Жамбылдағы жарылыстан 4 әскери қызметші қаза тапты
Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан 88 адам зардап шегіп, 4 әскери қызметші қаза тапты. Бұл туралы ҚазАқпарат мәлімдеді.
«Ең алдымен осы апатта, өрт сөндіру барысында қаза тапқан 4 әскери қызметшінің жақын туыстарына көңіл айтамыз және жарақаттанған қызметшілерге тезірек сауығып кетулерін тілейміз», - деді ҚР Қорғаныс министрі.
Сонымен қатар, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, 88 адам ауруханаға жеткізіліген.
«Ауруханаларға 88 адам жүгінді. Оларға қалалық ауруханада, Байзақ ауданының орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Медициналық көмек көрсетудің арқасында жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйіне қайтарылды», - деді Сапарбаев.
Оның дерегінше, қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханасында 28 адам жатыр. «Оның алтауының жағдайы орташа ауыр. Бірақ, өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ. Таңертең науқастармен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрігерлерден оларға қандай көмек көрсететіндігін білдік. Дәрі-дәрмекке қатысты еш мәселе жоқ. Қазір олардың жағдайы тұрақты», - деді Бердібек Сапарбаев.
Abai.kz