, әр жерде бір үй болып күн көріп, әсіресе, мына Ирактың қазағы тілін жоғалтып алған. Менің түсінігім бойынша Қатаған өңірінде шамалы үй қалды, Құндызда 1-2, Имантаевта 1 үй бар. Сосын әйелімнің немере туысқаны Фабрика деген жерде қалған. Сосын бірлі-жарым әкесі өліп, шешесі қалып өзбек болып, тәжік болып кеткендер бар. Орыстақ деген жақта тәжіктің ішінде руы – Адайдың Есенбегі, Жолдас деген жігіт бар еді. Соның балалары қалып тәжік болып кеткен. Оның інісі Қият деген жігіт бар еді, ол да Есенбек, өзбекке үйленген еді. Ол да өліп, балалары өзбектің ішінде қалып кеткен. Одан басқа кім болса сол қазақ болғысы келеді ғой. Қазақ болғысы келіп жүргендер көп. Ал Ирак, Мазар жақта қанша қалғанын білмеймін енді.

- Шамамен 200-дей қазақ деген рас болып тұр ғой?

- 200 үй емес, 200 қазақ болуы мүмкін.

- Тәліп елді алды ғой. Соған қатысты тәліптердің ел басқаруына сіздердің көзқарастарыңыз қандай?

- Біз оны өз көзімізбен көрген жоқпыз, араласқан жоқпыз. Естуіміз бойынша дұрыс емес деп ойлаймын. Билікте отырса қандай билік жүргізетінін өздері біледі, Алла біледі. Тәліп деген сөздің мағынасы «молда» деген, «оқып жүрген оқушы» дегенді білдіреді. Тәліптер келмес бұрын 80-81-ші жылдары біз Иранға өтіп кеткенбіз. 93-те Президенттің жарлығы арқылы елге келдік.

- СІМ ол жақта қазақ болып жазылып алушылардың көптігін айтып жатыр. Құжат мәселесі де жолға қойылмаған сияқты. Көп қазақтың құжаты да жоқ сияқты.

- Біздер бар заманда паспортымызға «қауымы – қазақ» деп жазылатын еді. Қауым – ұлты деген сөз. Одан кейін не болып жазылып жүргенін білмеймін. Бірақ ұлт жазылмайды дейді. Сондықтан қалай болғанын білмеймін.

- Ауғандар да біз сияқты сүнниттік бағыттағы ел ғой. Тәлптердің билігі Мақтааралдан есептегенде 500 шақырымдай жерге келді. Бірақ елдің ішінде «тәліптер қыздарды оқытпайды екен, мектеп болмайды екен, ниқаб кигізеді екен, қырып-жояды, шариғат заңын орнатады екен» деген үрей бар. Ар жақтағы аз қазақтың да, бергі жақтағы қазақтың да үрейі бір. Осы туралы айтыңызшы.

- Естуіміз бойынша баяғы бір жылдары тәліптер билікке отырып, қайта кеткен жылдары шаруалары дұрыс болмаған. Қазір интернеттен басшыларының айтқанын естіп жатырмыз. «Енді ондай болмаймыз, бұрынғы үкіметте отырған адамдар келсін, қалай жүргізуді білмей жатырмыз» дейді. Бірақ болмайтын келеңсіз жұмыстарды істеп жатқандары да осы күнде бар дейді. Келешегінде қандай үкімет құратынын Алла біледі, өздері біледі.

- Бізге Ауғанстаннан өзге мемлекетке барып, одан бері қарай ауып келген, жалпы түбі Ауғанстаннан көшіп келген қазақтардың дені оңтүстік аймақта, содан кейін батыс жақта Маңғыстау өңірінде аздаған ел бар дейді.  Жалпы қанша қазақ?

- Бізде сауат болмаған соң көп нәрсені ұмытып қаламыз. Осы Түркістанның өзінде мың үй шамалы бар. Шымкентте, Алматыда, Жетісайда бар сосын. Мен Түркістанның өзін айтып отырмын.

- Сіздер Ауғанстанда тұрғанда ол жақтағы балалардың мектепке баруы, оқуы қалай еді?

- Мен жаңа 1936 жылғымын дедім ғой. Мен мектепті көрген жоқпын. Мектеп қалалы жерде болмаса біздің отырған жерімізде, ауылда шамалы болатын еді. Мектепті қалаға жақын тұратын адамдардың балалары оқыған шығар. Біздер өскен соң балаларымыздың заманында мектепте оқыған балалар болды. Осы жаққа келген қазақтардың ішінде білімді, оқымысты жігіттер бар. Мына Имантаев деген ауылда Мамыржәлі деген жігіт бар. Әлі келген жоқ, үй-жайы сонда. Ол жігіт те білімді, балалары да оқыған. Бірақ Қатаған өңіріндегі қазақтардың мектепте оқығаны аз болды. Мектеп кейіннен салынды.

- Қазір біз ғана емес, бүкіл әлем Ауғанстандағы жағдай не болар екен деп алаңдап отыр. Біздің үкімет те әлі қазір ауған билігіне келген топты мойындайтынын я мойындамайтынын айтқан жоқ. Бірақ бүгін шыққан ақпарат бойынша сол жақтағы екі жүздей жанның көшемін дегендерін көшіреміз деп отыр. Біз де сол бұрын көшіп келгендердің сол жақта туыс-таныстары бар деп, азаматтармен сұхбат құрып, ол жақтағы жағдайды, көшіп келгеннен кейінгі жағдайды білейік деп іздеу салғанбыз. Содан кейін сізге шығып отырмыз. Ол жақтағы қазақтардың келе алмауының бір себебі тұрмыс жағдайы емес пе?

- Тұрмысын қия алмай жүргендер де бар. Жағдайы болмай, көшуге шамасы келмей жүргендер де бар. Мен жоғарыда айтқан кісілер тұрмыс жағдай болмай жүргендер.

- Шамсиддин, қазір біздің ғана емес бүкіл әлемнің назары ауып отырған – Ауғанстандағы жағдай. Билік ауысты, тәліптердің қолына өтті, президент елден кетті, Ахмад Масуд қайта көтеріліске шығып жатыр, әңгіме көп. Бірақ бізді алаңдататын екі мәселе. Екіншісі Ауғанстандағы жағдай біздің елімізге қалай әсер етеді? Ал біріншісі Ауғанстандағы қазақтардың мәселесі. Билік «Ауғанстанда 15 қазақ отбасы бар, екі жүздей ғана адам» деп айтып жатыр. Алайда «ол жақта түгел бір ауыл қазақ ауылы немесе 45-50 мыңдай адам бар» деген әртүрлі ақпарат та айтылып жатыр. Сіздердің ол жақта туыстарыңыз бар ма, білетін таныстарыңыз, достарыңыз бар ма?

- Меніңше, Ауғанстанда тыныштық болмайды. Өйткені Ахмад Шах Масудтың баласы шығады. Ол жақта қарапайым адамдар да қолына автомат алып соғысып жүре береді. Талибандар билікке келгенмен оларды қолдамайтындар бар. Белгілі өңірлерінде талибанға қарсы топтар шығып күнделікті атыс-шабыс тоқтамайтын сияқты. Қателеспесем, ол жақта қазақ көп қалмады. Өте аз. Екі жүзден көп болуы мүмкін, бірақ 15-20 мыңдай адам жоқ. Өзімнің таныс достарым жоқ, ол жақтағы қазақтар жайлы әкелеріміз біледі.

- «Ол жақтағы қазақтардың тілі өзбектеніп кеткен, қазақ тілін ұмытқан» деген сияқты әңгімелер айтылып жатыр...

- Кезінде қазақтар барғанда ауыл-ауыл болып тұрған. Ақмешіт, Бағлан деген жерлер бар. Осыдан 150 жылдай бұрын ата-бабамыз ауып барып, бір ауылға орналасып, мешіт, медресе салып тұрған. Бертін келе Қазақстанға бармақ басты, көз қыстымен өздерін қазақ деп жаздырып келіп жатқандар бар. Өйткені Қазақстанда мүмкіндіктер көп, тірлік бар дегендей. Солар қазақпыз деп келген соң, «қазақтар осындай болып кетіпті» деуі мүмкін. Былайша бір ауылда бір қазақ қалғандар да кездеседі. Олардың тілі шынымен де өзгеріп кеткен. Көпшілік бірге қоныстанбаған жерде қазақтардің тілі өзгеріп кеткен. Жаңа елшіліктен келген ақпаратта «тегін, руын, тайпасын айтсын» депті. Сол өте дұрыс болды деп санаймын.

- Ол жақта өзбектер мен тәжіктер көп. Құдандалы болады, алыс-беріс болады, ассимиляцияға түседі. Қазір Қазақстанға Ауғанстаннан көшіп келген қазақтардың саны қанша шамамен? Олар көбінесе Қазақстанның қай жерлеріне орналасқан?

- Біз өзіміз 93 жылдары Ираннан көшіп келгенбіз. Түркістан облысындағы Қаратауға келдік. Алғашқы көш 93-ші жылдары басталды. Біз ешқандай квота емес, әкеміздің үйін сатып, өз күшімізбен көшіп келдік. Қазақстан Тәуелсіздік алды дегеннен кейін келдік. Одан кейінгі көш 98 жылдары болды. Содан бері қарай 2003-ке дейін созылды. Сосын тоқтап қалды. Ауған, Ираннан келген қазақтардың көбі қазақи деп оңтүстік өңірге қоныстанды. Біразы Маңғыстау облысында тұрады. Ол жақтан келген қазақтардың 90 пайызы кіші жүздер.

- Ауғанстаннан келген қазақтардың дені сауатсыз екен дейді...

- Жалпы Ауғанстанның өзі сауатсыз ғой. Қазақстандағы сияқты міндетті орта білім деген жоқ. Ауғанстанда мешіттен, медресседен сауат алады. Құран сауаттарын біледі. Біздің әке-шешеміздің өзі солай. Арабша әріптерді таниды, былай сауатқа жоқ.

- Билік ауысты. Оның Қазақстанға қандай қаупі болуы мүмкін?

- Мен Қазақстанға аса қауіп жоқ деп ойлаймын. Бәрі Ауғанстаннан босып жатыр ғой. Тек қазіргі уақытта ғана абай болу керек сияқты. Өйткені Қазақстан Орта Азиядағы дамыған елдердің бірі ғой. Босып жатқандар ақшасы барлар. Ақшасы жоқтар сонда өмір сүріп үйреніп қалған. Қазақстан адамдарды шекарадан өткізгенде қатты абайлау керек. Діни экстремизмге келсек, Ауғанстанда ваххабизм сияқты белгілі бір идеологиялар жоқ. Ондайдың бәрі батыстан немесе Пәкістаннан келеді. Ауғанстан өздері сүнниттік ел. Радикалды болса өз ішінде қырқысып жатыр. Сыртқа олардың еш әсері жоқ.

- СІМ «Президент тапсырма бергеннен кейін ғана ол жақтағы қазақтарды көшіруіміз мүмкін» дегенді айтты. Бірақ нақты көшіреміз деген жоқ. Әлеуметтік желілерде «Ауғандағы қазақтар әлі күнге дейін ол жақта не істеп жүр?» дегенді жазып жатыр. Осы туралы айтыңызшы.

- Ауғанстанда қазақтар қалды. Ең бірінші мәселе – қаржы мәселесі. Сосын сауатсыздық. Елшілікке келу үшін де қаржы керек, одан кейін белгілі бір құжаттарды жинайды, оған сауат керек. Мысалы, 2000 жылдары ол жақтағы қазақтарды өз еліміздегі жағдайы бар, сауатты кісілер барып болысып, құжаттарын жасатып, үйін-жерін сатысып көшіріп әкелді. Ал ендігі ол жақта қалғандардың жағдайы жоқ, күндерін көріп жүргендер. Ол жақта қалуының бірінші себебі әлеуметтік жағдай ғой. Ақпарат жоқ, барса да сандалвп қалады. Оған ары-бері жүретін қаржысы жоқ. Ашығын айту керек, дұрыс бағдарлама жоқ бағыт беретін. Ауғанстан ғана емес, Түркиядағы, Ирандағы қазақтар болсын, белгілі бір дұрыс бағдарлама жасалатын болса қазақтардың барлығы келер еді. Тек күнкөрістің қамын ғана ойлап қалып жатыр. «Ол жаққа барған соң қалай болар екен, нанымыздан айырылып қалмаймыз ба, ағайын-туысқа масыл болып қалмаймыз ба» деген қорқынышпен олар келе алмай отыр. Біздің Түркияда тұратын туыстарымыз бар. Олар белгілі кәсіппен айналысып отыр. Қазақстанға келгісі келеді. Бірақ тағы да сол, «келген соң бизнесіміз жүрмей қала ма, бала-шағамыз не болады» деп уайымдайды. Мен білетін қазақтар елге, ағайынның ішіне келуге әуес. Дұрыс бағдарлама болса бәрі келетін еді.

- Сіздер оңтүстікте тұрасыздар. Онда дені сол Ауғанстаннан келген қазақтар қоныстанған Ынтымақ Чапай деген аймақтар бар. Қателеспесем, Достық деген ауылда түгел Ауғаннан келген қазақтар тұрады. Олар қазір немен айналысады?

- Достық ауылында тұрып жатқандар 93 жылы келген. Біразы Жамбыл облысына түскен. Олар да бері қарай бір жерге – Ынтымақ ауылына жиналды. Сосын Достық бір ауыл болып тұрмыз. Ал 2000 жылдары келгендер Кентауда тұрып жатыр. Негізгі кәсіптері біз келгенде тері алғанбыз, темір, алюминий алып кәсіп қылғанбыз. Аяқ киім тігу, сауда-саттық сияқты жеке кәсіппен айналысамыз. Әрқайсы өз дөңгелегін өздері дөңгелетіп жатыр. Енді-енді жастар оқып, университет бітіріп маман атанып жатыр.

Abai.kz

 

53 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420