Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 10403 20 пікір 23 Тамыз, 2021 сағат 14:38

Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?

Ағартушы Ыбырай Алтынсаринның ғұмырнамасы мен шығармашылығына қатысты танымдар әлі күнге дейін шегенделіп, терең ашылған жоқ. Тіпті, қайраткер ұстаздың бейнесі түскен құнды жәдігер болып табылатын екі атақты фотосуреттің де қыр-сыры бүгінгі күнге дейін толық ашылмай келді. Біздер сол жәдігерді тек жай сурет емес, қақпағын ашсаң, «сөйлеп бір беретін сыр сандық» ретінде қарастырып, оны Abai.kz порталында жарияланған «Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры» (Мархаббаат: https://www.abai.kz/post/136597) және «Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?» (Мархаббат: https://abai.kz/post/137404) деп аталатын мақалаларымызда таным талқысына тартып, зерде зейініне салдық.

Тақырыбы сауалдық мазмұнмен айшықталған соңғы мақалада біздер Ы.Алтынсаринның Қостанай іргесіндегі қыстауының қай жерде орналасқанын ағартушының үйінде сан мәрте болған Ғ.Балғымбаев, Ф.Соколовтар қалдырған тарихи естеліктер, белгілі алтынсаринтанушы ғалым Б.Сүлейменов орнықтырған таным  арқылы болжамдап белгілеген едік. Ендігі кезекте ағартушының қай жерде жерленгенін анықтауға ұмтылып, мақаламыздың атауын тағы да сауалдық сөйлеммен көмкеріп отырмыз.

Сауал-сұрақ қай кезде туындайды? Ол адам баласының көкірегінде, әдетте, бір нәрсені түсінбегенде, не болмаса оның ақиқатына күмән тудырған жағдайда сауал қоя бастайды. Сондай сауалды біз ағартушының жерленген жеріне қатысты қойып отырмыз. Мақсатымыз – Ы.Алтынсаринның шын мәнінде қайда жерленгенін толық анықтауға үлес қосу, дау қуу емес, өткен дәуірдің шындығын ашу.

Алтынсарин тұрған үйі туралы жазылған жариялымда біздер ол кісінің қыстауы «қазіргі Мичурин ауылдық мекенінің маңында болды, сол себепті қыстау қасындағы Тобылдың жағасындағы көл «Инспектор көлі»» атаныпты-мыс» деген танымның Алтынсарин заманында жазылған, оны көзімен көрген кісілердің тарихи жазбаларындағы деректерге сай келмейтінін нақты дәлелдермен көрсеткен болатынбыз.

Кеңестік заманнан бастап қалың бұқараның танымына орнығып қалған сол бір ақпаратты қорғап, уәж келтіретін кісілер болса деп біраз уақыт тосып, артын күткен жайымыз де болған. Бірақ ондай уәжді мақаланың шылауына жазылатын жазбалардан да, әлдебір қандай баспасөзден де, жекеге шыққан хабарлардан да көре алмадық. Бүгінгі таңда аталмыш мақаламызды 6500-ден астам оқырман оқып шығыпты: ризашылықпен қоштау белгілерінен басқа кері байланыс түрін байқамадық. Демек, онда көтерілген дерек, ұсынылған таным жұрт көңілінен шығып отыр деп сануға болады.

Алдыңғы мақаламызбен танысқан кісі (осы жазылып отырған жолдарды жақсы түсіну үшін сол мақаламен міндетті түрде танысқан абзал) мына біз ұсынып отырған сауалды қоятынына ешбір күмән жоқ. Себебі сонау кеңестік дәуірден қалыптасып келген таным шылауына Ы.Алтынсарин өзі мекендеген қыстауының («Инспектор көлінің» маңы) жанындағы ата-бабаларының қорымына жерленді деген ақпарат үнемі ілесіп келеді. 1991 жылы Алтынсаринның 150 жылдығы тойланып, ағартушының бейітін жаңарту мәселесі көтеріледі. Ол бастаманың ақпараттық негіздемесіне бейіт «Инспектор көлі» жанында болды деген таным алынып, сол жерге Алтынсаринге арналған қызыл кірпішті шағын мазар соғылады(1 сурет).

1 сурет.  Ы.Алтысаринның ескі мазары

Мазар үйленген жастардың тағызым жасап, тәу етіп баратын орнына айналады. Оның маңында спирттік ішімдік ішіп (шампан ату), , мазар маңын қоқыспен шашып кететін келеңсіз көріністер де жиі кездесіп тұрды. Жұртшылық мазардың маңында өсіп тұрған ағашты қазақтың көне тәңірлік дүниетанымынан қалған сеніммен киелі санап, шүберек байлап, қасиетті мекенге айналдырды.

2017 жылы Рухани жаңғыру бағдарламасы жарияланған кезде мазар қала халқының жиі баратын орны екені ескеріліп, бағдарламаның мазмұндық бағытына сай ол жаңартылып, Алтынсаринның ата-бабаларына қойылған белгімен толықтырылып,  сәулетті де сәнді кешенді кесенге айналды (2 сурет). Кешен қасиетті нысан ретінде Қостанай облысының сакральды географиясының тізіміне де енді.

2 сурет. Ы.Алтынсаринның жаңғыртылған жаңа кешенді кесенесі

Бәрі жақсы, бірақ... Біз бұған дейін сөз еткендей, Алтынсаринның қыстауы Тобылдың арғы бетіндегі (оң жағалауындағы) Мичурин аулының жанындағы «Инспектор көлінің» маңында емес, тарихи шындықта Тобылдың қала бетіндегі сол жағалауында болған. Демек, ол жерленген бейіт те «жабысқан түрде» («автоматты» деген орысша ұғымның қазақша баламасы деп қабылдаңыз) ілесіп, бергі бетке келмей ме?

Әр нәрсенің Жартқан жасаған ақиқаты болады. Сондықтан аталмыш мәселенің ақиқатын ашуға ұмтылып көрейік. Ол үшін баяғы тарихи жазба деректерге сүйенетін амал-әрекетімізді қолданамыз.

Әлқисса, ағартушы қайраткердің Қостанай іргесіндегі қыстауына науқастың көңілін аулау мақсатында жиі келген (Мархаббат: https://abai.kz/post/137404), Ы.Алтынсарин қайтыс болғанда марқұмның жаназасына екі әріптесімен бірге барып (бірі – Алексей Ильич Килячков, екіншісі - «А.В.Т.» деген кісі) «сырттай» қатысқан қызметтес досы Ф.Соколов 1899 жылдың 9 тамызында жазған естелігінде былай дейді: «Последние же три дня Иван Алексеевич совсем лишился сознания, не видел, не слышал и ничего не говорил, и 17 июля в 11 часов дня скончался. На другой день его похоронили недалеко от зимовки, рядом с его отцом, на берегу реки Тобола... При похоронах никого из русских не было, кроме нас учителей, да и мы должны были находиться в отдалении: киргизы смотрели на нас, как на нежеланных людей при этом обряде, даже некоторые подходили к нам с вопросом: «какое дело есть у Вас?».

Аталмыш жазбадағы мұсылмандық жаназаның діни ғұрпына байланысты туындаған «шеттетуге» көңіл аудармай, басты назарды Ф.Соколовтың «На другой день его похоронили недалеко от зимовки, рядом с его отцом, на берегу реки Тобола» деген ақпарына салайық. Мұндағы «не далеко от зимовки» деп отырғанын қазақшаға аударғанда, «қыстау үйінен алыс емес» дегенді білдіріп тұрған жоқ па?  Егер Алтынсаринның қыстауы, біз шулап жүргендей, өзеннің арғы бетінде емес, «Тобыл өзенінің сол жағынан өзіне арнап 5-6 бөлмелі үй салғызды» (Мархаббат: https://abai.kz/post/137404) деген Ғ. Балғымбаевтың жазбасына күмән тудыра алмасақ (оған күмән тудыру үлкен ақымықтық болар еді), Алтынсаринның жерленген жері бергі бет, яғни қазіргі қала орналасқан жақ болмай ма? Бұған қоса Ф.Соколов марқұмның жерленген жерін оның үйінен алыс емес жерде «на берегу Тобола» дейді. Егер Алтынсаринды арғы беттегі «Инспектор көлінің» маңына жерлесе, оның бергі беттегі (мәжбүрлі болған тавтологияға айып етпеңіздер) қыстауында өткен жаназа ғұрпына келген қызметтес досы оны  «арғы беттегі Тобыл жағасына жерледі» деп айтар еді ғой?!

Өзен сулар асып-тасып жататын және оның бойында ары-бері ешбір кедергісіз өту үшін салынатын көпір тапшы кезде аса қатты маңызға ие болған «арғы бет» деген когнитивтік танымның бұл сөйлем-хабарда ешбір ізі жоқ. Демек, аталмыш жазба деректерге сүйенген біздің пайымымызша, Ы.Алтынсарин Тобылдың арғы беттегі емес, бергі беттегі өзінің қыстауының жанындағы бейітке жерленген. Ал енді оның қыстау-үйін қазіргі «Садовод» саяжайының маңында болған деп болжасақ, ол жерленген бейітті, Соколовтың сөзіне қарай, сол маңнан іздеуіміз қажет. Бұл орайда, бергі бетте, яғни сол жағалауда, қаланың патша заманындағы шекарасы Әбілсайдың оң жағында екі мұсылман қорымы бар екенін еске саламыз. Бірі – Нариман базарының маңындағы «Мұсылмандар бейіті», екіншісі – КЖБИ мөлтек ауданына бара жатқан жолдағы Маяковский көшесінің бойындағы «Ескі қорым» (3 сурет). Соңғысының жанына қала іргесі Әбілсайдан асып кеңейгеннен кейін пайда болған христиандық қорым орын тепкен.

3 сурет.  «Мұсылмандар қорымы» мен «Ескі қорымның» Тобыл жағасынан қарағанда орналасуы.

            Біздер аталмыш екі қорымның Алтынсаринның қыстауы орналасқан болжамды аумақтан («Садовод» саяжайы) қанша қашықтықта орналасқанын спутниктік карта арқылы есептеп көрдік. Негізінде, екеуі де аса алыс емес. «Мұсылмандар қорымы» көше-көшені аралап барғанда 3 шақырым болса (4 сурет),

4 сурет. Спутниктік картадағы «Садовод»  саяжайы мен «Мұсылмандар қорымы» арасындағы қашықтық

«Ескі қорым»,  көше қуалағанда, 1,5 шақырым (5 сурет). Төтелеп қара жолмен барғанда аталмыш арақшықтықтар едәуір қысқаратыны сөзсіз.

5 сурет. Спутниктік картадағы «Садовод»  саяжайы мен «Ескі қорым» арасындағы қашықтық.

Қос қорымның ішінде қыстауға ең жақыны – «Ескі қорым» және ол Тобыл жағалауына жақын. Бұл биік жерге, өзеннің көне жағалауы іспеттес боп көрінетін қыратқа орналасқан. Оның қырға қарай өрлейтін етігіне қазіргі таңда «Мичуринец» саяжайы, бүйіріне «Березка» гараж кешені орналасқан. Егер ортадағы саяжай болмаса, бейіт қыстауға тиіп-ақ тұр. Ф.Соколовтың «недалеко от зимовки» деп отырған танымдық өлшемі осы қорымның қыстауға орналасқан арақашықтығына жақындайды деп санаймыз.

Ф.Соколовтың жазбасында тағы бір назар аударатын дерек - «похоронили... рядом с его отцом» деген мәлімет. Оның «әкесі» деп отырғаны оның туған әкесі Алтынсары ма, әлде атақты атасы Балқожа ма, ол жағын дөп басып айту қиын. Себебі «әке» сөзін қазақтар ауыспалы мағында «ата» деген ұғыммен де береді (мысалы, ата-ана). Орыс тілінде ол нақты бөлінген (отец, дед). Біздіңше, бұл жерде ол «ата» мағынасында, яғни Балқожа бидің жанына жерленді деп айтылып тұрған сынды. Бұған біздің тарапымыздан тура дәлел жоқ, бірақ жанама деректеріміз бар. Бірі – патша заманынан жеткен жазба деректер, екіншісі – кеңес заманындағы кейбір зерттеулерден жеткен мәліметтер.

Алдымен патша заманындағы деректерге тоқталайық. Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін оның қыстау үйін ауыл шаруашылығы мектебінің иелігіне берілген деген сөз бар. Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін, 1890 жылдары Қостанайда техникалық ауылшаруашылығы мектебін ашу бастамасы көтеріледі. Сол тұста Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы қызметін атқарған А.Васильев аталмыш мәселе туралы былай дейді: «В l890 г.возник вопрос о необходимости открытия технического сельско-хозяйственного училища близ Кустаная. По открытии этого училища, предположено упростить дело изучения кузнечно-слесарного ремесла в «Яковлевском» училищ, перенесши из него в предпологаемое Кустанайское все дорогие инструменты и станки. Мотивами к такому переводу служат чрезвычайная дороговизна содержания ремесленного училища в степном и малонаселенном городе Тургае (в расширенном виде до 3 тыс.руб.) и незначительности сбыта вещей, изготавливаемых в этом училище. Киргизами Кустанайсого уезда уже уступлен участок земли в 3-х верстах от Кустаная для названного сельско-хозяйственного училища. Постройку здания для него предположено отнести на счет остатков от добровольных сборов с киргизов за прежние годы, разрешение на что ожидается в недалеком будущем».

Осы жазбада мектептің ашылатын орны Ы.Алтынсаринның қыстауы орналасқан  аумаққа (Қостанайдан 3 верст жер) сай келеді және Торғайдағы Яковлев мектебі ағартушының бастамасымен ашылған болатын. Мектепті Алтынсарин қыстауына орналастыруда қандай қисын бар еді? Біздіңше, біріншіден, ағартушының күш-жігері мен еңбегі арқылы ашылған Яковлев мектебінің бір бөлек құрал-саймандарын Қостанайға алдыртып алу амалы болса, екіншіден, оның қыстауының маңайындағы жер ауыл шаруашылығы мектебін ашуға қолайлы болуында еді (жазық түбек, суармалы егін егуге ыңғайлы өзен жағалауы).

1895 жылы Торғай облысының губернаторы әкімшілігі тарапынан шығарылатын статистикалық есепте сонау 1890 жылы көтерілген ауылшаруашылығы мектебінің енді ашылатынын, оған қажетті қаражаттың  табылғанын және оған қазақ қоғамы 500 десятина жер бөліп қойғаны баяндалған (6 сурет):

6 сурет. Торғай облысының 1895 жылғы статистикалық есебінен үзінді.

            Ал енді кеңес дәуіріндегі зерттеулерге келейік. Кеңес дәуіріндегі кейбір зерттеушілер, атап айтқанда, С.Әсіпов осы бір тарихи деректердегі 500 десятина жер ағартушыға әкеден (Алтынсары ма, Балқожа ма ол жағын нақты айтпайды) қалған иелік еді деп жазады: «Ақтық демі біткенше туған халқына қызмет етуді мақсат тұтқан аяулы азамат көз жұмар алдында өзіне әкесінен қалған 500 десятина жерді Қостанайда ашылуға тиісті ауылшаруашылық мектебінің пайдасына өсиет еткен».

Өкінішке қарай, журналист-филолог ғалым С.Әсіпов бұл ақпаратты қандай дерек көзіне сүйеніп жазғанын келтірмейді. Егер ол ақпарат рас болса, жер иелігі Балқожа бидің меншігінде болған деп болжауға болады. Себебі ол қазақ арасында беделі жоғары би, патша үкіметіне адал берілген, оның сый-құрметіне ие болған старшина әскери лауазымы бар дистанция басшысы еді. Болашақ ағартушы Орынбор мектебін бітіргеннен соң, 1857-1859 жылдары атасының қасында оның іс-хаттарын жүргізуші (письмоводитель) қызметін атқарады. Ал Алтынсары Балқожаұлы ертеректе, 1840 жылдардың ішінде, Кенесары көтерілісі кезінде қаза табады.

Бұл жерде дистанция деген ұғымды түсіндіре кеткен абзал. Қазақ даласын отарлаған патша үкіметі алдымен (1830 жылдары) шекаралық белдеулер бойынша, кейінірек (1840 жылдары) далалық өлкелерде ауылдық көшпелі құрылымға негізделген дистанциялық жүйе (дистаночная система) құрады. Бұл әскери вертикальды басқару жүйесі еді. Дистанция (ауыл) басшысы сұлтан-әмірлерге, ал олар өз кезегінде әскери бекіністер мен шекаралық белдеулердегі қалалардағы әскери комендантқа, ал әскери коменданттар Орынбор генерал-губернаторы мен Шекаралық комиссия төрағасына бағынатын. Дистанция басшыларына 50-75 рубль аралығында кесімді жалақы тағайындалды және олардың арасынан ерекше көзге түскен басшыларға үкімет тарапынан түрлі сый-сыяпат пен марапттар таратылып отырды. Бәлкім, Тобыл жағасындағы 500 десятина жер Балқожа биге патша үкіметі тарапынан берілген сый болуы да ғажап емес. Оның үстіне 1859-60 жылдары Орынбор әкімшілігі тарапынан Кенесары көтерілісінен зардап шеккендерге төлемақы төлеуді ұйымдастырылғаны да тарихтан белгілі. Мүмкін көтерілістен адам мен мал-мүліктік зиян шеккен Балқожа биге төлемақы ретінде меншікке жер де берілген шығар, кім білген?  Бұл орайда, патша әкімшілігі бертінгі уақытта, 1910 жылы Троицк окруктік сотының мүшесі Жансұлтан Сейдалинге Қостанай уезінің Кеңарал деген жерінен 2000 десятина жер бергенін еске салғымыз келеді.

С.Әсіповтің «Алтынсаринның әкесінің жері» деп отырғаны қазіргі «Садовод» саяжайы орналасқан аумақ болып шығуы әбден мүмкін. Мұндай сулы-нулы шұрайлы жерге беделі мен атақ-абыройы бар кісілер иелік ете алатыны анық. Өйткені, Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиұлы иелік етіп жайлаған Құсмұрын түбегі сияқты(Мархаббат: https://egemen.kz/article/251432-qazynaly-qusmuryn-qupiyasy), бұл түбек те бие байлап, мал ұстауға қолайлы әрі ыңғайлы. Бәлкім, 1884 жылы Торғайдан Қостанайға қоныс аударған Ы.Алтынсарин қалаға әдейі кірмей, атадан қалған жер мал шаруашылығына ыңғайлы болғандықтан және оған меншік иесі болып қалу мақсатында қыстау салып қоныстанған шығар?

Ы.Алтынсарин жерленген бейітке байланысты тағы бір маңызды ақпарат Ғ.Балғымбаевтың жазбасында кездеседі. Ол өз естелігінде былай дейді: «Ы. Алтынсарин бейітінің басына қай рудан екені, аты-жөні мен өлген мерзімі көрсетілген тастан ескерткіш қойылды. Көзінің тірісінде өзі құрмет тұтқан Қостанай уезінің белгілі ақыны Нұржан Наушабаев, әлі есімде, оның басына қойылатын белгіге арнап үш шумақ өлең шығарған еді, соның бір шумағы ғана есімде қалыпты. Ол төмендегіше:

Сайран еттім дүниеде,

Табылып көңіл хошларым.

Әқли әулият, жиған дәулет

Қалды қымбат достарым...».

Ғ.Балғымбаев жазбасы бізге қандай құнды деректерді жеткізіп тұр? Біріншіден, ағартушының басына құлпытас (көктас) қойылған. Екіншіден, бейіттің басына көлемді өлең жазылған белгі қою бастамасы көтерілген, бірақ оның шын мәнінде жүзеге асты ма, аспады ма, о жағы бүгінгі күнге дейін беймәлім. Десек те, бейіт басына қойылған құлпытасты біреу болмаса, біреу көріп байқаған болар еді ғой? Құрығанда, ол Тобылдың арғы бетіндегі «Инспектор көлі» маңындағы қыстауының жанындағы бейіттен табылмас па еді?  Өкінішке қарай, ол құлпытас туралы ешбір мәлімет жоқ.

Нақты өмір шындығында ол белгі бейітпен бірге жойылып кетуі әбден мүмкін. Ендеше, құлпытасы бар бейіттің жойылып кету ықтималдығы қалалық жерде жоғары ма, әлде далалық жерде жоғары ма? Біздіңше, қалалық жерде жоғалып кету ықтималдығы жоғары. Себебі қала кеңейеді, жаңа құрылыстар түседі, демографиясы (тұрғындары) өзгереді. Айтпақшы, «Ескі қорымның» жанында жаппай құрылыс жұмыстары жүргізілген жекеменшік гараждар кешені мен саяжайлар орналасқан. Бейіттің жойылып кету ықтималдығын кеңес тұсында қатты кеңейген Қостанай қаласының тарихын бойлай сүзсең, айқындала түсетіні анық. Себебі атеистік кеңес қоғамында шіркеу, мешіт, сол сияқты көне бейіттердің материалдары құрылысқа пайдаланып кеткені тарихтан белгілі. Бұл көріністен Қостанай қаласы да тыс қалған жоқ.

Айтпақшы, Ы.Алтынсарин бейітінің қазіргі орнына күмән келтірген кісілердің бірі ағартушының туыс ұрпағы, белгілі ақын Мариям Хәкімжанова болған көрінеді. Кезінде облыстық «Қостанай таңы», кейінірек «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болған белгілі журналист Нәзира Жәрімбет біздің мақаламыз шыққаннан кейін хабарласып, пікір бөліскен еді. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 90-жылдардың басында ол Қазақ радиосының тілшісі Қасымхан Ерсаринның Мариям Хәкімжановамен жүргізген сұхбатын тыңдайды. Сұхбатта Мәриям апай менің бабамның мүрдесі ол жерде (қазіргі кесене орны) емес, басқа жерде деп айтқанын естиді. Журналист дереу «Қостанай таңы» газетінің сол кездегі редакторы С.Молдахметовке келіп, мәселені газет бетінде көтеруді ұсынады. Бірақ редактор үзілді-кесілді қарсы болып, ұсыныс аяқсыз қалады (Уатсап желісімен келген жазбаның скрины біздің смартфонымызда сақтаулы).

Біздер тәжірибелі журналистің бөліскен ақпаратынан хабардар болған соң, Қазақ радиосынан аталмыш сұхбаттың аудиожазба нұсқасын іздестірген едік. Өкінішке қарай, ол материал Қазақ радиосының мұрағатында сақталмапты. Мүмкін сұхбат жазбасы Қасымхан Ерсаринның (ол кісі марқұм болып кеткен екен) өз қолындағы мұрағаттарында бар шығар деп болжайды Қазақ радиосының қызметкері Оңғар Құрал.

Түйіндей келгенде, Ы.Алтынсаринның бейіті де, оның қыстауы секілді, Тобылдың оң жалауындағы арғы бетте емес, сол жағалаудағы бергі бетте деп топшылауымызға болады. Ал арғы беттегі атақты ағартушыға қойылған сәулетті кесене біздің дүбара болған кеңес дәуірінен ойда-жоқта шығып, не істеп, не қойғанымызды білмей абдырап, есіміз кеткен дүмбілез кезеңді еске салып тұратын «ақ күмбез» түрінде қала береді...

Мақала ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруына ие болған «Тургайская газета» - қазақ рухани мұрасының қоржыны және өлкетану шежіресі» атты Жоба негізінде дайындалды.

Алмасбек Әбсадық, ғылым докторы, Қостанай.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394