Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2776 0 пікір 11 Маусым, 2012 сағат 08:37

Тұрсын Жұртбай. «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...» (жалғасы)

3

 

Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918-1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтыды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездесулеріне баса тоқталды. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:

3

 

Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918-1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтыды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездесулеріне баса тоқталды. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:

І. 1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» - деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын. Демек, мен Анненковтың штабында қызмет еткемін жоқ. Оны Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев растай алады. Сол кезде маған Үржардан Нүсіпбек Жақыпбаев: мені Анненков Үшаралға шақырып жатқаны туралы хабар жіберді. 1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік.

Екінші рет 1919 жылы қыркүйекте кездескенімде, қарауындағы алаш эскадронын толтыруға жігіт жинап беруімді талап етті, ауылда жігіт қалмағанын айтып, бас тартқанымды алдыңғы жауаптарымның бірінде айтқанмын. Үшінші кездесуім Ақсу - Басқан күре жолында өтті. Талдықорғандағы қызылдарға 1919 жылдың желтоқсанында кеткен біздің жігіттердің - Алдаберген Үмбетбаевтің тағдырын білу үшін Ақсуға келе жатқамын. 1920 жылы қаңтарда Анненков Ақсу жолында машинамен кетіп барады екен. Қазақша киініп алсам да мені танып, амандасты. Үшаралға келуімді өтінді. Мен таяуда баратынымды айттым. Қасымда Керімбай Төлебаев бар болатын. Содан кейін Анненковты көрген емеспін. Анненковтың штабында қамдаушы болып істемегенімді Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев, Базарбай Мамбетов растай алады.

ІІ. 1919 жылы тамызда Семейді тастап, туған ауылыма, қалың найманның ішіне келдім. Сергиопольде Садық Аманжоловқа: кеңес өкіметінің «Алашордаға» кешірім жасаған Декреті шыққанын, Байтұрсыновтың кеңес өкіметі жаққа шыққанын, осыны ескеріп, ақтар шегіне қалса, шығысқа емес, батысқа бет алуын тапсырдым. 1919 жылдың қазан-қараша айларында Мырзахан Төлебаев пен Базарбай Маметовті шақырып алып, солтүстікке қарай аяқ баспауды, қызылдарға елші жіберуді тапсырдым. Талдықорғанға Алдаберген Үмбетбаев барып, тапсырманы орындады. Күдерин 1919 жылдың қарашасында (әлде желтоқсанда), Үмбетбаев 1919-1920 жылдың желтоқсан-қаңтар айында кетті. Бұрынғыны қайталап жатпас үшін бұдан ары шұбатып жатпайын».

Атаман Анненковтың «адамның бас сүйегі мен айқастырылған адам жілігінің суреті салынып, «С нами БОГ» деп жазылған жасыл ту көтерген казак жүздіктері ыдырай бастағанда, сол тудың екінші бетіне жарты ай мен жұлдыздың суреті салынған, бас киімдеріне ақ жолақ таққан алаштың Сергиополь жасағы майдан өтінде қалды. М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың ықпалымен 29 наурызда 2 және 3 қазақ полкі кеңес өкіметі жағына шықты, сөйтіп, қызыл армияның қазақ атты полкінің негізін қалады.

М.Тынышбаев (жалғасы): «ІІІ.1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ташкентке келсем, мені шақырған Фрунзе де, Рысқұлов та онда жоқ болып шықты. Олардың барлығы да (Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Викунов) Москваға кетіп қалыпты, ол жақтан қайтып оралмады. Ташкентте бұрынғы алашордашылардан Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Есполов (сол кезде таныстым) бар екен, кейіннен Иса Қашқынбаев, Көбжасанов келді. 1920-1921 жылы қыста Ташкентке Рысқұлов қайтып келді. Ол Құлтасовпен бірге (ол Рысқұлдың бірінші әйелінің қолында тәрбиеленген) маған келіп сәлем берді. Мен Рысқұловты осымен екінші рет көрдім (1914 жылы алғаш көргенімде ол бала болатын, оқуға кетіп бара жатыр екен, Түлкібас ауылында оның қолына ақша ұстаттым, егер мұқтаждығы болса тағы да жіберіп тұратынымды айттым). Ол: түркістандық орыс, қазақ коммунистерінің тартысында орыс тобының жеңіске жеткенін, сондықтан да Москвада қызмет еткісі келетінін айтты. Ол кезде қазақ, қырғыз, өзбектен шыққан партия қызметкерлері (Қожанов, Асфандияров сияқты) бізді, алашордашыларды техникалық жұмысқа тарту керек деп есептейтін: иә, жер, су мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да онша алшақ емес болатын.

ІҮ. (Төртінші мәселе қазақ интеллигенциясының З.Валидовпен байланысы туралы қозғалады. Ол туралы пікірі кейінгі көрсетіндіде қамтылатын болғандықтан да бұл арада пайдаланбадық - Т.Ж.).

Ү. 1922 жылы жазда маған Дулатов пен Әділев келіп: «Ғазымбек Бірімжанов Германияға оқуға кетіп барады, шет елде жүрген Шоқаевқа қазақтардың жағдайын жеткізу керек, қайтарында Шоқаев өзінің шет елде не істеп жүргенін Бірімжановқа айтып жіберсін», - деді, мен бұл ұсынысты қолдадым. Өзбектер де өзінің студенттеріне осындай тапсырма беріпті. Бірімжановтың бұл сапары туралы пікірімді бұрынғы көрсетінділерімнің бірінде айтқанмын.

ҮІ. (Бұл тарауда қазақ және өзбек тілдерінде әдебиеттер шығару үшін Ташкентте баспа ашуға ұмтылғандары, жер-су реформалары, Т.Рысқұловпен, Бөкейхановпен 1927 жылғы кездесуі, ауылға барып демалғаны баяндалады. Бұл мәселелер өзге көрсетінділерде бірнеше қайталанып айтылады - Т.Ж.).

Осы көрсетіндімді қорыта келе айтарым: түрмеде отырған екі ай ішіндегі өткен өмірім туралы үздіксіз ойларым, менің бұрынғы көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді. Өткен өмірімдегі кеңес өкіметінің алдындағы кінәмді сезінемін, маған кешірім жасап, Қазақстан мен Түркістаннан тыс жерде еңбек етіп, өзімді «Алашорда» идеологиясының насихатшысы ретінде емес, ұлы СССР-дің техник-қызметкері ретінде көрсетуге мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. М.Тынышбаев».

Тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу - сұрақ ретінде жүргізілген. Тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарға қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны нақты көрсетінді деп қарауға болмайды. Біз бұл жауаптарды тек түрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болуы үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында: М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестіріңіз, - деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында:

«Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан да оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да, қарсы әрекетке бару мүмкін емес»,- дейді.

Міне, осы айғақтың тонын аударып пайдаланған тергеуші Х.Досмұхамедовке:

«Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр»,- деп арандатады.

1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған, - деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл - түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедовке, Ә.Ермековке, М.Әуезовке - М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа - Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа - Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа - М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке - Ж.Аймауытовтың, Ә.Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа - М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа - М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің; Ә.Бөкейхановқа - Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.

Бұған бір мысал: 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

"Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой"- деп жорта сұрақ қойған.

Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:

„Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен: матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы - Т.Ж.) - дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты"- деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.

Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тынышбаев мынадай деп көрсеткен, - деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді, - деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.

М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4-қазандағы жауабының соңына қолы қойылмаған. Көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы" қызметтеріне шолу жасай келіп:

«А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда - Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте - Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шынғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан - Байсейітов Әзиз, Түркістаннан - Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым»,- деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тыйым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.

Осы көрсетіндідегі С.Өтегенов туралы деректер өте қат, зерттеушілердің де назарынан қалыс қалып келеді. Оның есесіне сол жылдардағы адамдардың өмірбаяны «қызылтұмсық арыздар» арқылы барынша толық жазылған. «Коммунист Д.Нысанбаевтің 1925 жылы 31-қаңтарда Сұлтанбек Қожановтың Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайлануына байланысты» жіберген «жанашырлық хатында» бүкіл түркістандық қазақ зиялыларын - не алашордашыл, не басмашы етіп шығарған. Сол арызда «Кеңес» құпия ұйымының «төрағасының бірі Садық Өтегенов» туралы:

«Шымкенттік, Әулие-Ата уезінен, ұзақ уақыт бойы Түркістанда тұрған, Қожановтың қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырған бас кеңесші әрі ұстазы. Өтегенов жолдас Ташкенттің мұғалімдер семинариясын Қожановтан көп бұрын бітірген, аз уақыт халық мұғалімі болған, содан кейін ұзақ мерзім бойы сот пен приставтың аудармашысы болған»,- деген («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 175-бет) ғұмырнамалық дерек бар.

Осы аз мағлұматта зерттеушілердің ой қорытуына мүмкіндік беретін көп мағына бар. Түптің-түбінде іздеу салынатын тұлғаның бірі. Өйткені: «Құмның ішінде жасақ жиып, кеңес өкіметіне қарсы күреске шығайын ба?»,- деген ұсынысты қарабайыр қазақтың екісінің бірі айта бермейді.

 

«1930 жылғы 5 қараша күнгі  инженер Тынышбаевтің тергеу хаттамасы. Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Альшанский.

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда ол: Міржақып Дулатов Заки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек,- десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: Шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен,- дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: «Мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды»,- деді. Мен де сөзге араластым. Менде сенімсіздік бар еді. Ақыры: ұйымды құру керек,- деп ұйғардық. Жаһанша да соңында келісімін берді. «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс»,- деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен: «Алматыдан - Сүлеевті, Шымкенттен - Кенесаринді ұйымға тарту керек»,- деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистерді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені: Қожанов біліп қоюуы мүмкін,- деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе Халел Досмұхамедов үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадай міндеттер қойды: 1. Заки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын - деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Заки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес - деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін - дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) ...Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрылымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс, - деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ».

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары - Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мінауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет). ...Құрылтайымыз 18 қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы - «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...».

М.Тынышбаев (жалғасы): Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндеті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе, жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға - Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға - Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Заки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабылдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым-террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедов үндеу жазып, таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып, өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгеніндей, ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сүйкімсіз күйімізше сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды.

Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер - ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді - деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы, әрине, өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарына арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда - Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлеев бізге бақылау жасаған жоқ».

Мұхамеджан Тынышбаев өзінің институтта толтырған анкетасына:

«Қара сүйектен шыққанмын, ешқандай революциялық қоғамдық қызметпен айналыспадым, денсаулығым жөнінде айтарым - жүрек қабы кеңейген, безгекпен ауырғамын, қазақ ағарту институтында тұрақты істегім келеді»,- деген анықтама берген.

Ол - ұлт көсемі, Түрксібті жобалаған теміржолшы-инженер ретінде ғана емес, тек тарихшы ретіндегі еңбегімен де ұлт тарихында мәңгі сақталатын тұлға. Оның бұл саладағы зерттеуі 1923 жылғы институттың ІІІ курс студенттеріне арналған түркі-монғол тарихының бағдарламасынан бастау алды. Дәріс жобасы мынадай:

«Түркі-монғол тарихына кіріспе.

1. Монғолдардың (Шыңғыс ханның) дәуірлеуіне дейінгі көне түркілер туралы деректер. Түркілер мен монғолдардың ежелгі баспаналары. Ғұндар, сақтар, юзилер, үжіндер (үйсіндер - Т.Ж.), қаңлылар, сәнбилер, жужандар. Оғыздар: шығыс және батыс түркі қағанаты. Ұйғырлар, тоғыздар, өгүлер, қарлықтар, қараханилер, печенегтер, былғарлар, мадьярлар, башқұрттар, хазарлар, қыпшақтар, түрік-селжүктер, қара қытайлар (қидандар - Т.Ж.).

2. Монғолдар. Ұлы монғолдар мен солтүстік монғолдар (татарлар), керейлер, меркіттер, жалайырлар және Шыңғыс ханның дәуірлеуі - Шыңғыс ханның империясы, Шыңғыс ханның тұлғасы.

3. Шыңғыс тұқымдары (төрелер - Т.Ж.). Шыңғыс ханның тұқымдарының жергілікті жұртты билеу жолындағы күресі: Үгедей, Шағатай, Жошы және Төле ұлыстары. Алтын ордадан Тоқтамысқа дейін және Темірдің Шағатай ұлысындағы билігі.

4. Темір және оның империясы. Баязидтің талқандалуы, Тоқтамыстың күйреуі және оның салдары, Темірдің жеке тұлғасы.

5. Алтын орданың күйреуі және оның себептері. Кіші хандықтардың: Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай, Өзбек және Қазақ хандықтары бірлестіктері, қырғыздар.

6. Темірдің тұқымдары, Шайбани ханның Түркістанды жаулап алуы.

7. Шайбанидтер, Аштарханидтер, Маңғыттар (Бұқара), Қоңыраттар (Хиуа), Менгілер (Қоқан).

8. Қазақ хандығы бірлестігінің кейінгі тағдыры. 1723 жылғы соғыс және оның салдары.

9. Қазақтар мен қырғыздарды орыстардың бағындыруы.

10. Түркі-монғол халықтарының шежіресі»,- деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 46-бет) тұрғыда түзілген.

Біз де тарихтың ұшығын ұстап жүрген профессор ретінде айтарымыз, Мұхамеджан Тынышбаев түзіп кеткен осы дәріс кестесінен ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының бағдарламасы тереңдеп не қанатын кең жайып кете қойған жоқ.

М.Тынышбаев (жалғасы): «25-ші жылдан бастап мен құрылыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатыны талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінгі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ».

Өзінің орнына Қоқан республикасының премьер министрі болған М.Шоқайды «Мен оны жақтырмайтынмын», - деу арқылы сол тұстағы барлық саяси күрес ахуалын баяндаудан бас тартып отыр. Әйтпесе: Қоқан республикасы құлағанда қызыл әскерлерге қарсы соғыстыңыз ба, М.Шоқаевпен арадағы байланыстарыңыз қандай, өкіметті қалай тапсырдыңыз, тағы кімдер өкімет мүшесі болды, сол үкіметтің құрамындағылардың ішінде кімдер басмашыларға қосылды, олармен арадағы байланыстарыңыз қалай еді?, - деген сұрақтың астында қалар еді.

М.Тынышбаев (жалғасы): «...Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Сәдуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты».

Мұхамеджан Тынышбаев пен С.Сәдуақасовтың түйісіп жатқан пікірлері соңғысының «Ұлттар мен националдар туралы» атты мақаласындағы:

«Патша өкіметінің заманынан бері қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі - ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек. Бұл туралы 12-съезде де сөз болып өткен еді. Өнерлі кәсіп лайығына қарай бөліну керек деседі. Дұрыс-ақ, тері шығатын ауданда - былғары зауыттары, жүн-жұрқа бар аудандарда - жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салынуы керек... «Шет аймақтарды тек қана шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан патша өкіметі мен орыс буржуазиясының саясатын» өмірден аластау туралы директиваның шет аймақта, біздің мысалымызда, Орта Азия мен Қазақстанда жүзеге асырылуы жеткіліксіз, дәлірек айтқанда, мүлдем жеткіліксіз»,- деген көзқарастары болатын.

Осы арада тергеуші Д.Әділевтің сызып берген астыртын ұйымының кестесі туралы сұрақ қойған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «5. № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес, құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрылымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатылуға жақын деп ойладық... Менің миымда осы ой ұялап алды да, мен оны өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Сәдуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім, ол: Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн, - деді. Сұлтанбековпен мен алғаш рет Рысқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді».

Бұдан кейін С.Асфандияровпен, Т.Рысқұловпен арадағы байланысы туралы сұрақ қойылған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «6. Асфандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Асфандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірге жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рысқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па, оны білмеймін. Рысқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы, ол 30 жасқа толғанда, Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ».

Тұрар Рысқұлов та М.Тынышбаевті назарынан тыс қалдырмайды. Қамқорлық та жасағысы келіп:

«Бізде бар, бірақ тым мардымсыз ымырашыл зиялыларды оң мен солға лақтырумен келеміз. Біз оларды тиімді пайдалана білмейміз... Мысалы, кеңес өкіметі жаққа шыққандардың арасында инженерлік білімі бар жалғыз адам М.Тынышбаев... Ол өз ісін, соның ішінде далалық суару жүйесін жетік біледі. Қазіргі уақытта ол көшеде қаңғырып бос жүр, бейне бір басы артық адам сияқты... Зиялыларды білім, мәдени-ағарту, ғылым саласындағы жұмыстарға ұтымды пайдалануға болады. Бұл ретте ескі мамандардан коммунист шығарамын деп үміттенудің жөні жоқ. Бірақ та партияның алға қойып отырған міндеті - әр түрлі инженерлер мен мамандар арқылы ұлттық саясат жүргізу емес, сол іске өзің жетекшілік ету»,- деп өз пікірін әдеттегідей екі жаққа бірдей қақпақылдай жеткізе отырып жанына жақын тартты.

«Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген ресми тергеу ісін Заки Валидов пен Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың үстінен жүргізілген ресми емес тергеу деп атаса да болады. Өйткені қамауға алынған қайраткерлердің бәрінен де осы төртеуі жөнінде қадалып тұрып сұраған. Тергеу барысында толық анықталмаған мәселе: 1922 жылы Бұқарадан Ташкентке Алдаберген Үмбетбаевтің көмегімен жасырын келген кезінде Заки Валидов Тұрар Рысқұловпен жолықты ма, жоқ па?,- деген сұрақтың жауабы еді. Тұрар Рысқұловтың өзі партиялық тазалау комиссиясы мен Сталинге жазған хаттарында өзара кездесудің болғанынан мүлдем бас тартқан болатын. Ал 1937 жылы 3 шілде күнгі қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, капитан Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабында:

«Сұрақ: Сіздің: Валидовпен кездесуден бас тарттым,- деген жауабыңыз күмәнді емес пе?

Жауап: Мойындаймын, кеңес өкіметіне қарсы басмашылар қозғалысының жетекшісі Заки Валидовпен бетпе-бет кездесуім 1922 жылы ол жасырынып жүрген кезде Ташкент қаласында өтті. Мен ол кезде Мәскеуден Ташкент қаласына Түркістан Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағалығы қызметіне жаңа ғана ауысып келгемін»,- деп «мойындайды».

Қай хаттаманы қаперге алған дұрыс? Қызмет бабын қызғыштай қорып жүргендегі «бас тартуды» ма, жоқ, жаны қысымға түскендегі «мойындауды» ма? Араға бір ғасырдай уақыт өтсе де саяси мәнін жоймаған, Тұрар Рысқұловтың азаматтық және қайраткерлік-партиялық тұлғасын анықтайтын бұл мәселе жөніндегі Тұрар Рысқұловтың өзі берген үш жауаптың қайсысына сенуге болады, қай сөзі шын? Соңғы көрсетіндісі жан қысылғандағы жалған куәлік емес пе? Бәрі де мүмкін. Жүйкесін әбден діңкелеткен тергеушілерге және олардың қалай азапқа түскенін шымылдықтың сыртынан жасырын тамашалайтын шіркеу тақуасы Джугашвилиге ызасы келгені сондай, ол келесі бір сұраққа:

«Рыков: партия және үкімет басшыларына қарсы террорлық қастандықтарды ұйымдастыруға оңшылдар қатаң түрде шешім қабылдағанын айтты және маған: ең бірінші саяси бюроның мүшелері Сталинді, Молотовты, Ворошиловты, Кагановичті өлтіру керек - деді»,- деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 133-бет) жауап беріпті.

Бұл жауап - жауап емес, ашынған жанның долы кекесіні немесе тергеушінің жалдаптығының «жемісі». Бұл туралы ой дамытудың өзі де тұйыққа тірейді. Өйткені бұл тергеудегі жауаптар да нақты және сенімді емес. Ал осыдан жеті жыл бұрын М.Тынышбаев та, А.Үмбетбаев та бұл сұраққа жорта жауап қайырған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын) Ташкенттегі коммунистермен - Асфандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунист деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Асфандияров қатысты. Мен баяндама бойынша сөз сөйлеп: «Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына қайта берсін»,- дедім. 22-ші жылы Асфандияров маған: қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы пікір айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Асфандияров осыған сүйеніп баяндама жасады».

Ол бұл пікірін «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905 жылғы 19-қарашада автономияшылардың І съезінде жасаған баяндамасында:

«Климаттық және топырақ жағдайлары жағынан қазақ даласы мал шаруашылығына қолайлы, бірақ олар мүмкіндік бар жерде егін өсірумен де айналысып келеді. Мәселен, Орал облысында егістіктің жақсы жолға қойылғандығы сонша, жан басына шаққанда жылына 15 пұтқа жуық келеді, Торғай облысының екі уезінде (Ақтөбе және Қостанай) - 13 пұттан. Ал керісінше, Семей облысында 6 пұтқа жуық келеді, Жетісуда 4,5 пұтқа жуық, немесе одан да аз, Сырдария облысында 3-3,5 пұттан келетін сияқты. Егер де шаруа бюджеті бойынша, жан басына 18 пұт астық болуы керек екенін ескерсек, онда қазақтар жетіспейтін азық-түлік мөлшерін мал өнімдерімен толтыруға тиіс болатыны түсінікті. Есеп, шындығында да жер өңдеудің топырақ жағдайларына сәйкес нашар дамыған аймақтарында малдың көптігін, ал құнарлы жерде керісінше екенін көрсетеді. Бұдан жиырма жыл бұрын жергілікті әкімдер-генералдар Ян мен Полферовтың айтуынша, қазақ даласын отарлау жөніндегі «ұран тастаған» баяндамалар бірінен соң бірі жариялана бастады. Губернаторлардың кепілдемесі бойынша, қоныс аударушыларға, әйтеуір, солар келіп ертегідей бай өлкені басып алуы үшін неше түрлі жеңілдіктер жасалған: осыдан соң-ақ сансыз қоныс аударушылар қоныстанатын қолайлы жер іздеп дала жолдарын шарлап жүрді. Даланың климаттық, топырақ және басқа да жағдайларына көңілі толмаған кейбір қоныс аударушылар кері қайтып жатты. Сібір темір жолын жүргізумен бірге қоныс аударушылар қозғалысы үдей түсті, дегенмен сонымен бірге кері қайтушылар саны да кей кездері 42 процентке дейін жетіп, ұлғайып отырды. Үкімет жерді бірінен соң бірін алды, түз халқы мал бағу мен жер өңдеуге жарайтын қолайлы жерлерінен іс жүзінде айырылды деуге болады. Қоныстанушылар кері қайтып, жер бөліктері босап жатса да, жерді қиып алу тоқтатылмады. Қазақтар бірте-бірте ығысып көшті, жер үшін дау туып, төбелес шығып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан жер өндеуге көшпейді деп кінәлайды, бірақ оларға берілген айтақыр дала мен құмда адамды қойып аң да тұра алмайды. Қазір де мал жайылымдарының күрт қысқаруына орай қазақтар енді малдың қоңын көтеру үшін жиі көшетін әдеттерінен де айырылды. Қыста мал ықтап, тебіндеп жайылатын ормандарды да алып қойылды. Қысқа шөп қорын жинайтын жер де жоқ, даладағы қарлы боран мен көктайғақтан мал өлімі жиіледі, қазақтардың мал шаруашылығындағы өлімінің өсуі ақылға сыймайды. Жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын және бізден де бақытсыз көршілеріміз башқұрттардың тұтастай аштыққа ұшырап жойылған тарихын қайталаудың уақыты келіп тұрғаны түсінікті»,- деп тиянақты түрде түсіндірген болатын.

Бұдан кейін тергеуші жер межесін белгілеуге арналған арнайы конференцияға қатысу үшін 1926 жылы Қызылордаға келген Ә.Бөкейханов пен П.Швецов туралы сұраған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «7. Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Сәдуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірілсе мал басынан айырылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ: мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді - дестік. Бұл турасында мәжіліс өткізілген емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25-ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды. Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовке айттым. Олар жауап қайтармады».

Көрсетіндіде Бөкейхановтың да, Швецовтың да аты аталмаған. Кімдердің қатысқаны көрсетілмеген. Ал ол бас қосуда осы үш адамның ғана қатыспағаны анық. Мұндағы шаруашылықты ұйымдастыру туралы пікір барынша қазақ тіршілігіне қолайлы ұстаным болатын.

М.Тынышбаев (жалғасы): 8. Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі деп ойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрылысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па, соны айтайын.

Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы,- деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жарым - екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтің жобасы дұрыс - деген қортынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа учаске бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рысқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жарым миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді».

Бұл арада әңгіме Алматы - Аякөз аралығындағы темір жол торабын қалайда кенді Балқашпен байланыстыру туралы болып отырса керек. Жобада көрсетілген: Алматы - Қапал - Көктерек - Аякөз; Алматы - Қапал - Сарқант - Үшарал - Аякөз; Алматы - Балқаш - Аякөз желілерінің ең тиімді үлгісін ұсынып, Дос асуы арқылы өтетін теміржол торабының жобасын жасады. Мұның маңызы туралы Балқаш мысының құнын білетін Д.Қонаев:

«Ғасырлар бойы жан баспаған, бай шикізат қорына арналған қыраттан алып мыс құрылысын салу үлкен қиыншылықпен жүзеге асты. Біз пойызбен Түріксібтің 32-ші бекетіне дейін жүріп өттік, бекеттен Балқаштың оңтүстік-шығыс жағалауына дейін 12 километрлік темір жол Бөрлітөбеге дейін тартылды. Құрылысқа қажетті негізгі жүкті жеткізу үшін Бөрлітөбе - Балқаш жағалауындағы, ең негізгі базаға айналды. Балқаш құрылысына баруға тілек білдірген адамдарды аттандыратын бірден-бір орын осы болды. Тынышбаев өз қолымен салып, туғанындай қамқорлық жасаған осы 12 километрлік жол 1931 жылдан 1947 жылға дейін жұмыс істеді»,- деп («Б.Тәуімбет. Тынышбаев тағдырының әр қыры. Жұлдыз, 1997, №4, 182-198 беттер) еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын».

М.Тынышбаевтің Ә.Бөкейхановпен кездескен тұсындағы жауабына тергеушілердің айызы қанбай қалса керек. Қайталап сұрайды. Оған М.Тынышбаев:

«Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ»,- деп қысқаша қайырып жауап берген.

Бұдан кейін М.Тынышбаев Алматыға келгеннен соң өзінің туыстары Тұрысбековтің, Тәңірбергеновтің, Құдайбергеновтің хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым-жартылай тоқтағанын, олардың қаражат жағынан көмектесуді сұрағанын айтады. Бұл сұрақ жеті жылдан кейін «әшкереленген астыртын ұйымның мүшелеріне» де, соның ішінде Ораз Жандосовқа да қойылады. Зады үкімет мүшелерін жауапқа тартардың алдында тергеушілер «Алашорданың» тергеу ісін» бір шолып шыққан сияқты. М.Тынышбаев бас тартқан қылмысты О.Жандосов:

«Нұрмақовтан алған нұсқауы бойынша, жоғарыда баяндап өткен тапсырмаларға орай, тура осындай жұмыстарды Аламаты облысы көлемінде  Әлімбаев, Тынышбаев және Есіргенов жүргізді. Нәтижесінде Әлімбаев өзінің әкесі мен қайын атасына, ал Тынышбаев - мал өндірісінің алпауыттары Мамановтар мен Тұрысбековтерге хабарлады, сөйтіп олар иелігіндегі малдың бір бөлігін Батыс Қытайға өткізіп жіберді... Мұқан Орымбаев: Ақсудағы көтерілісті ұйымдастырған Жылысбаев. Ал оны айдап салып, бұл көтерілісті ұйымдастырып отырғандар шет елге ауып кеткен Маманов пен Тұрысбековтер екендігін айтты. Шындығына көшкенде бұл көтеріліс Рысқұловпен, Жылысбаевпен тікелей байланысы бар «алашордашылар» Тынышбаев пен Сүлеевтің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды»,- деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 65-бет, 67-бет) «мойынына алды».

Иә, М.Әуезов айтқандай, «жеті басты жалмауыз» жеті жылдан соң бас көтеріп, жер аударлып кеткен адамды Қазақстандағы мал шаруашылығы науқанымен байланыстырған, яғни, қиыннан қиыстырған. Өстіп барлық қазақ қызметкерлерін адақтап келіп, негізгі қылмыскерлердің бірі - Ж.Досмұхамедовке көшкен.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Жаһанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: «Бұдан ештеңе шықпайды»,- деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған  емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым мүшелері емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес.

12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Түрксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: «Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?», - деп сұрақ қойды. Мен: «Мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр»,- деп жауап бердім. Түрксиб туралы, бұдан басқа айтарым жоқ».

Тергеушілер бір жыл бойы Д.Әділевтің көрсетіндісінде аты аталған адамдардың бәрін де тұтқынға алған. Соның бірі - 1931 жылы 8 тамызда ұсталған Алдаберген (Алдарбек) Үмбетбаев. Бұл М.Тынышбаевтің сөзі өтетін, «Алашорда» әскерінің сапында барлаушы қызметін атқарған айтулы азамат. Өкінішке орай бұл адамға қатысты өмірбаяндық деректер тергеу ісінде де қат. Бір-екі рет қана қосымша жауап берген. Оның жауапқа тартылуына Д.Әділевтің:

«Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп  Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті»,- деген көрсетіндісі.

Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттестірген.

«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевті білесіз бе?

Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.

Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевті білесіз бе?

Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.

Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені мен де ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.

Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамбетовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін,- деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».

М.Тынышбаев сөз арасында А.Үмбетбаевтің жауабын жоққа шығарып, оған бұл мәселені тереңдетпеу туралы емеуірін танытқан. Соның нәтижесінде А.Үмбетбаев өзінің жауабын тез түзетіп алған. Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде:

«Заки Валидов Ташкентке жасырын келгенде Нәшір Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүрді»,- дейді.

Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында»:

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген. Ол шет елге кетпей, кеңестер одағында қалып қойған. Әйелі мен баласының тірі екенін алпысыншы жылдары ғана білген - Т.Ж.) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі - осы бақ; екіншісі - Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі - Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі - Аблықтағы өзіміздің қора-жайымыз, күндіз Келесте кездесіп, жиындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік»,- деп жазады.

Осында көрсетілген мекенжайдың қайсысы Н.Қожамқұловтың үйі? Бесағаш қышлағындағы жалдамалы пәтер ме, жоқ, Әбдірахманның үйі ме? Өкінішке орай Н.Қожамқұловтың тергеу ісіндегі жауаптарын хатқа түсіріп үлгермеппіз. Өжет, батыл, сауатты азамат болса керек. Оған оның түрмеде жатып аштық жариялаған мынадай бір тосын мәлімдемесі дәлел:

«Лаптев мырзаға. Егерде мәртебелі мырзамыз дәрігерлердің қорытындысын жалған деп есептеп, мені ауруханаға жібермесе, онда менің осында ит өліммен өлгенімнің сізге үлкен рахат сыйлайтын болғаны ғой. Сіздің көңіліңізден шығу үшін, сізге рахат қана емес, қатты сүйсіндіретін бір жаңалық айтайын. Мен 11-мамырдан бастап аштық жариялаймын. Сіздің бейбастақ қылығыңыз бен қырсық мінезіңіздің жолына өз өмірімді құрбандыққа атаймын. Қожамқұлов Нәшір. 11 мамыр, 31 жыл».

Бұл ерегестің қандай күйде аяқталғаны белгісіз. Бірақ та Н.Қожамқұловтың ашық мысқылға көшіп, хал үстінде жатса да қасарыса мінез көрсетуі, дерттің жанына қатты батқанын ғана емес, сонымен қатар осынау азаматтың рухының беріктігін де танытады.

Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.

«1931 жылғы 12 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің беттесу хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Жаһанша Досмұхамедов сіздердің ұйымдарыңызға мүше болғанын растай аласыз ба?

Жауап: 22-жылы Ташкент қаласындағы Халел Досмұхамедовтің пәтерінде өткен бас қосуда Бұқарадағы Заки Валидовтің қозғалысы туралы Лапов (Дулатов - ?) па, Бірімжанов па, біреуі хабарлама жасады. Онда Халел Досмұхамедов, Лапов (?), Бірімжанов, Нәшір Қожамқұлов (Нәшір Есімқұлов деп жазылған - Т.Ж.), мен және Жаһанша Досмұхамедов қатысты. Бұлардан басқалары есімде жоқ. Заки Валидовтің қозғалысын қолдайтын ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Жаһанша Досмұхамедов ұйым құруға және қозғалысты қолдауға қарсы болғаны есімде. Оны құруға мен ұсыныс жасаған болатынмын. Ұйым құрылды. Жаһанша бұған жолдастық көңіл жықпастықпен қарады. Міржақып Дулатовқа, Халел Досмұхамедовке, Жаһанша Досмұхамедовке ұйымның жарғысын жасау тапсырылды. Бұдан кейін екеуміз де іссапарға кеттік, Жаһанша Досмұхамедов - Алматыға кетті, сондықтан да жарғы жазылды ма, жоқ па, одан хабарсызбын. Қыркүйек айында Ташкентке келсем Заки Валиди Ташкентте жүр екен. Істейтін іс қалмаған соң ұйым өзінен өзі тарап кетті. Тынышбаевтан көмек болмайтыны анық болған соң, менен күдер үзгендіктен де, ұйым жарғысы жазылды ма, жоқ па, оны маған мәлімдеген жоқ.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: 21-22-жылдардың бірінде «Ақ жолдықтардың» (Ташкентте шығып тұрған газеттің аты - Т.Ж.) біреуі келіп: бұрынғы алашордашылардың бас қосуына шақырды. Қайда өткені есімде жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев, Дулатов пен Бірімжанов болды. Қалғандары есімде емес. Онда сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістандағы басмашылар қозғалысы мен оның құрамында жүрген Заки Валидов туралы, башқұрт профессорының Түркістанды игере алмай жүргендігі, ал бұрынғы алыпсатарлармен ешқандай да бірікпеу туралы мәселе көтерілді. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов пен Мұқамеджан Тынышбаев:

- Біз кеңес өкіметіне еркімізбен өттік. Ферғананың басмашылар қозғалысының басшылары бұларға да салауат беруді өтінді. Оларды әуелі қолға түсіріп, содан кейін соттап, ату жазасына бұйырмақ. Біздің де өткендегі қайраткерлігімізді бандиттік қозғалыс деп бағалап, бізді де соттамақ. Сондықтан да «Алаш» үкіметінің бұрынғы бағдарламасын жаңа заманға лайықтай отырып «Алаш» партиясының жобасын жасайық,- десті.

Құрылтай бекіткен бұрынғы бағдарламаны өзгертуге, ұйым құруға мен мүлдем қарсы болдым. Олардың барлығы мені: «Ол бағдарламаны қазан төңкерісінен бұрынғы Орынборда 1917 жылы өткен бірінші жалпы қазақ құрылтайының тапсыруымен Танашев (Талғашев деп жазылған - Т.Ж.) екеуің жасаған болатынсың. Сен сондағы жарғының шешімін орындамай отырсың,- деп мені айыптады Сейдазым Қашқынбаев (Сейдазым Қадырбаев па, жоқ, Иса Қашқынбаев па? Әйтеуір осы аты-жөнде бір жаңылыс бар - Т.Ж.). Мен өзгертуге келмейтін ескі жобадан бас тартатынымды айттым. Бірақ та олардың қысымына шыдамай екі-үш күннің ішінде ескі жобаның нұсқасын дайындап беруге келістім. Онда қандай ұйымның, қандай әрекетпен шұғылданатыны туралы ештеңе де айтылмаған. Бұдан кейін мен Түркістан атқару коммисариатының тапсырмасымен Алматы арқылы Пржевальскіге іссапармен (аштарға көмек көрсетуге - Т.Ж.) кеттім. Заки Валидовтің Ташкентке келгенінен хабарсызбын, егер келгені рас болған күннің өзінде, оны менен жасырған. Ташкенттегі бұрынғы алашордашылар маған ешқандай тапсырма берген емес, мен де ешкімге тапсырма бергемін жоқ. Осыдан кейін Тынышбаевпен де, Халел Досмұхамедовпен де араздасып кеттім де, 29-жылға дейін Алматыға келгенше олармен көріскен де жоқпын, көрсек амандаспайтынбыз да. Сондықтан да Заки Валидовтің Рысқұловқа жолдаған хаты жөнінде еш хабарым жоқ (Жаһанша Досмұхамедов қолын қойған).

Тынышбаевтің қарсы жауабы: Николай Семенович, Халел Досмұхамедовпен беттескенде бұл мәселе жөнінде айтылды ғой. Ал кеңес өкіметінің басмашыларға қарсы қолданған салауаты мен жүргізген сот ісіне келетін болсақ, онда оларға әуелі кешірім жасалды да, соңынан бәрі асқан қатыгездікпен атылды. Бас қосуда біз осыған тоқталдық. Бұрынғы «Алаш» бағдарламасын тағы бір қарап шығу туралы айтылды, оны тексеріп, қайтадан қарау Дулатовқа және Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге тапсырылды. Жалпы «Алаш» бағдарламасы жөнінде ашық мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Ал Заки Валидовтің қозғалысына біз сенімсіздікпен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін (Тынышбаевтің қолы қойылған).

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Мен ешқандай да бағдарлама жасауға қатыспағанымды қатаң түрде мәлімдеймін. Ешқандай өзгертуге болмайтын «Алаш» бағдарламасын қайта жаңғырту туралы ешқандай ұйым тапсырма берген емес. Мүмкін сот бола қалған жағдайда бұрынғы «Алашорданың» бандиттік қозғалысқа ешқандай қатысы жоқ екендігіне айғақ ретінде ол бағдарлама керек болған шығар. Әйтпесе, оны қалай түсінуге болады? (Жаһанша Досмұхамедовтің қолы қойылған).

Тергеуші - Попов».

Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. Біз тергеу барысындағы психологиялық көңіл ауанын тереңірек беру үшін көрсетіндіні толық келтіреміз:

«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31-жылдың 3-қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім. Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын».

Бұл сапар - М.Тынышбаев үшін ауыр сапардың бірі еді. Сол жолы оның әйелі Гүлбаһрам жұртты емдеймін деп өзі де өмірін қиды. Жас қалған балаларды орналастыру да үлкен тауқыметті іс болатын. Ол туралы Дәулет Мұхамеджанұлы Шейхәли профессор Әбу Тәкеновке берген сұхбатында:

«...Ескендір аға (Мұхамеджанның үлкен ұлы - Т.Ж.) өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан еді. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болып, 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті»,- деген болатын»,- деп еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Валидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.

Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да, бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Досмұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі, - деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар  28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек»,- деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па -?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады» (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады - Т.Ж.).

М.Тынышбаев (жалғасы): «Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», - деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».

Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке: «М.Тынышбаев сызып берді»,- деп сендірген. Ал «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ, шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне: «М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді»,- деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.

«Айыптау қорытындысында» жоғарыдағы көрсетінді:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,- деген мазмұнда «өңделіп» жазылған.

М.Тынышбаевтің: «Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз»,- деп өзі ерік бергеніне сүйене отырып, мұны біз де жала деп қабылдаймыз.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір