Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 14874 2 пікір 6 Тамыз, 2021 сағат 12:31

Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?..

Ы.Алтынсариннен қалған құнды жәдігер ретінде біздің заманымызға жеткен екі фотосуреттің бірі туралы өткен жолы Abai.kz порталында жарияланған «Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры» атты мақаламызға арқау еткен болатынбыз. Онда біздер ағартушымен бірге суретке түскен қызметтес кісілердің есім-сойын анықтауға ұмтылған едік.

Ендігі кезекте оның отбасымен бірге түскен суретінің сыр-сипатын ашуға ұмтылып отырмыз. Сурет ашық далада түсірілгендіктен, кеңістікті кең алу мақсатында құрылғының нысанасына алыстан алынған сынды. Сондықтан болар, оның бейнелік сапасы нашар: суретке түскен кісілердің бет-жүзі де, олардың сыртқы пошымдары да анық емес, маңайдағы заттар сұлбалары да көмескі (1 сурет).

Ы.Алтынсаринның отбасылық суреті

Алдымен фотосуретте кімдер бейнеленгеніне тоқталайық. Мұнда Ы.Алтынсаринмен оның жұбайы Айғаныс екі ер баламен және бір бойжеткен қызбен бірге европалық үлгіде (үстел мен орындықтар) жайылған дастархан басында бейнеленген.

Ы.Алтынсаринды 8 жасар бала кезінен (1875-1876 жылдардан) білетін шәкірт Ғ.Балғымбаев ұстазының отбасы құрамы туралы мынадай дерек келтіреді: «Әйелінің аты - Айғаныс: ұзын бойлы, қызыл шырайлы, сәл сопақ бетті, татар тектес, қой көзді, аққұба, көп сөйлемейтін, мейлінше, қарапайым, сауаты жоқ кісі еді. ...Көп уақытқа дейін құрсақ көтермей, екеуі Ыбырайдың ағасы Оспанның екі жасар Хамитбек деген баласын асырап алады. Алайда ол ұзақ өмір сүрген жоқ, 5-6 жасында қаза тапты. Бала қайтыс болған соң, бұлар көп уақыт жабырқап жүрді де, амалсыз тағдыр ісіне көнді. Екеуі балалы болуды армандап жүргенде, 1882 жылы Абдолла атты тұңғыш перзенттері дүниеге келді. ...Соның артынша, 1884 жылы екінші ұлы туып, атын Әбдірахман қойды. 1886 жылы (не 1887 жылы) қызы Шарипаны көрді. Ы.Алтынсарин де, әйелі Айғаныс та балажан адамдар еді, перзенттерін аялап өсіріп, бір күтуші қазақ әйелін ұстады».

Ғ.Балғымбаевтың жазбасына сүйене отырып, біздер суреттегі әкенің қасында тұрған бала Алтынсариндердің тұңғышы – Абдолла, анасының қолындағы бөбек – екінші ұлы Әбдірахман, ал бойжеткен қыз – бала  күтуші деп санаймыз Бұл отбасының үшінші баласы Шарипа аталмыш суретте бейнеленбеген: ол әлі дүниеге келмеген немесе әлде бір себептермен (құндақтаулы немесе бесікте жатуы мүмкін) фотоға тартылмаған деп болжаймыз.

1886 не 1887 жылы дүниеге Шарипаның суретке түспегенін ескере отырып және әке мен шеше қасындағы балалардың жас шамасын мөлшерлей келе, суреттің қай жылдары түсірілгенін болжауға болады. Ыбырайдың жанында тұрған Абдолланың жас шамасын 5-6 жасар деп, Айғаныстың алдындағы Әбдірахманның жасын 2-3 жасар деп мөлшерлесек, суреттің түсірілген уақыты 1886 немесе 1887 жылдар аралығы болып шығады. Бұл жылдары Ы.Алтынсарин 45 жаста болатын, бәлкім, осы мерейлі жасты естелік ретінде сақтап қалу үшін фотограф арнайы қыстауға шақырылған да шығар?

Фотоның түсірілген мекені – Ы.Алтынсаринның Қостанай қаласының іргесіндегі қыстау үйі, мезгілі – жаз айы. Жыл мезгілі мен қыстау үйдің сипатын суреттің артында бейнеленген кесек (саман) қабырғалы үй мен жазда тігілетін кигіз үй сұлбаларынан байқауға болады.

Отбасылық тарихи сурет түсірілген ағартушының қыстауы қай жерде болғанын нақты анықтау маңызды мәселе. Қазіргі таңда ағартушының үйі Тобыл өзенінің арғы бетіндегі (өзеннің оң жағы) Мичурин ауылының маңында ағартушыға орнатқан мазарға жақын жердегі көл жағалауында болған деп есептеледі. Инспектордың қыстауы сол көлдің жанында болғандықтан ол «Инспектор көлі» атанған-мыс (2 сурет).

Спутниктік картадағы  Ы.Алтынсарин мазары мен «Инспектор көлі»

Шынтуайтында, географиялық түсінік-пайым тұрғысынан келгенде, ол су қоймасы көл емес, Тобыл өзенінің оң жақ жағалауға қарай кеңейіп барып шұңқыр құрап, қайта ағып кететін ағындық қарын бөлігі. Бұл тұста өзен сол жағалауға қарай да кеңейіп қарны қампаяды: ол су қоймасы КЖБИ шұңқыры (котлован) деп аталады. Көктен қарағанда, Тобылдың осы бір қойын-қолтығы аттың сауырына теңгерілген қоржын сынды көрінеді.

Біздіңше, Ы.Алтынсаринның қыстауы Тобылдың оң жағалауындағы «Инспектор көлі» маңында болған деген дерек - кешегі кеңестік дәуірде туындаған қате пайым. Себебі ағартушының көзін көрген және оның үйінде сан мәрте болған Ғ.Балғымбаевтың естелігінде атақты ағартушының  қыстауы Тобыл өзенінің сол жақ жағалауында деп анық айтылған. Ол былай дейді: «Ы.Алтынсарин 1883-1884 жылдары Торғайдан Қостанайдағы ағалары Оспан, Омар және басқа жақын туыс-туғандары тұратын Алтыбас ауылына қоныс аударды. Қостанай қаласынан 1,5-2 шақырымдай (ескіше 3 верст ) жердегі Тобыл өзенінің сол жағынан өзіне арнап 5-6 бөлмелі үй салғызды. Ол: жататын бөлме, қонақ бөлме, ас ішетін бөлмеден тыс , ауласы мен қосымша қора-қопсылардын тұратын. Үйдің маңайында терең тоған бар еді, ауыз су содан әкелінетін».

Ғ.Балғымбаев Қостанайдағы Ы. Алтынсарин салдырған мектепте 1886 жылдан бастап 1891 жылға дейін, яғни Қарабұтақ болыстық мектебіне меңгеруші болып ауысқанға дейін жұмыс жасайды. Ұстазы төсек тартып жатып қалғанда, оның жанында күндіз-түні аяғынан тік тұрып қызмет қылып, ақтық сапарға дейін шығарып салған бірден-бір кісі. Бұл – бір.

Екіншіден, Алтынсарин туралы естеліктер жазған Ф.Соколов та, Н.Ильминский де инспектордың Тобылдың арғы бетінде тұрды деген деген деректі келтірмейді. Айталық, Ы.Алтынсарин науқастанып жатқанда оның үйіне жиі барып, көңілін аулаған қызметтес кісі, Қостанайдағы екі кластық мектептің меңгерушісі Ф.Д. Соколов ұстазы Н.Ильминскийге 1889 жылдың 9 тамызында (Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін 24 күннен соң) жолдаған естелігінде қыстау үйдің қаладан алыс емес екенін, ол бар-жоғы 3 верст жерде екенін жазады: «Жил (он-автор) на зимовке, что в 3-х верстах от Костаная. А.И.К. и я почти ежедневно пешком похаживали к нему и прелестно время проводили, то в беседах, держа в руках по чашке кумыса, то в чтении» [Жазбадағы «А.И.К.» деген қысқарылым «астарында» тұрған кісі - Ф.Соколовпен Қостанай екі кластық мектебінде бірге жұмыс жасайтын мұғалім -  Алексей Ильич Килячков. Қостанайдан кейін ол Торғайда қызмет жасайды].

Ф.Соколовтың естелігімен таныс болған, оны өзі құрастырған «Воспоминания об И.А.Алтынсарине» (Қазан, 1891 ж.) атты жинаққа енгізген Н.Ильминский ағартушының қыстауын Қостанай поселкасының іргесінде деп атап өтеді: «17 июля 1889 года скончался, в своем зимовочном доме вблиз поселка Костаная, киргизин Ибрагим Алтынсарин, 48-ми лет».

1889 жылдың 30 шілдесінде «Оренбургский листок» газетінде жарияланған некролог Торғай облысының тұңғыш инспекторы Ы.Алтынсарин Қостанай қаласында қайтыс болды деп хабарлайды. Бұл уақытта Қостанай поселкасы әлі қала мәртебесін алмаған еді. Жалпы, патша әкімшілігі қазақ даласындағы орыс халқы тұратын елді мекендерді, бұрынғы әскери бекіністерді  «қала» деп атауға құмар болған. Мысалы, Торғай, Ырғыз, Ақтөбе т.б.

Қазақ ағартушылығы туралы сүбелі зерттеулер жүргізген, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ағартушының 3 томдық шығармалар жинағын шығаруда жауапты редактор болған тарих ғылымдарының докторы, профессор Б. Сүлейменов Ы.Алтынсаринның Қостанай жанындағы қыстау-қонысының орнын былайша айқындайды: «1883 жылы Қостанай уезін (Николаевский) тұрғылықты орынға айналдырады. Өзінің туған жері Арақарағай болысында (Қостанай қаласынан үш шақырым жерде), Тобыл өзенінің бұрылысындағы аралшықта [орысшада «на изгибе реки Тобола» деп айтылған - автор]  (кішкентай көлі бар, кейін «инспекторлық» деп аталған) темір түнекілі [орысшада бұл «железной крышей» деп жазылған – автор] ағаш үй салдырған, мұнда ол қызмет істеп, қайтыс болғанға дейін тұрған».

Ғалым Б.Сүлейменов үш томдықты дайындау барысында архивтік материалдармен, сондай-ақ Н.Ильминскийдің атақты «Естелігімен» (бұл кітап кеңес дәуірі тұсында цензура қарауылында, бақылауында болғандықтан ондағы ақпараттар кеңес дәуірінде түпнұсқада толық берілмеді) түпнұсқадан танысқаны, патша заманындағы мерзімдік басылымдардағы ақпараттардан хабардар болғаны сөзсіз. Кезінде ағартушылық тарихына қатысты жазған еңбектері үшін Б.Сүлейменов Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. 1950 жылдардағы қазақ тарихына қатысты пікір-таластар кезіндегі ұстанымы үшін сотталып, жазаға ұшыраған атақты ғалымның сөзіне шүбә келтіру орынсыз деп санаймыз және оның пайымы жазба дерек көздеріне таңбаланған тарихи шындыққа жақын таным деп бағалаймыз.

Біздер жоғарыда аталаған тұлғалардың жазбасын басшылыққа ала отырып және қазіргі заманауи спутниктік картаға сүйене келе, Ы.Алтынсаринның қыстауын Қостанай қаласының оңтүстік бүйірінде орналасқан «Садовод» саяжайының тұсында, Тобыл өзені кең доға жасап бұрылатын түбекте болған деп болжаймыз (3 сурет). Космостан түсірілген картадан осы бір тұста Тобыл өзенінің доға жасап бұрылатындығы анық көрінеді.

Ы.Алтынсаринның қыстау-үйі орналасуы мүмкін болжамды аймақ

Тобыл өзенінің Қостанай қаласы бойындағы арнасында доға жасап иірілетін тағы бір тұс бар. Ол орталық бөліктегі үлкен көпірдің сол (қаладан шыққан бағыттан қарағанда) жағындағы арнада кездеседі. Бірақ онда көл немесе тоған жоқ және өзен тасығанда аралшық су астында қалатыны анық. Себебі тасыған суға бөгет болатын жар жоқ: біркелкі тегіс қайыр (4 сурет ). Оның үстіне бұл жер Қостанай қаласының сырты емес, ішіне орналасқан. Сондықтан аталмыш жер жоғарыда атаған кісілердің жазбасындағы сипаттамаларға сәйкес келмейді.

Тобыл өзенінің үлкен көпірдің қаладан шыққандағы сол жақ беттегі доға болып иірілу көрінісі

Біздер екі көріністі салыстыра келе, «Садовод» саяжайы маңындағы арал-түбек ескі жазбалардағы дерекке сай келеді деп есептейміз. Профессор Б.Сүлейменовтің «кішкентай көлі бар, кейін «инспекторлық» деп аталған» деген уәжінде аталатын су қоймасы осы «Садовод» жанына орналасқан «Шахринка» көлі болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ Ғ.Балғымбаевтың «үйдің маңайында терең тоған бар еді» деп отырғаны да осы көл болса керек. Заманында, Тобылдың арнасы су қоймаларымен бұғатталмаған еркін, суы мол кезеңде, ол тұйықталған көл емес, өзенмен жалғасып жатқан тоған болуы да ғажап емес еді.

«Садовод» саяжайы Қостанай қаласынан қанша шақырым жерде орналасқанын белгілеу мақсатында спутниктік картаны қолданып, Ф.Соколов пен Ғ.Балғымбаевтар мөлшерлейтін арақашықтықты анықтауға ұмтылдық. Ол үшін қаланың патша заманындағы ескі шекарасы, көктемгі жауын-шашында су жүретін терең жыра «Әбілсайды» нысанаға алдық. Қостанай орыс переселендерінің поселениесі негізінде қала болып  құрылған кезде оңтүстік батысындағы Әбілсаймен, солтүстік шығысындағы осындай [соңғы кезде Керей Қостан деген батырдың бейіті (патша заманында дякон Саркин деген қазақ Қостанай деген кемпірдің моласы деп жазса, кеңес дәуірінде Қас Тана деген екі қыздың құрметіне қойылған атау деп аңыздалды) тұрғандықтан «Қостансай» деп аталып кеткен сөз бар] терең сай арасындағы кеңістікке бекиді.

Патшалық Ресей тұсында православия дінінен бөлек жұртқа қалада тұрақты тұруға рұқсат болмайтын, сондықтан олар қала сыртына (біздің сөз етіп отырған жағдаймызда), Әбілсайдың оң жағына орналасатын. Бөгде жұрт өкіліне қалада тұру үшін арнайы жеңілдіктер қажет еді. Мысалы, патшаның мейірім-мейіріне ие болған ағайынды Яушевтер сынды көпестер (Мұрағат қоржыны: дерек пен пайым (5 азат жол):), мемлекеттік қызметкерлер, дворян дәрежесімен марапатталғандар т.б. арнайы жеңілдіктерге ие болды.

Әбілсайдың сыртында тұрған татар, қазақ жұртының қоныстары (көше, базар, мешіт, қорым) орын тепкені белгі-бедері бүгінгі күнге дейін сақталып жетті.

Әлқисса, «Садоводтан» немесе «Шахринка» көлінен Әбілсайға көше арасындағы жолмен барғанда, арақшықтық – 2,5 шақырым. Тікелей тартсаң, 1,5 немесе 2 шақырымның о жақ, бұ жағы (5 сурет).

Спутниктік картадағы «Садовод» саяжайы мен Әбілсайдың арақшықтығы

Бұл Балғымбаев жазатын өлшемдік дерекке жақын. Верст өлшемінің стандарты 1 шақырымды 1066 метр деп есептейді. Бірақ ол аралықты адам қадамыменөткенде ол әрдайым кем шығып отырады. Себебі адам адымы 1 метрді (100 см) үнемі толық ала алмайды. Сондықтан қадаммен жүрген 3 верст деген өлшем 2 шақырымдық межені береді деп санауға болады.

Ы.Алтынсаринмен қызметтес болған Ғ.Балғымбаев, Ф.Соколовтар ұстаздық етіп, мектепте жұмыс жасағанын, мектеп пен қыстау арасында сан мәрте жүргендерін ескеріп, ағартушының 1884 жылы қала орталығына Троицкіден көшіріп алған мектебінен (Грамотные пути) «Садовод» саяжайы арасындағы қашықтықты да өлшеп көрдік. Ол арақашықтық бұраңдаған көшелерді аралап барсаң - 4 шақырым (6 сурет). Тура тартсаң, одан да аз болары сөзсіз.

Спутниктік картадағы «Садовод» саяжайы мен Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың  арақашықтығы

Ы.Алтынсаринның қыстауы туралы онымен қызметтес болған, оның үйіне жиі барып тұрған Ғ.Балғымбаев, Ф.Соколовтардың адам қадамымен, көз мөлшерімен айтқан арақашықтығы, су алатын тоғанның болуы («Шахринка» көлі), Тобылдың доға жасап бұрылуы сынды дерек-белгілер – біздерді ағартушының үйі осы «Садовод» саяжайының маңында болған деген танымға итермелейді. Ал Тобылдың оң жақ жағалуындағы «Инспектор көлі» орналасқан жердің арақашықтығы (географиялық ауытқуды (оң-сол) былай қойғанда) сол заманның көз көрген адамдарының айтқан мөлшеріне мүлдем сәйкес келмейді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін біздер Тобылдың арғы бетіндегі «Инспектор көлі» жанындағы мазардан Қостанай қаласының ескі шекарасы «Әбілсай» арасын есептеп көрдік. Арақшықтық, ең қысқа жолмен есептегенде, 9 шақырым (7 сурет).

Спутниктік картадағы Ы.Алтынсарин мазары мен Әбілсайдың арақашықтығы

Ал Алтынсарин атындағы мектеп интернат пен оның мазары арасы, ең қысқа жолмен, 10 шақырым (8 сурет).

Спутниктік картадағы Ы.Алтынсарин мазары мен ағартушы салдырған  мектеп аралығының қашықтығы

Екі меже де Ф.Соколов пен Ғ.Балғымбаевтар жазып кеткен мөлшерден 3-3,5 есе көп. Егер Ы.Алтынсаринның үйі өзеннің арғы бетінде болған болса, ұстаз, оқымысты Ф.Соколов немесе Н.Ильминский, Ғ.Балғымбаевтар мұндай географиялық ұғымды міндетті түрде нақты атап өтері анық еді. Себебі Тобыл өзені бүгінгі күндегідей су сақтау қоймалары арқылы бұғатталмағандықтан, көктем-күз айларындағы жауын-шашын әсерінен суы ырық бермей тасып тұрғаны бұлжытпас шындық. Сол тұста өзен-суларда көпір, өткел деген мәселелер өткір тұрды. Сондықтан ол  заманда «арғы бет» деген когнитивтік таным адам тұрмыс-тіршілігінде маңызды орынға ие болды. Бүгінгі Тобыл өзенінің арғы бетіндегі «Затобол», «Заречный» деген, қазақ тіліндегі «Қараөткел», Атбасар (ат кеше алатын өткел), «Қарғалы» (қарға кешіп өтетін таяз), «Қара сиыр» (сиыр кеше алатын өткел) деген өткелдерге байланысты туындаған топонимикалар сол кезеңдегі жұртшылық тіршілігіндегі аса маңызды когнитивтік танымнан қалған белгілер.

Аталмыш оқымысты мұғалімдер географиялық айырмашылықтарды (арғы бет пен бергі бет) аңғармады немесе жаңылысты дегеннің өзінде, талай мәрте екі ортаны екі аяғымен жүріп өткендіктен, олар арадағы қашықтықты шамалап мөлшерлей алады деп санаймыз. Әрине, егер олар көне грек мифологиясындағы жасанды қанат байлап ұшпақ болған кейіпкер Икар немесе қазіргі айырпланмен екі ортада ортада ұшып жүрмеген болса, ал ұшып жүрген болса, біздер сөзімізді қайтып аламыз.

Сонымен нақты деректерге арқа сүйеген болжамдық ой-пікірімізді түйіндейік:

Біріншіден, Ы.Алтынсаринның қыстау-үйі Тобыл өзенінің сол жақ жағалауына, Қостанай қаласынан (қала шекарасы Әбілсай) 1,5-2 шақырымдай жердегі жайлымы мол түбекке орналасқан еді деп пайымдау әбден орынды болады. Бұл пайымның тұғырына жазба деректерге негізделген тұщымды қисын, дөп түсер дәлел бар. Ол түбекке қазіргі таңда «Садовод» саяжайы орналасқан.

Екіншіден, Ы.Алтынсарин «Торғай облысының білім инспекторы» (патша заманындағы Торғай облысы бүгінгі Қостанай және Ақтөбе облысының территориясын алып жатқан байтақ өңір) сынды үлкен лауазымға ие тұңғыш мемлекеттік қызметкер ретінде (қазіргі күнгі облыстық білім беру басқармасының басшысы) қала ішінен де үй салуына болатын еді. Бірақ ол қала сыртындағы үлкен түбекті таңдады. Себебі оған мал шаруашылығына қолайлы кең, шөбі шүйгін жер керек болды. Осы тұста тағы да Ғ. Балғымбаевқа жүгінейік: «Ыбырайдың өзіне лайық шаруашылығы болатын: шамамен 50-60 жылқысы, соның ішінде 25-30 сауынды биесі, бұқасы мен сиырлары, қойлары болды. Осы шаруашылықтың бәрін Торғайдан өзімен бірге келген Досжан Тоқтабаев деген кісі басқаратын».

Суға сұғына кіретін түбек мал бағуға қолайлы. Уәлихан баласы Шыңғыс сұлтан қоныс еткен Құсмұрын көлі «Қос түбек» деген мағына беретінін және жаз айларында сол түбектің бірінде Шыңғыс сұлтан бие байлап жайлағанын біздер «Қазыналы Құсмұрын құпиясы» атты мақаламызда атап өткен болатынбыз.

Енді бір сәт көше бойында ойқастаған 50-60 жылқы (екі-үш үйір), шұбырған сиыр, өрген қоймен қала ішінде тұруды көз алдыңызға елестетіп көріңіз! Айтпақшы, 23 жыл (1860-1883 жылдар аралығында) Торғайда қызмет еткен Ы. Алтынсарин ол жақта да дәулетті тұрды. 1880 жылғы қатты жұтта («қоян жұтында») ағартушы 300-ге жуық асыл тұқымды жылқы малынан айырылып қалады. Бүгінгі таңда бір жылқы мың доллар шамасында тұратынын ескерсеңіз, оның қаншалықты дәулетті болғанын қара есеппен (қарапайым төрт амалдың бірімен) шағып шығуға болады. Ал арғы ата-бабаларының қандай бай-бағлан кісі болғанын айтып жатпай-ақ қоялық! 300 жылқы басы туралы аталмыш дерек («Оренбургский листок» газетінде ол 250 жылқы деп те жазады) оның эпистолярлық мұраларында өз аузымен айтылып, сиямен жазылған.

Үшіншіден, Тобыл өзенінің қазіргі Қостанай қаласы тұсындағы арнасында санаулы ғана өткел бар. Негізінен, өзеннің сол жағалауы, яғни қала жағы тік жарлы болғандықтан суы терең болып келеді. Бұған қоса, Тобылдың сол жақ жағалауында, Әбілсайдың сыртында қазақтың ен алапат жер жатқанда (орыстар қоныстанған поселениелерден бөлек), Тобыл өзенінің арғы бетіне қыстау, қора-қопсы салып, қызмет бабымен қалаға қатынау үшін әрі-бері өтуге көпір кезіп, өткел іздеп әбігерге түсетіндей, Ы.Алтынсарин аңқау адам болмаған. Бұл орайда, Алтынсаринның қызметтегі тірлігіне куә болған Ғ.Балғымбаевтың мына бір сөздерін келтіре кеткен орынды деп санаймыз: «Ы.Алтынсарин Қостанайға әр түрлі зәру шаруамен күніне ең кемі бір рет немесе екі реттен баратын: қысты күні жақсы шанамен, көктем мен жазда, күзде тоқылған жеңіл арбамен барып, сондағы екі кластық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі мен жәрдемші оқытушыларға жиі соғатын, бірақ оларда да көп аялдамай, жеңіл-желпі шай ішіп, жұмыс жайын білумен шектелетін...».

Қорыта келгенде, Ы.Алтынсаринның отбасылық суретін майдан қыл тартқандай етіп суыртпақтағанда шыққан сыр-сипат осындай. Әлі де қызықты, құпия фактілер ашыла беретіні сөзсіз. Себебі коммунистік партия билігі дәуірінде Ы.Алтынсарин мен оның заманына қатысты тарихи шындықтар кеңестік идеологияға сүйенген цензураның қолшатыры астында «тұмшаланып», «бүркемеленіп» келді. Сол «бүркеменің» әсерінен кейбір қателіктер де орын алды. Оның қыстауына қатысты жалпақ танымдағы жаңсақ пайым да  кеңес дәуірінің кәмек дәмді жемісі...

Жұртшылық назарына салған бұл сөзіміз «жаңылыс шығыпты» деп таныған кісілер болса, олардың сараптамалық уәжін мұқият тыңдауға біз дайынбыз.

Алмасбек Әбсадық,

ғылым докторы, Қостанай.

Мақала ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруына ие болған «Тургайская газета» - қазақ рухани мұрасының қоржыны және өлкетану шежіресі» атты Жоба негізінде дайындалды.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980