Қызылордада жұмысшылар наразылығы болды
Қызылорда облысы Арал қаласының шетіндегі "Аралтұз" акционерік қоғамына қарасты тұз зауытының мыңнан аса жұмысшысы жұмысын тоқтатты.
Йодталған ас тұзын өндіретін кәсіпорын алдына 1 қыркүйектен бастап жиналған жұмысшылар жалақыны көбейтуді сұрайды. Олар "Аралтұз" акционерлік қоғамы 2014 жылдан бері жұмысшылар жалақысын көбейтпегенін, қазіргі жалақылары 48 мың теңге екенін айтады. Арал өңірінің экологиялық апат аймағы болып саналуына байланысты жалақыларына 50 пайыз коэфициент қосылады.
-Бейбіт талап қойып тұрмыз. Жалақымызды 100 мың теңгеге жеткізсін,-дейді жұмысшы Ақылжан Қиылбаев.
Тұз зауыты жұмысшыларының бірі Бауыржан Сәрсенбековтің сөзінше, жалақыны көбейту жөнінде зауыт басшылығына бір ай бұрын жазбаша да талап қойылған.
Жұмысшылардың алдын ала ескерткенін "Аралтұз" АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Төлеген Жайназаров та растады.
- Жұмысшылармен бірге басшылыққа бардық. Олар нақты жауап бергісі келмеді", - дейді ол.
"Аралтұз" акционерлік қоғамы тұз өндіру және қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын. Компания мәліметтеріне қарағанда, жылына 450 мың тоннаға жуық тұз өндіріп, оның 75 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украинаға экспорттайды. 1200-ден аса қызметкері бар.
Компания сайтындағы мәліметтерде "2021 жылдың 1 наурызынан бастап зауыт жұмысшыларының жалақасы орта есеппен 10 пайызға көбейеді" деп көрсетілген.
Abai.kz