Ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізілмек
Алдағы жылдан бастап іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру жұмыстары қолға алынады. Бұл туралы Үкімет отырысында БҒМ Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ғылымды дамыту үшін ең алдымен ғылым туралы заңнамаға ағымдағы жылдың соңына дейін қажетті өзгерістерді енгізіледі.
«Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысы енгізіледі. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру үшін арнайы іріктеу критерийлері әзірленіп, бекітіледі», — деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, министр гранттық қаржыландыру мерзімі ұлғаятынын айтты.
«Гранттық қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту және Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдеріне апелляция институтын енгізу мәселелері шешілетін болады. Министрлік Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін жүйелі және сапалы жұмыс атқарады», — деді білім министрі.
Abai.kz